Аққу
Нұрғиса Тілендиев

Қыркүйектің (2013, Алматы қ.) 15-21 аралығында дәстүрге айналған ІІІ Халықаралық қуыршақ карнавалы өтті. Онда отандық Ақтөбенің «Алақай», Шымкенттің, Петропавловскінің облыстық қуыршақ театрлары, «Думан Мапед-шоу» (Талғар қ.), АРТ и ШОК театрлары, шет елден келген Тәжікстанның (Душанбе) Мемлекеттік қуыршақ театры, Румыняның (Галац қ.) Drama Theatre Fani Tardini қуыршақ театры, Италияның (Наполи) Pulcinella di mare қуыршақ театры, Испанияның (Мурсия) Teatro Los Claveles қуыршақ театры, Бурятияның республикалық қуыршақ театры, Ресейлік В.Вольховский атындағы Челябинск мемлекеттік қуыршақ театры, Санкт-Петербург Мемлекеттік қуыршақ театры, Иранның «Tehran» theater қуыршақ театрлары өз өнерлерін көрсетті. Қуыршақ театры өнеріндегі тың жаңалықтар мен ізденістер сараланып, көрермен талқысына түсті.

Жалпы, биылғы өткен ІІІ Халықаралық театр карнавалының (2013) шығармашылық деңгейінде біршама алға жылжулар байқалды. Алдыңғы жылдарға қарағанда қойылымдарды іріктеуден өткізіп, таңдау жасалғаны байқалады. Дегенмен, сапасы нашар, халықтың көңілінен шықпаған спектакльдерге 1000 теңгеден билет сатып алған көрерменнің қабағында кірбің байқалды. Билеттер сатылып кеткендіктен шет-шеттен келген қонақтар орын таппай сыртта қалған жағдайлар да кездесті. Спектакль басталарда қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі хабарлама жасауда қазақ тілінде сөйлеген жігіттің қазақша сөздерге тілі келмей тұрғаны тағы да ана тілімізді қорлау болды. Бұл мәселе былтырғы жылы айтылып, жазылса да олқылықтың орны еш толмай отыр.

Мереке барысында қуыршақ театрының жетістіктеріне қатысты «Метафизика кукол» атты конференцияның ұйымдастырылуы мәнді шара болды. Конференция барысы орыс тілінде немесе ағылшын тілінен орысшаға аударылып жүргізілді. Қуыршақ театрының кәсіби мамандары мен ғалымдар біршама ойларын ортаға салды. Шебер қолдардан шыққан отандық қуыршақшы шеберлердің жасаған қуыршақ бұйымдары қойылған көрменің маңызы зор еді. Өйткені қуыршақтардың тартымдылығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Олар қараушының көзайымына айналып, қуанышқа бөлеп жатты. Ол жерден қуыршақтардың түр-түрін кезіктіруге болады. Мұндай қуыршақ театрының мерекелерін ұйымдастыру алдағы уақытта тікелей Мемлекеттік қуыршақ театры ұжымының құзырына жүктелсе дұрыс  болар еді. Себебі кәсіби маман бұл саланың қыры мен сырын жете түсінетіні сөзсіз.

«Думан Мапед-шоу» атты Талғар аудандық театры мерекеге «Ортеке» атты спектакльмен қатысты. Театр ұжымы «Қазақстан – 2030» Мемлекеттік бағдарламасының символдық белгісі саналатын Барыс пен Бадырақ атты күлкілі кейіпкер өзін әлемге әйгілі актер Джим Керримін деп таныстыратын жүргізушілер концерттік бағдарламаның пердесін ашып салтанатты шоу-концерт басталып кетеді. Сахналық түтіннің көмегімен тұманға түсірілген заманауи лазерлі жарық пен адамның делебесін қозғайтын заманауи көтеріңкі эстрадалық музыкамен шығып өнер сайысын салтанатты түрде ашады. Екеуара диалогтың төркіні Барыс шынайы өнер көрсететін балаларды жақсы көретінін, өнерпаз балаға сыйлық әзірлегенін паш етеді. Тұла бойына Барыстың маскалы киімін киіп шыққан актер барысша ырылдап, күрілдеген қорқынышты даусымен сөйлей, сахнаға атыла шығып арлы-берлі ойқастай адымдайды. Бірақ жүргізушінің айтуынша өнер көрсететіндер барыстан қорқатындықтан оның тығыла тұруы керек екен... Осы арада әлемге әйгілі актерлер Шварцнеггер мен Джекки Чан да келді ме деген сөз саптаудың орнына қазақтың әйгілі актерлерінің есімдерін атаса жөн болатындай.

Сонымен ертегілер елінің ханшайымы деген атаумен сахна төріне мың бұралған Жылан шықты. Актер жылан қуыршақты екі қолына ұзына бойы кигенде тамаша үйлесіп кеткен. Жыланның биінің төркіні пластикалық әсем қимылды жасауда адам баласы жыланнан үлгі алуы тиіс дегенге саяды. Жыланға ілесіп Маска бейнесіндегі кейіпкер «брейк» биін қосарлана билейді. Бірақ екі актерде де пластика мен кәсіби шеберлік жетіспей жатты. Соңында жыланның құйрығының ұшын бұлғап қоштасып шығып кететіні тапқырлық. Өнер жарысына бүлдіршіндер қызыға тамашалайтын «Мадагаскар» мультфильмінің кейіпкерлері қатыстырылған. «Мадагаскардан келген қонақтар» фильмдегі музыкаға Джулиан Марис атты маймыл мен аламан тышқан би билейді. Көрермен балалар өздеріне танымал мультфильмдегі сүйікті кейіпкерлерін көргенде үдере қол шапалақтап мәз мейрам болысады. Концерттік бағдарлама қыза түскен уақытта ортаға қазақтың қара домбырасымен қазақ қуыршақ «Сәулем-ай» әнін шырқап, соңы Барыспен бірге қазақтың ұлттық биі «Қара жорғаны» билеуімен жалғасады. Барыс қазақтың әні мен биін дәріптей мақтағанымен қазақ қуыршақтың бейнесі тартымды емес. Қазақ баласының эстетикалық талғамын өсіруге үлес қосты деуге әлі ертерек. Келесі Латын-Америкасынан келген қара нәсіл қыздың бейнесіндегі қуыршақтың биі ойдағыдай. Ол модамен қиылған қып-қызыл шашын әрі бері айналдырып билеп көрерменді күлкіге көмеді. Мұнан соң шығыс биін билеп, әшекейлері сылдыр қағып, бөксесін мың бұралта шыққан шығыс аруы Альбинаның өнері көрерменді тәнті етті. Концерттің соңында шыққан қазақтың ұлттық қуыршағы ортекенің өнері тамаша. Жүргізушілердің айтуынша көненің көзі «Ортекенің» жолы үлкен. Қазақы нақыштағы әуеннің әуелеуімен ортеке орғыта секіріп өнерін көрсетті. Өте ерте заманнан келе жатқан қазақтың ұлттық қуыршағы Ортеке сый ретінде табысталды.

Қойылымдағы жүргізуші роліндегі қуыршақшы актердің сөз саптауы, дауысы, қуыршақты түрлі қимылға келтіруі тамаша. Ол бір орында тұрып-ақ көрерменді өзіне қаратып, күлкіге батырады. Осы актердің ойынымен қойылымның оқиғасы өрбіп жандана түсетіндей. Спектакльдегі барлық қуыршақтар шеберлікпен жасалған өз мәніндегі қуыршақтар деп айту өте қиын. Қуыршақтар жұпыны көрінсе де жалпы қойылым көңілді, бастысы қойылымның кілті табылған. Бір сағатқа жуық уақыттың қалай зырғып өтіп кеткенін байқамай да қаласыз. Қуыршақ театрының қойылымдарында бастысы осы. Алдағы уақытта Талғар ауданындағы халықтық театр ұжымының шығармашылығы жандана түсеріне сенім мол.

Келесі сөз етуге тұрарлық театрдың бірі Испаниядан (Мурсия) келген Teatro Los Claveles театрының «Волк и семеро козлят» («Жеті лақ» ертегісі) ертегісінің желісімен жасалған қойылым дұрыс ойластырылған, қиыннан қиыстырылған. Жалғыз ғана актриса бір ауыз Испан тілін білмейтін залдағы көрерменді да, нет, мама, лапа деген (сөздерінің арасына екі ауыз қазақша сөздерді де қыстырып жіберуді ұмытқан жоқ) тілдік қателікпен айтқан сөздерімен-ақ оқиғаны ұғындырғанына таң қалмасқа шара қалмады. Актрисаның дауыс интонациясының құбылуы бет жүзіндегі мимикалық ым ишаралармен-ақ қарапайым қуыршақтарды ойната білді. Қасқыр бейнесінде ол жуан ерекше дыбыс шығара жүріп қасқырды ойнатса, ана ешкінің жұмсақ үніне көзбе көз ауысады. Ал, Лақтарды шиқыл күлкімен беруі актрисаның тәжірибелі екендігін еріксіз мойындататындай. Ол сахнада өмір сүріп қуыршақтармен біртұтастыққа айналған. Тіпті Ешкінің бас бейнесі салынған сурет. Ал, жеті лақ қарапайым жұмсақ ойыншықтар (қуыршақтар) тақтайшаға қаққан қазықтай қаз қатар орналастырылған.

Бұл жерде қарапайым тақтайлардан жасалған шырмалар орасан роль атқарып тұр. Бір қарағанда ол үйдің сыртқы бейнесі, бір жіпті тарту арқылы перделер пайда болып ол үйдің ішкі бейнесіне қас-қағым сәтте ауысып үлгіреді. Шығарма оқиғасы өрбіп Қасқыр лақтардың ту-талақайын шығарған соң бір ғана жұқа көк түсті шілтердің арқасында сахналық түр ағын суға, орман бейнесіне ауысады. Тойып алған қасқыр көңілді, енді ол тор төсекте жайлы жатып ұйықтамақ ниетте. Оның тойғаны сондай төсекке міне алмай қайта қайта құлап жатыр. Ыңқылдап, гүрсілдеп қасекең төсекке қайта ұмтылып жүріп ыңғайлы жатып ұйқыға кетеді. Үлкен қайшысы бар Ешкі Қасқырдың қарнын еппен қиғылап, ішінен қағаздан ойылып қатпарлана ілескен лақтардың сұлбасын шығарғаны көрерменді күлдіреді әрі қуантады. Енді ешкімен қоса жеті лақ та бірге билейді. Олар ән шырқап көңілді бақытты шақты бастан өткеріп жүр. Жеті лақты жіпке тізіп екі шетінен тарта ұстағанда қуыршақтардың дөңгеленіп, қызық қимылға келетіні тағы да дұрыс ойластырылғанына, жалғыз актрисаның қарапайым нәрседен осыншалықты дүние жасағанына разы болып ой түесіз.

Ресейдің В.Вольховский атындағы Челябинск мемлекеттік қуыршақ театры «Петя и Волк» қойылымымен қатысып көрерменнің зор ілтипатына бөленді. Мұнда актерлер қызыл галстук тағынып, пионерлік белгі беріп ән айтып шығады. Сол пионерлердің арасынан жас актриса жүргізуші ретінде оқиғаны баяндап спектакль оқиғасының өрбуіне үлес қосады. Актрисаның дұрыс айтқан, анық шығатын сөз саптауы мен жағымды үні, саксофон аспабында еркін ойнап залдағы көрермендерді өзіне баурап алады. Аспаптың жағымды табиғи үні қойылымның өне бойында оқиғадағы көңіл күйді білдіруде дұрыс пайдаланылған. Сахнада ұнамды түстен жасалған ормандағы ағаш бейнесінде шырма орналасқан. Онда Петяның үйі, айналмалы су диірмен, қоғалы көл, шырша ағаштары өзінің сүйкімділігімен көз тартады. Мұндағы әрбір қуыршақ ерекше шеберлікпен, үлкен махаббатпен, ізденіспен жасалғанын аңғару қиын емес. Осындай қуыршақтарға тәжірибелі актерлер жан бітіріп түрлі қимылға келтіреді. Актерлер былқылдақ сырықтармен қуыршақтарды жүгіртіп те ұшырып та жібереді. Құстың ұшуы, үйректің маймаң қаққан жүрісі, Петя мен атасы, күшік барлығы жағымсыз кейіпкер тісі ырсиған сұр қасқырға қарсы шығады.

Қасқырдан қашқан үйрек маймаң жүрісінің кесірінен құлап сүрініп, шалынып азулы жыртқышқа жем бола жаздайды. Ол ағаштарды айнала қашып, жаны қысылғанда көлшіктегі суға бірде тығылып, бірде судан шыға жанұшыра қашып жүргенде балалар үйрекке жаны ашып, болысып уайымдап отырады. Кейіннен үйректің қашып құтылғанын білгенде бүлдіршіннің қуанышында шек болмайды. Кішкентай ғана үлпілдек жүнді қара торғайдың жолы болғыш. Ол қауіп төнгенін сезген сәтте ағашқа ұшып барып қонақтап отыра қояды. Міне осындай қызықты да әсерлі сәттерде жас көрермендер өз сезімдерін жасыра алмай түрлі көңіл күйде қойылымның ішіндегі оқиғамен араласып кеткенін сезбейді де. Олардың періштедей таза жүрегі жамандықтан жиреніп, жақсылыққа ұмтылуда.

Спектакльде өте көңілді, қызықты кейіпкер бар, ол – Алақоржын тышқан (Хомяк). Күтпеген тұстан жылтыңдап басты кейіпкерлердің орнына шығып, сен біздің ертегіден емессің десе де тыңдамай килігіп жүретінімен қызықты көріністер ойлап тапқан. Оның күлкілі қылықтарына балалар мәз мейрам болысады. Спектакльдің соңында бүлдіршіндер сол қуыршақтарды қимылға келтіріп тер төгіп жатқан актерлермен табысады. Жасы егде орта жасты алқымдаған актерлердің ойынына разы болып ілтипат білдіресіз. Актерлер қуыршақтардың қимылдарын дәл берсе, қуыршақшы ұста олардың бейнесін табиғи ұқсастықта беруді көздеген.

Қорыта айтқанда қуыршақ театрының мерекелерін өткізудің маңызы зор. Әсіресе өзіміздің қазақша қуыршақ өнерімізді өзгеге дәріптей отырып, шет елден келген қонақтардың өнерінен ғибрат алуымызға, жаңаша тың бағыттарды, ізденістерді меңгеруде маңызды болып отыр.

 

Мәншүк ТӘШІМОВА,
театртанушы,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институты «Театр және кино» бөлімінің
кіші ғылыми қызметкері