Аққу
Нұрғиса Тілендиев

Ағымдағы жылдың тамыз айында «Шетел қазақтарының фольклоры мен музыкалық өнері» ғылыми-зерттеу жобасы аясында Ресейдің Орынбор облысына іссапар жасалды. Қазақстанның 1920-25 жылдардағы алғашқы астанасы болған Орынбор қаласы мен оның шығыс аудандарында қоныстанған қазақтардың ауызекі сақталған рухани мұралары жиналды.

Ресей бойынша қазақтардың көп шоғырланған жерінің бірі осы Орынбор облысы. Мұнда қандастарымыз саны жағынан орыстар мен татарлардан соң үшінші орында тұр.

Өткен ғасырдың басында Орынбор қаласымен қазақ зиялыларының, ақын, жазушылары мен мемлекет қайраткерлерінің, өнер иелерінің өмірі тығыз байланысты болды. Қазақтың жаңа дәуірдегі рухани жаңғыруының басында тұрған алғашқы интеллигенция өкілдері С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин, С.Мұқанов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Жангелдин, Т.Жароков және т.б. қоғамдық-шығармашылық қызметтері осы қаладан басталып, шығармалары осы өлкедегі алғашқы қазақ газеттерінде, баспаларда жарық көре бастағаны тарихтан мәлім.

Еліміз тәуелсіздік алғалы ұйымдастырылған этнографиялық экспедицилар болғанмен (1984, 1992), бұл ғылыми іссапарда қандастардың жадында сақталған ауызекі фольклор мен музыка мәдениетінің құнды нұсқалары жиналды. Өлкедегі көптеген көне және қазіргі заманның қазақ композиторларының музыкалық шығармалары жеке, фольклорлық орындауда және вокалдық ансамбльдің репертуарларынан жазылды. Ресейдің басқа облыстарымен салыстырмалы қарағанда ерекшелігі, мұнда домбыраның сүйемелімен ән, терме орындаушылық әлі жақсы сақталыпты. Әсіресе үйлену тойындағы беташарларда айқын көрініс тауып отырады. Жергілікті қазақтардың ақпаратына қарағанда, ешқашан үзілмеген дәстүрдің бірі осы беташар болып отыр.

Экспедиция сапары Орынбор облысының «Орынбор облыстық Қазақ ұлттық-мәдени аймақтық автономиясы» орталығынан басталып, мұнда қазақтардың «Ақ Жайық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Азамат Байдәулетовтен аймақтағы қандастардың мәдени, тарихи-әлеуметтік жағдайы туралы мәліметтер алынды. Азамат Адмұхатұлы: «Қалада екі тілде бірдей жарық көретін «Жаңа Айқап», «Бәйтерек» газеттерінде қазақтардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен бірге тарихымыз, ұлттық мереке, салт-дәстүрлеріміз туралы «Бата», «Дәстүр» секілді рубрикаларда қысқаша ақпарат беруге тырысамыз. Қолымыздан келген мүмкіндікті бірігіп отырып, әр ауданда ашылған вокалдық топтардың өркендеуіне, облыстағы жастардың бірлестіктеріне жұмсаймыз. Бізге Атажұрттан ең маңызды қажеттілік – қазақ тілін үйретуге, ана тілімізді ұмытпасқа көмек. Әсіресе жас буынға кезек күттірмейтін қажеттілік», – дейді.

Ресейлік қандастармен жүргізілген сұхбатта олардың ана тілін білуге ұмтылуы, үлкен буынның жастар болашағы үшін қатты толғаныста екендігі байқалды. Қай түкпірдегі қазақпен тілдессеңіз де осы мәселені алға тартады, қынжылыстарын білдіреді. Бара-бара аты ғана қазақ жастары дүниенің түкпірінен бас қосқанда ортақ тілі қазақ тілі болмауы мүмкін деген қауіпті айтады. Бұл шекара тысындағы қазақтардың бірнеше жылдардан бері көтеріп, бірақ өз деңгейінде шешілмей келе жатқан өзекті проблеманың бірі болып отыр. Елбасының «Тарих пен тіл тамырлас» деген ұлағатты сөзі осы мәселенің оң шешілімін көздейді. Бұл орайда ұлттық руханиятымыздың негізі ана тіліміздің бірқатар проблемаларына арналған конференция Астана қаласындағы ұлт зиялыларының басқосуына ұласқан болатын. Еліміздегі өтіп жатқан осындай игі жұмыстардың ұлтымыздың рухани өрлеуіне, сонау шетте Қазақстанға үмітпен қарап отырған әр қазақ баласының болашағы үшін нәтижесіз қалмасына сенудеміз...

Өлкенің қазақтар шоғырлана мекендеген Ново-Орский, Адамовский, Домбаровский, Светлинский, Соль-Илецкий, Ясненский аудандарының орталықтары мен Елизаветинский, Жарлинский, Комсомольский, Жасай, Крыловка, Чапаевка, Естеміс, Озерное, Краснощеково, Тамар-Уткульский, Боевогорский, Трудовое және т.б. селоларында (ЗАО) жергілікті қазақтардан қажетті фольклорлық аудиоматериалдар арасында жыр-термелерден үзінділер, Ұлы Отан соғысы кезінде шыққан сағыныш әндер, бесік жырлары мен сыңсулардың құнды үлгілері, жоқтау үлгілері таспаға түсті. Орынбор облысының Орск, Новотроицк, Ясный, Соль-Илецк қалаларындағы «Сағыныш», «Шашу», «Тамаша» секілді вокалдық ансамбльдер ауданның, аймақтың мәдени өмірінде айтарлықтай белсенді атсалысып жүр. Олардың репертуарларында қазақтың халық әндерімен қатар, Қазақстан танымал композиторларының шығармалары ансамбльдік, жеке, дуэтпен, квартетпен, домбырамен орындаулары қазақ тілінде ғана орын алған.

Халық аузында қазақтардың гимні іспеттес болған «Ақ Жайық» әні өзіне еріксіз назар аудартады. Бұл ретте Қыз Жібектің әні деп орындалатын «Әгугай», ақтөбелік халық сазгері Сары Батақұлының «Сарының әні», «Молдабайдың әні» секілді авторлық туындылар да бар. Бұл шығармалардың әуенімен қара леңдер көп айтылады. Ресей қазақтары негізінен Наурыз мерекесінде, Ораза Айт, Құрбан Айт мерекелерімен қатар соғым уақытында шекеге шақыру, ас беру секілді дәстүрлі бас қосуларға ұйымшылдықпен қатысады. Бұның қатарында тасаттық, ел садақасы да бар. Қалалармен бірге аудан орталықтарындағы, ауылдық жерлердегі мешіттерде ресейлік қандастар жиі бас қосады. Бүгінде әр қазақ отбасы нәрестеге азан шақырып ат қою, неке қию рәсімдерін атаусыз қалдырмайды.

Іссапарымызда орынборлықтардың арасындағы бүгінгі заман шығармашылық иелерінің де өнер жолы назардан тыс қалмады. Олардың арасында өнерімен облыс ауқымынан тыс жерлерде танымалдық алған қандастар бар. Олардың бірі, бағалы тастармен сурет безендіру өнерінің шебері, орскілік Сансызбай Бүркітбаев. Шебер қолынан Әл-Фараби, күй атасы Құрманғазы, Елбасы портреттері, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов, Орынборда өмір сүрген «Жарым патша» атанған ірі қоғам қайраткері Дербісәлі Беркімбайұлы келбеті, ресейлік өнер жұлдыздары мен ірі қоғам қайраткерлері, қыран бүркіт, ер қанаты жүйрік ат, қызыл кітапқа енген Қазақстан жан-жануарларының суреттері туған. Сансызбай Бүркітбаев жасаған дүниелер талайлардың таңдайын қақтырып, өзінің «зергерлік» нәзік талғамы мен түстердің, яғни бояу орнына пайдаланылатын құнды табиғи тастардың өзара астасып құрылуына негізделген еңбегі Ресей шеңберінен кең кеңістікте де танымалдық алып отыр.

Адамовка тұрғыны Аманжол Исмұхамбетов тенор дауысты танымал әнші. Оның репертуарында қазақ, орыс, татар, украин тілдеріндегі лирикалық (кантиленді) әндер тыңдармандарын бірден баурап әкетеді. Музыкант басшылығымен құрылған «Жас гүлім» вокалды ансамблі аймақтық, облыстық деңгейдегі бірнеше конкурстарының лауреаты. Ансамбль репертуарындағы қазақ әндерінің мазмұны ресейлік көрерменге түсінікті болу үшін А.Исмұхамбетов өзі әр қазақ әнін орыс тіліне аударып, орындалар алдында кіріспе ретінде мәлімет береді. Бұл қатарда Ясный қаласының тұрғыны, «Сағыныш» вокалдық тобының жетекшісі Салтанат Ирмағамбетованың да шығармашылық еңбегі айтарлықтай. Ансамбль репертуары тек қазақ тіліндегі әндерден құрылып, «Ағажан, Ләтипа», қырғыз әні «Бегімайдың жыры», Е.Хасанғалиевтің «Әдемі-ау», Ш.Қалдаяқовтың әндері, т.б. шығармалар бар. Облыстағы әр қазақ мақтанышпен айтатын қазақ тілі пәнінің оқытушысы ретінде танымал Ғайнижамал, Соль-Илецкілік ұстаз Айман Қарабаева секілді ұлтына қызмет еткен тұлғалардың еңбек жолы да ескерусіз қалмады. Олар мұндағы қазақ тілін кәсіби оқытушылардың соңғы буыны.

Қаладағы ұлт мәдениетін насихаттап жүрген қазақ жастарының «Арай» бірлестігінде Ресей түкпірлеріндегі осындай ұйымдармен, Қазақстан жастарымен тығыз қарым-қатынас орнаған. Мәселен, Челябинск, Омск, Самара, Орынбор жастары өзара футболдан жолдастық матч, волейболдан сайыстар ұйымдастырып бас қосып тұру дәстүрге айналған. Сонымен бірге жыл сайын қазақ қыздары арасында «Орынбор аруы» байқауына басқа облыстағы аруларымызда қатысуға мүмкіндік алған. Соңғы жылдары ұйымдастырылған «Мистер қазақ жігіті» конкурсында жігіттердің спорттағы жетістігі, қазақ тілі мен қазақ мәдениетін білуі, өнері т.б. талаптар қойылып, конкурс арқылы жастар арасында ұлттық руханияттың насихатталуына аз да болса мүмкіндік жасалған.

Осы орайда «Арай» жастар бірлестігі шеттегі қазақ қоғамы үшін ғана емес, жалпы орынборлықтар үшін үлгі боларлық бірқатар қайырымдылық іс-шараларымен айналысып келе жатқанын арнайы айту орынды болар еді. Бірлестік жастары облыстағы балалар үйлеріне жиі барып, қайырымдылық шараларымен айналысып, қазақ билерінен, домбырамен орындалатын әндерден концерт беріп, спорттық эстафеталар ұйымдастырып отырады.

Тамыз айында жүзеге асқан Орынбор экспедициясының материалдары қазіргі уақытта жүйеленіп, сараланып, отандық фольклортану, музыкатану салаларының айналымына енгізілу мақсатында жұмыстар атқарылуда.

1. Мақала www.qazaq-alemi.kz сайтында жарияланды. Мақала М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 2012-2014 жылдары жүзеге асырылған «Шетел қазақтарының өнері» (Мемлекеттік тіркеу №0112РК02847) атты ғылыми жобасы аясында дайындалған.