Қоңыр ән 1
Тақырыбы аса қомақты қазақтың лирикалық әндерінің көркемдік келбеті мен музыкалық құрылысының түпнегізі бір бола тұра, іштей бірнеше мектептерге бөлінген аймақтық дәстүрлерге сәйкес өзгешеліктерімен дамып, қалыптасқан.
Образдық жағынан бай, халықтың тұрмыс-тіршілігінің, болмыс-бітімінің, өмір салтының көрінісі болып табылатын ән жанры жалпыұлттық музыка фольклорымыздың сипатын сақтай отырып, әр өңірдің өз топырағында аймақтық ерекшеліктерімен сипатталады. Осындай аймақтық ерекшеліктерді алдымен ән атауларынан кездестіруге болады. Мысалы батыс өлкесінде лирикалық «қара ән», «қоңыр ән», «күлдіргі ән», жергілікті диалектпен аталатын «мәтөк ән», тұрмыстық «сағыныш ән» деген ән үлгілері кездеседі. Осы аталған жіктеулердің арасында «Қоңыр ән» аталатын әндердің орны ерекше.
Халқымыз тұрмыста «қоңыр» сөзін өте кең мағынада қолданады. Мысалы, қоңыр белдеу, қоңыр күз, қоңыр салқын, қоңыр жел, қоңыр жай, қоңыр үй, қоңыр күй, телқоңыр, қоңыр қаз, т.б. Біздің зерттеу нысанамызға қатыстысы, осындай ауқымды ұғымның ұлттық музыка мәдениетіндегі қолданысы.
Ең алдымен музыка өнерінде қоңыр сөзінің дыбыс әлеміне байланысты қолданылуы назар аудартады. Мысалы жазушы, мәдениеттанушы Т.Әсемқұлов: «Основа и суть традиционный музыки – тембр, окраска звука, множество обертонов, сопровождающих основной тон. Тембральная культура – так можно назвать казахскую культуру. Традиционный казахский звукоидеал – «қоңыр» мягкий, приглушенный, богатый обертонами звук. В этом звукоидеале менталитет, мировоззрение каждого народа» , – деген пікір айтады 2 . Халық аспаптарына байланысты мақалада қоңырды дәстүрлі дыбысидеал, қосалқы дыбыстарға бай дыбыс десе, осы пікірді қазақтың көне аспаптарын қалпына келтіру мен тәжірибеде қолдануда айтулы еңбек сіңірген ғалым-этнограф Б.Сарыбаевтың ғылыми еңбектерін негізге алып, музыка зерттеушісі Г.Бегалинова: «Қазақ халқының музыкалық аспаптар жасауға пайдаланатын заттары (ағаш, тері, сүйек, мүйіз, жылқының қылы, мал ішегі) аспап дыбысының ерекше акустикалық параметрін қалыптастырады. Осындай заттардан жасалған аспаптар жұмсақ, «жылы», жағымды, қоңыр дыбыс береді. Осыдан қазақ музыкасының өзіндік тембридеалы «қоңыр» деп аталады» 3 (аударған – Б.Т.) деген тұжырымымен растай түседі.
Екі дәйексөзде де қазақ музыкасының тембр идеалын аспаптық бояудан шығатын «қоңыр» дыбыс тұрғысынан қарап, ол қазақтың бай обертонды дыбысы жұмсақ, жағымды, жылы мағынасында қолданылады. Ал халқымыздың төл аспабы домбыраның акустикалық ерекшеліктерін ғылыми негізде қарастырған, «қоңырды» күрделі де құдіретті ұғым деп, оның үнін зерттеген ғалым Ж.Нәжімеденов (90-600 Гц шамасындағы тербіліс жиілігіндегі үнді қоңыр деп): «Ол – қой ішегімен тартылатын ежелгі қазақы домбыраның шығаратын үні, қазақ халқының төлтума үні» 4 деген тұжырымға келеді. Бұл келтірілген дәйексөздер қазақ музыкасындағы тембридеалды «қоңыр» деп сипаттайды.
Жалпықазақ музыкасына тән бұл сөзді мысалы, музыкалық фольклор үлгілерін «таза» қалпында сақтап келген Қытай еліндегі қандастарымыздың музыка мәдениетінде жалпы әуен атаулыға қатысты қолданғандығын көруге болады. Іле аймағы қазақтарының «Қазақтың 62 қоңыры. Аққу қоңыры» жинағында қазақтың сыбызғы, қобыз күйлері мен халық әндері, қиссалар мен дастандардан үзінділер енгізілген. Кітапқа түсінікте « ...халықтың арман-тілегі, көңіл-күйі, қоңыр әуендермен жан-жақтылы бейнеленіп, халықты алға басуға жігерлендіріп отырған. Ол қоңыр әуендер заманында хан ордаларында, үлкен той-думандар мен топ жиылған жерлерде жиі айтылып, кеңінен таралып, ел жүрегіне терең ұялап, бүгінге жетіп отыр» 5 – деген жолдар бар, яғни халықтық музыка туындыларын аспаптық немесе ән жанрларына бөлмей шектеусіз, ортақ, жан-жақты бейнелеудің мүмкіндігіне ие қоңыр әуен деп кең ұғымда қарастырады. Сонымен қатар халық әндерінде кездесетін:
Он бес пен жиырманың арасында
Біз салдық құйқылжыта қоңыр әнге – деген жолдар қоңыр әннің кең мағынада, жалпы ӘНге қатысты айтылып тұрғандығын дәлелдейді.
Енді музыкадағы белгілі бір жанрларда қарастырсақ, аспаптық музыкада «Қоңыр» аталатын күйлердің көне үлгілері қобыз, сыбызғы аспаптарында кездеседі, ал домбырада өз алдына топ құрап, жүйелі түрде «Алпыс екі Қоңыр» аталады. Бұл күйлердің табиғаты, мазмұны мен музыкалық сипаты лирикалық-философиялық болып келеді. Ал бұл сипаттың ән жанрындағы негізгі көрсеткіштер ретінде де қолданылуын лирикалық әндердегі қоңыр ән мен қоңырға қосарланып келетін сөз тіркестері бар әндерді талдау көрсетеді. Олар халық әндері «Алқоңыр», «Назқоңыр», «Қоңыр жай» («1000», №808), «Майда қоңыр» («500», №162, 223), «Жай қоңыр» («Песни разных народов», №91) мен халық композиторларының мысалы, Мұхиттың «Жайма қоңыр», Біржанның «Қоңыр», Ақан серінің «Майда қоңыр», Жаяу Мұсаның «Қоңыр», Балуан Шолақтың «Жай қоңыр», «Құрманәлінің қоңыры» («1000», №570) т.б. әндер. Батыс аймағының «Қоңыр ән» аталатын үлгілері («1000», №242, 394-395; «500», №463), Т.Бекхожинаның «Қазақтың 200 әні» кітабында (№127), соңғы уақытта К.Сахарбаеваның «Атырау ән-күй мұхиты» жинағында жарық көрді, сондай-ақ аймаққа жасалған музыкалық-этнографиялық экспедицияда жиналған үлгілер мен бірнеше «Жылойдың қоңыр әндері» бар. «Қоңыр ән» деп аталатын халық әндерінің негізінен батыс аймағында кездесіп отырғандығы жоғарыда айтылды.
Осы әндердің табиғатын түсінуде әннің мазмұны мен тақырыбы басты көрсеткіштердің бірі болып табылатындығын ескеріп, ол үлгілер туралы жеткен деректер мен әннің орындалуына зерттеушілердің қойған ремаркасына, түсініктемелеріне назар аудардық. Бұл үлгілерді алғаш рет нотаға түсірген А.В.Затаевич өз жинақтарында «Мягкая, спокойная», «Тихая элегия», «Спокойная песня», «Плавная песня», «Элегический напев» деп аударып, орындалуын «умеренно», «очень протяжно», «мрачно и тяжело», «свободно и размашисто», «широко и свободно», «очень широко», «спокойно с грацией», «покойно», т.с.с. мағыналас көрсеткіштермен беріп, қоңыр әнге алғаш рет: «Песни разных народов» жинағында: «Негізінен бұлай элегиялық сипаттағы әндер аталады. Сондықтан да олар минорлы. «Қоңыр» сөзін дәлірек «кантилена» деп аударуға болады» /аударған – Б.Т./ – деп түсініктеме береді.
Әндердің екпініне мән берер болсақ, этнографтың қоңырға қатысты үлгілерді нотаға түсіруінен баяу орындалатындығын байқаймыз (төрттік ұзақтығы = 58/100 арасында). Бұл жинақтардан кейін баспа жүзін көрген үлгілерде де: сабырлы, әдемі, асықпай, жай, ойлы деген ремаркалар жазылған. Сондықтан қоңыр әндердің көрсеткіштеріне қарап ортақ сипатты болып келетінін байқадық. Табиғаты лирикалық, жай екпінде, байсалды, сабырмен, ойлы орындалатын әндер қоңыр аталып отырған деген қорытынды жасауға болады. Ал қоңыр сөзіне қосарланып келетін жай, майда, жуас, т.б.сөздеріне назар аударсақ, олар да қоңырдан алшақ емес, қайта оның сипатын аша түседі.
А.В.Затаевич «Жайма қоңыр» аталатын әнге түсініктемесінде туындыны орындаған Д.Сәрсенбаевтың бұл көне халық әндерінің аттарын ұмытқандықтан жалпылама «Жайма қоңыр» деп атағанын жазады [«1000», 500-б.]. Бұдан халықтың қарапайым әндері «қоңыр» аталып отырғандығы байқалады. Бұлай олардың мазмұны мен оған тікелей байланысты музыкалық орындалу сипатына қатысты аталып тұрғандығы, жоғарыда талдау барысы көрсеткендей кең тыныспен созылып, баяу орындалатындығы көрінеді.
Қоңырға қатысты әндердің (авторлық әндер де) поэтикалық мәтіні көбінесе философиялық мазмұнда: жалған дүние, өткінші өмір, қайтып келмес жастық шақ, достық және бұл тақырыппен қатар жүретін махаббат пен табиғат суреттеулері кездеседі.
Аспаптық және ән жанрларында сәйкес мағына беретін бұл ұғым туралы қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін зерттеу еңбегінде ғалым М.Ахметова: «Вообще, словоқоңыр имеет довольно широкое применение в определении оттенков певческой культуры казахов. Так, қоңыр ән – «спокойная песня», қоңыр дауыс – «спокойный, приятный голос», қоңыр саз – «спокойная мелодия» деген пікір айтқан 6 . Ән орындаушылықта асқақтата, сергек, ойнақы, салтанатпен, ширақ, нақпа-нақ, тез, жігерлі, т.б. сияқты кездесетін көрсеткіштерден ерекшелігі бұл әндердің өзіне тән музыкалық-интонациялық сипаты бар. Ол әннің мазмұны мен оған сәйкес әуеннің әсем иірімділігінен, жүру екпінінен (ырғағынан) көрінетіндігі жоғарыда айтылды.
Қоңыр әндерді талдау барысы аймақ әндерінің формасына сәйкес, негізінен қайырмасыз болатындығын көрсетеді. Қайталанып келетін (бір әуен жолының өзгеріске түсіп келуі және екі түрлі әуен жолынан тұратын) қостармақтар мен ішінара үш және төрт түрлі әуен жолынан тұратын түрлері кездеседі. Басым бөлігі минорлық бағыттағы әндер эолия, фригия және локрия ладтарында, ал мажорлық жүйедегі әндер салыстырмалы түрде аз болғанмен олардың диапазондары кең – октава, нона, децима дыбыс көлемінде. Осы кең дыбыс қашықтығындағы үлгілерде көбінесе жоғары бағытталған кварталық, квинталық және ішінара сексталық интонациялар кездеседі.
Осындай үлгілердің бірі А.Затаевичтің Адай ойызынан жазып алған «Жуас қоңыр» әнін талдап көрейік («1000», №21). Мәтінсіз жеткен әуеннің даму барысынан оның 11-буындық қара өлең формасындағы (3+4+4) қайталанбалы қос тармақ екендігін аңғаруға болады. Тармақ әуенін екіцезуралы деп қарастыруға болғанмен, әр бунақ соңындағы төрттік ұзақтықтар жетібуындықтан соң келетін ферматалы жартылықтармен (до2 және фа1) салыстырғанда әр жолды анық 7+4 бунағына бөліп тұр. Бұл үлгінің мәтіні бізге дәл жетпегендіктен сөздерін екі түрлі нұсқамен сәйкестендіруге тырыстық. Біріншісі, қоңыр әндерге тән әуендік формада, ал екіншісі жалпы аймақтың ән формасы ерекшеліктерін ескере отырып жасалды.
Мұнда аймақтың қоңыр әндеріне тән сипат – әуезі иірімді және жеке дыбыстардың құбылулары (мордент) бар. Ерекшелігі, әуенінде өлке әндерінде алдымен көзге түсетін речитация жоқ және сирек кездесетін миксолидия ладында.
Егер де бұл әнге поэтикалық мәтінді қоңыр әннің музыкалық сипатында емес, аймақтың лирикалық әндерінің құрылымы негізінде синхронды сипатын сақтай отырып сәйкестендірсек, жолдар буынға былайша бөлінуі мүмкін:
Дү-ни-е(а)у ди-ір-мен-нің-ай, ау! та-сын-дай жүр-ай,
Кір-ген жел кө-кі-рек-ке-ай, ау! ба-сыл-май жүр-ай.
Соңғы нұсқада екінші бунақтан кейін келетін кіріспе буындардың қатар келуі, олардың соңғысының қаратпа сөз бен әуен жолының осы тұсында ұзақ дыбыспен келуі өңір әндерінде өте жиі кездеседі.
Аймақ әндерінің ішіндегі «қоңыр» үлгілердің сипаты әндетіліп, жай екпінде созылып, иіріммен құбылып айтылу мәнеріне тән болып келуімен өзгеше көрінетіндіктен, алғашқы нұсқа қоңыр әнге тән көрсеткіштерге ие болып тұр деп ойлаймыз.
Енді поэтикалық мәтінімен, өңірдің лирикалық әндерінің музыкалық-интонациялық ерекшеліктерін сақтай отырып жеткен қоңыр әннің жарқын үлгісін талдап көрейік. Бұл шығарманы орындаған жылойлық А.Тайшиева сол өлкеге танымал әнші, бізге бірнеше бағалы фольклорлық материалдар мен құнды деректер берді. Ол қоңыр ән туралы: «бұл иірімді және сабырмен еркін айтылатын әндер», – деген пікір айтты.
Әннің созылып кең тыныспен айтылуы, интонациясы, бунақтар соңының дыбыстық иірімдері речитациямен әннің өн бойында қатар келіп қабысып тұруы назар аударарлық.
Бұл үлгідегі I, III, VI-басқыштарда тұрып, бунақ бойына қайталанып келетін дыбыстар өлкенің речитативті әндеріне тән құбылыс болғанмен, бірінші, үшінші жолдардың екіцезуралы тармақтық құрылымы мен т.4, т.5, к.6 интервалдарына интонация әнге кең тыныс беріп тұр. Мұндағы үш жолды аяқтаушы III басқышпен қатар, әндегі ең жоғарғы және ең төменгі дыбыс болып тұрған VI басқыштың орны айтарлықтай. Осы екі саты үшінші тармақтың алғашқы бунағында квинталық және кварталық секірістер арқылы байланысуы аймақтың ән мәдениетінде өте сирек кездесетін құбылыс. Ән басы секста интервалымен жоғары VI б. көтеріліп бүтін ұзақтықпен тоқтап, келесі бунақта да осы биіктікте қалады. Ал үшінші жолда төменгі VI басқыштан квинтаға жоғарыға секіріп бунақ III б. қайталанып, ау демеулік шылауында осы III басқыштан жоғарғы VI б.-қа т.4-ға көтеріліп тұрақтайды. Соңғы тармақта әуен ойдай ай одағай сөзі арқылы аймақ әндеріне тән фригиялық секундадан сатылап төменгі VI б. түсіп, бүтін нотада кідіреді. Аяқтаушы тармақтың екі шеткі бунағының арасындағы к.7 көлеміндегі әуен үзігі өлшемі өзара тең ойдай ай және оу кіріспе буыны арқылы ән диапазоны кеңейіп тұр.
Бұл лирикалық әндердің қоңыр аталуы төмендегідей тұжырымға әкеледі. Қазақтың ән мәдениетінде батыс аймағы ең алдымен жыр өнерімен ерекшеленеді. Жыр дәстүрінің өз «айналасындағы» орбитальды жанрларымен (А.Құнанбаеваның термині) толғау, терме, өсиет, нақыл сөз, т.б. екпінді, ағынды орындалып, әуенінің речитативті сипатта болып келуі өлкенің ән дәстүрінің қалыптасуында үлкен әсері болды. Ең алғаш батыс аймағының әндері туралы пікір айтқан зерттеушіден бастап осы ерекшеліктерге баса назар аудартады және оны музыкалық талдаудан да анық байқауға болады. Сондай-ақ өлкенің жалынды, ерлік рухындағы поэзиясының ықпалында өмірге келген, батыс әншілік мектебінің негізін салған Мұхит Мералыұлының дәстүрлі шығармашылығымен салыстырғанда бұл әндер ерекше сабырлы музыкалық сипатымен айрықшаланады. Ғалым Қ.Сыдиықов «Сарқылмас қазына» еңбегінде аймақ әндерінің табиғаты туралы: «Маңғыстау, Атырау өңірлерінде баяу, қоңырлатып салатын назды, сазды, арман, сағынышқа толы әуендер де, атпенен лекітіп желіп келе жатып көтеріңкі айтылатын көңілді әндер де, бірте-бірте көтере келіп, бүкіл дүниені дүрілдеткендей әбден биік шырқап, сосын барып баяулататын асқақ әндер де бар» [189-б.] – дейді.
Біздің ойымызша, осындай жыр өнері контекстінде баяу, әуені құбылып, жай, созылып, байсалды, өте кең айтылатын лирикалық әндер қоңыр ән аталып отырған. Бұл «қоңыр әндер» аталған музыкалық сипаттарды өз бойына сақтай отырып жеткен.
Қорыта айтқанда, кең мағынада қоңыр ән – ұлттық музыка мәдениетінде қазақ әндерінің жалпы байыпты ән сипаты болса, зерттеу нысаны батыс аймағына қатысты аталуы – белгілі бір музыкалық сипатқа ие, табиғаты ойлы, созылып, баяу, сабырмен, иіріммен әндетіліп орындалуымен ерекшеленетін әндер.
-
Мақала «Әуезов оқулары-VI» (Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың туғанына 110 жыл толуына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары). – Алматы, 2008. – Б. 107-114.) жинағында жарияланды.↩
-
Әсемқұлов Т. Музыка рыболовных лесок и традиционный звукоидеал // «Рух-мирас» №1 /4/ 2005. – с.110.↩
-
Әсемқұлов Т. Музыка рыболовных лесок и традиционный звукоидеал // «Рух-мирас» №1 /4/ 2005. – с.110.↩
-
Нәжімеденов Ж. Қоңыр және домбыра. Домбыра үнінің акустикалық ерекшеліктері. Алматы, 2005. – 7-б. ↩
-
Қазақтың 62 қоңыры. Аққу қоңыры. – Құлжа (ҚХР), Іле автономиялы облысы. 2004. – 6-б. ↩
-
Ахметова М.М. Традиции казахской песенной культуры. А.-А.: Наука, 1984. – с.22. ↩