Аңсау
Нұрғиса Тілендиев

Дүниенің әр тарабында тіршілік етіп жатқан қандастарымыздың мекен етіп жүрген ортасына қарай музыкалық мәдениетінде бірқатар ерекшеліктер байқалады. Бұл үрдіс, әсіресе ән жанрында айқын көрініс тауып отыр. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Шетел қазақтарының музыка өнері» аталатын ғылыми зерттеу жобасы бойынша жүзеге асырылған экспедицияда Самара, Саратов және Астрахань облыстарында тұрып жатқан қазақтардың бүгінгі музыка өнерінің жағдайын зерттеуге мүмкіндік туды.

Көзбен көріп, үнтаспаға түсіріп, ғылыми жүйеленген, сарапталған материалдар тұрғылықты этностың және басқа әртүрлі ұлттардың саз дәстүрі, өнері, музыкалық аспаптарының қазақтар тұрмысына сіңіп кеткендігін байқатады. Мысалы, орыс частушкалары, татар, ноғай шумақтары, тіптен, қазақтардың осы тілдердегі музыкалық-поэтикалық айтыстарға қатысуы, орыс гармонының (саратовтық және кавказдық гармоньдар) жиі қолданысқа түсуі. Сондай-ақ шетелдегі қандастардың аға, орта буын өкілдері татар әндерін орындағанда сол ұлттың әуеніне тән нәзік мелизмдерді (иірімдер) соншалықты таза интонациялауы, ырғақтық ерекшеліктерін дәл орындауы көңіл аударарлық болды. Осындай информатордың бірі Қ.Якудаева (1936 ж.т.) репертуарында татар жырларының жиырмаға жуық айтыс шумақтары бар. Ол жас кезінде бір тойда татар жігітімен айтысқанын да айтып берді. Бірер мысал келтірсек, татар балаларымен мектепте бірге оқып, үйлері көрші болғанын айта келе Мағауия Әлекешова (1928) мына шумақты әуенімен орындады:

  • Ойнасаң, ойнамасаң да
  • Гармонь тілі он екі.
  • Ойласаң, ойламасаң да
  • Жас өмір келмес екі.

Ресейдегі татар тойларында міндетті түрде гармонь ойналады дейді ақпараттандырушылар. Олармен қоян-қолтық араласатын жергілікті қазақтар да осы аспапта жиі ойнауымен көзге түсті. Сонымен бірге Астрахань облысында тұратын тоқсанға жуық этнос өкілдерінің музыкалық мәдениетінің ықпалы мұндағы қазақтардың репертуарынан көрініс тапқан. Ұйғыр тіліндегі «Анам» деген әнді Мариям Досумова (1951 ж.т.) орысша нұсқасымен бірге («Мама милая») орындады:

    • Жигәрим анам жүригәмдә сән
    • Еки көзимниң бир қарғуғу сән.
    • Анам, жан анамәй толун айдәк
    • Чачисән нуриңни, соқар жүрәк
    • /Мама милая, в сердце ты одна/
    • /Очи карие разгораются/
    • /Мама милая словно месяц ты/
    • /Ясно светишся, улыбаешся/.
 

Ресейлік қазақтардың музыкалық өміріндегі тағы бір өзгешелік – олардың ХХ ғасыр ортасындағы кең тараған орыс әндерін қазақ тіліне аударып, екі тілде бірдей шырқауы. Бұндай үрдісті Түркиядағы қазақтар музыка мәдениетімен салыстырар болсақ, оларда ішінара кездескенмен, жаппай халықтық сипат алмағандығы байқалды. Ал Қазақстандағы аға буын өкілдері осы әндерді екі тілде білгенмен қазіргі уақытта қолданыстан шығып қалды. Себебі, орысша әндердің қазақша аударма мәтіндерін орындауға ортада аса сұраныс жоқ.

Бұл бағытта, әсіресе астрахандықтар көзге түсті. У.Бисемалиева (1948 ж.т.) әйгілі сазгер Б.Макроусовтың «Хороши весной в саду цветочки» (сөзі: С.Островский) әнімен бірге осы композитордың «Жди солдата» әндерін қазақ тілінде орындап берді. Жергілікті қазақтар «Жди солдата» әнін «Ой, красивы на Волге закаты» деген алғашқы жолымен атап кеткен, сонда ән «Еділдің кештері қандай көркем» деп аударылып, халық арасына екі тілде өте кең тараған. Ауызекі тарайтын халық фольклорына тән, бұл өлкелерде әуеніне басымдық беріп, бұларды жиын-тойларда орыстың халық әні, немесе орыс әні деп қана авторсыз хабарлайды.

    • Еділдің кештері қандай көркем
    • Солдатқа жөнелтті мені еркем
    • Қолын берді, «қош бол» деді
    • Қолын берді, «қош бол» деді
    • /Ой, красивы над Волгой закаты.../
    • /Ты меня провожала в солдаты./
    • /Руку жала, провожала,/
    • /Провожала, провожала.../
 

Келесі бір информатор К.Якудаева композитор Б.Мокроусовтың «Хороши весной в саду цветочки»әнін (сөзі: С.Алымов)жас кезіндетатарша да айтқан. Бізге қазақ тіліндегі вариантымен бірге орындап берді. «Қандай жақсы көктемнің гүлдері» /немесе«Тамаша ғой көктемнің гүлдері»/ деген ана тіліндегі нұсқасы:

    • Тамаша ғой көктемнің гүлдері
    • Одан жақсы жастар көктемде
    • Айлы кеште кез боп
    • Бақ ішінде сөз боп
    • Сені көріп өзгеріп кеткенде
    • /Хороши весной в саду цветочки,/
    • /Еще лучше девушки весной./
    • /Встретишь вечерочко/
    • /Милую в садочке –/
    • /Сразу жизнь становится иной./
 

Еділ бойындағы қазақтар арасында екі тілде кең танымалдық алған әннің бірі – орыстың халық әні «Ах, Самара городок».Оны жиырмаға жуық адам екі тілде орындап берді. Аға буын қазақтардың балалық кезі соғыс жылдарында өткендіктен болар, олардың репертуарында осы кезеңде туған шығармалар міндетті түрде кездеседі.

1942 жылы М.В.Исаковский жазған «Голубой огонек» өлеңінің (әуені белгісіз автордікі) қазақша нұсқасын самаралық Әмина Мұхамеджанова (1936 ж.т.) орындады. «Мәтінін аударған кім? кімнен үйрендіңіз?» деген сауалымызға: «Осы ауылдың қызы Әлима деген келіншек география пәні мұғалімі еді. Оралдан институт бітіріп келген кезде үйреткен. Бәлкім, өзінің аудармасы шығар. Баламыз ғой, сұрамаппыз», – деді.

  • Бақытқа аттандырды
  • Ғашығым қарындас.
  • «Қош бол» деп қолын берді,
  • Көзінен ағып жас.
  • Қоштасып ақырғы рет,
  • Екеуі салып ән.
  • Ғашықтан жарқырайды,
  • Үйдегі жаққан шам.

Өз кезінде бүкіл Кеңес Одағына тарап, әлі күнге дейін посткеңестік елдерде халықтың аузынан түспей келе жатқан әннің бірі – композитор В.Соловьёв-Седойдың (сөзі: М.Матусовский) «Подмосковные вечера» әні. Бұл туындыны шетелдегі бауырларымыз қазақша «Мәскеу маңы кештері» деп аударып, әлі күнге дейін орындайды екен. Қабира Якудаеваның орындауынан жазылған әннің қазақша нұсқасы информатордың осы ән аудармасына байланысты айтып берген әңгімесімен толықты: «16 жасымда Астраханьға Алматыдан бір топ артистер келді. Мен алдарында өлең айтқанымда солармен келген бір жас жігіт маған ғашық болды. Ол «мен саған осы әнді қазақшаға аударамын, сен ертең концертте екі шумақ орысша, екі шумақ қазақшасын айтасың», – деді. Ертесіне Астраханьда өткен концерт менің осы әніммен жабылды. Сыйлық алдым. Мені артистер Қазақстанға әкетпек болды, бірақ анам жібермеді. Сол жігіттің аты есімде қалмапты».

Сол секілді М.Блантердің «Катюшасын» (сөзі: М.Исаковский) самаралық қазақ Ә.Мұхамеджанова қазақ тілінде жеткізді.

Осындай музыка өнерінде белең алған үрдіс кейде керісінше, қазақ әнінің орысша аудармасымен айтылуы да кездесті. Мәселен, Д.Сүлеевтің «Той жыры» алтынжарлық Ғ.Байзуллаевтың репертуарында орыс тілінде домбыра сүйемелдеуімен орын алған. «Той жыры» елімізде де кезінде орыс тілінде шырқалған. Бірақ Астраханьдағы үйлену тойларында әлі күнге дейін айтылып жүр. Әннің «Ойна, ойна осы тойда, биле, биле осы тойда...» деген қайырмасы қазақ тілінде қалған.

Сонымен, Еділ бойындағы қазақтар музыка мәдениетінің заңдылығындай болып қабылданатын үрдіс – міндетті түрде орыстың өткен ғасыр танымал әндерінің шырқалуы. Келесі мысалды ұсынсақ, тұрғылықты жерінде танымал әнші Марфуға Лұқманова (1942 ж.т.) Г.Ф.Пономаренконың «Полюбил моряк волжанку» (сөзі: А.Скоромыкин, 1953 жылы шыққан) әнін орыстың «Волжанка» деген әні деп орындады. Бұл информатордың тойларда өте жиі орындайтын тұрақты шығармасы (коронная песня). Өз ортасында одан «Волжанканы» жиі сұрайды. Сол секілді ХХ ғасырдың орта кезіндегі Одаққа танымалдық алып кеткен әндерді білмейтін орта буын өкілдері кездеспейді десек қателеспейміз.

Жалпы қазақ тойларында әртүрлі этностар тіліндегі ән-жырлар шырқалатындығына куә болдық. Сонымен бірге Т.Мұхамеджановтың «Іңкәрім», Д.Сүлеевтің «Той жыры», Б.Байқадамовтың «Водовоз» әндері қазақ және орыс тілдерінде қатар шырқалады. Қазақтың халық әндері («Әдемі қыз», «Елім-ай»), Қ.Дүйсеннің «Ай да, күн де жақсы ғой», Ә.Еспаевтың «Маржан қыз», С.Сейфуллиннің «Тау ішінде», «Кербез сұлу», Абайдың әндері, Ш.Қалдаяқовтың «Қайықта», «Ана туралы ән», И.Жақановтың әндері, М.Омаровтың және т.б. шығармалары жиі қолданыста болса, Ә.Алпысбаевтың «Ауыл тойы» әні қазақ тойларының Тойбастары ретінде қабылданады. Ал жастардың арасында ең кең тараған ән – С.Бәйтерековтің «Атамекені». Бұл шығармаға қойылған қазақ жастар ұжымының билері де бар.

Саратов облысы, Новоузеньск поселкесінің (жергілікті халықтың 30 пайызы қазақтар) тұрғыны Асқар Мәтикенов (1951 ж.т.) кәсіби музыкант болмаса да домбыра, баян, гитара аспаптарында еркін ойнап, қазақтар арасында құрметті музыкантқа айналды. А.Мәтикенов Шымкент облысынан көшіп келіп, 1993 жылы «Сәуле» атты мәдени орталық ашып, сол жылдардан бері қазақ әндерін, музыкасын насихаттап келеді. «Тойларда 80-жылдарда «беташар» болған жоқ. Атажұрт Егемендік алған соң әр этнос өз негізіне үңіле бастаған кезеңде оның әсері Ресейдегі қазақтар арасында анық байқалды. Нәтижесі де айтарлықтай. Қазір жастар домбыра үйренуге көп келеді. И.Жақановтың «Еділ мен Жайық» әні ресейлік қандастарымыздың гимні есебінде қабылданып, С.Бәйтерековтің «Атамекені» де хормен орындалады. Соңғы 20 жыл ішінде Абайдың әндері, Ш.Қалдаяқовтың вальстері, Т.Базарбаев «Ауылым» әндері үлкен сұранысқа ие болып отыр», – деп шетелдік қазақтардың мәдени өмірінен хабар берді.

Самара қазақтарының бүгінгі мәдениетіне тоқталсақ, мұнда «Ақ Жол» орталығы қызмет атқарып, жергілікті қазақтар өмір тынысынан хабар беретін журнал және қазақ тілінде облыстық газет те шығады. Өткен 90-жылдардың ортасында мұнда қазақ дәстүрі жаңғырып, шығармашылық ұйымдар құрыла бастады. Самарадағы «Ақ Жол» қазақ қоғамы 2003 жылы құрылып, екі жылда аймақтық ұлттық-мәдени орталыққа айналды. Орталықтың ұйытқысы болған директоры Қ.Дүсенбаев. Бұл орталық Қазақстанмен тығыз мәдени қарым-қатынаста.

2007 жылы Самара қаласының Ресей қазақтарының астанасы болуының себебі де осы «Ақ Жол» орталығымен байланысты. Ол Ресейдің 26 ауданындағы 35 қазақ ұйымының жетекші орталығы болып қалыптасты. Қаладағы Достық үйінде «Қайрат» атты жастар ұйымы бар. Мұнда бас қосатын жастар қазақ тілін, өнерін, дәстүрімен танысып, қазақша ән шырқауды үйренеді. Бір-бірімен жақын танысып, бауырласып, ұлт мәдениетін жақын білуге ұмтылады. Автономияның басты міндеті – қазақ халқының тілі мен мәдениетін, дәстүрін сақтап, жалғастыру, өзге ұлттарды сыйлау және этносаралық толеранттылықты насихаттау.

Орталықтың Ресей көлемінде тойлайтын ең жарқын мерекесі – Наурыз мерекесі (Қамал Айт) болып табылады. Шетел қазақтарының Қамал Айт мерекесі Самара, Волгоград, Саратов, Астрахань, Түркменстан қазақтарында да осылай аталып, үлкен мәнге ие болып тойланып келеді.

Самарадағы қазақтарының кезекті бір Қамал Айт мейрамы облыста «Еркем-ай» балалар ән-би фольклорлық ансамблінің ұйымдасуына түрткі болды. Ұжым 1994 жылы наурыз мерекесінде алғаш концерт беріп, әрі қарай көрермен сұранысына ие болды. Талай марапатты иеленген ансамбль 2002 жылы Самара облысының халықтық ұжымы мәртебесін алды. Осы өңірдегі танымал ұжымның бірі болып, репертуарына қазақ және орыс классиктерінің шығармаларын енгізді. Бұдан кейін құрылған «Мейрам» театр ұжымы, «Айгүл» би ансамблі және «Маржан» сән театрлары да қазақ балаларының халықтық ұжым мәртебесіне ие болды. Бұл Самарадағы қазақ жасөспірімдерінің бүгінгі ахуалын аңғартатын үлкен жетістік.

Өткен тарихы мен мәдениетіне үңілген жастар қазақ өнерін ән, би, сахналық қойылым, сән театры салаларында ұлттық нақышпен, дәстүр иірімдерін жаңғыртумен белсенді айналысуда. Осындай ұлттық салтын, дәстүрін, тілін, дінін білуге ұмтылып, сайысқа түскен жастар 2008 жылдан бастап Самарада алғашқы облыстық «Жігіт сұлтаны» сайысында өнер көрсетті. Бұл іс-шараларға мұрындық болып жүрген қазақстандық жастар қызметі сұранысқа ие болғандықтан Ресей жеріне келіп қазақ салт-дәстүрін, өнерін әлі күнге дейін насихаттауда. Жалпы ресейліктер арасынан домбырамен ән салатындар сирек кездеседі, көбіне осы жерлерде қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін насихаттап, әртүрлі мәдениет ошақтарының жанынан балаларға арналған ән, күй, би үйірмелерін ашып жүргендер – Қазақстаннан келген, әсіресе Батыс Қазақстаннан көшіп келген музыканттар.

Ресейдегі қазақтардың орта буын арасында Атажұрттан барғандар қазақ музыкасының өркендеуіне белсенді атсалысып келеді. Мәселен, Самара қаласында Г.Әсімова дәстүрлі халық әні бағытында, ал осы облыстың «Қазақ» ауылында Салауат Сұлтанов пен Айгүл Жәлелова өскелең ұрпаққа ән-терме үйретуде, бірнеше би ұжымдарымен таныса келе жетекшілердің «Атамекен», «Аққу» секілді музыкаларға қазақ биінің қойылымдарын енгізген. Мұндағы «Айгүл» би ансамблі қала сахналарында «Қара жорға» биін билеп жүр.

Саратов қаласында «Қазақстан» қоғамдық орталығы жанынан Жазира Жақсыбаева «Саратовские домбристы» атты балалар ансамблін ашып, оған өзі жетекшілік етеді. Бұл жас ұжымның репертуарында Құрманғазының «Адай», Махамбеттің «Жұмыр, Қылыш», Ж.Еңсеповтің «Әке толғауы» және т.б. күйлер мен жеке орындаушылар халық күйі «Ақсақ құлан», Құрманғазының «Балбырауын», «Не шуми, не кричи» күйлерін ойнап сахналарда өнер көрсетіп жүр. Сонымен бірге Жазира өз үйірмесінде қала балаларына домбырамен сүйемелдеп орындауда «Майраның әні», С.Сейфуллиннің «Біздің жақта», Абай әндерін, басқа да көптеген халық әндерін үйретіп табысты еңбек етіп келеді.

Ресейде соңғы жиырма жылдың ішіндегі қайта жаңғыру кезінде дәстүрлі музыканың дамуы жолға қойылып, дәлірек айтқанда кіші буын қазақтарға арналған қазақстандық кәсіби музыканттардың домбыра және домбырамен ән айту дәрісханалары ашылып, әртүрлі өнер бағыттарын тоғыстыратын, алға жетелейтін балалар мен жастар ұжымдары құрылды. Сонымен бірге жаңғыру процесінде үйлену тойы ғұрпында орындалатын «беташар», «тойбастар» әндері қайтадан оралды. Мұнымен бірге шетелдегі қандастарымыздың дін исламға бетбұрысы әсерінен мешіттер салынып, Ораза Айт, Құрбан Айт мерекелері де халықтық сипат ала бастаған. Кіші буынның арасында бүгінгі қазақстандық танымал орындаушылардың («Ұлытау» тобы, «МузАрт» триосы, «Жігіттер» квартеті, А.Жорабаева, Қ.Әбділдина, М.Сәдуақасова, Айқын, т.б.) репертуарындағы шығармалар жайыла бастаған.

Шетел қазақтарының музыкалық өнері жергілікті халықтың және басқа да этностардың тілі, сазы, мәдениетінің ықпалымен өзгеше сипатқа ие бола отырып қалыптасқан. Бұл тұрғыдан қазақтардың ана тіліндегі, орыс, татар, ұйғыр, ноғайша жырлаған музыкалық туындылары көпұлтты мекеннің мәдениетінде қалыптасқан ішкі заңдылықтарын көрсетеді.

1. Мақала «Түркістан» газетінде (№ 6 (044), 20.06.2013. – 7-б.) жарияланды. Мақала М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 2012-2014 жылдары жүзеге асырылған «Шетел қазақтарының өнері» (Мемлекеттік тіркеу №0112РК02847) атты ғылыми жобасы аясында дайындалған.