Ыстамбұлдан жеткен «Алаш маршы» 1
«Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті... Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақырады»
Ән мәдениетімізде өсіп келе жатқан ұрпақ ұмытуға болмайтын, ұлт тарихынан хабар беріп отыратын музыкалық ескерткіштер бар...
Орыстың отаршылдығына, өз ішіндегі қанаушыларға қарсы күресте дәстүрлі музыка өнері мейлінше ширатылып, шыңдалып отырды. Қилы кезеңдерде халық кегін, ел мұңын өз жырларына арқау еткен азатшыл өнер саңлақтары бас көтеріп, өнердің күрескерлік рухы мен азаматтық мәнін паш етіп, айқындай түсті.
ХХ ғасырдағы азаттық жолындағы күрестің алғашқы белесіне тоқталар болсақ, олардың ұлт өміріндегі аса маңыздысының бірі – 1917 жылы құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі еді. Ол қазақ әдебиетінде жан-жақты жырланып, музыка мәдениетінде де көрініс тапты. ««Алаш» партиясының, «Алашорда» үкіметінің құрылуына байланысты оны құттықтаған, ұлт тәуелсіздігіне үлкен сенім артқан бірқатар өлеңдер шамамен бір мезгілде жарық көрді. С.Торайғыровтың «Алаш ұраны», Ғ.Қарашұлының «Алашқа», «Алаштың азаматтарына», С.Дөнентаевтың «Азаттық күні», Н.Наушабаевтың «Алашордаға», Ә.Мәметовтың «Алашқа сәлем», Ж.Аймауытовтың «Әскер марсельезасы», «Ұран», (...) өлеңдері Алаш қозғалысының сипатын поэтикалық жағынан таныта аларлық тарихи туындылар болды» [«Алаш. Алашорда. Энциклопедия», Б.40-41].
Бұл жылдары жазылған өлеңдер туралы академик С.Қирабаев: «Сұлтанмахмұт Торайғыров (...) деп, «Алаш ұранын» жазса, дербес қазақ мемлекетінің болашағын түрік халықтар ынтымағымен байланыстыра қараған Жүсіпбек Аймауытов:
- Арғы атам-ер түрік
- Біз қазақ еліміз.
- Самал тау, шалқар көл
- Чачисән нуриңни, соқар жүрәк
- Сарыарқа жеріміз.
- ...Ат мінсек, жел болып,
- Дуылдап шабамыз.
- Лап десек ерленіп,
- Дуылдап жанамыз.
- ...Ер түрік ежелден
- Оқ тескен етіміз
- Қаймығып еш жаудан
- Қайтпаған бетіміз, –
– деп, жаңа ұлт мемлекетін қорғарлық ерлік дәстүрлерді еске салды», – дейді [«Қазақ әдебиетінің тарихы», 7-том. 14-б.].
Сонымен қатар бұл өлеңнің алашордашылардың әнұраны болғандығын Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты өмірбаяндық естеліктерінде жазады.
Интернет беттерінде осы өлең «Алаш маршы» деп аталып, авторы көрсетілмей, кейбір жолдары сәл өзгеріп жарияланыпты. Дегенмен түпнұсқаға – «Абай» журналының 1918 жылғы № 7 санына назар аударғанда «Ғаскер өлеңі» деп жарияланған өлеңнің біраз жолдарының айтылмай жүргендігін байқап, өлеңнің толық мәтінін ұсынғанды жөн көреміз [Б.13-14]:
-
- Арғы атам ер түрік
- Біз қазақ еліміз,
- Самал тау, шалқар көл
- Сарыарқа жеріміз.
- Сай сайлап мал айдап
- Сайрандап иен жайлап,
- Ерке өскен арқаның
- Еркесі серіміз.
- Біз жүрген алаштың
- Шын кемеңгеріміз!
- Егессек ел бермес
- Еңіреген еріміз.
- Бұғаудан босаған
- Біз долы арыстан
- Долданса болмайтын,
- Жаңа дәу періміз!
- Ат мінсек, жел болып,
- Суылдап шабамыз.
- «Лап!» десек ерленіп
- Дуылдап жанамыз.
- Алаштың ақ туын
- Қолға алып, ақырып,
- «Алаш!» деп шапқанда,
- Жауға ойран саламыз!
-
- Ер түрік ежелден
- Оқ тескен етіміз!
- Қаймығып еш жаудан
- Қайтпаған бетіміз.
- Жаусын оқ, ақсын қан,
- Шықсын жан, қорқу жоқ.
- Алаштың жолында
- Жан қимақ – ниетіміз.
- Біздерге сөз бе екен,
- Жауыңның көп, азы!?
- Өлсек хақ шаһитпіз
- Өлтірсек біз қазы.
- Жол болып жау [хауіп]
- Сау қайтсақ боламыз
- Қазақтың шын ұлы,
- Қаһарман сабазы!
- Алаштың аруағы
- Жебесін, қолдасын!
- Ақсақал тілей гөр,
- Сапарды оңдасын!
- Жасаған жар болып,
- Қазақтың еліне
- Жасатсын, сақтасын
- Алаштың ордасын!
Ж.Аймауытовтың бұл «Ғаскер өлеңін» ғалым Д.Қамзабекұлы «Алаш және әдебиет» атты ғылыми монографиясында түрік халықтарының отаншылдық, елшілдік өлеңдерімен үндестікте зерттейді. Ғалым Алаш милициясының гимні әрі маршы деген пікірімен: «Ең бастысы, большевизмге қарсы құрылған Алаш милициясының іс-әрекетін тарих алдында ақтап алатын жанды сөз бар. Большевиктік төңкеріске қарсы тұрып, ақпан өзгерісінің федерация идеясына адал болып қалған Алаш қозғалысының ізгі мақсатын Ж.Айматуытұлының «Ұран» атты өлеңінде де көрініс тапқан», – деп төмендегі шумақты да ұсынады:
- Ұраным, қорғаным, сен Алаш!
- Жолыңа құрмалдық мал мен бас!
- Өнер тап, өрге шап, қару от,
- Аллалап алға бас, ал, Алаш! [«Алаш және әдебиет», Б.317-318].
Д.Қамзабекұлы осы монографиясында Алаш әнұранына байланысты мынадай ақпаратты та берген: «Кейбір зерттеушілердің (мысалы, марқұм Б.Байғалиев) пікірінше, Жүсіпбектің «Ұраны» да Алаш гимні есебінде орындалған [318-б.].
Мына бір деректі де назардан тыс қалдырмауды жөн көреміз. Ол Халықаралық саясат ғылымының докторы. Марием Хакімнің «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты» халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарына енген «Алаш әні». Ғалым бұл әуенсіз мәтінді ұсынғанда «Бұл өлең де Шығыс Түркістан Азаттық соғысы кезінде Қазақтарды отан үшін жұмылдыру мақсатымен жазылған марш» деп түсінік берген. Автор өлеңнің қолжазба нұсқасының ғана сақталғанын да айтқан:
- Қазағым, қақтықпа қамалма,
- Ел болар қамыңды амалда
- Атты таң, кетті түн
- Сал жанды, сал малды аянба.
- Жәй жатқан, мал баққан ел едік,
- Елдікте біз кімнен кем едік?
- Қаны жат, тілі жат, түрі жат,
- Жат елден таяқты көп жедік.
- Тарыққан, зарыққан шағында,
- Бостандық кез болды бағына.
- Ұйымдас, ұрандас қол ұстас,
- Сен де мін бабаңның тағына!!!
Бұл өлеңнің буындық саны жоғарыда ұсынылған үлгілерге ұқсамайды, соған қарағанда әуені де өзгеше болуы әбден мүмкін. Сондықтан әуенсіз жеткен осы үлгіні музыкалық талдауға ала алмаймыз.
Ендеше Алаш қозғалысының әнұранына айналған өлеңнің музыкасына қайта оралсақ, ол төмендегідей мәліметтерді саралаудан тұрады. 2
Кеңес үкіметі орнағаннан кейін аз уақыт өмір сүрген партияның мүшелерін, қазақтың азаттығын аңсап, оның жарқын болашағы үшін қызмет еткен білімді тұлғаларды «алашордашы», «ұлтшыл» деген айдармен қуғын-сүргін құрбаны еткені мәлім. Саяси қысыммен жақын шекаралас елдерге ауа көшкен, онда да бейбіт өмір сүре алмай тағдыр тауқыметін тартқан қандастарымыздың пана іздеп, алыстағы Түркияға дейін барғаны да тарихтан белгілі. Олардың жадында азаттықты арман еткен қайраткерлердің шығарған, бас қосқан кезде орындаған әндері әнұран (гимн), марш, өлең деп сақталған. Мәселен, жоғарыдағы, ғалымдар Ж.Аймауытовтың өлеңі деп көрсеткен «Ғаскер өлеңін» Түркияның Ыстамбұл қаласының тұрғыны Мәдәлім Байқонақұлы (1922 ж.т.) «Алаш маршы» деп орындап берді. 1950-жылдары Түрік жеріне көшкен Мәдәлім қажы Шығыс Түркістандағы Манас Сауанда дүниеге келген. Әннің музыкасы мен поэтикалық мәтінінің авторлығы жөнінде білмейтінін айтқан информатордың жадында бұл шығарма жас кезінде үйреніп, өзі орындағаннан кейін сақталыпты. 3 М.Байқонақұлынан жазылған маршты Ыстамбұлдағы қандастарымыздың орта буын өкілдері орындайды.
«Алаш маршы» – тақырыбына сәйкес, бірқалыпты, бастан аяғына дейін 2/4 өлшемінде жүріп, марш екпінінде батыл, көтеріңкі орындалады. Әннің өне бойындағы дыбыс пен буын синхронды байланысып, марш жанрының табиғатын аша түседі. 6-буындық (3+3) жолдардан құрылған шумақ төрт түрлі музыкалық мелотармақтан құралып, әр шумақта өзгеріссіз қайталананып отырады.
Бұл «Алаш маршының» әуеніне орыстың халық мелодиясы алынған. Осы марштың тағы бір нұсқасы танымал әнші Жоламан Құжимановтың репертуарында бар. Әншіге Алаш тақырыбындағы туындыны публицист-жазушы, сазгер И.Жақанов 1994 жылы магнитофон таспасына шет елден келген қандасымыздың орындауынан түсіріп берген. Таспаға жазылған мәліметте шет елдегі қандасымыз «Арғы атам ер түрік» деп басталатын өлеңге бастапқыда орыс әнін пайдаланып, кейіннен оған ұқсас марш екпініндегі жаңа әуеннің шығарылғандығын айтқан екен. Бұл әнді Ж.Құжиманов «Ғаскер әні» деп атап, Мәдәлім Байқонақұлының нұсқасынан өзгеше орындайды, шамасы бұл соңғы нұсқасы. Ж.Құжиманов репертуарындағы екінші ән – М.Дулатовтың «Зар заман» өлеңі, ол халық әні «Заман-айдың» мелодиясымен орындалады. Осы нұсқаны әнші нотаға түсіріп, 2003 жылы «Қазақ ордасы» журналына жариялады (№ 1-2).
«Алаш маршы» туралы тағы бір ақпарат көздерінде: «...ел ішінде Дихан Әбілов айтты делінетін, әнші Жоламан Құжиманов орындайтын, Торғайда және Батыс Алаш ордада айтылды делінетін түрлі нұсқалары да жетерлік» , – деген мәлімет келтірілген. 4 Яғни бұл мағлұматтардан Алаш маршы немесе ұраны деп қазіргі уақытқа бірнеше нұсқалардың жетіп отырғанын түсінеміз.
Деректерді негізге алар болсақ, жоғарыдағы келтірілген үш ән де (екі өлеңге жазылған) Алашорда қозғалысының тарихында айтарлықтай орын алған. Дегенмен, Алаш әнұраны ретінде алдыңғы, Мәдәлім Байқонақұлының нұсқасының маңыздылығы жоғары болған сияқты. Өйткені, ол – сол дүниеге келген кезеңінің музыка мәдениетіне тән құбылыстармен нақтыланып отыр. Өлеңнің бастапқыда орыс әуенімен айтылып, кейіннен басқа әуенге бейімделгенін тарихи дерек ретінде назарда ұстауымыз қажет. Бұл пікірімізді 1920-30 жылдардағы қазақ ән мәдениетін зерттеген Б.Ерзаковичтің: «Большое влияние на возникновение казахских революционных песен оказали «Интернационал», «Варшавянка», «Смело, товарищи, в ногу», а также русские народные песни, такие, как «Эх ты, доля» и многие другие. Эти песни еще до революции были занесены в Казахстан русскими рабочими, переселенцами, ссыльными, а с первых лет Советской власти получили повсеместное распространение», – деген түйіні нақтылай түседі [«Песенная культура казахского народа», с.233].
Өткен ғасырдың басында ұлттық саз өнеріне тың тақырып пен жаңа мазмұндағы әндердің дүниеге келуімен бірге марш, вальс секілді жанрлар енді. Жалпы осы кезеңдегі тәуелсіздік, азаттық тақырыбында туған домбыра күйлерін алғаш қарастырған музыкатанушы А.Қазтуғанова авторлық шығармашылықтағы марш өлшемінің айқын сезілетіндігіне назар аудартады. Зерттеуші осы кезең күйлерін қарастыра келе, Сейтектің «Қызыл сұңқар», «Еркіндік» күйлерімен қатар «Марш» туындысын талдай келе: «Күйдің ырғақ ерекшелігінде еуропа музыкасында қалыптасқан марш жанрына тән нышандар сақталған, яғни бірінші үлесте бір сегіздік екі он алтылық, ал екінші үлесте екі сегіздік берілген. Туындының алғашқы дыбыстардың басталуынан рухты биіктетін серпіліс пен патриоттық сезімді күйшейтетін үн байқалады», 5 – дейді.
Осы кезеңде ән мәдениетінде «Амангелді сарбаздарының әні», «Амангелді маршы», «Партизан әні» және т.б. марш формасындағы әндер пайда болды. Жаңа жанрлардың айқындаушы белгілерінің нышаны негізінен өлшемдерінде болды – вальс ? ырғағымен, ал марштың 2/4 және 4/4 ырғағында өзгермей жүруі заңдылық. Дәстүрлі ән мен күйлерімізге өлшемдік жиі ауысулар тән болғандықтан бұндай біртекті ырғақтық формулалар бірден еніп кетпеді. Сондықтан да азаттық жолындағы күреске елеулі үлес қосқан ұлт зиялыларының орыс әнімен айтылған «Алаш маршы» («Ғаскер өлеңі») секілді, ақын С.Сейфуллин де 1917 жылы жазылған «Жас қазақ марсельезасына» орыстың революциялық «Отречемся от старого мира» әнінің мелодиясын пайдаланды. «Ақынның «Жас қазақ марсельезасы», «Жолдастар» өлеңі сол кездегі қазақ ауылдарында революция гимні қызметін атқарды. ... «Жас қазақ марсельезасы» ұран стилінде жазылған» [«Қазақ әдебиетінің тарихы», 263-б.].
Тағы бір ескеретін жәйт, сол кезеңнің алаш қозғалысына байланысты айтылды деген әндерге гимн (әнұран) мен марш деген атаудың бір ұғымда қолданылатыны. Мәселен, алаш идеясының авторының бірі, ірі қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың редакторлығымен 1929-1939 жылдары шетелде ай сайын шығарылған «Жас Түркістан» деген Түркістан ұлттық тәуелсіздік идеясын таратушы журналының 1931 жылғы № 22 санында Түркістан жастарының маршы беріліпті. Төменде өзгеріссіз ұсынамыз:
- «Әнұранымыз»
- (Отандастар, қандастар тілінде)
- Сүйектерімізбен құрдық Түркістан қамалын,
- Қызу қанымызбен сыздық тәуелсіздік байрағын!
- Түркістан – бұл әсем отан патшасы,
- Қызарып атылған қайнар бұлақ бұл жердің қаны!
- Тұтқындық шынжырымен байланған қолдарымыз
- Өйткені сол атақты Темірдің «еркін» ұлдарымыз!
- Халқымыз еркін өмір сүру үшін өз туған отанды,
- Сол үшін қанға тұншықтырамыз орысты алтын Алтайда!
Осы журналдағы «Ыстамбулдағы Түркістан күні» мақаласында түрік журналисі Иілтер: «...баяндамалардан кейін «Әнұранымызды» барлық жастар шырқап, кештік бөлімі басталды», – деп жазады [«Алаш көсемсөзі» онтомдық, 4-кітап. 226-б.]. «Жас Түркістан» журналының мазмұнында «Маршымыз» деп, ал журнал бетінде «Әнұранымыз» деп жарияланғанына қарағанда бұл ән туралы, жалпы марш пен әнұран (гимн) туралы түсінгенде олар үшін нақты жанрлық сипаттардың арасы алшақ болмаған секілді. Әрине, алаш қозғалысы төңірегінде айтылған әндердің басым бөлігінің ортақ нышаны олардың марштық сипатында. Дегенмен олар ол марштарды әнұранымыз деп те айтқан сияқты. Бүгінгі қолда бар мәліметтер осындай тұжырым жасауға мүмкіндік беріп отыр.
Алаш әндерінің қайсысын алсақ та, мейлі марш болсын, мейлі әнұран немесе ән деп аталсын олар тәуелсіздік жолында күрескен топтың әнұраны болып, кейін жалпыхалықтық сипат алған маршқа айналған, қазақ музыка мәдениетіндегі отансүйгіштік рухтағы тарихи туындылар деп танимыз.
-
Мақала «Алаш маршы» тақырыбымен «Керуен» (№ 04 (25), 2011. – Б.169-177) журналында жарияланды. ↩
-
Отандық БАҚ беттерінде өлеңнің авторлығына қатысты бірқатар пікірлер кездеседі. Өлең авторы М.Дулатов, С.Торайғыров, Б.Майлин деп, бір газеттерде осы үшеуі бірігіп жазған деп те айтылып жүр. ↩
-
Бұл материал жеке мұрағаттан ұсынылып отыр (Ыстамбұл сапары, 2011, шілде). Мәдәлім Байқонақұлынан жазылып алынған материалдардың құндылығы сол, қазақ музыка тарихында маңызы жоғары 1945 жылдары Қытай жерінде кең қолданыста болған «Шығыс Түркістан әскерлерінің маршын» және «Ұмтыл, жас» деп басталатын мектептегі оқушылар маршын әуенімен жеткізді.↩
-
Думан А. Алаш әнұранының тағы бір нұсқасы табылды // «Алматы ақшамы» газеті, № 130 (4532), 5.11.2011. ↩
-
Думан А. Алаш әнұранының тағы бір нұсқасы табылды // «Алматы ақшамы» газеті, № 130 (4532), 5.11.2011. ↩
-
Қазтуғанова А. Домбыра күйлеріндегі тәуелсіздік сарындары (ХХ-ХХІ ғғ.) // Дәстүрлі музыка мен композиторлық шығармашылықтағы тәуелсіздік идея. Ұжымдық монография. – Алматы, 2011. – Б.156-201. ↩