Әлқисса
Нұрғиса Тілендиев

Қазақтың Мемлекеттік қуыршақ театры өзінің шығармашылық қалыптасу даму жолы 1935 жылдан бастау алады. Сол кезден бастап көптеген өнер шеберлері бүлдіршіндер үшін өнер көрсетіп, сан мың қуыршақ сахна төрінен көрініп, кішкентай көрермендердің жүрегін жаулап алған болатын. Театр алғашқы үш жылда орыс театры болып өнер көрсетті. 1938 жылы Қазақстанның мәдениеті жөніндегі халық комиссары Темірбек Қараұлы Жүргеновтің шешімімен қуыршақ театрында қазақ труппасы ашылып, режиссерлік қызметке Анчаров тағайындалды. Алғашқы қуыршақтарды жасап шығаруға тәрбиешілер: Неревяткина, Чепурков, Филиппова, Озерный, Бориловская, Чкалов, Масалов, Атеев, Стериндер қол ұшын берді. Театрдың алғашқы жетекшісі болып Б.А.Федорченко сайланып, оқушылар мен оқытушылар белгілі орыс халық ертегісі «Шалқанды» («Репка») сахнаға дайындады. Театр есігін алғаш ашып отырған көрермендер үшін түсінікті, тәжірибесі аз әртістерге роль ойнауға ыңғайлы, оқиғасы жеңіл, әрі қарапайым болғанын жөн деп тапқан үйірме мүшелері арада көп уақыт өтпей Сперанскийдің «Игнашка ұры» («Вор Игнашка») пьесасын қолға киіп ойнайтын қуыршақтармен қояды. Қуыршақтар тек киімі арқылы, ал спектакль аздаған бутафорлық заттар арқылы ерекшеленді. Артынан А.С.Пушкиннің ертегісі бойынша жасалған «Балықшы мен алтын балық» қойылымы сахналанып, театр ең алғашқы гастрольге шыға бастады.

Спектакльдің соңында концерт қою әдісі қуыршақ театрында да болды. Сондықтан домбырашы, халық өнерпазы Жақия Жақымбаев алғашында ән айту үшін театрға алынып, кейін қуыршақ өнерін үйренуге көңіл аударды. Оның сауаты жоқ болғандықтан кейіпкерлердің сөзін өзгелерге оқытып, тез жаттап алатын қасиетіне таң болған. Театрда М.Ғалиулина, Ш.Қадыров сияқты актерлердің орны ерекше еді. Директор Н.Омари драма театрынан С.Телғараев пен Қ.Бадыровты театр өнерін дамыту мақсатымен қол ұшын беруге шақырған. Осы актерлердің көмегімен қазақ труппасының өз бетінше қойған «Алдар көсе мен Шығайбай» (сахналық жүйе авторы Бычков) спектаклі сахнаға шықты.

1939 жылы 9 ақпанда «Казахстанская правда» газетінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Халық комисарлары кеңесінің «Қазақ өнері мен әдебиетінің мұнан әрі дамуы» туралы арнайы қаулысы жарияланды. Онда өнер, әдебиет саласындағы кемшіліктер, алдағы жасалатын жұмыс жоспарлары ұсынылды. Алайда осы қаулыда балалар драматургиясы жөнінде сөз қозғалмады. «Балалар театрына пьеса керек» деген Қ.Жандарбековтың жанайқайы, нақты ұсыныстары ескерусіз қалды.

Режиссер Анчаровтың орнын Федорченко алмастырғанда ұжым көркемөнерпаздар деңгейінен «кәсіби театр» қатарына көшу кезеңін бастан кешкен. Ойналып жүрген спектакльдер түгелдей қайта сахналана бастады. Сол күнге дейін бір қалқанның артында ойын ойналса, енді күрделі қалқандарға (ширма) көшірілді. Сахна әр көрініс үшін жасалған арнайы перделермен толықтырылды.

Ленинградтың өнер мектептерінен тәлім мен өнеге алған М.В.Соколовский, И.Г.Боров сияқты режиссерлер, Э.В.Чарномский,  Р.Т.Папэ сияқты театр суретшілері ендігі жерде қуыршақтарды ұлттық характерлермен толықтырды. 1939 жылы орыс труппасының режиссері Анчаровтың ықпалымен тәжірибелі суретші Р.Г.Папэ ізденістерінің арқасында алғаш рет сырықпен ойнайтын қуыршақтар жүйесінде спектакльдер сахналана бастады.

1940 жылдан бастап ұлттық драматургия мен ұлттық бейнелерге көңіл аударылды. Осындай мақсатта қуыршақ театрына лайықталып, Б.Майлиннің «Жалбыр», «Талас аңшысы» пьесалары сахналанды. Халық ертегісінің негізінде жазылған К.Ахметовтың (сахналық жүйе, В.Швемберг) «Өтеген батыр» спектакліндегі қуыршақтардың ұлттық нақыштағы ерекшелігі айқын таңбаланған, (суретшісі Р.Т.Папе). Қойылымда жарық пен музыканың маңызы артып, кейіпкерлерге әсері күшейді. Осы компоненттердің арқасында «Айдаһар» бейнесі тіпті қызықты шыққан. Аталған спектакльде алғаш рет айналмалы қалқанның қолданылуы қазақ қуыршақ театрына үлкен жаңалық алып келді. Әсіресе, соғыс сахналары, аттардың шабысы сияқты көріністер үшін табиғи дыбыстар пайдаланылғандықтан спектакльдегі оқиғалар сенімді шықты. Өтеген батыр ролін ойнаған Ш.Қадыровтың қуыршақты ойнатудағы шеберлігі қазақ қуыршақ  ойынының мектебі болып қаланды.

Режиссер В.Н.Гронбергтің сахналаған «Сұр қасқыр мен Салтан патша» («Царь Салтан и серый волк»), «Алладиннің сиқырлы шамы» («Волшевная лампа Алладина») сияқты дүниесімен орыс труппасы репертуарының негізі қаланды. В.Н.Гронберг тек режиссерлықпен айналысып қана қоймай, театр актерлерінің кәсіби шеберлігімен бірге жалпы білімдерінің жан-жақты өсу жолын қарастырды. Өзі актерлерге қуыршақ қимылының тәсілдерін үйретіп, сабақ өткізді. Сол сияқты жас өнерпаздар драма театрдың режиссері М.Н.Гольдблаттан театр тарихынан сабақ алды. Сахнада сөйлеу тәсілін сол саланың маманы В.И.Дьяков жүргізген уақыттарда театр жұмысы үлкен нәтижеге жете бастады. Қазақ бөлімінің актерлер тобы Китеев Ескендір, Жұмабекова Гүлтай, Адылханов Әлімхан, Сұлтанғалиева Құлжау сияқты талантты жастармен толықтырылды.

Музыкалық көркемдеуде рояльмен, сырнаймен сүйемелдеу әдісінің ескіргенін түсінген В.Н.Гронберг спектакльдерге арнап арнайы музыка жаздыруды ойластырып, композиторлар – Л.Хамиди, Б.Ерзакович сияқты мамандарды жұмысқа тартты.

1941 жылы Ұлы Отан соғысының басталуы мен барлық шығармашылық топтың мүшелері әскерге шақырылып спектакльдер жыл бойы тоқтап тұрды. Эвокуациямен Ресейден келген қуыршақ театрының маманы О.Тарасова ұжым тізгінін қолына алып, майданнан жаралы қайтқан В.Ткаченко, Б.Слонов, П.И.Поторокалармен бірге С.Маршактың «Ешкі туралы ертегі» («Сказка про козла»), «Терем-теремок», Губаровскийдің «Сырнай» («Дудочка»), В.Кавериннің «Митьканың Кащей патшалығына баруы» («Митька в Кащеевом царстве»), Е.Шварцтың «Қуыршақтар қаласы» («Кукольный город») және театр актерлері бірігіп шығарған «Жас принц» қойылымдары соғыс кезіндегі қуыршақ театры сахнасында жүрді. П.И.Потороканың режиссурасымен «Гитлер қалай сайтанға жанын сатты» («Как Гитлер черту душу продал») атты спектакль Соғыс уақыты талап еткен қойылым болды. Саяси өмірді сатирамен жеткізген бұл спектакльде П.И.Поторока орындауындағы Гитлер ролі қызықты шыққан. Қуыршақ театрын арнайы зерттеген өнертану кандидаты Е.Жуасбек осы роль жөнінде: «Оның орындауында Гитлер өткір мысқылмен сыртқы түрін келістірген, жан-дүниесі зұлымдыққа толы кейіпкер болып шықты. Жауыздың бейнесі адам кейпіндегі сайтан сияқты етіліп сырықты қуыршақпен жасалынды» – деп белгілі театртанушы Еркін Жуасбек өзінің кандидаттық диссертациясында жазады.

Ал, соғыстан кейін 1946 жылдан бастап қуыршақ театры шығармашылығы жөнінен бәсеңдей берді. Осы жылы Алматыда Н.И.Сацтың басшылығымен «Балалар мен жасөспірімдер» театрының ашылуы «қуыршақ театрының» құлдырауына әкеп соқты. Актерлері жаңадан ашылған театрға ауысып 1949 жылы қуыршақ театры филармония құрамына еніп, қазақ бөлімі тарап кетті.

1950-60 жылдар қазақ қуыршақ өнерінің дағдарысқа түскен, қуыршақ театр өнерінің тарихындағы қиын уақыт болды. 1963 жылы театр режиссері болып П.И.Поторока келгенде театрдың жағдайы түзеліп, қойылым саны көбейе бастаған еді. Қазақ бөлімін қайта ашу мәселесі көтеріліп, кетіп қалған, ауысқан актерлер қайта жиналды.

Қазақ қуыршақ театрының «Екінші тууы» деп аталатын 1966-80 жылдар аралығы ең белсенді, кәсіби түрде қалыптасқан жоғары көрсеткіштермен көзге түскен кезең болды. 1966 жылы Ә.Әсімжановтың режиссурасымен қойылған А.Ысмайловтың «Алдар көсе» спектаклі қазақ қуыршақ театрының кәсіби шығармашылық өмірінің беташары болды. Қазақ-орыс бөлімінің бас режиссері П.И.Поторока мен қазақ бөліміне басшылық жасаған З.Байсейтовтың мол еңбегі арқасында ұжым құрамы толыға түсті. Алғашқы жылдардан бастап еңбек еткен Ш.Қадыров, Е.Иманалиев, Т.Жағыпаров, Т.Ибрагимова, У.Садуақасова сияқты актерлермен қатар сол кездегі талантты жастар З.Дүйсенова, М.Омарбаева, О.Дүйсенов, Ә.Дәулетқұлова, Қ.Ешмұратова, М.Дәулетқұлова, Ә.Жәйліемісов, С.Бейшеновтермен бірге, әдеби жетекші О.Әубәкіров, композиторлар Н.Тілендиев, Е.Хасанғалиевтар ерен еңбек етті.

Қазақ халқының бай фольклорлық дүниесі негізінде О.Қошымовтың «Қаңбақ шал» (1967 ж., режиссеры Ә.Әсімжанов, суретшісі Сидоров) ертегісімен жөндеуден өткен жаңа театр үйінің сахнасы ашылды. Қазақ халық ертегісі желісімен жазылған А.Ысмайыловтың «Алдар көсе» қойылымы 1969 жылы Ташкентте өткен Орталық Азия мен Қазақстан қуыршақ театрының фестивалінде ерекше аталды. А.Батыржановтың «Сиқырлы сақина» (1968)  (режиссер Қ.Ешмұратованың ең алғашқы жұмысы), С.Омаровтың «Ақымақ арыстан» (1974 ж., режессеры Қ.Ешмұратова, суретшісі Ипмағамбетова), А.Тоқпановтың «Тазша бала», азамат соғысы тақырыбына арналған Ж.Кәрбозиннің «Кербақпай» және ересек көрермендерге арналған О.Әубәкіровтің әзіл-қалжыңға құрылған «Милау сиыр» (1968), «Жолдастар» (1966),  «Терісқақпай» (1967 ж., режиссеры З.Дүйсенова) үлкен концерттік бағдарлама түрінде қойылып, жетістіктерге жетті.  

1970 жылы орыс бөлімі М.Әуезовтің «Алтыншаш» әңгімесін сахнаға ыңғайлап қойды (сахналық жүйе, А.П.Никольская). Режиссер П.И.Поторока мен суретші шебер Яншевтің спектакльі көрермен көңіліне терең бойлағаны сондай, театр репертуарынан түспей ұзақ жылдар балаларды қуантумен болды.

Уақыт өткен сайын талап арта түсті. Ә.Табылдиевтың «Алыптардың алыбы» (1975 ж., суретшісі Яншев), К.Амангелдиевтің  «Жомарт» (1979) шығармалары біршама жетістіктерге жетті. Көптеген спектакльдер қайта қойылды. О.Бодықовтың «Сәбираның әлегі» (1977), «Ынжық ораш» (1978) комедиялары сатиралы-пародия түрінде қойылып, жастардың бойындағы теріс қылықтарын әшкереледі. Бұл кейіпкерлердегі қуыршақтар «өзіміз де қуыршаққа айналып кетпейік» деп ескертпе жасап тұрғандай әсер қалдырған.

Режиссер Қ.Ешмұратова Н.Оразалиннің «Ақ қанат туралы аңыз», Ж.Тұрлыбаевтың «Алтын тамыр», болгар жазушысы И.Крянгенің румын ертегісінің негізінде жазылған «Ержүрек Қораз» (суретшісі Яншев), Потороканың режиссурасымен (орыс бөлімінде) М.Новлеваның «Саламбурдың басынан кешкен оқиғалары» және В.Масловтың «Робин Гуд», Ленинградтың өнер институтын бітіріп келген режиссер Б.Пармановтың сахналауымен Б.Арпиловтың «Пингвиндер» [Краткая энциклопедия. Том-4: Алма-Ата – 1991. – 685 c.] спектакльдері сахнаға шығарылды.

1982 жылы қуыршақ театрына ескі болса да театрға арнап салынған ғимарат берді. Режиссер Б.И.Аблынин А.Гайдардың «Әскери құпия» спектаклін сахнаға дайындаудағы режиссерлік қырлары, актерлермен жұмыс жасаудағы ерекшеліктері, шығарманы бүге-шігесіне дейін талдауы актерлерге ғана емес, режиссерлерге, суретшілерге, тіпті қарапайым жұмыскерлерге де сабақ болды.

Жылдар өткен сайын жаңа спектакльдер саны көбее түсті. С.Жүнісовтің «Жығылып, сүрініп» (1984) комедиясы, Н.Оразалиннің «Тарқамайды тойымыз» концерттік спектаклі сахнаға қойылып, көрермен көзайымына айналды. Көптеген жылдар үздіксіз жүріп театрға абырой алып берген, кейін қуыршақтар санының шектен тыс көптігінен, әрі алып жүруге қиындықтар туғызғандықтан репертуардан түсіп қалды.

1986 жылдан бастап түрлі себептермен әуре-сарсаңға түскен қуыршақ театрының бес жыл ішінде шығармашылық тоқырауға ұшырауы заңды болса да, әр жерді уақытша паналауға мәжбүр болған ұжым спектакльдер қойып жатты. Мәскеуден тәжірибелі режиссер Фридман шақырылып, Крыловтың шығармаларына құрылған қойылымдар қойды. Актер Б.Слоновтың режиссурасымен орыс халық ертегісі «Аленушка мен Иванушка», Ж.Тұрлыбаевтың «Алтын тамыр», белгілі актер Татаринцев А.П.Чеховтың «Хирургия» әңгімесін, театрдың бас режиссері Қ.Ешмұратова Үсіпходжаевтың «Тұт ағашының саясы», жас режиссер А.Жағыпаров қырғыз жазушысы Тойбаевтың «Немерелерге өсиет» [Жуасбек Е. «Қуыршақ театрының қалыптасуы мен дамуы» атты кандидаттық диссертация, Алматы. – 1994] спектакльдерін сахнаға шығарды.

Театр ұжымының шығармашылық талпыныстарының арқасында 1991 жылы арнайы қуыршақ театрына арналған ғимарат емес, күрделі жөндеуден өткен ескі концерт залына ие болды.

Соңғы жылдарда Мемлекеттік қуыршақ театры ұжымы өз қазанында қайнап, жас көрермендер үшін тер төгіп келеді. Актерлер қол қуыршақ (перчаточные куклы), сырықпен қозғалатын қуыршақ (тростевые куклы), жіппен қозғалатын қуыршақ (морионеточные куклы), көлеңкелі қуыршақ (теневые куклы), қолда ашық ойнататын қуыршақ (настольные куклы), вертепті қуыршақ (вертепные куклы, аударған – Е.Жуасбек) сияқты қуыршақтардың түрлерін барынша игеріп сахнадағы жүріп жатқан қойылымдарында кеңінен пайдалануда. Әрине қуыршақ театрының қазіргі жағдайын баспанасыз көшіп-қонған кездермен салыстыруға келмейді. Сахна соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған.

Театр сахнасында Қ.Ешмұратованың режиссурасымен С.Жүнісовтің «Атамекен», Н.Оразалиннің «Тарқамайды тойымыз» (орысша «Праздник продолжается»), Қазақ халық ертегісінің желісі бойынша «Қаңбақ шал» (орысша-қазақша), В.Ливановтың «Дед Мороз и Лето», М.Шуриновтың  «Морозко», Орыс халық ертегісінің желісімен «В гостях у сказки: Репка, Маша и Медведь, Теремок», С.Шүкіровтің режиссурасымен Н.Гернеттің «Мың бір түн» ертегісінің желісімен «Волшевная лампа Алладина» (орысша), С.Мақұлбековтың режиссурасымен С.Михалковтың «Три поросенка» (қазақша  «Үш торай»), Р.Фархадидің «Бычок – острые рожки» (орысша), Ш.Пьероның «Қызыл телпек» («Еще раз про Красную шапочку»), В.Павловскийдің «Аққұтан мен қарақшы», («Листенок и пугало») қазақша-орысша, С.Абуева мен К.Ильясовалардың режиссурасымен К.Ильясовтың «Наурыз думан» қойылымдары жас бүлдіршіндерді рухани сусындатып келеді.

75 жылдан аса тарихы бар Қазақ мемлекеттік қуыршақ театры ТМД және Орталық Азия мемлекеттерінің қуыршақ театрларының арасында болған фестивальдердің лауреаты болды. Аталмыш театрда кәсіби шыңдалған, қуыршақ театры саласында тәжірибе жинақтаған өз ісінің шеберлері жұмыс атқарып келеді. Спектакльдердің шығармашылық деңгейлері де әртүрлі. Театрда көп жылдан бері еңбек ететін тарланбоз актерлер Е.Хайрушев, Қ.Абуева, Г.Ильясова, Л.Печорина, В.Р.Беркиндермен бірге жас өнерпаздар Б.Каюов, А.Жақыпбаев, Т.Тілеулиева, Ұ.Момынжанова, А.Тәуекелов, М.Камалов, Э.Сүлейменова, М.Рахимова, Р.Укаровалардың актерлік ойындарындағы ізденістері көз қуантады. Осындай білімді, әрі талантты жастар жиналған ұжым шығармашылық ізденістерге бой алдырса алдағы уақытта талай белестерден асатыны сөзсіз.

Мәншүк ТӘШІМОВА,

Театртанушы, М.О.Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері