Партия – халық бақыты
|
Әндері
Жар салып адамзаттың ұрпағына, Барамыз болашақтың нұр бағына. Бастаушы ұлы Ленин партиясы, Ту болған коммунизм ұранына.
Қайырмасы: Партия – халықтың бақыты, халықтың тілегі, Партия – коммунизм бастаушысы. Партия – халықтың бақыты, халық жүрегі, Заманның ақыл-ойы, асқар күші! Жаса, жаса, коммунистік Партия!
Бар әлем даңқымызға таңырқанды, Жыл санап басып оздық ғасырларды. Кең байтақ Қазақстан даласынан Космосқа алып ұштық асыл әнді. Қайырмасы.
Алтын күн, асқар белдер алдымызда, Жеңіспен дақ түспеген даңқымызға. Көп алғыс коммунистік Партияға, Өмір мен бақыт берген халқымызға! Қайырмасы.
|
Нотасы
|
Шаттық жыры
|
Әндері
Айнала көктем, айнала көктем гүл жарған Жұлдыз боп жайнап, жұлдыз боп ойнап, тұрды арман. Еседі самал, көшеді бұлттар, ақша бұлт Төбесі көкпен таласып тұрған шыңдардан.
Қайырмасы: Шаттанам да күлемін, Кеудемнен бұлақ өргендей. Шаттанам да күлемін, Бақыт кеп қолын бергендей.
Айналам бау-бақ, қиялым самғап кетті өрге, Жетсем-ау деймін көңілден ұшқан көктерге. Жетсем-ау деймін ақша бұлт көшкен шыңдарға, Жетсем-ау деймін көп күткен мені көктемге. Қайырмасы.
Еркелеп күнге, майысып билеп тұр гүлдер, Келсеңші дейді, бала күндегі құрбыңмен. Терсеңші дейді, гүлімді менің кең дала, Сондықтан, достар, гүл теріп бүгін жүрмін мен. Қайырмасы.
|
Нотасы
|
Махаббат мұңы
|
Әндері
Көктемнің мынау – көк ала жалау, Көңілде – нала, көңілде – алау. Жетер ем мініп жүйрікке жарау, Қайдасың, қайдасың, күлім көз еркем?!
Қайырмасы: Күнімдей көркем, күлім көз еркем, Барады өртеп сағыныш! Сағындым сені-ай, сағындым сені-ай, Сағындым сені-ай, күлім көз еркем!
Жаз болса мынау – жолыңа қарау Көңілім – жадау, көңілім – жамау. Тағдырдың жолы – тоқсан мың тарау, Қайдасың, қайдасың, күлім көз еркем?! Қайырмасы.
Күз болса мынау – бұлт болып жылау, Көңілде – сауал, көңілде – сұрау. Сұлуда әлде болмай ма тұрлау?! Қайдасың, қайдасың, күлім көз еркем?! Қайырмасы.
Қыс болса мынау – ақ күміс қырау, Көңілде – кірбің, көңілде – қылау. Жаным да азар шықпай-ақ жүр-ау!.. Қайдасың, қайдасың, күлім көз еркем?! Қайырмасы.
|
Нотасы
|
Елім жомарт
|
Әндері
Таң атқанда қарасаң айналаңа, туған жер, Көзің тұнар ғажайып бай далаға, туған жер. Шығар күннің шапағы алтын шапақ, Мейірлене төгеді сай-салаға.
Қайырмасы: Елім жомарт, көңіл шат, Ән шырқағым келеді.
Өмір күйі шарықтап, Шаттыққа жанды бөледі. Мал өреді жарасып жасыл белден. Сыңғырлайды өзендер төсін керген, Туған елді келеді аймалағым, Шын бақытты таптым ғой осы жерден. Қайырмасы.
|
Нотасы
|
Әже туралы ән
|
Әндері
Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған, Сағынышым – сары ормандай самсаған. Әке болып жүргенімді ұмытып, Әлі күнге еркелеймін мен саған.
Құлындаймын асыр салған аңғарда, Қозыдаймын ойнақтаған албарда. Өзің барда қысылмаймын күлуге, Жылауға да қысылмаймын сен барда.
Мен өзіңнен қабылдаппын сүюді, Мен өзіңнен қабылдаппын күюді. Сенің жаның жүрегіме ораулы, Менің жаным жаулығыңа түюлі.
Тұра тұршы түзелгенде бұзығың, Жүре тұршы жалғанғанда үзігің. Маған дәулет неге керек, ақ әже-ау, Өзің бірге көре алмасаң қызығын?!
|
Нотасы
|
Әке туралы жыр
|
Әндері
Жас едiм өмiрге еркiн бойламаған, Күнi ертең не боларын ойламаған. Шарықтап кетсем-дағы қанат кағып, Өзiңдей қамқор әке қайда маған.
Сүрінсем сынай қарап от жанарың, Сен мені жақтамадың, ақтамадың. Әрдайым осы қатал мінезіңнен, Күші алып мақсатыма аттанамын.
Жан әке, шертіп сезіп домбырасын, Кеудемді қуанышқа толтырасың. Арманның асқарына құлаш ұрсам, Алдымда асқар тау боп сен тұрасың.
Бұл күнде мен де өзеннің арнасымын, Кім мөлдір болса соның жолдасымын. Қуан сен, қуана бер, әкетайым, Мен сенің өміріңнің жалғасымын.
|
Нотасы
|
Бақыт вальсі
|
Әндері
Арманым едің бір кез алыстағы, Жүрегім тыншымады танысқалы. Көңлімді көкке өрлетіп шарықтатқан, Бақытым сенсің осы вальстағы.
Қайырмасы: Бар бақытым өзіңде, Күлімдеген көзіңде. Күнім десең, Күлімде сен, Үміт беріп сезімге.
Жаныма ұшқын түсіп келбетіңнен, Махаббат бақшасында тербетілгем. Өзіңе өмір бойы теңгеретін, Таппаспын басқа жанды жер бетінен. Қайырмасы.
|
Нотасы
|
Баянауыл вальсі
|
Әндері
Көрдің бе сен, Баянның шың-құздарын, Кеудесінде ойнаған жұлдыздарын? Көрдің бе сен Баянның баурайында Жайраң қағып, жайнаған ұл-қыздарын.
Қайырмасы: Таулары биік айбынды, Көлдері мөлдір айдынды. Қыздары көркем май гүлі, Баянның ұлдары көпке әйгілі.
Асқақтатып ақ беттен Баян әнін, Жер сұлуын келсе егер аялағың. Жасыбайдың көлінде сайран салып, Саяла сен жұпарлы сая бағын. Қайырмасы.
Баянауыл басында күн аумайды, Көл бетінде күлімдеп нұр ойнайды. Алматыдан алыстау демесеңдер, Алатаудан Баяным бір аумайды. Қайырмасы.
|
Нотасы
|
Бейбітшілік жыры
|
Әндері
Ормандар тыныштықты ұнатады, Армандар таңмен бірге гүл атады. Жасайды жарық күннің шұғыласында, Жасайды халық туған Ұлы Отаны.
Қайырмасы: Бейбіт күн – арманы адамның, Бейбіт күн – оқ атар саған кім? Бейбіт күн – жалғасы арманның, Бейбіт күн – жолдасы жаңа әннің.
Қалалар қамсыз шамын жаға берсін, Балалар мектебіне бара берсін. Ініні ағалары жетелесін, Баланың бар қызығын ана көрсін. Қайырмасы.
|
Нотасы
|
Бесік жыры
|
Әндері
Сен жүрер деп алдыңда жолың жатыр, Атқа мінсең, атаңдай болған батыр.
Әлди-ай, әлди-ай, әлди-ай!
Орман, тоғай жайнайды сені күтіп, Бұлбұл әнге салады сан құбылтып.
Әлди-ай, әлди-ай, әлди-ай!
Тауға шықсаң атаға гүл ала кел, Алдың ашық, жан бөпем, қуана бер.
Әлди-ай, әлди-ай, әлди-ай!
Әнге, күйге әрқашан толы бауың, Мектебің де соғады қоңырауын.
Әлди-ай, әлди-ай, әлди-ай!
Сен алысқа кеткенде сағынамын, Ұйықтап қалдың біткенше менің әнім.
Әлди-ай, әлди-ай, әлди-ай!
|
Нотасы
|
Теңіздегі алтын таң
|
Әндері
Таң келеді алтын таң, Таңның нұры қырмызы. Таң келеді алтын таң, Алаулаған таңертең Тамылжыды жер жүзі Аш ұйқыңды, жан еркем, Таңның гауһар жұлдызы.
Көк телегей көлдейді Көрші теңіз құдіретін Суды самал тербейді Таңғажайып таңертең Шайқап аспан суретін Жүрші тысқа, жан еркем Көрші маржан су бетін.
Айдын шалқар шақырып Шайқалады кемеміз Шабыт шіркін шарқ ұрып Таңдай сұлу жан еркем, Гүл құшақта, келеміз Күміс судан таңертең Алтын моншақ тереміз.
|
Нотасы
|
Туған жер
|
Әндері
Күнім сенсің, тас төбемде тұрса түн, Анам сенсің, жолдан тайсам ұрсатын. Саған қарай ұшып келем, ұшып келем, туған жер, Көктем жаққа құстар солай, құстар солай ұшатын.
Қайырмасы: О, туған жер, қадіріңді кім білген, Мен қырыңнан теруші едім бүлдірген. Сенде өткізген артық екен, артық екен бір күнім, Басқа жерде той тойлаған, той тойлаған мың күннен.
Қайда жүрсем ойлап сені жүремін, Сүйікті елім, момын елім, ұлы елім. Саған ғана арқамды мен, арқамды мен сүйедім, Саған ғана аяғымды, аяғымды тіредім. Қайырмасы.
Кетсем сенен алысырақ жыраққа, Мен өзіңді көрмесем-ақ бір апта. Жүдеп қалам, ұқсап қалам, ұқсап қалам сонда мен Құяр жерін таба алмаған, таба алмаған бұлаққа. Қайырмасы.
|
Нотасы
|
Ақ жайық
|
Әндері
Көп болды Ақ Жайыққа бармағалы, Көп болды кәусарына қанбағалы. Көп болды жас сұлудың демін жұтып, Құрбымен қосылып ән салмағалы.
Қайырмасы: Гәккулі мекен, Аққулы мекен, Мен сені сағындым ғой, Ақ Жайығым!
Көп болды Ақ Жайыққа беттегелі, Көп болды атамекен жет дегелі. Көп болды айлы аспанның аясында Құрбыммен алтыбақан теппегелі.
Қайырмасы: Дүлдүлді мекен, Бұлбұлды мекен, Мен сені сағындым ғой, Ақ Жайығым!
Ақ Жайық, сенің орның ала бөтен. Таппадым теңеу іздеп далама тең. Өзіңе деген ыстық махаббатты Өзіммен бірге көрге ала кетем!
Қайырмасы: Ұранды мекен, Қыранды мекен, Мен сені сағындым ғой, Ақ Жайығым!
|
Нотасы
|
Ақ ерке
|
Әндері
Таң шолпаны табыстың қай күні маған, Жас құшағын жаздым да жайдым саған. Асқарлы асу Алатау жатыр әне, Сол асудай арман бол айрылмаған.
Қайырмасы: Айналайын, алтынайым, жан еркем, Күнім болшы, күліп шыққан таңертең. Ай, ай жан еркем, Көңілімдегі күйдей күтсін бар өлкем.
Жаз еркесі айдынның аққуындай, Қай күн әкеп берді екен бақты мұндай, Жанарында жарқ еткен жарқын өмір Жаңа ғана гүл атқан жастығымдай. Қайырмасы.
|
Нотасы
|
Жан сәуле
|
Әндері
Жан сәулем, асыл бейнең көз алдымда Көргенде нұр жүзіңді төзе алдым ба?! Әніңе жаным құмар, Қол жетпес сен бір шынар. Қол жетпес арман бір күнің, Шырқашы, сәулем, Шырқашы, сәулем, Ән болып өтсін бұл жылың, Шырқашы, сәулем, бұлбұлым!
Өзгеге қайтіп сені қия аламын, Бір өзің жүрегімде ұяладың. Күн болшы аспаныма, Нұр толсын жас жаныма. Бақытым сенсің жалғанда, Шырқашы, сәулем, Шырқашы, сәулем, Әлемді әнмен таңданта, Шырқашы, сәулем, жан қалқа!
Қайтейін, бұл жүрегім күйсін-жансын, Махаббат белгісіндей әнім қалсын. Әніңе жаным құмар, Қол жетпес сен бір шынар. Қол жетпес арман бір күнің, Шырқашы, сәулем, Шырқашы, сәулем, Ән болып өтсін бұл жылың, Шырқашы, сәулем, бұлбұлым!
|
Нотасы
|