Атадан мұра
Нұрғиса Тілендиев

Еліміздің болашағы – балалар. Бала тәрбиесі әрбір ересек азамат үшін басты мәселе болуға тиіс. Олардың эстетикалық талғамы зор, жоғары мәдениетті болу жолында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатады. Алдымен отбасы ошақ қасынан басталатын ата-ана тәрбиесінен кейінгі, қоршаған ортаның балаға етер әсері орасан зор. Одан кейін балабақша, алтын ұя мектебінде алған білімімен қоса, тәрбиенің түр-түрін алып, бойына ізгі қасиеттерді сіңіре бастайды. Қайнаған тіршілікке араласа келе періште бала жаман мен жақсыны айырып, өзінше ой түйеді. Дәл осы кезде жаманнан жиреніп жақсыны үйрету үшін баланы өнерге баулып, театр атты сұлу өнер ошағына үйірсектету біздің басты міндетіміз. Атап айтатын болсақ, Алматы қаласында көптеген өнер ошақтары жас жеткіншектер үшін қызмет атқарып келеді. Ал, біздің бүгінгі әңгімеміз Мемлекеттік қуыршақ театры жөнінде болмақ.

Қуыршақ театры деген атаудың өзі кісінің күлкісін шақырып, еріксіз езу тарттырады. Жас бүлдіршіндерге арналған осынау театр балалар үшін не беріп жатыр? Дәл қазіргі кездегі театрдың хал-ахуалі нендей күйде? Шығармашылық деңгейі қандай?

Қаланың қақ ортасында орналасқан театр ғимараты хан сарайындай болмаса да кішігірім, сүп-сүйкімді. Өнер ошағына орташа деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда аты айтып тұрғандай балаларға арналған «Қуыршақ театры» екенін көрген жұрт айтпай-ақ танып, бала мен ата-ана сүйсінетіндей тартымдылық жетіспейді. Дизайнер-суретшілердің менмұндалап тұратын көзтартар жарнамалық жұмысын қажет етіп тұр.

250 орындық театр сахнасы қызылды-жасылды әдемі алтын түстес пердемен көмкерілген. Сол шымылдық ашылғанда балалар шаттыққа кенеледі. Өйткені олар асыға күткен түрлі қуыршақтар актерлердің көмегімен өнер көрсетеді. Осынау театр қуыршақтары мен әртістерінің өнерлеріне қызықпайтын бала кем де кем, тек олардың патша көңілінен шыға білсеңіз болғаны.

Әртістердің қолдары мен аяқтарының қимылы арқылы қуыршақтар еркін қимылдайды. Олар билеп те, ойнап та түрлі қимылдар жасап та жатыр. Кей кезде бір қуыршақты қимылға келтіріп жан беру үшін екі-үш актер қатар жұмыс жасайтын кездер де болады. Ал, балалар үшін қуыршақтардың әр түрде қимылдауы өте қызықты. Әсіресе, шығыс биін мың бұрала билеген қыздардың үзілгелі тұрған белі мен бөкселерінің қимылы еріксіз езу тарттырады. Олардың нәркес көздерімен тұнжырай қарап, ұзын кірпіктерін төмен түсіріп қиылғаны қандай! Театр актерлері екі тілде қатар сөйлеп өнер көрсетеді. Мұндай қазақ актерлерінің ерекше талантына үлкен баға бергеніміз абзал. Болашақ академиялық драма театрының  көрермендерін дайындау бүлдіршін кезден, қуыршақ театрына барудан басталады. Театр репертуарында қазақ баласының бойына ұлттық болмыс пен қазақы мінезді қалыптастыратын, намысты, жігерлі, мейірімді болып шыншылдыққа тәрбиелейтін қойылымдар болуы өте керек. Тіпті өзге ұлттың балаларына қазақ деген халықты, оның кең байтақ жерін, ұлтын, ділі мен дінін сыйлау керек екенін баса айтып, құлағына құятын қойылымдардың болу керектігі заңды құбылыс.

Жалпы театр сахнасындағы қазақша қойылымдарға көрермендер аз келеді. Неге? Жақсы спектакль болса көрермен неге келмесін? Осы мәселе жөнінде директордың орынбасары Ерболат Бейсенғалиұлымен сөйлескенімде: «Қазақ ата-аналар балаларын алып келуге ерінеді. Ол ақшасының немесе жағдайының жоқтығынан емес, жалқаулықтан. Жалқауланып жата береді. Керенаулық басым. Мен қазақпын, қазақ балаларының театрға келгеніне қуанамын. Олардың келгені бізге жақсы. Өкінішке орай (жарнама) жариялыным бірдей жасалады. Орыс ата-ана 2-3 жастағы балаларын, ата-әжелерін жетелеп сабылып жүргені, ал қазақ көрермендердің келуі нашар» деп өзінің ойын қынжыла жеткізді. Орыс тілді қазақтар да осында. Мысалы Шолпан Ахметова атты ана Дархан есімді ұлын екі жылдың көлемінде апта сайын үзбей театрға алып келетін көрінеді. Өзі қаланың шетінде тұрады екен. «Театр маған да, балама да ұнайды. Мұнда тәжірибелі актерлер қызмет атқарады. Көзге жылы ұшырайтын жағымды орта, кішкентай ғана сүйкімді зал. Сахна да шап-шағын. Дархан бүгін сенбі күні келді, сол күннен бастап келесі аптаны асыға күтеді. Қойылымнан шыға салғанда, мұндағы көргендерін, қызықты оқиғаларды әңгімелеп айта бастайды» дейді өнерсүйгіш баланың анасы. Осындай ата-анадан неге үлгі алмасқа?

Айтпақшы, қазақ тіліндегі қойылым демекші, олар сирек шаштай санаулы ғана. Қойылымдардың жалпы саны 20 (соның ішінде қазақша қойылым 8). Бұлай болуға не себеп? Мәселенің бәрін ата-анаға жаба салу ең оңай ақталу болса керек. Театрдың барлық ыстық суығына көніп, бірге жасасып ширек ғасыр жанын сала жұмыс істеп жүрген өнерпаздар аз емес. Соның бірі – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстазы Серік Мақұлбеков. «Қуыршақ театрына арналған пьесаларды газет-журналдарға шыққан материалдардан аламыз. Немесе халық ертегілерін инсценировка жасап сахналаймыз. Академияда қуыршақ театрының актерлерін әзірлеу үшін көптеген қуыршақтар керек. Басында балалар бар, өзім бар ортақтап қуыршақтар жасап шығардық. Тіпті ширмаларды жасау үшін шеге, балға, кемпірауыз деген сияқты саймандарға дейін керек болады. Мұндай құралдарды да үйден тасып әуре боламыз. Балалармен бірге қуыршақтар тігіп жүріп  өнер үйретемін. Мұндай еңбек актерлердің өздеріне жақсы әрине. Талай нәрсені көріп, өз қолдарымен жасап көреді. Сондай студенттерді қабылдап, маман етіп шығарамын», – деген ұстаз қуыршақтар үшін, қуыршақтар театрының кадрларын дайындауда адал тер төгіп жүрген нағыз маман, әрі жанашыр, өз ісінің шебері. «Бұл кісінің класынан бітірген актерлер өз қазанында қайнаған, талай ширыққан ысылған актерлер болып театрға келеді. Жақсы ұстаздан білім алған шәкірт театрға келгенде қиналмайды әрі самғап ұшуға дайын болады. Бір студенті театрда актриса болып жұмыс істеп жүр. Бұл мұғалімнің айтарлықтай табысын еңбекқор әріптесінің жетістігін мақтан ететін Ерболат Бейсенғалиұлы: «Мен де осы театрда отыз жылдан астам актерлік қызмет атқардым. Ол кезде Өнер академиясында қуыршақ театрының актерлерін дайындайтын бөлім болмағандықтан біз Эстрада-цирк колледжінде оқыдық. Қазір де ол факультет бар, шәкірттер дайындап жатыр, бірақ 9-сыныптан кейін түскен оқушылар, жастың аты жас, баланың аты бала,  бір қайнауы жетпей тұрған шикілі-пісілі кадрлар дайындалып жатыр», – дейді Е.Бейсенғалиұлы. Тәжірибелі актердің кадрлар дайындау мәселесі жөніндегі ой топшылауы осындай.

Қазіргі кезде жеке меншік қуыршақ театрлары көп. Алматыда 3-4-еуі бар. Оларда ақша бар болғандықтан көп жұмыс бітіруге болады. Ал аты дырдай Мемлекеттік театрға қаржы теңізге тамған тамшыдай ғана бөлінеді. Актерлердің жалақысы 25-35 мың теңге аралығында. Мұндай өнерсүйгіш, театр өнерін жан-дүниесімен түсінген, аз ақшаны қанағат тұтатын актерлердің жағдайын түсінеміз, бірақ қолдан келер шара жоқ. «Жылына қазынаға жоспар бойынша 8 милион теңге құямыз. Балалардың сабақтан бос уақытында сенбі-жексенбі күндері ғана театр сахнасында, ал басқа күндері мектептерге, бала-бақшаларға барып қойылым қойылады. Мектеп директорларына: «­Өзіміз келіп спектакль қоялық десеңіз, көбінесе жолатпайды. Біз ата-анадан ақша жинамаймыз, керек ата-ана баласын өз еркімен театрға алып барсын», –  деп ат тонын ала қашады. Ал келіскен директорлармен келісімді түрде акт залдарында  спектакль қойып жатамыз», – дейді директордың орынбасары. Мектептің акты залдарында қойылымдар қойған дұрыс-ақ, бірақ театр ғимаратына келіп, қуыршақтарға арналған арнайы сахнада көрген қойылымның әсері өзге. Мұндағы атмосфера, этика мен эстетика, мәдениет мүлдем басқаша.

Жас көрермендерге ұсынған қойылымдарды балалар жылы қабылдап жатады. Солардың бірі С.Михалковтың «Үш торай» спектаклі (реж. С.Мақұлбеков). Ойынқұмар үш бала торайдың күнделікті өмірін суреттей отырып, көптеген қызықты жайттардың басын ашатын бұл қойылымда үлкен торай Наф-Нафты автор ақылды етіп көрсеткен. Еңбекқор Наф-Наф (Айдын Жақыпбаев) алғаш сахнаға шыққанда-ақ сыпыртқымен ауланы сыпырып келе жатады. Екінші торай Нуф-нуф (Толқын Тілеулиева) болса көбелек қуғанына мәз. Ойы таяз торайдың төрт дүниесі түгел. Ал, үшінші торай Ниф-Ниф (Ұлбосын Момынжанова) сауықшыл. «Секіреміз, билейміз» деп әндететін ол сондай жылауық. Еңбек еткісі келмейтін олардың жалқаулықтары басым. Үлкен торай тастан, кірпіштен мықты үй салуды ойлайды, «Менің үйім қорғандай мықты болуға тиіс!» деген талабы бар. Ол бауырларына үлкен үй тұрғызып, жыртқыштардан қорғану керек екенін ескертеді. «Қасқырдан сақ болыңдар» деген Наф-Нафтың сөзіне бауырлары құлақ аспайды. Нуф-Нуф –  ортаншы торай қураған бұтақтар мен ағаш жапырақтарынан үй тұрғызбақшы, Ниф-Ниф – сабаннан үй саламын деп тез арада үй соққан болады да екеуі ойынға кіріседі. Режиссер бала торайлардың жалқаулығы мен ойсыздықтарына дәлелді көріністерді беру үшін ойынды көп пайдаланған. Бұл ойынға елтуден балалар да жалығар емес.

Сахнада суық желдің уілін білдіретін музыка сазы шындықпен үндесіп, сабан мен бұтақ-қурайлардан жасалған үйлер арлы-берлі тербеледі. Әрі оларға аш қасқырдың тап болуы тартысты үдете түскен. Екі торайдың қасқырдан қашуы, жыртқыштың оларды қууы балалардың аяушылық сезімін тудырады. Олар Наф-Нафтың айтқан ақылын тыңдамағанына өкініп, оның үйін паналау керектігін ойластырады. Мұндағы Наф-Наф – жағымды кейіпкер. Ол тағы да бауырларын қорғап үйіне кіргізеді. Мұндағы қасқыр роліндегі актер Бақытжан Каюовтың жуан дауысы, қорқынышты дыбысы жыртқыш дауысының бояуына дәл келген. Актер қуыршақ қасқырдың аяғының ауырғанын шебер ойнатады, әрі оның есікті бар күшімен ұруы музыкамен де пластикамен де шынайы көрсетілген. Аталмыш шығарма бүлдіршіндерді еңбекқорлыққа шақырып, қандай биікке жетсең де адал тер төгу арқылы жететінін меңзеп, тұшымды ой айтып тұр.

Қандай елдің болмасын ертеден келе жатқан ауыз әдебиетінің бала ойының дамуы үшін алатын ролі орасан. Ертегі бала қиялын ұшқырлап, ақылын дамытатыны сөзсіз. Қазақтың халық ертегілерінің кейіпкерлері: Қаңбақ шал, Ер Төстік, Ханның сұлу қызы мен ұлы, Жезтырнақ, Жалмауыз кемпір, Жалғыз көзді дәудің шытырманды оқиғаға толы өміріне қызықпайтын бала кемде кем.

«Қаңбақ шал» қазақтың халық ертегісі болғандықтан режиссер ертекші әжелерді шақырып, ерекше форма іздеген. Олар өзара дауласып, ақыры екеуі ертегіні бірге айтпақшы болып келіседі. Екі актриса да (Қарашаш Абуева, Гүлжәмилә Ильясова) әженің айтатын ботақандарым, қошақандарым, балаларым деген тәтті де жұмсақ сөздермен ертегісін айтып жатқанда сахнада қуыршақ-кейіпкерлер ертегіні көрсете бастауы шығарма оқиғасы мен актер ойынының жымдасып бір бүтінге айналып кетуі ұтымды әдіс. Балалар автор сөзін тыңдай отырып, оқиғаны сахнадан көреді. Қаңбақ шал, кемпір, түлкі, дәулер  – қойылым-ертегінің негізгі кейіпкерлері. Киіз үйдегі жабдықтар, құрақ көрпе мен сүйкімді жастықтар балаларды еріксіз оқиғаға тарта түседі.

Мұндағы ерекше шыққан кейіпкер – Дәудің (Алтай Тәуекелов) бейнесі. Мұнда тау көтеретін Дәудің әйелі (Қарашаш Абуева) де бар. Олар қаңбақ шалға деген қастандықты бірге ойластырады. Қаңбақ шал – Г.Ильясова да қулығын үсті-үстіне асырып жатыр. Дәулердің үстеріне киген киімі көбінесе ашық түсті. Әйел Дәудің қып-қызыл шашы, аларған екі көзі жас көрермендерді сескендіретіндей. Ақсиған тістері үлкен ауыздарынан епедейсіз көрінеді. Балалардың мультфильмдерден үнемі көріп жауыр болған Дәулерінен мүлдем басқаша көрініс тауыпты.

Балғын көрермендер қызыға тамашалайтын лирикалық сарындағы Н.Фришердің «Кішкентай құтан мен қарақшы» қойылымының режиссері әрі қазақшаға аударған С.Мақұлбеков, суретшісі Е.Яншев, композиторы В.Питерцев. Әсерлі музыка үнімен спектакль басталып, қараңғы сахнадан егістік алқабында қалып қойған қарақшы көрінді. Жалғызсыраған ол «жаздай осы егістікті қорғап едім, иемнің мені тастап кеткені ме? Күн болса суытып келеді» деп уайым шегіп сөйлеп тұр. Қарақшы роліндегі актер Мақсат Камаловтың «Қой, енді тұра бермей жылырақ жер іздейін» деп жерге қадалып тұрған аяқтарын босата бастауы сенімді шықты.  Тіпті қарақшы-қуыршаққа жан бітіргендей, «Енді маған жүріп үйрену керек» дейді ол. Жолда оған кездескен түлкінің (Эльвира Сүлейменова) салбыраңқы жіптен жасалған жүні, құйрығының бұлғаңдауы, қулыққа толы көзқарасы кейіпкер образын айнытпай беріп тұр. Әрине бұл актердің ізденісімен қоса, қуыршақ жасаушы шебердің еңбегі.

Күз келіп, құстар жылы жаққа қайта бастағанда Аққұтандардың жиналысы болады. Аққұтандардың сахнаға тіп-тік қақитып басқан аяқтарымен біркелкі тізіліп шығуы мен қалықтап ұшуы өте тамаша көрініс болды. Төрт әдемі үлкен аққұтан және балапан аққұтан Айко (Ұлбосын Момынжанова) сахнаның сәніне айналған. Оның аппақ әдемі қанаттары ұзын тұмсықтары өте сүйкімді. Тым нәзік кішкентай Айконы балалар таспен атқанда қанаты жараланғандықтан ұша алмайтыны оқиға барысында мәлім болды. Балапан аққұтан өзінің басынан өткен қайғылы оқиғасын айтқанда актриса Ұ.Момынжанованың сөз саптауы, жағымды ашық дауысы балапанның үнін  жас баланың дауысына келістіруі ұтымды шыққан. Айконы тастап үлкен құстар жылы жаққа ұшып бара жатуы, олардың бір-бірімен қимастықпен қоштасуы баланың сезіміне әсер етпей қоймайды. Спектакльдегі күзгі сары қызыл жапырақты әдемі ағаштардың ролі орасан зор. Бұл спектакльдегі қимастық пен қоштасу сезіміне орайлас алынған декорация. Қарақшы (М.Камалов) мен Айко (Ұ.Момынжанова) ағаштардың арасына барып тығылған кезде  актерлер ағаштарды шебер ойнатқан.

Түн, жұлдыздар. Музыка ырғағымен суықтың түскені сосын қардың жабуы табиғаттың әсемдігін бейнелейтін тамаша қысқы көрініс. Балалар әдемі бейнелеуге қызыға қарайды. Борандатып қатты жел тұрғанда екі достың желмен бірге ұшуы, екеуінің көрген қиындықтары, сол кезде оларға егістікте қалып қойған сабан шөптің жолығуы, Қарақшының Айконы шөмелеге жатқызып «енді сен тоңбайсың» деп мейірленуі бала көңілін қуантары сөзсіз. Балалар Айкомен бірге қиналып, онымен бірге күледі, ерекше әсерге бөленеді.

Келесі сахнада әсерлі музыка арқылы көктемнің шыққаны байқалады. Енді сахнадағы жасыл желекті ағаштар, торғайлардың шырылы, қызылды-жасылды көбелектердің көңілді ойындары көңіл қуантады. Міне, осындай мезгілде басты кейіпкер М.Камалов-Қарақшы мен Ұ.Момынжанова-Айко ұйқыдан оянып, қуана ән салады.  Бұл қойылым күлімдеген көктемнің шуақты күндерінің ерекшеліктерін көрсететіндігімен құнды. Екі достың ажырасатын уақыты жеткенде олардың бір-бірімен қимастықпен қоштасуы өте әсерлі шыққан. Қарақшы Айкоға қол бұлғаса көрермен балалар да қолдарын созып бұлғап жатуы бала көңіліне еткен әсердің нақты көрінісі. Бұл спектакльде жалғыздық атты адамның трагедиясы мен достық, мейірімділік сынды ізгі қасиеттері басты тақырып болып отыр.

Орыстың халық ертегісі негізінде жасалған (қоюшы режиссері Қ.Ешмұратова) «Морозко» қойылымы жаңа жыл мерекесі қарсаңында балдырған көрермендер тарапынан сұранысқа ие. Бұл спектакльде өгей шешенің теперішін көрген жетім қыз жайы сөз болады. Қанша бүйрегі бұрғанымен адуын кемпірінен (Л.Печурина) бата алмаған шал – М.Камалов шарасыз еді. Үйдің бар тірлігін жасаса да жетім қыздың өгей анаға жақпайтыны ертегілерден белгілі оқиға. Жетім қыздың қуыршақ бейнесін кемпірдің өз қызына қарағанда талдырмаш, сұлу да сүйкімді етіп бейнелепті. Ол ақылды әрі парасатты. «Жүн түтіп кел» деген сылтаумен жетімді орманға жібергенде Маша – Г.Рахимоваға Аяз атаның кездесетіні, сынау мақсатымен берілген тапсырманы дұрыс орындап, атаның көңілінен шығуы әрі сый-сияпат көргені жас көрермендер үшін өте қызықты. Мұнда аяз атаны талантты актер Б.Каюов ойнайды. Аяз атаның қызға әдемі асыл тасты киімдер кигізгенінен, жылтыр шанаға отырғызып, үйіне сый-сияпатпен қайтарғанынан сиқырлы атаның қызға риза болғанын білген бала көңілі мәз-мейрам. Қойылым жасөспірімнің көңіл-күйіне әсер етіп, оның бойына сенімділік, үлкеннің кішіге қамқорлығы сияқты жылы сезімдерді ұялатары сөзсіз.

Театр ұжымы үлкен қуыршақтардың қатысуымен айтулы мерекелер қарсаңында театр фойесінде қызықты шоу бағдарлама ұйымдастыруды әдетке айналдырыпты. Көктемнің жайма шуақ күндерінің бірінде театрдың ауласы абыр-сабыр күй кешті. «Наурыз думанда» (қоюшы режиссерлері Қ.Абуева, Г.Ильясова, Қ.Ильясов) шапқылаған қуыршақ аттарға мініп, оюлы костюмдер киген қыз-жігіттер балаларды наурыз мерекесімен құттықтады. Кимешек киген әжелер де осында. Дүбірлі «ат жарысын», «аударыспақ», «қыз қуу» ойындарын көріп тамашаладық. Қызыр ата – Б.Каюов Көктем-қыз Р.Укаровамен бірге келіп балаларды «Наурыз» мерекесімен құттықтап батасын берді. Бұл екі кейіпкерді Аяз ата мен Ақшақардың көшірмесі десе де болғандай. Алдар көсе атамыздың тойға салпаң құлақ есекпен келгені күлкілі. Актер А.Жақыпбаевтың есектің үстінде тепеңдей шабуы, қуыршақ есекті ойнатуы қызықты әрі шебер-ақ. Аузы ашылған, жылтырбас кейіптегі Тазша бала – Б.Момынжанов келіп би билеген. Осы кезде есіктен ерекше киінген ұзын көк шапанды  бойшаң ата ішке енеді. Ол балығын түлкі қудан тыққан Қаңбақ шал болып шықты (Ал мен оны үлкендігіне қарап Көктем атай деп ойладым. Өйткені ол қаңбақ шал үшін тым үлкен еді). Оның басындағы бөркі, үлкен көк түсті шапанының жиектері көктемгі гүлдермен көмкеріліпті. Актерлер ойыны әдемі ұлттық нақыштағы музыкамен қатар өрбіп отырады. Қазақтың «Қаражорға» биі басталғанда ұлттық киімдегі актерлермен бірге балалар да қолдарын икемге келтіріп би қимылдарын қайталай бастады. «Ат жарысы» ойынын ойнаған жас көрермендердің жүзіне күлкі үйірілген. Әрі бұл ұлттық ойын болғандықтан бүгінгі ұрпақтың санасына тигізер ықпалы мол екені рас.

Мерекелік бағдарламаның оқиғасы бойынша ескі Тышқан жылымен қоштасу, жаңа Сиыр жылын қарсы алу дегеніміз тағы да Григориян күнтізбесі бойынша жаңа жылдағы қойылымның көшірмесі болатын. Бір көргенін қайта  көру балаларды жалықтыратыны етенеден белгілі. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған арнайы ерекше бағдарлама жасалмаған. Шығармашылық ұжым үшін балалардың көңілін серпілтіп тастайтын мереке ұйымдастыру аса қиынға соқпас еді. Кейіпкер-актерлер балаларды қуыршақтар өнер көрсететін қойылым залына шақыруы кеңпейілділік пен қонақжайлылық нышанын танытты. «Наурыз» мерекесінің соңы қуыршақтардың концертімен жалғасты.

Театрда мерекелік шаралар кезінде қойылып жүрген Н.Оразалиннің «Тарқамайды тойымыз» (қоюшы режиссері Қ.Ешмұратова) атты қуыршақтардың шоу концерті үлкен сұраныспен тамашаланады. Онда Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Бағланова, «Ялла» тобының солисті Фаррух Закировтардың қуыршақ бейнесі ән шырқайды. Майкл Джексонның бейнесіндегі қуыршақтың биі мен әнші жолбарыстардың ча-ча-ча билері, Сыған қыздың ерекше қимылдары тіпті тамаша. Мұнда мың бұралған шығыс қыздары, ұлттық костюм киген орыстың ер адамдары мен қоңқақ мұрынды грузиндер ізет сақтаған қыздарымен шығып өз халқының биін билеген. Қуыршақтардың ішінде ұлттық нақыштағы ерекшеліктерді білдіретін қазақы кейіптегі қуыршақтардың кездеспегеніне қандай тұшымды жауап бар? Ұлттық киім киген қуыршақтардың қазақша ән салып «Қамажай», «Айжан қыз», «Жорға» билерін билей алмағаны ма? Жалпы басқа да ұлттық нақыштағы  дүниелердің болмауы өкінішті-ақ. Театрдың басшысы, актерлер, қарапайым жұмыскерлері қазақ бола тұрса да қазақы болмысты баланың бойына тарататын қойылымдардың аздығын қалай түсінеміз?  Ұлттық қуыршақ өнерінің қазақы оюлы костюм киген қуыршақтардың ән-биіне келгенде осалдығы тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Тек көңілге медеу боларлығы «Қара жорға» әніне атқа шапқан қыз-жігіттердің биі балаларды ерекше әсерге бөлегендігі. Актерлердің бірдей қимылы, аттардың шабысы, олардың ышқына кісінегені, тұяқтарының дүбірі көкпардың қалың додасын көз алдыңа алып келеді. Міне, ұлттық нақыш пен болмыс дегеніміз осы. Төрт түлік мал мен оның төлдері, қыран бүркіт, үй жануарлары сияқты кейіпкерлер қазақ баласының ой-танымына барынша жақын екенін театр ұжымына ескере кеткеніміз абзал.

Біздер қалайда қуыршақ театрларындағы қойылымдарға көрермендерді тарту арқылы бала тәрбиесін күшейтуіміз керек. Оған мектеп директорлары, ұстаздар және ата-аналар бірігіп қоян қолтық жұмыс жасағанымыз жөн. Мектептерде қуыршақ театрының әртістерімен кездесулер өткізіп, театр жайындағы білімдерін арттырғанымыз абзал. Осы негізде бүлдіршіндерді театрға тартудың біраз жолдарын көрсетуге тырыстық.

1. Әр айдың басында театр репертуарының бағдарламасын ілу және жарнамалық парақтарды көптеп тарату. (мектептерге, балабақшаларға, көшелерге).
2. Театр репертуарын жаңартып отыру.
3. Көрермендердің пікірін білетін жәшіктер қою (Сұрақ-жауап).
4. Театр мамандарының қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізу.
5. Спектакль басталарда, үзіліс кезінде немесе соңында жарты сағат көлемінде түрлі ойындар ұйымдастыру (Үлкен қуыршақтардың қатысуымен).
6. Балаларға суреттер салдыру, музыкалық аспаптарда ойнату, ән айтқызу, би жарыстарын ұйымдастыру. Балалардың туған күн кештерін қуыршақтармен бірге өткізуіне жағдай жасау (Арнайы бағдарлама).
7. Театрға көп келген көрермен-балаларға сыйлықтар таратылып спектакль басталарда оларды мадақтау жұмыстарын ұйымдастыру.
8. Әрбір спектакль басталар алдында театр этикасы, қуыршақтар мен актерлердің еңбегі жөнінде қысқаша мағлұмат беріп отыру.

Қазақстанның Алматы, Астана, Ақтөбе, Петропавл, Шымкент, Қарағанды  қалаларында қуыршақ театрлары халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Олардың шығармашылық деңгейлері де әр түрлі. Балалар мен жас жеткіншектер тәрбиесі алға қойған мақсаттардың негізгісі болса, бұл мәселені мемлекет болып қолға алғанымыз жөн. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі биік тұлға. Қазіргі уақытта балалар тақырыбы мен оның сан түрлі мәселелелерін қозғайтын қуыршақ театрына арналған пьесалар жоқтың қасы. Сондықтан режиссерлер басқа елдің шығармалаларын аударып немесе бұрынғы жазылған пьесаларға қайта барып, өзгеріс жасап қоя береді. Көбінесе солай. Қуыршақ театрының сахналарына арналған пьесалардың барын жинақтап жүйелеп, басып шығару,  ондай шығармаларға бәйге жариялау әрі сол жұмыстың жалғасы ретінде Қазақстандағы барлық театрларды қатыстырып ең мықты қойылымдарды сараптан өткізіп, алыс жақын шет елдерде болатын фестивальдерге қатыстырып бәйгеге қосатын болсақ, театр режиссерлері мен актерлері шығармашылық жарысқа түсіп жан-жақты ізденер еді.

 

Мәншүк Тәшімова,
театртанушы,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институты
«Театр және кино» бөлімінің
кіші ғылыми қызметкері