Көңіл толқыны
Секен Тұрысбеков

2011 жылы Қарағанды қаласында Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының ұйымдастыруымен алғаш рет Театр Суретшілерінің «Қазіргі Қазақстан сценографиясындағы жаңашылдық пен дәстүр жалғастығы» атты І Республикалық Көрмесі және ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өткен болатын. Көбінде кәсіби театр мамандарының да, көрерменнің де назарынан тыс қалып жататын театр суретшілерінің өнерін насихаттау, олардың еңбегіне баға беру, сценографияға қатысты келелі мәселелерді ортаға салу мақсатындағы бұл шарада көп ой ортаға салынды. Сондай іргелі іс үстіміздегі жылы 80 жасқа толып отырған С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының қойылымдарын көріп, талқылауға, маман ретінде саралауға жалғасқан-ды.
Бұл театр труппасының кейінгі уақытта Қарағанды қаласының Тәттімбет атындағы өнер колледжін бітірген жастармен толығып, репертуарында жаңа дүниелердің орын алғандығын байқадық. Мәселен, Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романы бойынша сахналанған «Мәңгү... Мәңгі...» эксперименті, Ә.Нұршайықовтың романы негізінде «Махаббат қызық мол жылдар», М.Ғапаров пен Ғ.Ғапарованың «Қиямет қайым Киото», Т.Жүженоғлының «Көшкін», А.Жапаровтың «Жеңілтек әйел», А.Галиннің «Қайран жас дәурен», т.б.

Соның ішіндегі ерлі-зайыпты қырғыз авторлары М.Ғапаров пен Ғ.Ғапарованың «Қиямет қайым Киото» пьесасы – оқиғасының өзгешелігімен, яғни екі бөлімдегі бір-біріне мүлдем үйлеспейтін екі түрлі ситуациясымен ерекше шығарма. Екі бөлімде де ерлі-зайыптылардың басындағы психологиялық және әлеуметтік хал, олардың бір-біріне деген ыстық сезімдері суреттеледі. Әсіресе, бірі биік құздың басында, екіншісі сол құздың етегінде бір-біріне жете алмай тағдыр зауалының зардабын кешкен бейбақтардың жағдайы суреттелуі жағынан қызықты, көрерменнің қабылдауы жағынан ауыр.

Мұнда туған жерін, өз жұртын аңшылықпен асыраған Қожажас Қайберен-ананың қарғысына ұшыраған. Өйткені ол кездескен аңның бір де бірінен көз жазып көрген емес және ешқайсысын тірі қалдырған жоқ. Сөйтіп, ел-халқы ашыққан соң жас үйленгеніне қарамастан Сұрмерген қолына қайтадан қару алып, аң аулауға шыққан соңғы жорығында барлық хайуанаттың желеп-жебеушісі Сұр ешкінің құрған торына түседі. Жиырма жыл бойы құздың биік шыңында азаптануы, осы шатқалдың мәңгі тұтқынына айналуы үрім-бұтағын түк қалдырмай қырып-жойған аңшыны өмірдегі бар қызығынан айырып, кек алған Сұр ешкінің зауалды жауабы еді. Енді сол Сұр ешкінің бүкіл ұрпағын құртқан аңшы өмірі азап пен тозақта өкінішпен өтіп жатыр. 

Қожажас пен Зылиқаның ғана диалогына құрылған осы алғашқы бөлімде философиялық мән бар. Мұның мәні Зылиқаның «...Бұл сенің барлық қылмыстарыңның өзіңе лайық жазасы ғой. Сен бар жан-жануарды қырып едің. Енді солардың зауалы жетті ғой саған. Олардың сүйегіне дейін әрқайсысының аруағы, киесі жайлаған. Олардың қаңқа-сүйегіне дейін сені құтқаратын жол саты болуға да киесі қарсы» деген сөздерінде тұр. Яғни, ешкімге, адам баласына да, хайуанатқа да қатыгездік жасама, өзің құрған торға өзің түсесің дейді авторлар. Жануарлар мен хайуандардың сезім-түйсігі адамзат психологиясынан әлдеқайда жоғары болатыны рас. М.Ғапаров пен Ғ.Ғапарованың меңзеп отырғаны да осы қағида. Олар жер бетінде кімнің де, ненің де сұрауы бар, жақсылықтың да, қатыгездіктің де қайтарымы бар дегенді меңзейді.

Осындай азапты көріністердің жалғасындағы Қожажас пен Зылиқаның ролінен шығып, екінші спектакльге шығуға дайындалып жатқан актер мен актрисаның да отбасылық проблемасы жеткілікті. Әлеуметтік мәселелер: баспананың, науқас баласын емдетуге қаржының жоқтығы оларды бір сәт қиялдауға, армандауға мәжбүр етіп еді. Түсінде көрген, санасында әбден жатталып қалған, көз алдында елес болып суреттелген Киотоға сапар бұл – актердің арманынан туындаған болашақ пьесаның сюжеті болатын. Сол қиялдың жетегіндегі ерлі-зайыптылар ойша декорация жасап, поезбен Киотоға кетіп бара жатыр. Олар сахнаны гүлдеп тұрған сакурамен безендірген, бұталар арасына теміржол салған, онда вагондар тізбегі көрінеді, сол вагонда екеуі отыр. Бір-біріне үзіле қарап, жапон халқының дәстүрімен иіліп, бір-біріне ілтипат-ишарат білдіріп қояды.

Осындай адамның екі түрлі өмірін суреттейтін пьесамен актер Дунай Еспайдың көп жұмыс жасағандығы байқалды. Бірінші актідегі ешкілердің қарғысын арқалаған аңшы Қожажастың басындағы қиын халі мен екінші актідегі драматург, режиссер, актер тәрізді үш бірдей өнердің тізгінін ұстаған жігіттің психологиялық толғанысы параллель берілген. Десе де, актердің екінші бөлімдегі түсінде көрген Киотосын еске алудан әрі аспайтын өнерпазынан алғашқы құз басында үреймен, өкінішпен өмір сүрген Сұрмергені әлдеқайда нанымды, әсерлі шықты. Осы алғашқы бөлімдегі шығарманың барлық идеялық, мазмұндық жауапкершілігі Д.Еспайға жүктелген. Оның бұл міндетті түсінгені, түйсінгені көрініп тұр. 

Дуылдап, қышыған арқасына дауа таппаған аңшының қиналған сәтіндегі, қаңқылдап, шуылдаған қарғалардың жемтігіне айналам ба деп үрейленген тұсындағы Қожажас – Д.Еспайдың даусы әртүрлі тонда құбылып отырады. Осы шартты түрде алынған кішкентай тұғырдың (құздың) үстінде тыныштық таппай, бірде өкініп, бірде қайғырып, енді бірде егіл-тегіл жылап небір психологиялық күйзелу сәттерін басынан өткізген актердің ойыны шеберліктің биік деңгейімен есте қалды. 

Негізінен бос кеңістікте көсіле, еркін ойнау мен сахнаның бір бұрышында ғана орын алған кішкентай тұғырдың үстінде роль орындаудың бір-бірімен мүлдем салыстыруға келмейтін тәсіл екендігі әрбір өнер адамына белгілі. Ал, Д.Еспай өзінің шеберлігі мен тәжірибесін пластикалық қимыл-қозғалысымен көрсете білді. Бұл өмірден шаршаған, қажыған режиссер жігіт бір сәт өзі роль орындаған көркем шығармадағы құз басын аңсайтын да тәрізді. Актер – Д.Еспайдың даусында, алысқа көз тастаған ойлы отырысында өз кейіпкерлерінің ішкі сезімімен үйлесімділік байқалады.

Шың басындағы аңшы мен сол биік құздың етегінде сүйген жарына жету үшін аң сүйектерінен саты-баспалдақ өріп отырған Злиқаның жаңғырықпен берілген диалогында сағыныш, өкініш, үрей сезімдері аралас дамып отырды. Бұл әйелдің аң сүйектерінен саты жасағанына ұзақ жылдар болған. Жалпы екі бөлімде де әйел бейнесінің әлсіздігі байқалды. Актриса Ботагөз Мақсұтова партнерлік қарым-қатынасқа мән беріп, дауыспен жұмыс жасаудың қажеттігі көрініп тұр. Өйткені кейіпкерінің шығармадағы орнын анықтап беретін бірден-бір сахналық компонент – анық, ашық дикция.

Спектакль декорациясы қарапайым безендіріліпті (суретші Қанат Мақсұтов). Алғаш құздың қызметін атқарған тұғыр екінші бөлімде үстелге айналған. Ал, сахнаның сол жағындағы сүйектен жасалған баспалдақ-сатының философиялық мәні тереңде жатыр. Яғни, мұны Қожажас пен Зылиқаның арманы, жер мен көктің байланысы, екі дүние арасындағы адам (немесе пенде) жүріп өтетін жол дейміз. Соңғы көріністердегі авансценада орын алған жапон үйлерінің кішкентай макеттері, олардың жарығы актер мен актрисаны өзіне шақырып тұрғандай әсер береді.

Жалпы Қарағанды театрының екі актерге ғана арналып жазылған (қойылған) «Қиямет қайым Киото» спектаклі астарлы философиясымен, адамзат әлемінің ішкі сарайын ашып беруімен ерекшеленді. 2011 жылы Ялтада өткен Халықаралық «Чехов фестивалінде» Германия, Франция, Испания, Швейцария, Израиль, Ресей, Украина тәрізді мәдениеті жағынан ілгері, ірі 54 елдің ішінен ІІ-ші орынды иеленуінің өзі-ақ бұл спектакльдің бағасын айқындап беріп отыр. Бұған режиссер Әлімбек Оразбековтың мазмұнды трактовкасы, екі бөлімдегі айтар ойдың салмағын актерлік ойын арқылы жеткізе білуі негіз болған. Мұнымен театр идеялық жағынан мазмұнды, психологиялық тұрғыдан алғанда күрделі шығармаларды сахналаудағы қабілетін байқатады. Сондықтан біз алдағы уақытта да Алаш азаматының есімін иеленген ұжымнан осындай көркемдік мәні зор қойылымдар күтеміз.   

 

Зухра Исламбаева,
театртанушы