Жаңалығы мол кітап 1
Отандық музыкатану саласында жас зерттеушілердің тұтас легін тәрбиелеген ғалым, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Ақлима Қайырденқызы Омарова соңғы жылдары оқырмандарына, әсіресе кәсіби ортаға өзінің үш кітабын ұсынды. Олар: «Традиции состязательного искусства и казахская опера», «Қазақстанның кәсіби музыкасы: ізденістері мен жетістіктері» және «Қазақстан кәсіби композиторларының шығармашылығы: даму белестері» еңбектері.
Автор «Қазақстан кәсіби композиторларының шығармашылығы: даму белестері» аталатын еңбегінде Отанымыздың кәсіби өнерінің қалыптасуы барысында, ұлттық композиторлық мектептің негізін қалаған тұлғалар мен музыкант-орындаушылардың, музыкатанушы ғалымдардың еңбегі мен шығармашылық келбетіне арналған мақалаларын топтастырған. Бұл жаңаша көзқараспен жазылған ғылыми зерттемелер мен мақалаларда ХХ ғасырдағы отандық кәсіби музыка мектептерінің тарихы үшін маңызды мәліметтер ұсынылған.
А.Омарованың осы ғылыми жинағы КСРО халық артисі композитор Е.Рахмадиев пікірімен басталады. Е.Рахмадиев бұл еңбектің маңыздылығы мен бүгінгі көптеген жинақтардың арасындағы орны туралы: «Бүгінгі уақытта әдебиеттер көп, оларда ХХ ғасыр музыкасындағы жаңа дәстүрлердің қалыптасу проблемасы әр тұрғыдан, әр сипатта қарастырылған. Өкінішке орай, оларда шындықты көркемдеп қоймай, тіптен нақтылықтан алшақтатып алатын детальдар көп кездеседі. Нәтижесінде туатын «мифтер мен аңыздар» басылымдар арқылы лезде тарап кәсіби білімнің даму барысына әсерін тигізіп, қоғамдық санаға да айтарлықтай ықпал етеді. Ал А.Омарованың уақыттардың тоғысындағы ұстанымы, мұндағы сенімді ақпарат көздері мен құжаттар арқылы, алғашқы дереккөз бен мұрағат материалдарына сүйеніп, көпшілікке мәлім емес әрі ұмытылған басылымдарға көңіл аударып, құжаттар мен хаттар арқылы оқиғаларды бұрмаланбаған қалпында қайта келтіру мақсатында жазған мақалалары аса маңызды да бағалы болып отыр» деген бағасын берген.
Егер нақты тоқталар болсақ, ол музыкатану мамандары тарапынан назарға ілінбей келе жатқан ұлтымыздың ірі тұлғалардың музыкалық-сыни пікірлері мен зерттеушілік еңбектерінен М.Әуезовтің «Ер Тарғын» операсына пікірі (баспасөзде 1937 жылы жарық көрген), жазушының «Бекет» операсының либреттосын жазу барысында композитор А.Зильбермен жазысқан хаттары (1938), А.Жұбанов пен Е.Г.Брусиловскийдің бір-біріне жолдаған хаттары және т.б.
Қазақтың екі жарым мыңнан аса әні мен күйін жинап, теориялық тұрғыдан зерттеген этнограф-ғалым Б.Г.Ерзаковичке арналған мақалада автор ол туралы 1944 жылы жарық көрген тұңғыш мақалалардың бірін ғылыми айналымға енгізген. А.Омарова мақалаларында «қазақ музыкасының ақсақалы» (Ерзаковичтің сөз), отыздан астам танымал композиторларды тәрбиелеген Е.Г.Брусиловскийдің; скрипкашы ұстаз В.Патрушеваның (Марат Бисенғалиевтің ұстазы) ұстаздық қызметтерінің қырлары, КСРО халық артистері – опера әншісі Роза Жаманова мен Қазақстанның Мемлекеттік хор капелласымен есімі бірге айтылатын дирижер А.Молодовтың еңбек жолына, біртуар музыканттардың сахнадағы өмірлерінің қырларын аша отырып кәсіби көзқарасын шынайы биік құрметімен көрсеткен.
Ғалымның «Традиции состязательного искусства и казахская опера», «Қазақстан кәсіби композиторларының шығармашылығы: даму белестері» атты екі кітабында да музыка тарихымызға қайта көз жіберу сәттері мұрағат материалдарымен дәйектелген. Аталмыш еңбектегі бір ерекшелік, мәдениетіміздегі ірі тұлғалардың шығармашылық келбетін, сыни-шығармашылық қолтаңбаларын тануда маңызды болып табылатын жәйттеге көңіл бөлуі. Автордың басқаға ұқсамайтындығы да отандық музыкатану саласы бейжай қалдырмауы қажет, бұрын-соңды өз дәрежесінде мән берілмеген тарихи фактілерге назар аударта білуі. Ғалым қазақ музыка тарихына деген әділ ұстанымын, тың ойларға жетелейтін зерттемелерін архив материалдарымен үйлесімді ұштастыра білген. Бұрын-соңды жарық көрмеген, негізінен 1930-40 жылдардағы тарихи-құжатты фотосуреттер ұсынылған. Бұл орайда «Ер Тарғын», «Бекет», «Абай», (және «Қамар сұлу») операларының, тұңғыш қазақ балеті «Қалқаман-Мамырдағы» сахналық көріністер, күрделі вокалды-симфониялы сахналық жанр жасаушыларының басқосу сәттері, Қазақстан композиторлар Одағының съезіндегі қызықты кездесулер, т.б. жарияланбаған фотолар оқырманын әдемі әсерге бөлейді.
Еңбекте енгізілген мақалалардың бірқатары композиторлар Қ.Қожамияров, Б.Байқадамов, Ғ.Жұбановаға, зерттеуші А.Темірбекова, С.Күзембаева секілді ғалымдардың мерейтойлары қарсаңында жазылған лебіздер. Бұл материалдар оператанушыларға ғана емес, жалпы музыкатанушы, осы бағытта ізденушілерге арналған бағалы еңбектердің бірі болып отыр.
Қорыта айтқанда, автор еңбегін ғылыми-зерттеушілік, музыкалық сын мәселелерімен айналысушыларға, оқу-білім жүйесіне қолдануға болатынын көрсеткен. Кәсіби музыкатанушылар алдында осындай құнды еңбектер жазып жүрген орта буын өкілдеріне үлгі. Аталмыш еңбектің мәскеулік оқырмандарын тауып үлгергендігін айтып өту де оның маңыздылығын көрсетсе керек. Сөзіміздің соңын Е.Рахмадиевтің осы еңбек туралы пікірімен аяқтағанды жөн көреміз: «Бүгініңді түсініп, ұғу үшін өткеніңді жақсы білу маңызды. Бұл еңбек мәдениетіміздің тарихындағы ащы шындықтарды көрсете білетін жаңа ізденістерге дем береді деп ойлаймын». Жаңалығы мол кітаптың оқырманы көп болсын деген тілектеміз.
1. Мақала «Айқын» газетінде (№ 193 (2348), 22-қазан, 2013. – 5-бетте) жарияланды. ↩