Қазақ сахнасының Сәулесі 1
Ұлтымыздың ауызша кәсіби әншілік мәдениеті туралы Азия халықтарының музыкасын зерттеуші маман, венгер ғалымы: «Қазақтар – дарынды халық. Мен олардың әндеріне таңырқаймын. Қазақтардың музыканттылығы веналықтардан, ал әншілігі итальяндықтардан кем емес десем қателеспеген болар едім. Қазақстан – бақытты үйлесім тапқан Азияның Венасы мен Италиясы», – деген еді.
Тәуелсіздік жылдары осы рухани асыл қазынамыз тарих беттерінде жаңа уақыт талабына сай жаңалықтарды игере отырып, сабақтастығын тауып, талантты өнерпаздардың шығармашылығы арқылы одан әрі өркендеді. Сондай өнер көгіне қанат қаққандардың бірі – заманымыздың көрнекті әншісі, ҚР еңбегі сіңген өнер қайраткері Сәуле Жанпейісова.
Жамбыл облысы, Сарысу ауданының Жайылма ауылында дүниеге келген Сәуле Стаханшылқызының (1966 ж.т.) өнерге деген қызғушылығы мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап оянады. Ол 1978-1983 жылдары Ықылас атындағы аудандық балалар музыка мектебінде домбыра класы бойынша білім алады. Ауылда бала кезінен музыкаға үйір болған жас дарынды А.Сатқынова деген мұғалім тәрбиелейді. Үлкен өнер жолына түсуге осы алғашқы ұстазының қосымша берген дәрістері, «Астанаға барып, Ғарекеңнің класында оқы» деген кеңесі әсер етеді.
Сәуле орта мектепті бітірген соң Алматыдағы Республикалық эстрада-цирк студиясына келіп, XX ғасырдағы қазақ музыка мәдениетінің ірі қайраткері, халықтық лирикалық тенор, композитор, актер, педагог, ірі тұлға Ғарифолла Құрманғалиевтің класына қабылданады. Осы оқу орны қабырғасында жүрген кезден-ақ елімізде және Ресей қалаларында өнер көрсетіп, концерттік іс-сапарларға шыға бастайды. Еңбексүйгіштігімен, табандылығымен көзге түскен жас орындаушы 1985 жылы республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Ә.Қашаубаев, М.Мералыұлы атындағы республикалық конкурстардың (1988, 1991) және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының (1992) иегері болады.
Ол кәсіби музыкалық білімін шыңдау жолында Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында күйші-ұстаз Құбыш Мұхитовтың класында дәріс алғанмен (1992-1997), алғашқы мамандығы дәстүрлі әншілікті таңдап, осы бағытқа біржола бет бұрады. 1991 жылы консерваторияның «Халық әні» кафедрасына оқытушылыққа шақырылып, алғашқы педагогтық қызметін бастайды. Сәуле тоқсаныншы жылдардан бастап арнайы шақырулармен алыс шет елдерде (Голландия, Бельгия, Германия, Франция, Түркия, Қытай, т.б.) қазақ өнерін таныту бағытында көп еңбек етеді.
Ерекше талант иесі бұл кезеңде күйшілік, әншілік мамандығымен қоса Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің филология факультетін ғалым З.Қабдоловтың жетекшілігімен оқиды. Осы әдебиет саласы бойынша сан жылдар ізденістер нәтижесінде ол жақында «Қазақ прозасындағы әнші-ақындар бейнесі» тақырыбында кандидаттық ғылыми диссертациясын сәтті қорғады.
Жаңалыққа жаны құмар жан
Ұлттық аймақтық мектептердің бәрін өз дәрежесінде игеруі Сәулені өзгеден ерекшелеп тұрады... Бұл тұрғыда мына пікірді келтіре кету орынды болар. Дәстүрлі орындаушылық өнерді арнайы зерттеген ғалымдардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері Мариям Мұқатайқызы Ахметова өз зерттемесінде танымал педагог А.Доливоның Әміреден «Ардақ» әнін үйреніп, қазақ тілінде орындағандығын жазған еді. Сондай-ақ «Ардақ» секілді туынды белькантоны талап етеді деп айтқан А.Доливоның: «Бельканто әншілік стиль ретінде, орындаушының әнге қатынасы ретінде (...) тек қана итальяндықтардың монополиясында емес. Бұл тұрғыдан белькантоны стиль ретінде біз кез-келген халықтан және уақыт кезеңінен байқаймыз», – деген сөздерін келтірді.
Ғалым Мариям Мұқатайқызына «Осы стильді әр ұлттың дәстүрлі әншілік өнеріндегі ең биік тұрған орындаушыға берілетін баға деп қарасақ, бүгінгі заман өнерпаздарының арасынан кімдерді лайық деп айтар едіңіз?» деген сауал қойғанда ол: «Мен нағыз шебер, «кең тынысты», «кең серпінді», «күміс көмей» әнші деп үлкен дарын иесі Сәуле Жанпейісованы айтар едім. Сәуленің шығармашылығын сырттай ұзақ жылдар бойы бақылап келемін. Бүгінгі дәстүрлі әнші де, эстрадалық орындаушы да ол сияқты ізденіс жасап, әнді биік талғаммен таңдай біліп, туындыға шығармашылық тұрғыда келсе екен деп тілеймін. Ол қазақ жерінің қай аймағының әні болмасын табиғатын нәзік түсініп, эмоциялық үйлесім таба біледі. Бұл нағыз шебердің ғана қолынан келетін, айтуға сөз жетпейтін, тек құлақпен естіп, түсінуге арналған дауыс! Сәуле көпқырлы талант иесі... », – деген болатын.
Иә, соңғы жылдары әншілік, ғылым жолындағы ізденістерімен қатар Сәуле өзін нағыз шығармашылық адамы етінде көрсете білді.
Өнердегі актерлік қыры 2004 жылы елімізде алғаш рет танымал режиссер Б.Атабаев сахналаған спектакльмен жалғастығын тапты. Әнші көрерменге Қазақ КСР-інің халық артисі Ғ.Құрманғалиевтің туғанына 95 жыл толуына байланысты өзінің «Ән-абыз» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Ол 1993 жылғы ауыр науқастан көз жұмған ұстазымен болған соңғы кездесуін сахнаға лайықтап, оны халыққа жеткізу үшін жаңашыл, талантты режиссер Б.Атабаевпен кездеседі. Қойылымның сценарийін болған оқиға негізінде өзі жазады. Жаңа бағытта жасалған сахналық қойылымды ұстазына деген үлкен құрмет белгісі ретінде Ғ.Құрманғалиевтің халықтық дәстүрде жазылған «Нұржамал», «Жас өмір» әндерімен бастайды. Ұстаздың «тағы да ән айт» деген өтінішіне Мұхиттың «Кіші айдай», «Айнамкөз», «Ақ Иіс», «Демалыс» туындылары мен «Шымыр», «Әдемі қыз», «Айжан» сияқты халық әндерін кезектестіріп шырқайды. Сонымен бірге, әншілігімен қатар мәнді сөздерді актер ретінде көрерменге жеткізе алды.
Спектакльдің қоюшы режиссері Б.Атабаев: «Сәуле – таным-талғамы биік әнші. Ол көп әртістерден гөрі менің талап-талғамымды түсінді. Тіпті, кәсіби шебер актриса ретінде ойнап шықты десе де болады. Кәдімгідей жұртты толқытатын дүниелер жасады. Бір жағынан сахнадағы серігі де (жас актер Д.Ақмолда – Б.Т.) жақсы болды. Мұндай жанрда өз басым бірінші рет жұмыс істеп отырмын. ...Шындығында, жаттанды дүниелерден халық шаршады, жалықты. Оларға қазір шынайылық қажет» деген болатын. Режиссер бұл қойылымды концерт-инсталляция дейді. Сәуленің осындай жаңашылдыққа бейімділігі, таптаурын жолмен жүре бермейтіндігі ұнайды. «Сәуле өзін драма әртисі ретінде көрсете білді әрі бұл бағытта болашағы зор» – деген пікірін айтты.
Инсталляцияның мақсаты – қиялыңды дамытады және ол арқылы көп дүниені беруге мүмкіндік бар деген Б.Атабаев: «Концерттің формасын таппай оның мазмұны ешқашан санаға жетпейді. Сондықтан да осы жанрда жасау лайық болды. Ғ.Құрманғалиев о дүниелік болған адам. Онымен шәкірті санасында жаңғырту, еске түсіру арқылы сөйлеседі, яғни аруағымен кездеседі. Екеуінің арасында бір байланыс жасау керек болды. Екі дүние адамы қалай сөйлеседі? Сәуле ұстазына бағыштап өлең оқиды, сөздер айтады. Мен өткел ретінде алғаш рет өзімнің «Қыз-Жібек» қойылымында пайдаланған материалды (ткань) алдым. Соның ішінде артистер бастарын шығарып тұрады. Олар біресе тұрып, біресе отырып, біресе жатып – тау болды, толқын болды, әртүрлі бейнелерге енді. Солардың арасынан Ғ.Құрманғалиев сахнаға шығады да, соңында қайтадан ақырындап сол жаққа сіңіп кетеді. Осы көрініс – концерттің инсталляциясы».
Бұл қойылымдағы инсталляция о дүние мен бұл дүние арасындағы көпір сияқты, адамдарды бар деп те елес деп те қабылдауға болады. Шәкірті өлең оқыған соң барып о дүниелік болған ұстазымен тілдесуге мүмкіндік туып, ұстазы сахнаның арт жағынан, жоғарыдан түсіп келеді. Режиссер екі дүние адамының арасындағы айырмашылықты екі түрлі екпін-ырғақпен берген. Ұстаздың жүрісі, отырысы, тұрғаны өте баяу және сөйлеу интонациясы бірқалыпты, монотонды, ал, актрисаның екпін-ырғағы өмірдегідей, ширақы, сергек және арнайы қойылған сахналық дауыспен сөйлемейді. Бұл көрерменге ерекше әсер қалдырады.
Осы концерт-спектакльдің тұсаукесерінде болған елімізге танымал мәдениет қайраткерлерінің пікірлері өте жоғары болды. Мысалы, КСРО халық артисі Б.Төлегенова: «Ғ.Құрманғалиев менің ұстазым әрі өнердегі әріптесім де болды. Оның жан-жақты дарындылығы сирек құбылыс еді. Ғарекеңнің тәрбиелеген шәкірттері көп болды, бірақ Сәулені ғана өнерде өнегесін жалғастырған әнші ретінде танимын. Бүгін жаңа бағытта жасалған өнер туындысынан Сәуленің әншілігі, актерлік қырлары анық көрінді. Болашақ қазақ жастарына үлгі боларлық үлкен іс жасады. Мұндай идея нағыз творчество адамынан, өнерге шын берілген адамнан туады.Әншінің алдағы уақытта халқына беретін жаңалығы көп деп сенемін». Ал филолог-ғалым Т.Кәкішов: «Мен мұндай театрландырылған концертті бірінші рет көріп отырмын. Бұл сахнадағы жаңалықтың басы сияқты. Жаңа бағыт. Әрбір өнер иесінің концерті осылай елдің есінде қалып, әсер етіп жатса қуанарлық жәйт, ел-жұрт риза болып жатқан шығар», – деген еді.
Ұлы ұстаз бен шәкіртінің арасындағы таң қаларлық рухани байланыс жан тебіренерлік әсер қалдырды. Өнердің ешқашан өлмейтінін дәлелдейтін бұл қойылымды халық жылы қабылдады. С.Жанпейісова осы спектакль арқылы дәстүрлі өнерді халыққа жаңалықпен жеткізді.
Музыка мәдениетін зерттеуде туындының дүниеге келу тарихының маңызы зор. Бұл бағытта ізденген әнші 2006 жылы «Қазақстан» телеарнасында «Бұл әнді білесіз бе?» хабарын жүргізіп, қазақ әндерінің шығу тарихы, олардың авторлығы, әншілік мектептер мен бүгінгі орындаушылық сияқты проблемаларды көтеріп, көпшілік назарын аударды.
С.Жанпейісова дауыс мүмкіндігі мол, кең диапазонды, күрделі қағысты, шынайы шеберлікті талап ететін Мұхит әндерін жоғары кәсіби деңгейде, өз дәрежесінде алып жүрген жарқын өкілдерінің бірі.
Бұл орайда КСРО халық артисі, композитор Е.Рахмадиевтің: «Сәуле Батыс аймағының ғана емес, барлық өлкенің мектебін меңгерген әнші. Әнді бабына жеткізіп, иінін қандырып айтады. Ол – қазақтың өнердегі маңдайына біткен зор бақыты, жарық жұлдыздарының бірі», – деген лебізін келтіру орынды секілді.
Үздіксіз дамып, толысу үстіндегі репертуарында халық әндерімен қатар, терме-толғаулар және қазіргі заман композиторларының туындылары оның орындаушылық табиғаты мен дауыс тембріне сәйкес үлкен талғаммен жиналған. Репертуарына қарап оның өз бағдарламасына әр шығарманы ой елегінен өткізіп барып енгізетіндігін көруге болады. Мәселен, ұстазы Ғ.Құрманғалиевтің репертуарының бір ерекшелігі – ол арқаның «Екі жирен»; «Бурылтай» (Біржан), «Алтыбасар» (Ақан сері), «Ардақ», «Смет» (Әсет), Қанапияның «Қанапия», т.б. әндерін өз орындау стилімен, домбыра қағысымен, яғни батыс дәстүрімен орындаған. Бірақ бұндай арқа (ән мәнері) мен батыс мектептерінің (домбыра сүйемелі) синтезінде жасалған туындыларға шәкірт көзқарасы басқаша болды. Сәуленің түсінуінше, арқа әндерінің «батысша» орындалуы кейінгі буын әншілердің репертуарында жалғастық таппауының себебі бар. Ол – ән дүниеге келген ортадағы комплексті орындалуынан ажыратылса, табиғаты ашылмай тыңдаушысына мүлдем басқаша әсер береді. Сондықтан да музыкалық сипаты батыстың ән сүйемеліне үндесетін Қанапияның «Қанапиясын» ғана ұстазы орындағандай айтып, қалған арқа әндерін өз дәстүрінен ажыратпай шырқайды. Әншінің осылайша әр мектептің орындалу стилі мен мәнерін бұзбай, өз ерекшеліктерімен сақтап орындауы оның рухани мұрамызға деген парасатты көзқарасын, кең дүниетанымын танытты.
Өнердің жарқын тұлғаларының туындыларын орындау еңбекті, ізденісті, күрделі техникалық дауыс шеберлігін қажет етеді. Дәстүр тазалығын сақтау мен кәсіби әндердегі өңірлік орындаушылық стильді сақтау, домбыра сүйемеліндегі қағыстар мен артистік қабілетті көрсете білу қиын да жауапты іс. Бұлардың бәрін әнші өз творчествосында асқан көркемдікпен көрсетіп келеді.
Ғарифолладай ұстаздың шәкірттерінің арасында болашағынан зор үміт күтіп, ақ батасын берген Сәулесі бүгінде ұстаз аманатын орындады, оның күткен биігінен көріне білді. Өзі де исі қазаққа танымал шәкірттер легін тәрбиеледі...
Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасының меңгерушісі С.Жанпейісованың класынан республика сахнасына А.Қосанова, Э.Жаңабергенова, Ы.Сүлейменова, А.Сейтенова, Қ.Әбділдина және «Әлем-Арт» республикалық мәдени тележобасының (2007) иегері Э.Қарабалина, М.Мералыұлы атындағы конкурстың лауреаты және «Шабыт» фестивалінің иегері А.Алдамжаров, жас орындаушы Б.Сауытова секілді кәсіби әншілер шықты.
Жаңа ғасыр табалдырығында киелі өнеріміздің насихаттаушыларының бірі С.Жанпейісова өзінің кәсіби деңгейі жоғары шеберлік сағаттарын еліміздің арнайы оқу орындарымен қатар Шыңжаң Университетінде берді. Ол қазақтың дәстүрлі музыкасы туралы Түркия ұлттық телеарнасында (55 минут) лекция-концерт жүргізді. Сонымен қатар Бельгияда Халық музыкасының фестиваліне барған сапарында орталық Радиоарнасында қазақтың аймақтық әншілік өнері мен домбыра күйлерінен хабарға қатысып, ұлттық өнерді насихаттауда белсенді атсалысып келеді.
Сөзіміздің соңын көптің көңілінен шыққан дарынға ақын Ф.Оңғарсынованың берген бағасымен аяқтауды жөн көреміз: «Сәулені қазақтың ұлы әншісі деп танимын. Сезімтал, парасатты, адам. Ол республика көлеміндегі жарқырап шыққан керемет дарын иесі. Арқа, Жетісу, Сыр бойы, батыс аймағының әншілік дәстүрін тең меңгерген, даусымен халықты тәнті еткен өнер иесі».
Иә, Сәуле өз өнерінің сәулесімен қазақ сахнасының төрін әлі талай жылдар жарқыратары сөзсіз.
1. Мақала «Парасат» журналында (№ 1, 2011. – Б.24-25) жарияланды; әнші туралы келесі бір мақала «Шедевры Сауле» Халықаралық мәдени-интеллектуалды тоқсандық «ДА» журналында түрік және орыс тілдерінде жарық көрді (№ 36, лето, 2012. – С.80-81)↩