Қабылаш Әбікей: әннен операға дейін1
Қазақстанның музыка мәдениетінде опера өнерінің жоғары кәсіби дәрежедегі әншілерінің орны бір төбе. Олардың арасынан бүгінде Еуропа елдеріндегі ірі сахналардың спектакльдерін ойнап жүрген, орта буын өкілдері Майра Керей (Мұхамедқызы), Қайыржан Жолдыбаев, Нұржамал Үсенбаева, Сара Ищанова, жас буыннан Талғат Мұсабаев, Болат Есімханов секілді дарындарды айтсақ та жеткілікті.
Опера өнерінде ұлттық туындылардан бастап, еуропа классикалық музыкасының жауһарларындағы күрделі, дауыс техникалық шеберлігін қажет ететін ірі партияларды сомдаған лирикалық баритон Қабылаш Әбікейұлы (05.05.1945) бүгінде еңбек жолын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жалғастыруда. Моңғолияның халық артисі (1981), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Қ.Әбікейұлының репертуарында қазақ, моңғол халықтық әндерінен күрделі вокалды сахналық жанр – операға дейін кеңінен орын алған.
Ол өзінің шығармашылық жолында дархан дауысымен, табандылығымен үлкен асуларды бағындыра білді. Моңғолдың бірнеше операларының авторы, балет, симфониялық поэмалар жазған кәсіби композитор Бэлэгийн Дамдинсүрэннің «Жұмбақ төбелері» мен алғашқы қазақ операларының авторы Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операларындағы кейіпкерлерден бастап орыс, итальян, француз композиторларының шығармаларындағы басты драмалық баритон рольдерінде ойнады.
София қаласындағы Болгария ұлттық консерваториясында оған вокалдан сабақ берген итальянның әлемге әйгілі опералық ән айту мектебінің соңғы буын өкілінің бірі профессор Христо Брымбуров болды.Көптеген жылдар бойы Болгария опера және балет театрында солист болған бас дауысты педагогтың класына түсу екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт еді. Ал арнайы кәсіби ортада бұл елдің вокалдық мектебі Италиядан кейінгі орынға ие мықты әрі танымал мектептердің бірі болып саналады. Х.Брымбуровта Баян Өлгийден келген жиырма екі жастағы жас жігіт бес жыл оқып вокал өнерінің қыр-сырына бойлап, қиындығы мен қызығы қатар жүретін музыкалық-шығармашылық жолына қадам басты.
Әншінің осы оқу орны қабырғасына келуіне оның бойындағы табиғат берген дарынын бағалаған жандар себепші болған. Софиядағы оқуға дейін алғашқы еңбек жолын театрда кәсіби хор мүшесі болудан бастайды. 1966 жылы Баян-Өлгий аймағына Моңғолия Халық республикасының ел басшысы Ю.Цеденбал келіп, оның алдында Қабылаш фортепиано сүйемелімен моңғол және қазақ тілдерінде екі ән шырқайды. Қ.Әбікей бұл оқиғаны өз аузынан былай әңгімелеп берді: «Сол кеште мені үйге милиция іздеп келіпті. Әкемнің «не бүлдірдің?» деген күдікті сұрағына концертте ән шырқағанымды айтыпақталдым. Партия комитетіне шақыртып жатыр екен, өзім де қорқа бастадым. Барсам, мәдениет басқармасы күтіп тұр екен, маған «басшылармен бірге кешкі асқа кіресің» деді. Сол бойда біреуден костюм, біреуден галстук сұрап, киімімді түгендеп залға кірдім. Кеште Ю.Цеденбал мені танып, «бағана ән айтқан осы жігіт қой, әншілікті үйренуге оқуға жіберу керек», – деді. Басшының айналасындағы адамдар мені лезде құттықтап жатты. Бастапқыда олардың неге құттықтап жатқанын түсінбей аң-таң болып тұрдым... Күзде София қаласына оқуға аттандым».
Осы жылы Қ.Әбікей Моңғол елінің мықты өнер майталмандарымен бір труппада Алматыда өткен Моңғолияның мәдени күндеріне келеді. Концерттен соң жазушы Сәбит Мұқановтың: «Сен жассың, оқуың керек, елге кел, көмектесеміз», – деген сөзіне ойланса да, Моңғол елінің Қазақстанмен емес, Болгариямен мемлекетаралық мәдени қарым-қатынас келісім шарты бойынша София консерваториясына барады. «Оқу кезеңінің бастапқы жылдарында біздің білім деңгейіміз төмен болды, көп еңбектеніп, тиянақтылықтың арқасында басқалармен теңеле бастадық. Софияда консерваторияны бітірген соң оқытушыларым менің стажировкаға екі жылға қалып, әлде де өнерімді шыңдауымды қалады. Бірақ бесжылдық үкіметтің келісім шарты бітіп елге қайтуға тура келді», – дейді әнші. Қабылаш Әбікейұлы анасынан үш жасында айрылады. Әсем даусымен ән салған анасы Қойбағардың дауысы құлағында қалмаса да, ана сүтімен дарыған қабілет өсе келе оны музыка әлеміне бейжай қалдырмады. Баян Өлгийдегі ауыл, аймақтың той-томалағында керегеге сүйеніп музыка тыңдап, он бес жасынан көзге түсіп, ән айтып өседі. Бұл үлкен қабілет оған шетінен суырып салма ақын, айтыскер, айналасын думанға бөлеген тамаша әншілер, құйма құлақ күйшілер болған нағашыларынан келген.
1972-1992 жылдары Моңғолияның Ұланбатыр қаласындағы академиялық опера және балет театрында қажырлы қызмет етеді. Әлемнің опера сахналарынан тұрақты орын алған Джакомо Пуччинидің «Тоскасында» Скарпиа; П.Чайковскийдің «Пиковая дамасында» Елецкий, «Евгений Онегинде» Онегин, «Иолантасында» Жермон; Джузеппе Вердидің «Риголеттосында» Риголетто, ал «Отелло» операсында Яго партиясын; Джоакимо Россинидің «Севильдік шаштараз» туындысында Фигароның ролін; Жорж Бизенің әйгілі «Карменінде» Эскамиллио ролін шебер сомдады.
Опера орындаушысынан ірі сахналарда қойылып жүрген музыкалық – сахналық туындылардың елеулі партияларын көрерменнің көңілінен шығатындай етіп орындау үшін терең ізденіс, актерлік шеберлікпен бірге үлкен өре қажет.
Жетпісінші жылдары Ұланбатырға П.Чайковскийдің операсы «Евгений Онегинді» сахналағанда Ленинградтан С.Киров опера және балет театрынан Ресейдің халық артисі Роман Иринархович Тихомиров келеді. Екі елдің мәдени қарым-қатынасы бойынша арнайы шақырылған режиссердің Онегиннің вокалдық партиясын қойғанда Қабылаш Әбікейұлын «талантты әнші, мықты актер» деп бағалауы кәсіби маман тарапынан берілген жоғары баға мен үлкен сенім еді. Уақыт өте әсем баритон дауыс осы операны Ленинград сахнасында ойнайды. Одан бергі уақытта Қабылаш Әбікей әлемнің үлкен сахналарында – Кеңес Одағы (Мәскеудің Үлкен театрында, Новосибирск театры, т.б.), Қытай, Германия, Чехия, Корея елдерінің мәртебелі сахналарында концерт берді.
Ал Атажұртқа оралған соң 1992-2008 жылдары Абай атындағы опера және балет театрында қызмет етті. А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсында Абайды, М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасында» Жанботаны, Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» Ер Тарғынды, Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлуында» Омар партияларын ойнады.
Қай елде өмір сүрсе де ол ерекше әсем дауысымен, шынайы дарындылығымен, еңбексүйгіштігімен халық сүйспеншілігіне бөленді. Оның еңбекқорлығы мен адал қызметін Кеңес Одағының халық артисі баритон дауысты әнші Ермек Серкебаев: «...Қабылаштың елімізге келіп өнерімен қызмет етіп жүргенінің өзі абырой. Ол соңымыздан келе жатқан буынның арасынан менің ізімді үлкен абыроймен, жігермен басып келе жатқан бауырларымның бірі», – деген еді.
Жақында әншінің «Өзгеге көңілім тоярсың...» атты музыка альбомы жарыққа шықты. Екі дискіден тұратын альбомның бірінде (CD) халық әндері «Алқоңыр», «Бір бидай арпа», халық сазгерлері Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз», Сарышолақ Боранбайұлының «Тілеу-Қабақ» туындылары, Е.Хасанғалиевтің «Көңіл күйі» (сөзі: Е.Тәжібалиев), Ш.Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» (сөзі: Т.Молдағалиев), Е.Рахмадиевтің «Бала ғашық» (сөзі: М.Мақатаев) шығармалары, моңғол композиторы Сәндидоржының «Ақ самайлы Алтайым» (сөзі Гүнсэн) әндері топталған.
Ал, екінші бейне (DVD) альбомында ақын Марфуға Айтхожинаның сөзіне жазылған Е.Пайзолланың «Туған жерін аңсамайтын жан бар ма?» атты әнінің тақырыбымен 2001 жылғы берілген жеке концерті енгізілген. Бұл бөлімде жоғарыда аталған опералардан ариялармен қатар (Ж.Бизе, «куплеты Эскамилио), Абайдың «Көзімнің қарасы», Естайдың «Құсни-Қорлан», Жаяу Мұсаның «Ақ шашақ» секілді қазақ классикалық әндерінің үлгілері симфониялық және мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалған.
Бүгінде маэстро ән жанрынан операға дейінгі шыңдалған орындаушылық қабілетін өз шәкірттеріне үйретіп, педагогтық қызметімен шұғылданып, шығармашылық жолын жалғастыруда.
1. Мақала Баян-Өлгий аймақтық «Жаңа дәуір» газетінде (№ 5, 11.05.2011) жарияланды.↩