Қоңыр қаз
Әшімтай

Уақыт өткен сайын шығармашылығы толыса түскен, заманына лайық өзін әр қырынан танытып келе жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова мамыр айында тыңдарманына тағы бір жаңалығын ұсынып отыр. Ол – «Мұхит әндері», «Илья Жақановтың әндері», «Гәкку», «Сәуле-сарын» атты төрт CD таспасынан құралған ән-альбом топтамасы.

Астана төрінде тұсаукесері болған бұл ән-альбомда оның бай репертуарындағы жетпістің үстіндегі әндер жүйеленіп берілген. 1-дискіде дәстүрлі орындаудағы Қазақстанның батыс аймағының әншілік мектебінің негізін қалаушы Мұхит Мералыұлының (1841-1918) әндері топтастырылған. Сәуле Мұхиттың «Айнамкөз», «Үлкен айдай», «Кіші айдай», «Паңкөйлек», «Зәуреш» секілді шоқтығы биік туындыларынан бастап, орта деңгей әндерін де толық қамтыған. Келесі диск Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Илья Жақановтың әндеріне арналған. Мұнда Ресей қазақтарының «бейресми әнұранына» айналып кеткен «Еділ мен Жайық», қазақ пен қырғыздардың ортақ рухани мұрасына айналған, И.Жақановтың өз сөзіне жазылған «Жайлаукөл кештері», «Арқа аруы», «Асылым», «Әселім», «Толағай» секілді шығармалар, басқа да әсем әндері орын алған. Әншінің «Гәкку» аталатын альбомында «Сазген сазы», «Сарын», «Алатау» фольклорлы ансамбльдерінің сүйемелімен орындалған, жетіген, гитараның сүйемелімен, эстрадалық өңдеуде орындаған халық әндері «Жас келін», «Сәулем-ай», «Баянжан», Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі», Нұрымның термесі, бірнеше қырғыз, тәжік әндерімен қатар Ш.Қалдаяқовтың, Е.Хасанғалиевтің танымал туындылары да жиналған.

С.Жанпейісова соңғы жылдары тыңдарманын өз жанынан шығарған әндерімен де тәнті етуде. Осы топтаманың төртінші – «Сәуле-сарын» альбомында оның 17 әні алғаш рет жинақ ретінде ұсынылып отыр. Бүгінде Сәуленің М.Ыбыраевтың сөзіне жазылған «Алатау», «Жас ғасыр жаңа замана» шығармалары, Т.Айбергенов сөзіне жазылған «Ортаңа келді өз балаң», «Ақ Жайық» секілді әндері тыңдарманның сүйіп тыңдайтын шығармаларына айналып үлгерді.

Осы ән-альбом топтамасы әншінің көпқырлы орындаушылық мүмкіндіктерін мейлінше қамтыған. Әр әнді тыңдай отырып, сонау тоқсаныншы жылдары Әбіш Кекілбайұлының «Айтып тұрған әні өзіне лайық, қазіргі қазақтың ән өнерінде бар ең шұрайлы шығарманың бәрі Сәуленің бойынан табылады. Қазақ әншілерінің ең бір саңлағының бірі деп білемін» деген бағасы бүгін айтылғандай әсерге бөленесіз.

Астанада өткен бұл ән-альбом тұсаукесерінің соңы Сәуле Жанпейісованың «Мен қашанғы жүйрігің» жеке концертіне ұласады.