Әлқисса
Нұрғиса Тілендиев

Әнуарбек Үмбетбаев - 100

  Биыл Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театрына сексен жыл толып отыр. Бұл театр сахнасының өркендеу жолы талай ұлт өнері майталмандарының тағдырымен тікелей байланыста өрбіді. Ағымдағы жылы осы театрды алғаш құрысқан саңлақтардың бірі, опера сахнасының дүлдүл әншісі, Қазақстанның халық артисі (1947), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1949) Әнуарбек Үмбетбаевтың дүниеге келгеніне 100 жыл толып отыр. Оның үлкен сахнаға қадамы өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында құрылған музыка студиясынан бастау алды. Бұл кезеңде, халық басына түскен үлкен нәубетпен қатар (қазақ даласын қан жылатқан ашаршылық, алғашқы интеллигенция қуғын-сүргіні), астанада,  қазақ көркемөнерінің сан алуан саласын өркендету жұмыстары қолға алынып, күрделі музыкалық-сахналық тың жанрлар жазылып, жас ұжымдар ұйысып жатты.

Музыка студиясының (1933) алғашқы құрамында қазаққа бұрыннан таныс, әншілік қабілеті жоғары өнерпаздар тобы болды. Олар Темірболат Арғымбаев, Абдолла Айтбакин, Әнуарбек Үмбетбаев, Жамал Омарова, Нұғыман Әбішев сияқты тума дарындар еді. Сонымен бірге драма театры кадрларынан Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Жүсіпбек Елебеков сынды музыка шеберлері осы шаңыраққа қызметке ауыстырылғанда аз да болса тәжірибесі болды. Бұл ұжымның өркендеуіне әдебиет, би, музыка, бейнелеу, орындаушылық салаларынан режиссер Жұмат Шанин, биші Шара Жиенқұлова, әнші Манарбек Ержанов, суретші А.Ненашев, жазушылар М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Б.Майлин, композитор Е.Брусиловский секілді дүйім дүлдүлдер атсалысты. Е.Брусиловский тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жібекті» жазып, бұл қойылым 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті және өнер декадасында жоғары баға алды. Одақтың бас қаласынан рухтанып, шабыттанып оралған әнші-әртістер, арнайы кәсіби білімдері болмаса да театрдың опералық репертуарын құруға қызу кірісті.

Бұл бағытта еңбек еткен Б.Досымжанов, Ә.Үмбетбаев, Ришат және Муслим Абдуллиндар, Ш.Бейсекова, К.Кенжетаев, М.Төлебаев және т.б. тұлғалардың арқасында Ұлы Отан соғысының алдында театр репертуарында 9 қазақ, 22 орыс, өзге ұлттар және еуропа опералары, 6 балеттік (оның екеуі қазақ) қойылымдар болды. Осы ортада аянбай еңбек еткен көрнекті артистің бірі, лирика-драмалық тенор Әнуарбек Үмбетбаев еді. Ол бұрынғы Верный қаласында Бейсембай деген қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді.  Бейсембай қолы қысқа кедей болса да, жоқ деп мұңаймайтын сауыққой, бойында ақындығымен қоса әншілігі бар жан болған. Әнуарбек әкесінің ән салғанын бала күнінен естіп, халық музыкасына құлағының құрышы қанып, өнерге әуес болып өседі. Қаршадай бала мектепте жүрген кезден-ақ үйірмелерге белсенді қатынасып, жасөспірім әншілер қатарына қосылады. Оның шарықтаған асқақ үні, әр шығарманы жүрегінен өткізіп, шырқата орындауы тыңдаушысын бейжай қалдырмай, өз болашағының сахнамен ғана байланысты болатынынан хабар бергендей әсер етеді.

Әнуарбек Бейсембайұлы Үмбетбаев 1929 жылы Алматыдағы театр студиясы ашылған кезде сахнаға шығып, ән сала бастайды. Бұнымен бірге ол жаңадан ашылған радио студиясында алғаш орындаушы да болды. Оның орындаған талай әндері мен романстары, ариялары, қазақ, орыс, еуропа операларының вокалдық партиялары Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Мақпалдай қою тембрлі, халықтық тенор қайталанбас үнімен «Аққұм», «Қаракөз», «Бурылтай», «Баянауыл», «Ағаш аяқ», «Қараторғай» сияқты лирикалық, кең тынысты, кантиленді әндерді бабына келтіріп орындады. Жарты ғасырға жуық уақыт радиодан әндері үздіксіз беріліп келген Үмбетбаевтың есімін мыңдаған радиотыңдаушылар зор құрметпен атап, концерт беруін сұрап, радио редакциясына толассыз хаттар түсіп жатты.  

Ол өнер жолында қабілетін дамытып, шыңдай жүріп, Ленинградтағы оқу комбинатында білім алады, 1937 жылға дейін Кеңес Армиясы қатарында болып, Қазақтың атты әскер полкінің ансамблін басқарады. Театр табалдырығын аттағанға дейін ол бір сәтке де өнерден алшақтамай, жүрген жерінде ән-күй ансамбльдерін басқарып, ұжыммен біте қайнасып, айналасынан жақсы баға алып жүрді. Әскерден оралғаннан кейін ол жаны қалаған өнер саласына бет бұрды. 1937 жылдан бастап опера театрына қызметке орналасып, мұндағы актерлер дайындайтын студияда А.Кургановтың класында тәлім-тәрбие алады.
ҰОС жылдары 1942-1944 концерттік бригада құрамында майдандағы жауынгерлер үшін майданда және тылда талмай қызмет етті. 1953 жылы Алматыдағы марксизм-ленинизм кешкі университетін жоғары көрсеткішпен бітіріп шығады.

Қазақтың дәстүрлі орындаушылық өнері туралы алғаш рет зерттеп,  терең сезіммен түйсініп, таң қала отырып жазып кеткен орыс және шетел этнографтары, саяхатшылары екені мәлім. Олардың еңбектерінің бірінде қазақтың Дала музыка мектебінің әнші-ақындарының дауысы зор, кең тынысты әрі әсем. Табиғат берген үнімен алған жоғарғы ноталары еуропа академиялық вокал өнерінің майталмандарының өзін «осыншама мықты техниканы далалықтар қалай меңгерген?» деп тұйыққа тірейді деген еді. Осындай мықты да көрнекі дауыстың иесі, оқымай-ақ ұлттық опера сахнасында қазақпен бірге, оры, шетел классикалық шығармаларының партияларын еркін орындаған Әнуарбек Бейсембайұлы еді. Оның өмір жолы театр сахнасымен бірге өрілді. Ол қырыққа жуық операда әртүрлі музыкалық образдар жасап, көрерменнің сүйікті артисіне айналады, М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасында» Біржан, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсында Айдар, осы авторлардың «Төлеген Тоқтаровында» Төлеген; Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» Тарғын, «Жалбырда» Қайрақбай, «Дударайда» Думан партияларын орындап, ұлттық опера өнерінің өсіп, өркендеуіне мол үлес қосты. Бұл партиялар Ә.Үмбетбаев орындауында ұмытылмас мұра болып қалды.Ташкентте (1944) өткен Орталық Азия елдерінің әдебиеті және көркемөнер онкүндігіне «Абай» операсының арияларын, вокалдық үзінділер орындаған К.Байсейітова, Р.Абдуллин, Ә.Үмбетбаев өнері өте жоғары бағаланады. Ол, Фрунзе (қазіргі Бішкек), Мәскеу қалаларында өткен концерттерге, өнер онкүндіктеріне қатысып, Одақ мемлекеттерін аралап, көптеген концерттерге қатысады, қазақ музыкасын белсенді насихаттайды. 

Үмбетбаев туралы музыкатанушы ғалым, профессор С.Күзембай былай деді: «Көптеген ұлттық музыка майталмандарының сахнадағы тағдыры әлі көз алдымызда. Өз дәрежесінде есімі аталмай жүрген ірі өнер тұлғасының бірі – Әнуарбек Үмбетбаев – дауыс мүмкіншілігі зор, сирек ұшырайтын, қайталанбас тембр болды. Оның шығармашылық бейнесі жан-жақты – опера әншісі, диктор, актерлық шеберліктерімен жымдасып жатыр. Өзі сұлу адам болатын. Жүріс-тұрысы, мәнері, даусы қандай әсем болса, сондай сұлу да мағыналы өмір сүрді».
Иә, оның актерлік шеберлігі Қ.Қожамияровтың «Назугумында» Бақи, Ж.Бизенің «Карменінде» Хосе; Дж.Пуччинидің «Чио-Чио Санында» Пинкертон, ал «Тоскасында» Каварадосси; Н.Г.Жигановтың «Алтын шашында» Джек, П.И.Чайковскийдің «Пиковая дамасында» Герман, М.Магомаевтың «Наргиз» операсында Альзар музыкалық образдарын сомдауда, У.Гаджибековтың «Аршын мал алан» музыка комедиясында Аскер рольдерін ойнауда әр халықтың өзіне тән салт-санасын толық сақтай отырып, сан алуан образдар жасауда айқын көрінді. Әншінің бұл опералардағы шебер сомдалған рольдері туралы замандас әріптестері, музыкатанушы мамандар «жоғары көркемдік дәрежеге жеткен әнші-актер» деп бағалады.  

Осы орайда бірер мысалдар келтіре кетсек, онымен сахнада – партнер, өмірде – дос, аға-іні болып талай жылдар бірге театрда еңбек еткен қазақ өнерінің жұлдызы, актер, әнші, режиссер Кәукен Кенжетаев естелігінде былай деп жазған: «Үмбетбаев консерватория бітірмесе де, өзінің табиғат берген үлкен дарынының арқасында сахналық тамаша табыстарға жетті. Әнуарбек тек сахна үшін жаралған адам еді. Оны өзі де айтып қоятын. Кең кеуделі, батыр тұлғалы, өңді, әдемі жігіт еді. Даусы сұлу қою тенор болатын. Барлық регистрлері тең, тек жоғары ноталары қысылыңқырап шығушы еді. Бірақ ол Үмбетбаевтың әншілік шеберлігіне нұқсан келтірмейтін».

Әнші үшін жоғарыдағы ірі музыкалық-сахналық туындылардың арасынан М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсындағы Біржан образының шоқтығы биік болды. Бүгінде қазақ жазба кәсіби музыкасының жауһарлары қатарынан саналатын осы опера алғаш рет сахнаға қойылғанда басты роль Әнуарбекке беріледі. Қойылым туралы академик А.Жұбанов мақаласында: «Үмбетбаев кешегі күнде әннің туын аспанға көтерген Біржанның образын есте қаларлықтай етіп жасады. Оның саспайтын сабырлы мінезі, қауіптен сескенбейтін ерлігі, халқына деген махаббаты, Сараға арналған адамшылық жүрегі, мейірімді ана алдындағы балалық мінезді кішіпейілділігі, бай-молдаларға деген өткір музыкалық үнді тілі – бәрі де оның орындауында әдемі берілді», – деп жазды.

Құрманбек Жандарбеков сахналаған «Біржан – Сара» 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болады. Бұл мәртебелі сыйлықты М.Төлебаев – музыкасы үшін, Қ.Жандарбеков – режиссерлігі үшін, А.Ненашев – спектакльді көркем безендіргені үшін алды. Сонымен бірге басты партияларды ойнаған Біржан – Ә.Үмбетбаев пен Б.Досымжанов, Сараны бейнелеген К.Байсейітова мен Ш.Бейсекова да КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бүгінде көзін көре қалған әріптестері Ә.Үмбетбаевтың келбеті де, түрі де, дауыс тембрінің әдемілігі де, бәрі-бәрі халық ұғымындағы әнші-азамат, адал, ақжарқын Біржан салға қатты ұқсайтын еді деп еске алады. Спектакльдің тұсаукесер қойылымынан бастап куәгері, өзі мұндағы Жанбота партиясын ойнаған К.Кенжетаев: «Таудан аққан өзендей төгілген, әрі еркін, әрі күшті, әрі әдемі Әнуарбек Үмбетбаев даусы нәзік, бұлбұл үнді Күләш даусымен қосылғанда, өнер сүйгіш қауым ән толқынына бөленіп, сол әннен сарқылмас нәр алғандай көрінуші еді. Операның алғашқы актысі 22 минут қана жүреді. Осы аз уақытта тыңдармандар мен айтушылар бірге қосылып кеткендей, аса бір қызық тойға айналатын. Залда отырған халық Қоянды жәрмеңкесінде отырғандай сезілетін», – деп еске алады.

Шебер орындаушыға қандай роль тапсырылса да мынау үлкен, мынау кіші деп бөлмей, бәріне үлкен жауапкершілікпен, әсіресе Біржан роліне сүйіспеншілікпен қараған. Сондай-ақ Е.Брусиловскийдің «Жалбырындағы» Қайрақбай партиясы үлкен роль болмаса да, әншінің оған қарым-қатынасын көзкөргендер былай еске алыпты: «Жетім Қайрақпайдың дал-дал болған шапаны, жыртық етігі, алба-жұлба тымағы Әнуарбек үшін аса бір қимас қымбат дүниедей көрінетін. Бұл киімдерді спектакльден соң келесі ойынға дейін әдемілеп орап, сақтатып қоятын. ... Әукеннің Қайрақпайы сахналық көркем шешімін тапқан бейнелердің бірі болды».

Әр спектакль алдында өз өнерін түсініп, қатты қадірлей білген әнші сахнаға шығарда екі сағат бұрын келіп дайындық жүргізеді екен. Грим бөлмесіндегі бос әңгіме мен уақыт кетіретін барлық ұсақ-түйек кедергілерден бас тарта біліп, бар ынтасы мен ойын бір образ маңына тоғыстырып, ойнайын деп отырған рольге бағыттай білген. Сахнаға «Чио-Чио Сандағы» миллионер Пинкертон болып шығу үшін жасынан кербез өскен, адам баласы бетін қақпаған өзімшіл жігіт кейпіне енуі шарт болса, Біржан боп шығу үшін – ән еркесі, халық қалаулысы Біржан сал образына іштей енеді. Ал жақсы көріп ойнаған Н.Г.Жигановтың «Алтын шаш» операсындағы Джек роліне түсу үшін, ну тоғай арасында аңдармен бірге өскен батыр жігіт бейнесіне бейімделген. Рольдердің қай-қайсысы болсын, кедей Қайрақбай, бай Пинкертон, сал Біржан, албырт Айдар, батыр Төлеген, П.Чайковскийдің Германы және басқалар артистің шеберлігімен үндесіп, сол оқиға кезеңіне жетелеп әкететіндей әсер қалдырып отырған. Бұл білім мен тәжірибені, ізденіс пен оқуды қажетсінетін мамандықты әнші бар болмысымен жақсы түсініп, айналасына ісімен үлгі көрсеткен.  

Табиғат берген қабілетін еңбегімен шыңдап, өнер биігіне көтерілген Әнуарбек Үмбетбаев ұлттық опера театры қалыптасуының басында тұрып еңбегімен ерен еңбек еткен, есімі ұлт музыка мәдениетінің тарихына алтын әріппен жазылған дарын иесі болды. Оның есімі қанша жыл өтсе де, Мәңгі Елімен бірге жасай береді.   

1. Мақала «Егемен Қазақстан» газетінде (№ 60 (20292), 9-сәуір, 2014. – 6-бетте) жарияланды.