Қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми институт қажет 1
(Сұхбаттасқан Байдәулет Қаншайым)
– М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкерiсіз. 2011 жылы өз қаражатыңызбен Түркия қазақтарын аралап, біраз мәлімет жинап қайтқаныңыздан хабардармыз. Сол жолы қандай әндер жазып әкелдіңіз? Бұрын естімеген дүниелер кездесті ме? Ол жақта біз білетін қандай туындылар орындалады екен?
– Түркия сапарым жеке ғылыми қызығушылығыммен жүзеге асты. Өйткені осыған дейін Моңғолия қазақ әндеріне арналған ғылыми диссертация қорғалса, Қытай қазақтары күйлерінің он шақты жинағы шықты. Ал Қытай қазақтарының бір бөлшегі болып саналатын Түркия қазақтарының музыкасы назардан тыс қалып келеді. Сол себептен, ол жақта бүгінге дейін не сақталды, қазіргі мәдени тынысы қандай екендігіне үңілу қажет болды. Ыстамбұлдағы қазақтарды аралатып, рухани мұраны жинауға көмектескен түркиялық қазақ, ғалым Әбдуақап Қара болды. Ғалым сол жердің тұрғыны болғандықтан қазақ әнін біледі-ау, айтып береді деген қандастарды түгел аралатты. Ғұрыптық, тұрмыстық үлгілермен бірге лирикалық әндерді де жинадым. Аға буын халықтық «Гүлдариға», «Угай-ай» немесе «Бір бала», «Сандалгер», «Бекзатым-ай», «Пай-пай», тағы басқа әндердің әуенімен қара өлеңдерді көп орындайды екен. Өз жанынан шығарған қара өлеңдерінде негізінен Алтайға деген сағыныш, алыста қалған ағайын, туысқан туралы жырлайды екен. Мәселен, 1933 жылы туған Күли Құсайынқызы:
- Дүркіреп біз Баркөлден көшіп едік,
- Шудасын ақ атанның есіп едік.
- Тұрмадық Алатауды шыр айналып,
- Бір жыл жүріп Кәшмірге жетіп едік.
- Баркөлден шығып едік, біраз қазақ,
- Тауында Гималайдың көрдік азап
- Айналып Алатауды алты ай жүріп,
- Дыңзыға әттең шіркін, жетіп едік-ай, –
– деп қара өлеңдерге жер-су аттарын, ұзақ жолда көрген қиыншылықтарды қосқан.
1922 жылы туған Мәдәлім Байқонақұлы өте құнды материалдар жеткізді. Атап айтсақ, «Алаш маршы», «Шығыс Түркістан маршы» және бала кезінде Қытайда мектепте айтқан «Ұмтыл, жас» деген марштар, ноғай әні, «Жарапазан», бата және тағы басқа үлгілер. Түркия қазақтарының арасында қалған Сарымолла деген суырып салма ақын, әнші, күйші, термеші болған. Ақпараттарға сүйенсек, шын есімі – Нұртаза Садық. Шамамен 1968 жылдары 65 жасында қайтыс болған екен. Оның орындауындағы біраз материалдарды Әбдіуақап Қара берді. Оның репертуарында Ыбырай, Әсеттің әндері, әзіл, ғибрат өлеңдер, қиссалар, көне күйлер болғандығы аңғарылады. Сарымолланы көзкөргендер «татар, ноғай, ұйғыр әндерін де орындаған» дейді. Ыстамбұл қазақтарының музыкалық өмірі осы Сарымолла шығармашылығынан да біраз жайтты байқатады.
Бұл экспедицияда Анкара маңындағы ноғайлардың ауылына да бардым. Мені музыкалық диалектісі өте бай ноғайлар саз фольклоры қызықтырады. Сондықтан Анкара маңындағы Құлұ ауданында ноғайлардың Қырқ кұйе, Артулгедік, Сейдахмет, Мандра, Көзтеңгіл, Ағын, Секер атты жеті ауылында болып, музыкалық фольклорын, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, дәстүрлі билерін гармонь сүйемелінде жазып алдым.
Ұзатыларда айтылған сыңсулар бір мазмұнға құрылса да, әр өлкеде әртүрлі аталған, мысалы, «арыз өлең», «аужар», «үкі-ау», «бике-ау», «танысу», «сарын», «қоштасу», «көрісу» және т.б. Түркияда мұндай үлгілер «Көріс» деп аталған, олардың өте әдемі үлгілерін әуенімен жазып алуға мүмкіндік болды.
– Жоғарыда өзіңіз айтып кеткендей, Моңғол, Қытай қазақтарының халық әндері, күйлері зерттеліп, кітапқа басылды. Ал Түркия қазақтарының халық әндері жинақталды ма?
– Түркия қазақтарының музыка мәдениеті бұрын-соңды кешенді түрде арнайы ғылыми-зерттеу нысанына айналмаған. Бірлі-жарым жазып алғандар болуы мүмкін. Ал жүйелі түрде музыканың ең көне үлгілері болып саналатын ғұрыптық, ауызекі қолданыста жүрген тұрмыстық әндер, қара өлеңдер мен лирикалық шығармалар, тарихи әндер, аспаптық туындылар, бұрын өмір сүрген орындаушылар шығармашылығы, қазіргі композиторлар, өнерпаздар сияқты ақпараттар арнайы игерілмеген. Отандық музыкатану ғылымы үшін бұл материалдар Қытай қазақтарының мәдениеті контекстінде қарастырылғанда ғана ұтымды әрі қисынды. Ыстамбұлға сапарға шығатынымды айтқанымда ғалымдар тарапынан «босқа бара жатырсың», «олардың бәрі еуропаланып кеткен», «ештеңе сақталмағандығы айдан анық» деген пікірлер де айтылды. Бірақ мен іздегенімді тауып, қуанышпен оралдым. Құдай қаласа, Түркия қазақтарының музыка мәдениетіне арналған жинағымды даярлап жатырмын. Әлі де толықтырулар қажет.
– Авторлары ұмытылған немесе өзгеріске ұшыраған әндер кездесті ме?
– Музыкалық фольклор ауызекі орындалып тарайтындықтан, өзгеріске түсуі мен әуендік әрі мәтіндік жағынан варианттарының болуын заңдылық деп қараймыз. Бұл тұрғыда «Бүркітбайдың әні», Иманжүсіптің «Сарымойын» әні, Ақыт Үлімжіұлының «Жақсы қатын мен жаман қатын» деген өлеңі сияқты бірқатар туындылар авторсыз, халық аузынан жетіп отыр. Оларды мүмкіндігінше саралап, анықтап, музыкалық-поэтикалық тұрғыдан талдап барып, оқырманға ұсыну жоспарлануда.
– Күй, терме, жыр-дастандарға да назар аударған боларсыз?
– Егер Сарымолла репертуарына оралатын болсақ, үлгі-насихат, әзіл, мысал өлең, ғибрат термелер орындалыпты. Осы орындауда бірнеше көне аспаптық күй үзінділері аңызымен жеткендігімен құнды. Қазіргі таңда Сарымолла орындауындағы төрт күйді А.Жұбанов атындағы республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының домбырашы ұстаздары оқу бағдарламасына енгізуде.
– Түркияның мұрағаттарына кіруге мүмкіндігіңіз болды ма? Әлде сондағы бауырларымызбен бетпе-бет сөйлесіп қайттыңыз ба?
– Ыстамбұлда материалдарды ауызба-ауыз орындаудан жазып алдым. Қазақтар тойларында, көпшілік бас қосқан ортада негізінен аға буын өкілдерінен, біраз үлгіні орта буын қандастардан үнтаспаға түсірдім. Көне үлгілермен бірге, қазақтардың өз жанынан шығарған әрқилы тақырыптардағы өлеңдерін, ноғай әндерін де жинадым. Жалпы деректерде қазақ музыкасын алғаш зерттеген, нотаға түсірген кәсіби скрипкашы Музаффер Сарысөзен жасаған үнтаспалары, оның Алтай түркілері деп сипаттаған қазақтар музыка мәдениеті, жалпы тұрмысы, салты туралы ақпараттар Анкарадағы мемлекеттік консерватория және фольклор архивіне тапсырылғандығы айтылған. Бұл еңбекті Әбдуақап Қара мұрағатында да көрген едім.
Сыбызғы, қобыз күйлері Түркияда қазір болмағанымен, мына бір тарихи дерекке назар аударған жөн. Шетелдегі қазақтардың арасында ең алғаш рет қазақ музыкасы вокалды әрі аспаптық жанрымен (ән, домбыра, сыбызғы күйлері) бірге кәсіби музыкант тарапынан осы Түркияда нотаға түскен екен. (Бұл жерде қытай композиторы Уаң Ло Биннің жазып алған әндерін есепке алмадым). Түріктің кәсіби скрипкашысы, зерттеуші, елін мекендеген түркітілдес халықтардың он мыңға жуық мелодиясын жазып алған Музаффер Сарысөзен 1953 жылы көшіп келген қазақтардың музыкасын нотаға түсіріп қана қоймай, домбыра, сыбызғы күйлерінің аңыздарын, аспап материалдарын, жасалу тәсілін, дыбыс шығару механизмін, ойналу тәсілдеріне мән беріп, ғылыми сипаттай отырып, түріктің халық музыкалық аспаптарымен салыстыра саралаған.
Жалпы, демеушілер табылып жатса, алдағы уақытта Түркияның басқа аймақтарындағы қазақтарға барып қайтқым келеді.
– Қазақ әндерінің Түркияда насихатталу деңгейі қалай екен?
– Ыстамбұлда әуесқой сазгерлердің шығармашылығындағы әндердің біразын жазып алдым. Мысалы, Бәшір деген музыканттың Алтайға сағыныш әні «Алтай тауым» сондағы қазақтар арасында кең тарап кетіпті.
– Сіздердің институт шығарған «Қазақ музыкасының антологиясына» Түркия қазақтарының, басқа да шетелдегі қандастарымыздың әні енген бе?
– Бұл еңбек Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша сегиз том болып «ҚазАқпарат» баспасынан 2005-2009 жылдар аралығында жарық көрді. Біздің институттың ғалымдары құрастырды. Мұнда бүгінге дейін жарыққа шыққан ән-күйлердің ең жарқын үлгілері таңдалды. Көпшілікке беймәлім әрі екінің бірінің қолы жете бермейтін сирек туындылар сұрыпталып берілді. Ғалымдар Моңғолия, Қытайдағы қазақтардың әндері мен домбыра, сыбызғы күйлерін қамтуға тырысты. Әсіресе, Моңғолия қазақтарында жақсы дамыған сыбызғы күйлері, қытайлық қазақтардың айтарлықтай дамыған домбыра күйлері мен танымал әндері қамтылды. Ал Түркия материалдары кейінгі жылдары жиналғандықтан бұл көптомдыққа енген жоқ.
– Фольклортанушы Берік Жүсіпов «Ахмет Жұбанов осыдан қырық жыл бұрын айтқан «біздің музыка зерттеу саламыз әлі дамымады, көп дүниеміз жиналған жоқ» деген мәселе сол күйінде тұр» дейді. Осыған келісесіз бе?
– Институтымызда 2011 жылға дейін қазақ музыкасына арналған, қобыз, сыбызғы, домбыра, ән, жыр жанрларын әртүрлі аспектіде қарастырған бірнеше ғылыми диссертациялар қорғалды. Жалпы, республикамызда музыкатану ғылымымен кәсіби түрде айналысып, мемлекеттік тапсырыстар бойынша іргелі ғылыми-зерттеулер жүргізетін бірден-бір орталық – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. Институттың атқаратын ғылыми жобалары Елбасының Жолдауларында көрсетілгендей ұлттық мүддеге қызмет ететін тақырыптарда. Тарихына көз жіберсек, қырқыншы жылдар соңында ҚазКСР Ғылым академиясы Президиумының жанынан академик А.Жұбанов «Өнертану» секторын ашып, мұнда өмірінің соңына дейін қызмет еткен. Бүгінде «Музыкатану» бөлімінде профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі С.Күзембай қызмет етеді. Соңғы он жылға ғана тоқталсақ, оның басшылығымен «Қазақ өнерінің тарихы» атты үш томдық, «Қазақ музыкасының антологиясы» көптомдығы, «Қазақстанның Тәуелсіздік кезеңіндегі музыка өнері», «Ғылыми қазына» секілді ондаған ғылыми-зерттеулер жүзеге асты. Бөлімдегі әр маман музыка саласының белгілі жанрында ғылыми-теориялық ізденістер жасайды. Мәселен, С.Күзембайдың «Ұлттық музыкатану ғылымының өзекті мәселелері», А.Бұлтбаеваның «Эпос және музыка», Г.Мұсағұлованың «Национальное своеобразие речитаций в казахской опере», А.Қазтуғанованың «Қазақтың арнау күйлері (жанр және стиль мәселелері), сонымен бірге ұжымдық монографиялардан «Қазақстанның Тәуелсіздік кезеңіндегі музыка өнері», «Дәстүрлі музыка және композиторлық шығармашылықтағы тәуелсіздік идеясы», Қазақстан композиторларының 50-ге жуық опералары қамтылған С.Күзембай, Г.Мұсағұлова, З.Қасымованың «Қазақ опералары» атты кітабы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Бұлардың бәрі ғылымда өз орны бар, жаңа бағыттағы ізденіске толы, кәсіби мамандарға арналған еңбектер. Зерттеушілердің әр жетістігі, әр жарыққа шыққан ғылыми еңбек маңызы туралы республикалық баспасөз беттерінде қазақ және орыс тілдерінде жарияланып, телеарналарда, радиотолқындарда сұхбаттар беріліп жүр. Бұл ретте қазақ тіліндегі монографиялардың жазылуы да соңғы жылдардың үлесінде екенін айтып өтейін.
Мұнымен бірге Қазақстан музыкатану ғылымында өзіндік орындары бар ғалымдардың еңбектерін айтпай кетуге болмайды. Олар профессор Н.Кетегенованың «Қазақстан композиторлары» атты сериялы кітаптары, Ү.Жұмақованың «Творчество композиторов Казахстана 1920-1980-х годов: проблемы истории, смысла и ценности» еңбектері, С.Өтеғалиеваның «Хордофоны Центральной Азии», А.Омарованың «Традиции состязательного искусства и казахская опера» және «Қазақстан кәсіби композиторларының шығармашылығы: даму белестері» кітаптары, тағы басқа ғалымдар еңбектері бар. Бұл жарық көрген іргелі ғылыми-зерттеулердің санаулы ғана бөлшегі.
Қазір институт ғалымдары «Қазақстан халықтарының музыка өнері», «Шетел қазақтарының музыка өнері», «Художественный феномен Астаны в контексте социально-культурной модернизации Казахстана ХХІ в.» секілді мемлекеттік ғылыми жобаларымен айналысуда. Әрине, кәсіби музыкатанушы мамандарды даярлайтын арнайы жоғары оқу орындарында магистратураға орындар аз бөлініп келеді. Алдағы уақытта бұл салаға көзқарас түзелсе жақсы болар еді.
Енді ұлттық мұраның жиналуы жағына сәл тоқталсақ, соңғы жиырма жылдың өзінде санамалап, беріден қайтқанда елуін айтып беруге болатын әндер, күйлер, термелер, дастан-жырлар жинақтары шықты. Нақты атап өтсек, А.Тоқтағанның бірнеше кітабы (Күй-қастерлі әуез», «Күй керуені», «Құрманғазы», «Күй – Тәңірдің күмбірі», т.б.), Б.Қосбасаровтың «Қобыз өнері», Б.Ысқақовтың «Сарыарқа саздары», К.Сахарбаеваның «Атырау ән-күй мұхиты», Б.Мүптекеевтің «Жетісу әндері», М.Әбуғазы құрастырған «Сарыарқа әндері. Антология», «Ақ Жайық өңірінің музыкалық фольклоры» үш томдығы, Т.Мұқышевтің «Сыбызғы сазы», «Алтай-тарбағатай күйлері» үш томдығы, Б.Игіліктің «Алыстағы шұғыла» жинағы бар. Б.Оспанов «Дад» дастаны, А.Жаңбыршы құрастырған «Адайдың Ырғамасы. Маңғыстау әндері, жыр-саздары», «Нарату. Маңғыстау күйлер жинағы» екі кітабы, М.Таңғытұлы «Шежірелі шертпе күй»...
Бұған СD-альбомдарды қосыңыз. Жалпы жинақтар жеке немесе ұжымдық экспедициялар нәтижесінде жарық көреді. Бұл орайда 2000 жылдары консерватория тарапынан еліміздің шалғай аймақтарына этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылды. Астана Музыкалық академиясында соңғы жылдары шетелге іссапарлар жасалуда. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 2012-2014 жылдарда мемлекеттік «Шетел қазақтарының музыка өнері» атты ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырылуда. Ғалымдар өнерді кешенді зерттеу мақсатында алғаш рет Ресейдің Самара, Саратов, Волгоград, Астрахань, Орынбор облыстарына, Алтай Республикасының Қошағаш ауданында, Қазан, Мәскеу, Санкт-Петерборда болып қайтты. Олар фольклорлық үлгілер ғана емес, қазақтардың бүгінгі мәдени тыныс-тіршілігімен де танысып, қолөнер, би және бейнелеу өнері, кәсіби композиторлар шығармашылығын да қарастыруда. Сонымен бірге мамандар Өзбекстанның Ташкент, Бұхара, Самарқанд, Хорезм, Хиуа, Қарақалпақстанның Қоңырат қалаларында, Моңғолияның Ұлан-Батыр маңындағы қазақтар шоғырланған Дархан уул, Баян-Өлгей, Қобда аймақтарында, Қытайдың Іле қазақ автономиялық, Тарбағатай өңірі, Үрімші маңы, тағы басқа елді мекендерге сапар шекті. Өнерге қатысты құнды материалдар жинастырылуда. Нәтижесінде, ғылыми мақалалар жарық көріп жатыр, ұжымдық монографиялар мен жинақтар жоспарлануда.
Қорыта айтқанда, институттағы әр музыка зерттеушісі арнайы бір бөлім шұғылдануды қажетсінетін жанрмен айналысып отыр. Яғни, жақсы көрсеткіштерге ие болса да, осы сала мамандарының тапшы болып отырғаны жасырын емес.
– Батыс өлкесінің музыкалық дәстүрін зерттеп, ғылыми диссертация қорғаған екенсіз. Ел аузынан 300-ге жуық музыкалық үлгілерді жинап, нотаға түсіріп, ғылыми айналымға ұсыныпсыз. Батыс дәстүрі зерттеліп бітті деуге келе ме?
– Ғылыми нысаным – жалпықазақ мәдениетінің бір бөлшегі ғана. Батыс өлкесінде мықты дамыған күйшілік өнер іштей бірнеше мектептерге бөлінеді. Сол секілді аймақтағы жыраулық-жыршылық дәстүр де сан мектепке ие. Осындай ірі өнер арналары көлеңкесінде өңірдің ән жанрына арнайы көңіл бөлінбей келді. Ғылымның қай саласы болмасын, әсіресе, музыкатануда проблема толық шешімін тапты, аяқталды деген түсінік болмайды. Ғылым дамыған сайын жаңаша көзқараспен саралауды, игеруді талап етеді. Бұрын зерттеу нысаныма алынған Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Орал облыстары болса, енді бұл шеңбер кеңейіп, онымен шекаралас Ресей жерінің қазақтар музыкасын да қарастырудамын. Түрікменстандағы, Ирандағы қандастардың саз мәдениеті де осы территориямен тығыз байланыста. Өлкенің бір-бірімен сабақтаса отырып қалыптасқан музыка мәдениеті өзіне болашақта талай ғалымның үңілуін күтіп тұр.
– Басқа тақырыптарды да қаузау институттың тапсырмасы ма, әлде жүрек қалауыңыз ба?
– Соңғы жылдары портреттер жазып жүрмін. Нысаныма мектеп оқушыларынан бастап қолөнер шебері, музыканттар (кларнетші, қылқобызшы, вокалист, дәстүрлі әнші, сырнайшы), ғалымдарды алып көрдім. Бұл қосымша айналысып жүрген дүниелерім. Еліміздің мәдениетін өркендетуші тұлғаларды кәсіби көзқараспен бағалауға тырысамын.
– Сіз зерттеген еңбектер жеке жинақ болып шықты ма? Алдағы уақытта зерттесем деп жүрген нысандарыңыз бар ма?
– 2009 жылы институттан «Қазақстанның Батыс аймағының ән мәдениеті» атты монографиям жарық көрді. Құдай қаласа, жақында жаңа ғылыми-зерттеулер мен мақалаларымның жинағы жарыққа шықпақ. Мемлекеттік жобалар аясында Қазақстан халықтарынан ноғайлар мен қарақалпақтар өнерін таңдадым. Қазаққа туыс бұл этностардың музыка мәдениетіндегі кешегісі мен бүгінгісін, қазақ музыка тіліне ортақ нышандарын қарастырудамын. Түркия ноғайларынан жиналған үлгілер салыстырмалы қарастыруда өте жақсы материал қызметін атқарып отыр.
Жалпы, Орталық Азия және түркітілдес халықтардың дәстүрлі музыкасындағы (көне саздары) ерекшеліктер қызықтырады. Бұл жаһандану дәуіріндегі көптеген елдер бетбұрыс жасап үңіліп жатқан тақырыптардың бірі болып отыр.
– «Телқоңыр» бағдарламасында талай әннің тарихы талданды. Біраз шындықтың беті ашылды. Енді осы әндерді нақты бір ізге түсіріп, соңғы нүктесін кім қояды?
– Жалпы, «Телқоңыр» бағдарламасы ұлт өнері үшін өте қажетті де өзекті мәселені айқын көрсетіп отыр. Ол мәселе – қазақтың дәстүрлі музыкасын қорғайтын, арнайы ғылыми тұрғыдан игеріп зерттейтін, өз деңгейінде насихаттайтын институттың қажеттігі. Соншалықты бай қазынаға ие қазақ музыкасын зерттейтін, оның құқығын қорғайтын орталық бізде жоқ.
«Телқоңыр» бағдарламасында «осы музыка саласындағы зерттеушілеріміз не істеп жүр?» деген сөздер естіліп қалады. Он мыңнан аса ән, жыр, күй жанрларымызды зерттеу ісі бір адамның, бірер жылдың жұмысы емес. Түсінікті болу үшін бір ғана ән жанрын алып қарайықшы. Алдымен оның поэтикалық мәтіні ауызға түседі. Қазақ әндерінің текстологиясына арнайы мән берген ғалым З.Қоспақов болды. Қазір бұл бағытта арнайы, жүйелі ізденіс бар ма? Әннің тарихы, авторлығы, әуен-интонациясы, әннің ырғағы, әннің лады (дыбыс жүйесі), әннің аспап сүйемелі және «Телқоңыр» көтеріп жүрген проблеманың бірі – әннің варианттылығы. Бүкіл қазақ әні проблемасы өз ішінде ғұрыптық, тұрмыстық, халықтық, композиторлық туындылармен, қазіргі заман шығармаларымен үлкен бір теңіз – бұл бірер адамның өмірі жетпейтін еңбекті талап етеді. Сол секілді күйлерімізді, жыр өнерін қараңыз.
Бүгінде музыка зерттеуші кәсіби мамандар, әсіресе, қазақ тілін жетік білетін зерттеушілер аз болып отыр. Біздің институтымыздағы музыкатанушылар опера, оратория мен кантата, симфония, күй, ән жанрларында, түріктілдес халықтар музыкасын қарастырудағы белгілі бір бағытта мемлекеттік тапсырыс жобалары аясында ғылыми ізденіс жасайтындығын жоғарыда айтып өттім. Және атап көрсетілгендей дәстүрлі музыканы зерттеу проблемаларын жан-жақты көтеруге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қолдау жасалынуы қажет. Қазақ музыкасы өз деңгейінде дамуы үшін оған арнайы бір ғылыми институт қажет екендігін тағы да айтқым келеді.
1. Сұхбат «Айқын» газетінде (№ 197(2352), 26-қазан, 2013. – 3-б.) жарияланды.↩