Он сегіз жасар Балжан қыз
Қазанғап

Осы орайда біз зерттеуші мамандарға «Орынбор сапарының қазақ руханиятына қосқан олжасы қандай? Жиналған деректер несімен құнды? Алдағы уақытта жазып алынған дүниелер қандай пайдаға жаратылады?» деген сұрақтарымызды қойған едік.

М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері Дүйсенгүл Жақан мен Бақыт Тұрмағамбетова «Шетел қазақтарының музыкалық өнері», «Шетелдегі қазақ фольклоры» ғылыми-зерттеу жобалары бойынша Ресейдің Орынбор облысына экспедицияға барып қайтты. Осы орайда біз зерттеуші мамандарға «Орынбор сапарының қазақ руханиятына қосқан олжасы қандай? Жиналған деректер несімен құнды? Алдағы уақытта жазып алынған дүниелер қандай пайдаға жаратылады?» деген сұрақтарымызды қойған едік.

55 жыл зерттелмеген тарихи мекен

Дүйсенгүл ЖАҚАН, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты фольклортану бөлімінің аға ғылыми қызметкері:

– Ең алдымен, бұл сапарымыздың мақсаты мен ерекшелігін айта кетейін. Аталмыш мемлекеттік жобалар Қазақстаннан тыс жерде тұратын қандастарымыздың дәстүр-салтын қазақ руханиятының құрамдас бір бөлігі ретінде зерттеп, зерделеп, ғылыми айналымға қосуды мақсат етеді. Тереңнен ойластырылған бұл мәнді жобаның ғылыми жетекшісі – академик Сейіт Қасқабасов. Жобаның сәтті жүзеге асуының барлық  моральдық-материалдық мүмкіндігін қамтамасыз еткен – ҰҒА корреспондент-мүшесі Уәлихан Қалижанов мырза басқаратын институт басшылығы. Орынборға фольклорды зерттеуші топ бармағалы біраз жылдардың жүзі болған екен. Сондықтан қазақтар тұратын алыс түкпірдегі ауылдарды түгел қамтып, қандастарымызбен бетпе-бет жүздесіп, олардың бүгінгі тұрмыс-тіршілігін көріп, рухани тынысын сезінуді мақсат тұттық. Алаш зиялыларының азаттық сүйгіш рухының лебі, табанының ізі қалған тарихи мекендегі қазақтардың рухани-мәдени өмірі ұлттық болмысымен ерекшеленеді. Өзге мемлекеттің аясында, сан түрлі ұлтпен аралас өмір сүріп отырған, бірде-бір өзінің ұлт тілінде мектебі, баспасы жоқ жұрттың бұл қасиетінің сыры – ежелгі салт-дәстүрлерін берік сақтауын­да деп айтуға толық негіз бар. Алдын ала жоспарлы бағыттан бөлек, өз бетімізбен кез келген ауылдан түсіп қалып, оқыстан әрбір үйге сәлем бере кіріп, жекелеген адамдармен әңгімелесу барысында да бұл ойымыз беки түсті. Атажұрттың әрбір жаңалығына құлақ түріп, жетістігіне көңілі марқайып отырған қазақи дархан пейілін жоғалтпаған бауырларымыздың мейіріміне бөленіп, ерекше көңіл күймен қайттық.

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты музыкатану бөлімінің аға ғылыми қызметкері:

– Тұңғыш астанамыз (1920-1925 жж.) Орынбор қаласынан басталған экспедиция қазақтар көп шоғырланған Ново-Орск, Адамовск, Домбаровск, Светлинск, Соль-Илецк, Ясненск аудандарының шалғай ауылдарында жалғасты. Сондай-ақ Орск, Новотроицк, Ясный, Соль-Илецк (Тұзтөбе) қалаларынан материалдар жиналды. Облыста саны жағынан татарлардан кейін үшінші орынды қазақтар алады екен. Аға буын, орта буын қазақтар орыс, татар, қазақ тілдерінде әндерді еркін орындайды. Бұл экспедиция материалдары музыкатану ғылымы үшін өте маңызды болып отыр. 

1958 жылдан кейін бұл өлкеге аяқ басқан ешкім болмапты. Өңірдің музыкалық фольклоры кешенді түрде алғаш зерттеліп отырған бұл іссапарда қазақтардың бүгінгі музыкалық мәдениетінен мол ақпараттар жиналды. Біздің байқағанымыз, Қазақстанның Орал, Қостанай, Ақтөбе облыстарымен шекаралас Ресейдің селоларында ауызекі музыкалық фольклор аға буын өкілдерінде жақсы сақталған. Облыста «Сағыныш», «Тамаша», «Шашу» секілді вокалдық ансамбльдер репертуары тек қазақ тіліндегі әндерден құрылған екен. Ресейдің басқа облыстарымен салыстырғанда мұнда домбыра аспабы қолдан түспеген. Бірақ негізінен ән сүйемелдеуші аспап ретінде қолданыста екен. Мысалы, 1984 жылы туған Адамовка тұрғыны Аязбек Нұртішев деген жігіт You-Tube арқылы өзі домбыра үйреніп қана қоймай, ауыл балаларына да үйреткені үлкен  әсер қалдырды. 

ОРЫНБОРДАН ТАБЫЛҒАН ОЛЖА

Дүйсенгүл ЖАҚАН: – Өзге тілдің үстемдігінде өмір сүріп жатқан өңір қазақтарындағы дәстүрлі руханияттың тұтастығы бала тәрбиелеу, қыз ұзату, келін түсі­ру, аруақты құрметтеу сынды өте көне ырым-салттар мен кейінгі әдет-нормалардың сабақтастығынан көрінеді. «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейтін халықтық тұжырым ел тұрмыс-тіршілігінің тиянақ, таянышы іспетті. Байырғы әулеттік-туыстық негізін сақтап, қара шаңырақта кенжесінің қолында қалып, ұрпақ татулығының ұйтқысы болып отырған көкірегі қазыналы қариялармен көп жүздесуіміз бұл іссапардың аса маңызды олжасы деуге болады.

Орынборлық қазақтарда ата-баба аруағын қастерлеу, әріден келе жатқан ізгі салт-дәстүрлердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына мүмкіндігінше мән беріп, қадағалау анық байқалады.

Туған топырағының әрбір тауы мен тасын, жері мен суын қадірлеп отырған жұрттың арасында сақталған «Қыз әулие», «Бөкебай жары», «Киелі тас», «Жылан тау», «Түйе тау», «Намазтау», тағы басқа жерлердің атауына қатысты топономикалық аңыздар бір шоғыр. Кей жер-су аттарының пайда болуын тарихи тұлғалармен, мәселен, «Орыс кескен», «Бауыздау» деген жер аттары Кенесарының жорығына қатысты әңгімеленіп, оның жауларын бауыздап, сүндетке отырғызу оқиғаларымен байланыстырылады. Біз пікірлескен үлкен-кішінің әр­қайсысы өздері айтқан әңгімелерді, сақтаған мұраларды, ұстанған салт-дәстүрлерін ерекше бағалайды, оның ұлттық құндылығына сенеді.  

Елде отбасылық ғұрып фольклорындағы жат жұртқа ұзатылып бара жатқан қыздың туған жұртымен қоштасу салтының көне мәтіндік үлгілері мол сақталғандығына көз жетті. Мысалы, 1940 жылы туған Жарлы селосының тұрғыны Мария Рахметовадан жазылып алынған «Анасына қарату», «Атасымен қоштасу», «Ағасымен қоштасу», «Жездесімен қоштасу», «Жеңгесімен қоштасу», «Бауырымен қоштасу», «Нағашысымен қоштасу», «Құрбы-құрдасымен қоштасу», «Қыздың мұң-шерін шағуы» шумақтарда толық көрініс тапқан.

Халқымызда дүниеден озған жанды ақырғы сапарға бүкіл жөн-жосығымен қастерлеп аттандыру тірілер алдындағы ұлы міндет болған десек, осы дәстүрдің Орынбор қазақтарында желісі бұзылмай сақталып отырғандығы аңғарылды. Мұнда дүние салған адамға бағышталатын рәсімдердің  өлім оқиғасынан  тағлым түюге  тәрбиелейтін жағына баса мән беріліп, дәстүрлі халықтық қалпын бұлжытпай атқару басым. Бізде байқалып қалатын түрліше көзқарастар қайшылығы, асты тоймен теңестіретін ысырапшылдық пен даңғаза бәсекелестікке сын көзімен қарайды. Сондықтан да болуы керек, жерлеу ғұрпындағы міндетті рәсімдер үстінде айтылатын ғибраттық тағлымы мол діни хикаяттар көбірек сақталған. Ел арасында сан ғасырлардан келе жатқан өткенді жоқтау, марқұм алдындағы парызын ғана емес, қайғы, шер шығарудың құралы ретінде аға буын өкілдері үшін әлі де аса бағалы екен. Тұтас бір жанрдың тууына, сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне себепші болған әйел-аналардың сарқыты іспетті Елизаветинский селосының тұрғыны Әлима Ешматова (1948), Асылзат Жақанова (1933, Орск қаласы) сияқты аналардың шығармашылығы арнайы әңгіме өзегі боларлық тақырып. Қазақ келінінің ерекше болмысын танытатын қайын енесін, қайнысын, абысынын жоқтау үлгілері де тың теңеулері мен сөз орамдары жағынан ерекше дүниелер. Сондай-ақ 97 жастағы Н.Сәбденованың жадында жатталған жоқтаулар мен өлеңдер өз алдына бір бөлек дүние. Жасының ұлғайғандығына қарамастан, санасы сергек, көкірегі қазыналы қарияның сыр сандығының пернесін баса білсең болғаны, ағытып айта жөнеледі. Әсіресе, ол кісінің жадындағы Ұлы Отан соғысы тұсындағы қазақ отбасының басынан кешірген шерлі тарихының өлеңге түскен өрнегі сол күйінде сақталған.

Ерекше қөңіл аударарлық мәселе – көкірегі зерделі қарттарымыздың ауызша айтқыштық дәстүрді жоғалтпай, тіпті көңілі шаттанса жадында жатталған ел аузындағы жыр, аңыздарды ғана емес, тың тақырыпқа да тосылмай төкпелете жөнелетін өнері өшпеген. Мәселен, Комсомол селосының тұрғыны Кәдір Бимағамбетов ақсақалдан (1937) жазылып алынған дүниелер осының куәсі. Әсіресе, ол кісінің шет жұртта жүрген ағайындардың туған жер, атамекенге деген аңсары мен арманын өзек еткен өлеңдері өз алдына бір тақырып. Сонымен қатар қанша қудалау, қуғынға ұшырағанмен Алланың ризашылығы мен адамның игілігі үшін ғана қызмет еткен дін иелері туралы әңгімелер ел жадында мол сақталыпты. Мәселен, заманында әрі молда, әрі бақсы атанып, биік бедел иеленген Мүтиғолла мол­даның қасиетін қастерлеп, денсаулығына, жасына қарамай, қара шаңырағынан көшпей, атасынан қалған асыл бұйымдарды (құран, тасбиық, тұмар, адалбақан, киімдері) аялап отырған ащыбұтақтық Роза Мутыгуллинаның (1945) ісі өнегелі әңгіме өзегі боларлық.
Сондай-ақ Жанназар Балғожинов қарияның (1927, Озерное селосы) аузынан беташар, бата, аңшылық-саятшылыққа қатысты ежелгі ырым-тыйымдар, жүйрік ат баптау мен жалпы жылқы өсіру және оның ауруларын емдеудің халықтық ем-домдары жөнінде қызықты мағлұматтар жазылып алынды.


Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА: –  Сыңсу, көріс, теріс өлең, жоқтау, беташар ғұрыптық әндердің, қара өлеңдердің тамаша үлгілерін үнтаспаға жазып алдық. Ресейлік қазақтардағы үзілмей келген ғұрыптың бірі беташар салты екен. Беташарлардың домбырасыз орындалған, аспап сүйемелімен жеткен, бүгінгі заманғы түрлері жиналды. Халық аузында жүрген, кең тараған әндерден «Ақ Жайық», «Қыз Жібектің әні» немесе «Әгугай», авторлық туындылардан ақтөбелік композитор Батақтың Сарысының әнін, «Молдабайдың әнін» айтуға болады. Мысалы, Орск қаласының тұрғыны 77 жасар Ақжарқын Орынбасарова «Молдабайдың әнін» домбырамен шебер орындап берді. ХХ ғасыр әндерінен С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнінің қайырмасы сақтала отырып, ең өміршең жанр – қара өлеңдердің мақамы ретінде өзгеріске ұшырапты. Халық арасында жиі орындалатын шығармалар қатарында Ш.Қалдаяқовтың, С.Бәйтерековтің «Атамекен», «Әлия» әндерін айтуға болады. Өткен ғасыр туындыларынан «Ах, Самара городок», М.Блантердің «Катюша», А.Островскийдің  «Песенка молодых соседей» («Қаламызда жазғы кеш» деп аударған) әндері қазақша нұсқасымен бірге орындалады.

Дүйсенгүл ЖАҚАН: Орынбор өлкесінен жазылып алынған фольклорлық мәтіндердің тақырыптық-құрылымдық тұрғыдан қазақтың дәстүрлі өмірімен тамырлас екенін жоғарыда атап өттік.

Мысалы, ұзатылған қыздың қоштасуынан үзінді келтірейік...

  • – Көтеріп салдың арбаға,
  • Не жазығым бар еді?
  • Енді айналып келгенше,
  • Қош-есен бол, жан аға.
  • Есіктің алды ағаш-ай,
  • Далаға шығып қарашы-ай.
  • Енді айналып келгенше,
  • Қош-есен бол, нағашы-ай.

Бізде сирек кездесетін мазмұндағы келіннің енесін жоқтау үлгісі жазылды:

  • – Бейнетпен бала өсірдің,
  • Азабын тартып жесірдің,
  • Өсірген сөйтіп балалардың,
  • Қатесі болса кешіргін.

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА: Орынборлық қазақтар арасында өлеңмен хат жазу, амандық білдіру секілді дәстүр 1990 жылдарға дейін жоғалмаған. Адамовка тұрғыны Б.Несіпбаева (1947 ж.т.) тұрмыс құрғанда шығарған сыңсуды орындады: 

  • – Ұзын-ау, ұзын қызыл жол,
  • Ұзын жол барар Орынбор.
  • Осы көптің ішінде,
  • Болмады менің шешем сор, – деген жолдар анасының ерте қайтыс болғанынан ақпар береді.

Орыс тілінде сөйлесіп жүрген қандастарымыз таныса келе, өздерінің ана тілінде шығарған өлеңдерін ұсынды. Олардың ішінде бүгінгі уақытқа бейімдеген беташарлар, баласы әскерде жүргенде жазған сағыныш хат-өлеңдер, науқастанып жатқандағы көңіл күй өлеңдер және тағы басқаларды мысалға алуға болады. Сондай-ақ 97 жасар Несібелді Сәбденованың орындаған сыңсуындағы әжесіне, жеңешесіне айтылатын қоштасудың қара өлең және жыр формасымен қатар келуі – ерекше құрылым. Сол секілді Жасай селосының тұрғыны Хамит Ерхатов (1939) орындаған соғыс жылдарындағы аналардың «Сағыныш өлеңінің»:

  • – Сағат сайын дүрсілдейді комбайн,
  • Шөлдегенде тақылдайды таңдайың.
  • Соғысқа кеткен ерлеріміз аман боп,
  • Бұл жұмыстан ашылар ма екен маңдайым, – деген жолдары әуенімен қоса көңіл аудартады.

 

ЖИНАЛҒАН ДЕРЕК ЖЕРДЕ ҚАЛМАЙДЫ

Дүйсенгүл ЖАҚАН: Фольклорды жинау, саралау, жариялаудың фольклортану ғылымында қалыптасқан өзіндік жүйесі бар. Сол негізде қазір барлық жұмыстар жасалуда. Біз үшін әуелде бар нәрсенің өзінің бүгінгі сақталу, өзгеру құбылыстарын бағамдаудың өзі маңызды. Ал Орынбор өлкесінен жиналған материалдардың ерекшелігі, жоғарыда атап көрсеткендей, әрбір жанрлық түр мен мотив, сюжеттер негізінде талдап жазуға лайықты.

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА: Зерттеушілерге қаймағы бұзылмай сақталып келген Қытай, Моңғолия, Иран қазақтарының музыкалық фольклоры белгілі. Ал мына көршілес жатқан Ресейдің Самара, Саратов, Волгоград, Астрахань, Орынбор секілді облыстарындағы музыкалық үлгілер бір кеңестік кеңістікте, ортақ биліктің ықпалында болғандықтан, «орыстанып кеткен» деген түсінікпен жете мән берілмей келді. Алайда жаппай дінсіз, ортақ орыс тілінің ортасында отырған бауырларымызға күдікпен барып, күмәніміз сейіліп, қазақылықтың жақсы сақталғанының куәсі болдық.  

Дүйсенгүл ЖАҚАН: Іссапар барысында жиналған материалдарды негізінен «Шетел фольклоры» жобасы аясында шығарылатын ұжымдық монографияға тарау, мақала ретінде енгіземіз. Басқа да формада жариялаудың жолдарын қарастырып жатырмыз.

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА: Бұл құнды үлгілер қазір нотаға түсірілуде. Ғылыми және танымдық мақалалар жазылып, жарияланып, мүмкіндіктер туып жатса, телеарналардағы арнайы хабарлардан жіберу ойластырылуда. Зерттеме институттың жоспарлы ұжымдық монографиясында жарияланбақ. 

МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚАМҚОРЛЫҚ жасалса...

Дүйсенгүл ЖАҚАН: Біз Ресей секілді алпауыт елдің саясатында өмір сүрсе де ұлттық бет-бейнесін жоғалтпаған, жоғалтпақ тұрмақ, өзін сақтаудың қандай да бір жолдарын табуға әрекет үстіндегі қариясы қазыналы, азаматы айбарлы, абысын-ажыны тату, ұл-қызы өнегелі қандастарымыздың қайсар рухына құрметпен басымызды иіп, аманатын арқалап қайттық.  

Әрине, қазіргі заман ағысына сәйкес ежелден қоныстанған мекенде қарттар ғана қалып, жастардың қалаларға қоныс аудару үрдісі Ре­сейде де бар. Бұл орайда қарт ата-анасының қүтімімен алыс түкпір ауылда қалса да  пайдалы кәсіп ашып, туған ауылын жұмыспен қам­тып,  түтінін түзу ұшырып отырған Жұмажан Байғожинов секілді азаматтардың ісі үлгі етуге тұрарлық.

Орынборлық бауырларымыздың ежелгі ата-аналары қоныстанып, өздерінің кіндік қаны тамған жерге гранит тастан арнайы белгі қойып, ауылдың ескі атын жазып, белгілі бір уақытта сол жерге жас ұрпақты жинап, өткендердің өнегелі ісін дәріптеп еске алатын игі дәстүрі бар екен. Бір ауданның жері, тау-тасы, өзен-суының ескі атауларын жаңғыртып, географиялық картасын жасаған Қайыр Оразалиннің жасаған бастамасы басқа өңірлерге де ой салыпты. Ал ұлттық мерекелерді өткізу, өнер ұйымдарын ұлттық киіммен қамтамасыз ету де А.Байдәулетов, А.Мүшріков, Қ.Айжанов секілді жекелеген азаматтар көмегімен іске асуда. Бұдан бөлек, «Жаңа Айқап», «Бәйтерек» деген атпен екі тілде газет шығарады.  Демек, бұл жайттардың бәрі қайсар рухты қазақ баласының қол қусырып қарап отырмағандығының  мысалдары.

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА: Атажұртымен мәдени байланысын нығайту, ұлттық рухты көтеретін шаралар ұйымдастыру. Наурыз мерекесімен ғана шектелмей, жастармен жыл бойы жүйелі, кешенді жұмыс жасайтын жобалар құру. Ел ішіндегі дәстүрлі музыканттар мен ұжымдардың кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында шаралар ұйымдастыру. Бұл – Орынбор қазақтарына көрсетілер қамқорлықтың бір парасы.
Ең алдымен, барлық шетел қазақтарының ортақ мәселесі – ана тілінің қолданыс аясының тарылуы болып отыр. Қазақ жастарының «Арай» қоғамдық бірлестігінде жастармен кездесіп, пікірлестік. Олардың атажұртқа келіп тұрғысы келетінін, ана тілін білуге талпыны­сын байқадық. Төрткүл дүние ағылшын, басқа шет тілдерін білуге ұмтылып жатқанда, төл тілінен қазақтың қағажу қалуы қашанғы жалғасуы тиіс?

Дүйсенгүл ЖАҚАН: Біз қалам күшіне ғана сенген ғылым адамы болғандықтан, өз мамандығымызға сәйкес осы жинап алған бауырларымыздың қаймағын бұзбай сақтап келген дүниелерін сараптап, саралап ғылыми айналысқа түсіріп, жарыққа шығарумен ғана шектелеміз. Тиісті орындарға ой салу мақсатында былтырғы жылы 31 қазанда Алматыда өткен «Қазақ диаспорасының жасампаз әлеуеті: тарихы және заманауи келбеті» атты дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мұрындық болған республикалық ғылыми-практикалық конференцияда қауымдастық өкілі Ботакөз Уатқанға ұсыныс жасалды. «Бұрын-соңды барып жүргенімізбен біз байқай бермеген мәселелер бар екен. Құзырлы органдарға жеткіземіз» деген еді...
«Бұл істі мен істемесем кім істейді?» дейтін патриоттық сезімді серік етіп, өзгені маңына топтастыра алған Азамат Байдәулетовтің сөзі­мен айтсақ: «Ресей қазақтарына ерекше көзқарас керек». Себебі мұнда Қытай, Моңғолия, Түркменстан сияқты елдердегіден жағдай басқаша. Тіл білетін маман, оқулық жоқтық себебінен бірде-бір қазақ мектебі қалмаған. Ана тілдің мектептердегі пән ретінде оқытылуының да осы себептерден халі мүшкіл. Жеткізілген оқулықтарды көзіміз көрді. Олар біздің жалпы білім беретін мектеп бағдарламаларына арналған оқулықтар екен. Қазақ тілін оқыту курстарының жұмысын «маман жоқ» сылтауымен бірді-екілі қазақша түсінетін қазак, я татар жүргізіп отыр. Шұбар тілмен толтырылған құжат тілін түсіну үшін де «арнайы сауат» керек.
Әлем мойындап, тұлғалы мемлекет атанып отырған біз үшін мемлекетті құрайтын негізгі ұлттың бір бөлшегінің іргелес елде бұлайша рухани күй кешуі кім-кімді де ойлантады. Яғни орынборлық бауырларымызға жасалатын қамқорлық сөз жүзіндегі уәде, я болмаса белгілі бір ағымдық мәдени шара емес, нақтылы іске бағытталған, кезең-кезеңмен жүйелі түрде жүзеге асатын бағдарлама мазмұнында жасалуы тиіс сияқты. Онда осы өңірдің тарихи-мәдени болмысын ескере отырып, ана тілін оқыту, сақтау мәселелерін шешу; радио, телеарна, баспасөз, ұлттық руханиятымыздың жанданып дамуына мүмкіндік қарастырылуы қажет. 
Айта кетерлік жайт: бүгінгідей жаһандану үрдісі қарқын алған кезеңде жергілікті жекелеген іскер азаматтардың күшіне ғана сүйену жеткіліксіз. Бұл мәселенің мемлекетаралық дәрежеде бір шешімі табылуы қажет. Мұны әрбір ауыл-аймақта айтылған аманаты мен жас ұрпақ болашағына алаң көңілдердің жан айқайы деп түсініңіздер. Біздің парыз – қалың елдің сәлемін жеткізу ғана. Ешуақытта іргеміз ажырамаған тату көрші Ресеймен бұл мәселені  шешу құзырлы орындарға көп қиындық тудырмас деп ойлаймыз.

1. Мақала жарияланды: «Айқын» газеті, 22-қаңтар, № 9 (2403), 2014. – 5-бетте. Сұхбат М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 2012-2014 жылдары жүзеге асырылған «Шетел қазақтарының өнері» (Мемлекеттік тіркеу №0112РК02847) атты ғылыми жобасы аясында дайындалған материалдар бойынша берілді.