Көңіл толқыны
Секен Тұрысбеков

Қазақстанның батыс аймағының әншілік дәстүрі туралы, оның бүгінгі күнге дейін өшпей, үзілмей жеткен тарихын сөз қылсақ, қалың байтаққа әлі де күнгейінен көлеңкесі басым белгісіз тұстары жетерлік. Соның бірі – Жайық қазақтарының (география ғылымы бойынша Ақтөбе жері де Жайық алабына жатады) Мұхит үлгісіндегі ән мектебінің өз дәрежесінде қаймағы бұзылмай сақталуында атқарған еңбегі, өзіндік орны бар айтулы дарын иесі Шайқы өнернамасы. Осы кезге шейін ұлттық музыка шежіресіндегі тұлғалық болмысын танытар арнайы еңбек жазылмады. Есімі тиісінше аталып, бағалануы керек-ақ еді...

Дархан дарын Шайқы хақындағы көлеңкелі тұстарға жарық берер әуелгі шырақты тұтатуға жасаған талпынысымыз бұдан көп уақыт бұрын басталған-ды. Бұл тұрғыдағы ізденісіміз «Ақтөбе» газетінде «Мұхиттың немересі, Ғарифолланың ұстазы» (27.02.1997), «Орал өңірі» басылымында «Әнші Шайқы – атақты Мұхиттың немересі» (01.03.1997), республикалық «Парасат» журналында «Шайқы» (№12, 1997) деген атаулармен жария етілді. Одан бері де жиырма жылға жуық мерзім өтіпті. Шайқытану әлі өзектілігін жойған жоқ. Аталған тақырыпқа қайта айналып соғуымыздың себебі де осыдан-ды.

Шайқы жайлы там-тұмдап болса да мәлімет қалдырған тұлғалардың бірі – академик Ахмет Жұбанов болатын. Ол «Замана бұлбұлдары» деген еңселі еңбегінде былай деп түзіпті: «...Мұхит балалары ...көшіп жүретін Жымпиты маңы алыс болмай, Ғарифолла Шынтас, Шайқымен кездесіп тұратын болды. Бұл екеуі Мұхиттың ән репертуарын да, орындаушылық әдісін де қаз қалпында алып қалған, кейбір жағдайларда Мұхиттан кем түспейтін музыка қайраткерлері болды. Ғарифолла енді Шынтас пен Шайқыға ән жағынан шәкірт болып, олардың қасына еріп ел аралады. ...Бір жағынан өздері дем алу үшін, екіншіден үйрене берсін деп, айт-тойда, базар-жиында Шынтас, Шайқы әнді көбіне Ғарифоллаға айтқызады».

Талай рет құлағымызбен естіген, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық артисі, ұстазымыз Ғарифолла ата Құрманғалиевтың жиі қайталап айтатын мына бір сөздері де әлі күнге дейін жадымызда: «Мен әнді Шайқыдан үйрендім. Шайқыға мүшел жасқа толар-толмастан еріп, атқосшылықта жүрдім. Уай, оның әншілігі сұмдық еді. Тор төбел аты болды. Қайда жиын-той, сонда әкететін мінгестіріп. Ат үстінде ән салады сондайда, жазық далада келе жатып. Біраздан соң: «Ал, Ғарифолла, сен сал», – дейді. Бөгелмеймін, басам. Әнімді аяқтаған соң жарықтық: «Ой, құлдығым, түбі мықты әнші боласың», – деп бауырына қысатын. Сонда деймін-ау, Шайқының е-ең жоғарғы дауысына үнімді үш тыныс алып барып теңестіретінмін. «Дидарды» салғанда... құдай сақтасын, айтатыны жоқ...» – дейтін ылғи да.

70-жылдары қазақ радиосы балалар редакциясының «Балалық шаққа саяхат» атты өнер адамдарына арналған мән-мағынасы терең тамаша бағдарламасы болды. Осы хабардан 1975 жылы жазып алынған Ғарифолла Құрманғалиевтың да сұхбаты 90-жылдарға дейін эфирден ара-тұра қайталанып беріліп тұрды. Ұмытқан жоқпын, сонда ол өмір жолын әңгімелей отырып: «Он екі жасымнан домбырамен ән салдым. Шайқыдан «Дидар», «Көк айдай», «Кіші айдай», «Жайма қоңыр» әндерін үйрендім», – деп ұстазы меңгерткен шығармалардың бірқатарын атап өтіп еді.

Шайқының шыққан тегі – «Арқар» ұранды төре. Арғы атасы үш жүздің аға ханы, даңқты қолбасы, көреген саясаткер, қаһарман Әбілқайыр еді. Таратып айтсақ, Әбілқайыр ханның алты баласының тұңғышы – Нұралы хан. Нұралы ханнан өрген отыз тоғыз ұлдың бірі – Қаратай сұлтан (1746/47-03.06.1826). Қаратай сұлтан – Ресей империясының отарлық саясатына қарсы соғысқан баһадүр-ді. Совет заманында оның бұл ісінің тарихи шындығы бұрмаланып көрсетілді. Ол жөнінде дұрыс пікір білдірген Колгейт университетінің профессоры (АҚШ) Марта Олкотт.

Белгілі әбілқайырхантанушы, профессор И.Ерофеева Қаратай сұлтаннан Еркінәлі (1785-?), Тілеу, Қаналы, Сығалы, Әлжанәлі, Тәуке, Шолық, Соналы (1821-?), Бисәлі (1821-?), Қаршығалы тарайды деп тарих ғылымы үшін маңызы зор генологиялық тың деректерді жария қылған-ды.

Қаратай сұлтанның Айдархан атты әйелінен туған үлкен баласы Еркінәліден – Мералы, Құмаш. Мералының кіндігінен – Паңкерей, Шаңкерей, Мұқамбеткерей (Мұхиттың шын аты), Сақыпкерей, Жәнша (бойы ұзын, түсі ақ болғасын Ақжан атанып кетеді), Жүсіп және Саржан, Дәржан есімді екі қыз.

Мұхиттың Ермек есімді бірінші әйелі Жәңгір деген төренің қызы екен, туған мекені – Тұщыкөл, Сарыой жақ көрінеді. Осы жамағатынан Шоң, Шәріп, Нәу туған. Нәуден – Шайқы. Шайқы әнші бабамыздың бауырында өнерге бейім, өте зерек болып өседі. Академик А.Жұбановтың баяндауынша, ол Жымпитыда, кейін Електе екі кластық орыс мектебінде оқыған. Атасы сал Мұхиттың әндерін бабына келтіре салып, туған өңіріне атағы жайылады. Скрипканы шебер тартақан һәм виртуоз домбырашы екен. Тазбала, Сәулебай, Боғда, Абыл күйлерінің насихатшысы болған. Атасы Мұхит орыстың әндерін де айтып, би музыкасын домбырамен орындаған, дейді. Бірге туғандарымен,– Жүсіп, Ақжан, Сақып және немересі Шайқымен, – қосылып, орыстың «Невозвратное время» деген вальсін тартқанда, жат жұрттықтар ауыздарын ашып, ұйып тыңдайды екен.

Шайқы өмірден ерте озады. Өкінішке қарай, оның неше жасында опат болғаны жөнінде еш нақты мәлімет жоқ. Бірақ, ұстазымыз Ғарифолланың бірде сөз арасында: «Шайқы ұмытпасам, отыздың ар жақ, бер жағында дүние салды», – дегені есімізде қалыпты.

А.Затаевич: «Шайха Каратаев, внук знаменитого Мухита Каратаева, по общему признанию считавшийся достойным преемником своего великого деда, наследником его громадного дарования и продолжителем его песенных традиций. К сожалению, мне не довелось с ним познакомиться и записать его исполнения, хотя проживавшие в Оренбурге уральцы, сочувствовавшие моему труду, и стремились устроить нашу встречу. Случилось так, что когда из Оренбурга (не помню хорошо, в 22 или 23 году!) была послана телеграмма, приглашавшая его прибыть из Джамбейты, где он состоял на службе, – пришел ответ, что бедный Шайха только-что скончался», – деп жазып кетіпті.

А.Затаевичтің өзі бұрын көрмеген Шайқының дарынына осылайша тәнті болуы, одан тың шығармалар жазып ала алмағанына өкініш қылуы, сырттай білуі – Мұхиттың Шоң деген баласынан өретін Ғұбайдолланың ол жайында жақсы лебіздер айтып, этнографқа мәліметтер беруінен. Бұған: «Ғубайдолла Мухитов (1891 – 1942- ред.), внук знаменитого уральского баяна Мухита, в 1920-1921 годах состоял курсантом Оренбургской кавалерийской школы командного состава вместе с Т. Аймурзиным, С. Жумагуловым, С.Д. Исхаковым, и др., а затем был краскомом в Ташкенте. Серьезный и спокойный, чрезвычайно дисциплинированный человек, хороший знаток песен своего прославленного деда, которые передает академически точно, красиво и характерно хотя и не обладает для этого достаточно сочным голосом. К моей работе Мухитов во время относился с большим сочувствием, и Уральская группа настоящего сборника обязана ему многими чрезвычайно ценными сообщениями, выдвинувшими его в ней на первое место», – деген Затаевичтің өз дерегі арқылы көз жеткізуге болады. Айта кеткен жөн, Ғұбайдолланың туған қызы Әсия апаның куәлік етуінше әкесі 1896 жылы туып, 1944 жылы опат болған. Демек, жоғарыдағы «1891 – 1942-ред.» делінген мәлімет жаңсақ...

Ғарифолла атамызбен жиі араластым. Үйіне барып, сұхбаттасып жүрген күндерде қарт әнші бір әңгімесінде бүй деп еді: «Шайқыны естиярлау кезімде көрдім. Құмшық, Ханкөлге келіп ән салып жүретін. Аққұбаша, жұқалтаң жігіт еді. Ән айтқанда күп-күрең болып кететін. Шайқы 1922 жылы көктемде қайтты – 1921 жылы тауық жыл еді. Ол – Шынтас Қаратаевтан он жастай кіші-тұғын» Әншінің «Шайқы 1922 жылы көктемде қайтты – 1921 жыл тауық жылы еді» деп ескіше жыл санау үрдісін қосарлап айтуынан ұлы ұстаздың қашан опат болғанын пайымдай аламыз. Григориан календары есебімен жаңа жылдың қаңтарда, ал, көнеше наурыздың 22-інде кіретіні баршаға аян. Сонда Ғарифолла бұрынғы жыл қайыру дағдысымен Шайқының дүниеден өткен мерзімін нақтылап отыр. Демек, Шайқы григориан календары бойынша 1922 жылдың көктемінде, бұрынғыша тауық жылының яғни, 1921 жылдың аяғында өлген. Өйткені, Ғарифолла – ескілікті дәуірде туып, сол заманның үрдіс-салтын көрген, тәрбиесін бойына сіңірген кісі-тін. Шығыстық жыл қайыру ғұрпын сөзіне қосарлауы содан. (Жалпы осы тәрізді әдеттер ұстаз бойынан жиі көрініс беріп қалатын)

А.Затаевич те: «1922 жыл, әлде 1923 жыл, Орынбордан Жымпитыға хабар жібергенімізде Шайқы қайтыс болды деген жауап алдық», – деген еді бір сөзінде.

Деректер бір-бірімен сәйкес келеді деп санаймыз. Шайқы әнші 1922 жылы бақи болған, бұрынғыша тауық жылы, яғни 1921 жылы.

Енді екінші жайтқа көшелік. Ол – Шайқының туған жылы. Ғарифолла Құрманғалиевтың: «Шайқы ұмытпасам отыздың ар жақ, бер жағында дүние салды», – деген сөздерімен профессор Құбыш Мұхитовтың да пікірі үндес. «Өмірден ерте кеткен», – деп еді бізге. Алайда, туған, өлген жылын тап басып айта алмады. Ғарифолла атамыз әлгіндегі мәліметінде Шайқы Шынтас Қаратаевтан он жастай кіші еді, дейді.

Мұхиттың немере ағайыны, Қаратай сұлтанның бір нәсілі – Шынтас 1884 жылы туған. Шайқы бұдан он жастай кіші болса, онда 1894 жылы дүниеге келген. Әрине, нақты дәлдіктегі емес мағлұматтарға сүйеніп есептегендіктен бірер жылға бері ауытқуымыз мүмкін. Өйткені Ғарифолла атамыздың «он жастай кіші-тұғын» деген сөзі болжам сан. Әйтсе де шама – дұрыс. 28-30 жастарда көз жұмған.

Өнертанушы ғалым Зейнұр Қоспақов өзінің «Сыр тартсақ тарихынан әншіліктің» атты еңбегінде Ғарифолла мен Шайқының кездесуін былай деп көрсетеді: «Ән арасындағы әңгімеде Шайқы орамалымен тершіген маңдайын сүртіп: «Енді ауылдың алты ауызынан айтатын адам бар ма? – деп айналасына қарап еді, оны құптайтын жан табыла қоймады. – Ойпырмай, бүкіл ауылда ән айтатын әнші болмағаны ма? – дегенде Ғарифолла суырылып шығып, әндете жөнеледі. Әлі домбыра тартуды білмейтін ол аузын алақанымен қағып, Мұхит әндерін шырқайды. Естен кетпейтін кездесуді Ғарекең: – Шайқы орнынан тұрып, менің маңдайымнан сүйді. Өзінің домбырасын маған берді де:

– Қарағым, қайыршының дорбасы болады, әншінің домбырасы болады. Мына домбыра мені де біраз жетеледі. Сені де бір қараға жеткізер. Мә, сен ал, – дейді».

Көңілге қонымсыз. Бұл – ақиқатында З. Қоспақовтың өз сөзі Шайқының аузына салған. Шайқыға «Мына домбыра мені де біраз жетеледі. Сені де бір қараға жеткізер. Мә, сен ал» дегізуі оны бізге жас жігіт емес, өлер шағына таянған қарт адам қып елестетеді. Бұдан бұрын келтірілген мәлімет көздері қалай десек те Шайқының жас кеткенін шүбәсіз айғақтайды.

Сөз еткен бұл жайттар, шындыққа жанасымсыз әңгімелер кейінгілерді адастырады.

Әлгінде деректерді саралай келіп, тоқтаған нақты тұжырымымызды осы тұста тағы бір қайталап, еске сала кетейік, Шайқы қарттыққа жетпеген, ол 1892/94 жылдар шамасында туып, 1922 жылы бақи болған.

А.Затаевич Шайқының қайғылы өлімін былай деп және таңбалап кетіпті: «При его смерти присутствовал Джумагалиев, сообщивший мне приводимую здесь любимую песню покойного «Арман» (несбывшиеся мечты!), - песню, которую он, по его словам, наигрывал на домбре еще минут за десять до катастрофы, пока жестокий приступ кашля не задушил его на смерть!»

Шайқының сол сүйікті әні «Арманды» оның жақын араласқан досы, деректе аты аталған Бақ Жұмағалиев нотаға жаздыртқан. Нотасы фортепианоға лайықталынып түсірілген. Тыңдап көрген едік, мұң табы, сағыныш сазы байқалып тұрды (Шығарманың әуелгі фортепианолық нұсқасынан вокалдық тұрпатқа біршама қалыпталған нобай-нотасын, әуенін қоса ұсынып отырмыз – Б.К.). Бақ – бұрынғы Жымпиты уезі, Жақсыбай болысына қарасты 7-ауыл тұрғыны.

Шайқының сан қырлы өнері, дарыны талайларға көп ықпалын жасаған. Белгілі домбырашы, композитор Оразғали Сүйінбеков туралы профессор Тымат Мерғалиев былай депті: «Домбыра тартуды алғаш әкесінен үйреніп, кейін Мұхит, Шайқы сынды әншілерді тыңдап, өнерге біржола ден қояды».

Оразғали – Абыл, Боғда, Қауен, Есбай сынды күйшілер дәстүрін жалғастырушылардың бірі ретінде танылған кісі. «Жігер», «Көктем шабыты», «Тұлпар дүбірі» тағы басқа да шығармалары бар. Ол әншілікті де ұстанған.

Сондай-ақ, әкесі Нәумен бірге туған Шоңның баласы, өнер тарихында аты қалған Лұқпан да Шайқыдан Абылдың «Абылын», «Наратуын», «Қызыл қайың» атты күй үйренген, дейді қолдағы мәліметтер. Осы деректер Шайқының әйгілі әншілігіне қоса дәулескер күйші екендігін, оның жолын ұстанған шәкірттері де нұсқа көрсеткен ұстаз еңбегін жандырғанын айғақтайды.

Бір қызығы оның есімі де болмысына дөп келеді. «Шайқы» араб сөзі, мынадай мағыналар береді екен: а) ұстаз, үйретуші, тәрбиеші; ә) ақсақал, дін басшысы; б) ғалым.

Академик А. Жұбанов «Өскен өнер» атты аса құнды еңбегінде дәулескер домбырашы, «Ақсақ құлан» күйін жеткізуші Қамбар Медетов туралы баяндай келіп: «Бала кезінде есітсе де Мұхиттың сыңғыраған үні құлағында қалады. Әсіресе Мұхиттың қабілетті немересінің бірі Шайқымен Ғанбар көп жолдас болады», – деп тағы бір деректі таңбалап кетіпті.

Жаңа айтып өттік, Қаратай сұлтанның бір баласы – Шолық деп. Шолықтан – Медет. Медеттен – Ерқожа. Ерқожадан – Қамбар (1901-1942). (Қамбар – сталиндік зұлматтың құрбан-боздағы – Б.К.). Осыдан-ақ түсінікті, Қамбардың Шайқымен бірге жүруіне туыстығы, екінші жағынан өнер құдіреті дәнекерлік қызмет атқарса керек...

Шайқыға қатысты сөзімізді осымен қайыра тұрайық. Ол жайлы әңгіме әлі де қозғалар, тыңнан мағұлматтар қосылар. Бірақ, біз ұғынуға міндетті нәрсе – Мұхит әншілік мұрасының өрнегін, нақыш-машығын бойына жөргегінен сіңірген бір туар дарын Ғарифолла Құрманғалиев арқылы Шайқы өнернамасын тану. Мұхит пен Ғарифолланы сабақтастырушы алтын көпір – Шайқы. Ол осы екі тұлға аралығындағы өз орнын алуы тиіс. Жайық өңірінің әншілік үрдісін қалыптастырудағы өзіндік ролі үлкен, айшықты да жоғары дауыс иесі, феномен Шайқының болмысын оның шәкірті, алаштан ән оздырған Ғарифолла Құрманғалиевтың үні, ән салу мәнері арқылы ғана елестете аламыз.

Жалы биік жақсылардың, академик А.Жұбановтың өз еңбектерінде оның есімін әркез жылы лепеспен атап отыруы, қазақ музыкасының бірегей этнографы әм зерттеушісі А.Затаевичтің ұлы дарынды дәйім өкінішпен еске алуы, әншілік дабысы шырқап алысқа кеткен сал Ғарифолланың ғұмыр бойы ұстаз үніне тамсанумен өтуі – жайдан-жай емес, тегін емес. Қаншалықты құнды екенін аңғартады. Жадта мықтап ұстар – жайт.

Бөрібай КӘРТЕН,

Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті