Атадан мұра
Нұрғиса Тілендиев

Атакелді Ысмайылұлы

Қазақ сахна өнеріне қосқан шығармашылық үлесі салмақты, ұлттық кино өнерінде ерекше қоңыр үнімен «дубляж королі» атанған Атакелді Ысмайылов үстіміздегі жылы 90 жасқа толды. Бір бойында өнердің түрлі үні тоғысқан суреткер ұрпағына өшпес мұра қалдырды. Бір ғана кинофильм кейіпкерлерінің сөздерін қазақ тіліне аударып, олардың мінезіне, әлеуметтік орнына сай дыбысын жасаудағы шеберлігінің өзі А.Ысмайылов өнерінің биіктігін, ешкімге ұқсамайтын даралығын байқатады. Сондай есімі көпшіліктің жүрек төрінен орын алған өнерпаздың адамдық тұлғасы да, суреткерлік болмысы да биік болатын...       

Атакелді Ысмайылұлы Ысмайылов 1923 жылы 27 желтоқсанда Алматы қаласына қарасты «Горный гигант» ауылында дүниеге келген. № 12 мектепті бітірген соң аэроклубты үздік аяқтап, авиациялық училищеге жолдама алады. Жастық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен бе ол ұшқыш болуды армандайтын. Сол алға қойған мақсатына қолы жетіп, Ташкент қаласындағы ұшқыштар училищесін 1943 жылы «атқыш-штурман» мамандығы бойынша аяқтап шығады. Бірақ А.Ысмайыловқа 1943 жылғы майдан даласында болған кездейсоқ апат салдарынан бұл мамандық бойынша еңбек ету мүмкін болмапты. Жараланса да соғыстан аман келгеніне қуанған ата-анасы той жасап, қаладан артистер шақырады. Олардың ішінде болған Жағда Өгізбаев алты жасынан бастап гармонь тартып, ән айтуды үйренген жас жігіттің талантын байқап, оны өзі өнерге баулиды.

Сол кездерде театр артистері гастрольдік сапарларда алдымен спектакль қойып, соңынан концерт беріп отыратын. Жас Атакелді сонда ән орындаушы артистерді гармоньмен сүйемелдеп, кейін өзі де рольдерде ойнай бастайды. Ең алғашқы ролі Ш.Аймановтың «Штабта» атты бір актілі пьесасындағы солдат бейнесін жасаудағы театр өнеріне деген талпынысымен, кейіпкер сөздерін тез жаттайтын зеректігімен көзге түседі. Жас таланттың кәсіби өнеріне жол ашқан сол кездегі театр директоры Орынбек Беков, Жағда Өгізбаев, Құрманбек Жандарбековтердің ықпалымен Атакелді Ысмайылов 1944 жылы М.Әуезов атындағы драма театрына қабылданды. Сахнаның қыры мен сырын толық меңгеріп, әдеби шығармалардың мән-мазмұнын игеру мақсатында ол театр училищесін, одан кейін Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогика институтының (қазіргі Алматы Мемлекеттік университеті) филология факультетін сырттай оқып бітіреді.

А.Ысмайылов бас театр сахнасында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясындағы Сейіт, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» Қозы, М.Әуезовтің «Абайында» (инсценировка) жас Абай, Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббатында» Нұрлан, М.Горькийдің «Шыңырау түбіндесінде» Алеша, К.Гоццидің «Қонақ үйдің қожасында» қызметші жігіт, Н.В.Гогольдің «Ревизорында» Бобчинский, Ж.Б.Мольердің «Сараңында» Валер, т.б. кейіпкерлердің сом тұлғасын жасап, сахналық қимыл-әрекеттерін солардың әрқайсысының мінез ерекшелігіне қарай бағыттап отырды. Олардың бірінде психологиялық толғанысы басым түсіп жатса, енді бірі – ғашықтық сезімге бай, шын сүйіспеншілік иесі ретінде көрінді.

А.Ысмайылов – қазақ сахнасында М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы желісінің негізінде Ш.Айманов пен Я.Штейн жасаған инсценировкада бала Абайдың ролін тұңғыш сомдаған актер. Тек кітаптан оқып немесе өлеңдерін жаттау арқылы ғана таныс ғұламаның балалық, бозбалалық шағын нанымды бейнелеудің оңай еместігі белгілі. Әрі мұнда актер үшін ұлы данышпанның балалықтан даналыққа жетуге дейінгі адами-психологиялық даму сатыларынан мүдірмей өту жауапкершілігі тұрды.

Абайдың оқудан еліне келуі мен ел-жұрты, ағайын-туысымен сәлемдесуі және Тоғжанмен алғаш кездесу кездерінде сағыну, толқу сезімдерін нанымды беруі – жас актердің сол жауапкершілікті жан дүниесімен сезіне білуінде еді. Албырт бозбаланың ақылдылығы, мейірімділігі, әсіресе Қодар мен Қамқаның өлімін көрген кезде байқалады. А.Ысмайылов осы кездегі жас Абайдың қатал әкеге деген жеккөрушілік сезімін, жер бетіндегі қатыгездікке қарсы шыққан ішкі дүмпуін ерекше пафоспен, терең эмоциямен береді. Режиссер Ш.Аймановтың халық трагедиясын, ағайындар арасындағы тереңнен өрбіген тартысты Абай бейнесі арқылы беру идеясын түсінген актер ақынның балалық шақтан басталатын адамдық болмыс баспалдағын нық басып, кейіпкер тұлғасын ірілікке, ұлылыққа дейін көтереді.

1954-1955 жылдары арнайы шақыртумен Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрына келген А.Ысмайыловтың үлкен сахнадан жинаған мол тәжірибесі бұл театрда да өз нәтижесін береді. Мұнда ол Ш.Құсайыновтың «Ғани Мұратбаевында» Ғани, «Алғашқы ұшқындарында» Байғани, «Есірткен еркесінде» Шапық, Ш.Құсайынов пен О.Бодықовтың «Әл-Фараби» трагедиясында Азатбек, М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсаринінде» Ыбырай, О.Бодықовтың «Отырар ертең қирайдысында» Шыңғысхан, Б.Мұқайдың «Қош бол, менің ертегім» драмасында Әли қарт, Ш.Мұртазаның «Сталинге хатында» колхоз бастығы, «Бесеуге хатында» Сталин, Ә.Тәжібаевтың «Сағынамын күн сайынында» Қаныш Сәтбаев, И.Байзақовтың «Ақбөпесінде» Әмірхан, Ж.Жұмаханов пен Б.Тәжібаевтың «Қаракөз қарындасымында» Атымтай, М.Иманжановтың «Жас өмірінде» Ораз, С.Шаймерденовтың «Дөкей келе жатырында» Сейсек, А.П.Чеховтың «Шағаласында» Сорин, С.Мұқановтың «Ботакөзінде» (инсценировкасын жасаған А.Ысмайыловтың өзі) Кулаков, С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларында» Байділдә, т.б. жүзден аса кейіпкерлерді сомдайды. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын осындай кейіпкерлердің сахнада шынайы өмір сүруі, эпизодтық рольде немесе сахнаның үшінші планында (массовкада) жүріп-ақ айқын әрі нанымды характер жасауы актердің табиғи дарыны мен талантының жемісі болса керек.

А.Ысмайылов Ш.Құсайыновтың «Есірткен ерке» пьесасындағы ата-ананың назарынан тыс қалған Мараттың қоғамдық қызметтен босамайтын әкесі Шапықтың жуас мінезін, бала тәрбиесіне келгенде бар қиындықты әйеліне жүктейтін енжар қалпын көрсетеді. Баласының нашақорлық жолға түскенін естігенде қатты күйінген әке – А.Ысмайыловтың хал-күйі трагедиялық сипатқа көтеріледі. Кейіпкерінің балаға дұрыс тәрбие бермеген әйеліне деген ашуын, іс-әрекеті шектен шыққан тентек ұлға деген ренішін актер негізгі нысана етіп алған. Бір отбасынан басталатын қоғамдық трагедияның өрбуі Шапық әйелінің оғаш, мазаң мінезіне де байланысты. Мәні жоқ, артық сөздерден шаршаған, онымен көп сөйлесуден бойын аулақ салатын Шапық – Ысмайылов өзінің бала тәрбиесінен сырт қалғанын кеш түсінеді. Актер не істерін білмеген Шапықтың аласұрып, өзегін өртеген өкінішін дауыс екпіні арқылы ашып, момын жанның ашу шақыруының өзіндік бір қырын кескіндеген. Және бұрынғы әйелінен қалған қызына деген әйелінің көрсеткен қысымына амалсыз төзген Шапықтың іштен тынған психологиясы актердің бет-жүзінде, дауыс иірімінде айқын байқалады.

А.Ысмайылов азамат соғысының қиын күндерін суреттейтін М.Хасеновтың «Қайсар» деп аталатын хроникалық пьесасындағы Мейірхановты автор идеясына сәйкес қайсар, батыл етіп бейнелейді. Кейіпкерінің пікірлес, идеялас серіктері Великанов пен Анохиндермен бірге мәжіліс құрып, жауды жеңу мәселесін ойласқанда актер қызуқандылық мінез танытса, Ш.Құсайыновтың жаңа өмірдегі жаңа адам бейнесін суреттейтін «Күн шуақта» пьесасында сөзге сараң болғанмен өз ісіне мығым парторгтың жұмсақ мінезін байқай алған. Қоғамдық қызметке берілген, партияға адал, сөзден гөрі істің адамы болғандықтан парторг – А.Ысмайылов ұжымды сендіре алады. Бастығы емес, керісінше ағасындай көретін Байсалды сыйлауы – кейіпкердің парасаттылығын байқататын мінез. Жалпы колхоз ұйымдастыру, үй салу, егін егу тәрізді ауылшаруашылық жұмыстарында парторгтың адамгершілігін, әділдігін көрсету актердің басты нысанасы болған.

Сондай-ақ, Иса Байзақовтың «Ақбөпе» поэмасы негізінде сахналанған қойылымда Әмірханның Ақбөпеге деген ғашықтық сезімі, ән айтудағы әсем даусы, жесір дауын қуған Кәрібай бидің жігіттерімен шайқасуы және Тайшықтың оны ату көріністерінде актер эмоциясы айқын беріледі. Ғашықтықтан өрбитін кекті, ішкі толқыныс пен бұлқынысты беруде түрлі штрих-жесттер таба білетін актер кейіпкер өмір сүрген феодалдық дәуірдің қатал дәстүріне қарғыс айтады. А.Ысмайылов әсіресе, Әмірханның ғашықтық сипатына, жастық албырттығына мән берген. Негізінен бұл шығарманың сюжеті Шу өзені бойында Ақбөпе деген арудың сүйгені Сауытбекке қосыла алмай, қалың мал берген байдың тоқалы болып кету тарихынан алынған. Сол феодалдық қыспақ кезеңдегі оқиға мен тұлғаларды көркемдікпен жеткізуде актердің тарихты тереңнен зерттегені байқалады.  

Осындай жан-жақты ізденіс пен шығармашылық тәжірибе А.Ысмайыловты драматургияға қалам тербеуге ықпал етеді. Оның «Аналар» және «Әлия» пьесалары Нүкіс драма театры сахнасында, «Алдар көсе» комедиясы мен қарақалпақ драматургі Т.Тәңірбергеновпен бірігіп жазған «Аққулар айдынына оралады» драмасы Жастар мен балалар театрында, «Шық бермес Шығайбайы» кезінде қуыршақ театрында табыспен жүргенін білеміз. Сондай-ақ, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат», «Ботакөз», «Балуан Шолақ», Ш.Айтматовтың «Дүйсеннің мектебі», «Шынарым менің», «Арманым Әселім», М.Иманжановтың «Алғашқы айлар» тәрізді роман-повестерінің сахналық желісін түсіріп, театр репертуарын тарихи шығармалармен байытуға күш салуы да А.Ысмайылов дарынының даралығын, еңбексүйгіштігін, өнерге деген адалдығын аңғартады.   

Қазақ кино өнеріне де зор үлес қосқан актердің «Даладағы қайың», «Қыз Жібек», «Батыр Баян», «Шыңдағы шынар», «Жамбылдың жастық шағы», «Тыныштық», «Саған қуыршақ керек пе?», «Қараңғылық әміршісі» (ертегі), т.б. кинофильмдердегі ойынан оның әмбебап шығармашылығындағы тағы бір қырын танимыз. Кинодағы дебюті – «Даладағы қайыңдағы» колхоз председателі Амановтың іс-қимылын, мінез ерекшелігін оның жас мөлшеріне, өмір сүріп жатқан ортасына сай бейнелеуін жас актердің ізденісінен туған нәтиже дейміз. Осы кейіпкері А.Ысмайыловтың бұдан кейінгі рольдеріне салынған дара жол болғандығы анық.  

Сахна мен экран арқылы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген Атакелді Ысмайылов – кино аудармасында ұлы көсемдер мен қолбасшылардың, батырлар мен би-болыстардың жасы мен тарихтағы өзіндік орнына байланысты түрлі үн жасап, даусын келтіріп, «Дубляж Королі» атанған бірегей тұлға. 1946 жылы «Жас гвардия» фильмінен басталған дубляж жасау қызметі «Тарас Шевченко», «Қылмыс пен жаза», «Коммунист», «Ғасырдың басталуы», «Миғұла», «Махаббат мұңы», т.б. жүздеген көркемфильмдерде жалғасып, сондағы бас кейіпкерлерді актер өз ана тілінде сөйлетті. Ол «Жас гвардия» фильмінде кеңестер одағының батыр ұлы Олег Кошевойдың даусын жасаса, «Ғасырдың басталуы», «Берлиннің құлауы», «Азаттық» фильмдерінде Ленин мен Сталин болып сөйлеп, сол кездегі патриоттық сезімді шебер үнімен жеткізе білді. Көптеген батыс-шығыс киноларындағы кейіпкерлер сөздері де қазақ көрерменіне А.Ысмайыловтың қайталанбас баритон дауысы арқылы таныс. Сонымен бірге оның кең диапозонды қоңыр үні қазақ радиосынан берілетін радиоқойылымдар мен мультипликациялық фильмдерден де белгілі. Сөз өнерін, сөйлеу техникасын меңгерген А.Ысмайылов – дубляж жасау кезінде әрбір айтылған сөздің көрермен-тыңдарманға жетуге дейінгі өзіндік құбылысын, темпо-ритмін екінші рет қайталамайтын шебер.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Атакелді Ысмайылов шығармашылығының тағы бір қыры әдебиеттің поэзия жанрына қалам тербеуі болатын. Оның сыршыл лирикаға толы көркем туындылары «Туған жер», «Қайран әке», «Қайда солар?», Үміт», «Сыр», т.б. өлең жолдарында ерекше бір пафос, әдемі әуез бар. Жалпы ұлттық театр және кино өнеріне зор үлес қосқан А.Ысмайылов – қазақ өнерімен мәңгі сабақтас есім. Театр, кино, дубляж, инсценировка жасау, драматургия, поэзия бір адамның бойында үндескен. Яғни, Атакелді Ысмайылұлы Ысмайылов – өнер қазынасы. 

Осындай өнерде жаратылысы бөлек, өмірде адамдық-азаматтық тұлғасы биік суреткерді бүгін еске ала отырып, көкейдегі өзекті өртеген өкінішімізді жасырмаймыз. Бұл өкінішіміз – өткен ғасырдың сонау 50 жылдарынан бастап осы ғасырдың алғашқы онжылдығы арасындағы ұлттық мәдениеттің дамуындағы үлесі орасан біртуар тұлға Атакелді Ысмайылов есімінің ешқандай кітап-жинақтарда, энциклопедияларда кездеспеуі еді. Он екі томдық «Қазақ совет энциклопедиясын», 2002 жылы жарық көрген «Қазақ өнері» энциклопедиясын, 2003 жылы «Жібек жолы» баспасынан шыққан «Кино Казахстана. Кто есть Кто» жинағын, 2010 жылы шыққан «Киноэнциклопедия Казахстана» атты анықтамалық басылымын қараңыз... Таппайсыз.

Театр және кино майталмандарын дәріптеп, әрқайсысына жеке дара орын берген (дұрыс әрине) бұлардың бірде-бірінде А.Ысмайылов есімінің аталмауын түсіне алмадық. Демек, мұны келер ұрпақтың алдындағы сын дейміз...

Зухра ИСЛАМБАЕВА,
театртанушы,
өнертану ғылымдарының кандитаты,
Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық
Өнер академиясының доценті