Көңіл толқыны
Секен Тұрысбеков

ДОМБЫРА шертіліп ойналатын қазақтың ұлттық музыкалық аспабы. Музыка мәдениетінде маңызды орын алатын домбыраның екі ішегінде небір әндер мен күйлер өрілген. Қазақ үшін домбыраның маңызын әйгілі ақын Қадыр Мырзалиев «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» десе, ал музыкатанушы ғалым Ж.Нәжімеденов «Домбыра – қазақтың иммунитеті» деп белгілеген.

 

          Әр қазақтың үйінен табылатын бұл кең тараған аспаптың екі мың жылдың үстінде тарихы бар. Домбыраның прототипін ежелгі Хорезм қаласының қазбаларынан археологтар тапқан күйдірілген қыштан жасалған бейнелерден көруге болады. Олардың қолдарындағы екі ішекті домбыраға ұқсас аспаптарды ғалымдар бұдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген көшпенді сақ тайпаларының музыкалық аспабы деп анықтаған.