Бұлбұл
Дина Нұрпейісова

Мен ақиық әнші, феномен Ғарифолла Құрманғалиев атамыздың таңдайын көріп едім.

Ол алды-артымызды әлі де толық пайымдап үлгермеген, тұрақсыз, албырт уақытымыз-ды. Сондықтан болар, не нәрсеге де қызығушылық сезімі тез оянып, жылдам басылатын, қадір-қасиетін жете байыптамайтынбыз. Бұл оқиға да жылдар жылжыған сайын көмескі тартып, ұмытыла бастаған. Күтпеген жерден санамызда қайта жаңғырды. Оған себеп: ғалым Е.Жәнібековтың «Әл-Фарабидің физикалық көзқарасы» атты (Алматы: «Рауан», 1993) еңбегіндегі: «Әл-Фарабидің психо-акустикалық көзқарасы. Тембр және резонанс туралы пікірлері» деген бөлімін оқып шығуымыз. Зерттеу көңілге түрлі -түрлі ой түсіріп, дыбыстың физикалық құпиясын хал-қадірмізше ұғынуға ұмтылыс-ықылас туғызды.

Тәңір бойына дарын дарытқан жанның тән жаратылысы да өзгеше болады екен. Көзіміз соған бүгіндері ғана жеткендей.

1984 жылдың көктемі. Эстрада-цирк өнері студиясында оқып жүрміз. Қарт ұстаз сырқаттанып үйінде жатқан-ды. Ара -тұра халін сұрап, әңгімелесіп, немесе ән үйрену үшін жиі соғып тұратынбыз. Сондай күндердің бірі еді. Отырысымыз, әзіліміз жарасқан көңілді сәтте:

– Аға, – дедім, – аға, сіздің таңдайыңызды көруге бола ма? – Қасымдағы Күмісай күліп жіберді. Оқыстан қойған сұрағыма күлсе керек. Қарт та сәл жымиды.

– Аға... – дедім, тіпті еркінсініп бұдан соң.

– Қой, – қарт әнші ыңғай бермей сөзімді бөлді. – Қайтесің... – Қабағы сәл түйіліп, қайта жазылды.

Ойын баласы кезімізде үлкендердің «Ғарифолланың өңешін шетел сатып алыпты» деп әңгіме қылатынын ол турасында сөз қозғалғанда құлағымыз жиі шалатын. Сонда бұл жайды бұдан да жақсы білетін екінші біреулер «сатып алған себебі, оның кеңірдегін музейге қоятын көрінеді» деп толықтыратын. Шын көретінбіз. Таңырқаушы ек. Радиодан диктордың хабарлауынан еститін немесе кейін қара танитын дәрежеге жеткенде басылым беттерінен оқта-текте ұшырататын «жез таңдай әнші Ғарифолла Құрманғалиев»... деген сөздер де кәдімгідей әсер ететін. Ойлаушы ек, «сонда таңдайы жез болғаны ма» деп. Есейе келе олай емес екенін білдік қой. Алып-қашпа сөздің желісіне айналған дарын иесімен етене араласқан соң көкейде сонау аңғал кездерден қалған аңыз қоламтасы қайта маздаған. Күннен- күнге ұстазымызға бой үйренген сайын өзімізді еркін сезіне бастадық. Бірақ межеден аспаушы ек. Әнші қарттың белгісіз бір құдіреті бізді жалпы баршаға ортақ сыйластық шеңберінен шығармайтын.

Осы мезетте, санаулы секундтар ішінде осы жағдаятқа байланысты, қатысы бар мәліметтер санамда тізбектеліп өтіп жатты.

1977 жылы өнердің тарланбозы Қанабек Байсейітов ақсақалдың «Құштар көңіл» деген Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген өмірбаяндық деректі хикаятын (96-97 беттер) оқығанбыз-ды. Бұл мектеп бітірген жылымыз еді. Қ.Байсейітов өз тұстастары жөнінде әжептәуір деректер бере келіп, бір естелігінде былай дейді: «...Ғарифолла домбырасын қатайта бұрап, ширығып тұр еді. Мен онша мән бермей өтіп кеткен болатынмын. Содан репетиция жүріп жатқан кезде сахна сыртынан Ғарифолла Қайрақбайдың әнін қоя берді дейсің, залда қарап отырған бәріміз орнымыздан қыбыр етпей, қаттық та қалдық.

  • Тірелген тұңғиыққа қайран елім,
  • Қайысып сынғалы тұр сенің белің.
  • Арқаңа әлсіресең пана болып,
  • Табатын адам бар ма дерттің емін?

Не дерін білмей сасқандағысы болар, көзі бақырайып: – Әй, мынау не істеп тұр, ей! – деп Құрманбек бетіме қарады. – Көріп тұрсың ғой не істеп тұрғанын, құдай біледі не «ре», не «миді» алып тұр, – дедім. – Мана домбырасын қатулана бұрап тұр еді, ашуына мінген ғой батырың.

Дереу барып пианиноға салып тексеріп, көрсек, Ғарифолланың жаңағы алып тұрған нотасы үшінші октавадағы «ми» екен».

Музыкалық сауаты жоқ маған, үшінші октавадағы миді түсінбесем де (ауылда пианиноны кім көріпті), бұл әңгіменің жайдан-жай баяндалып отырмағаны ұғынықты. Кейін оқуға түстік. Пианиноны көрдік. Мағлұмат алдық. Сөйтсек, үшінші октаваның ми нотасы ерлер тынысы жетпейтін әйелдердің ащы да жіңішке сопрано дауысының биіктігі екен. Сонда ғана Ғарифолла атамыз үнінің қаншалықты зор, жоғары болғандығын бағамдағанбыз.

Ұстазымның ыңғайын таныған соң:

– Аға, – деп онан сайын екілендім, қарттың өтілімді орындайтынынан күдерімді үзбей. – Көрейік те. Қандай екенін таңдайыңыздың. – Әнші қарт көзін жұмып, басын шайқады.

Бұл қызығушылық ынтамызды одан әрі күшейткен ұстазымыздың келіні Раяның осыдан біраз уақыт бұрын айтқан мына әңгімесі еді: бір жылдары ұлы әнші Карузоның Отаны – Италиядан музыка зерттеушілері Алматыға келіп қазақ өнерімен танысады. Көп әншілерімізбен жүздессе керек. Сонда әсіресе, оларды қайран қалдырған Ғарифолла атамыздың айрықша үн ерекшелігі көрінеді. Сонымен өнертанушылар саз сұңқарының дауыс өлшемін, оның орындауындағы бірнеше әнді үн таспаға жазып алып кетеді. Кейін көп кешікпей Ғарифолла ақсақалға Италиядан шақырту келеді. Мақсат – Ғ.Құрманғалиевтың кең тынысты үнінің сырын жан- жақты зерттемек екен. Бірақ, ең өкініштісі, сол кездегі билік тұтқасындағы зердесі төмен қайсыбір шенеуніктер тарапынан осы бір тарихи жайтқа жете назар аударылмай, дарқан дарынға өнерге құрметі айрықша үлкен елге барудың сәті түспейді.

Кейінірек Ғарифолла Құрманғалиевтың сондағы дауысы бүгіндері Италияның Генуя қаласындағы «Әлемде сирек кездесетін дыбыстар мұражайында» сақтаулы екенін анықтап білдік.

Тегінде, бір туар дарын дауысының сұлулығы, жоғарылығы онымен кездескен шетелдік өнер зерттеушілерінің назарын айрықша аударғаны бұл бір емес -ті. Оған да дәлеліміз бар: «Әлі есімде, 1958-60 жылдар шамасы, – дейді композитор Еркеғали Рахмадиев 1993 жылғы 29 қаңтардағы «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Ән өнерінің үкілісі де, үлгісі де еді» деген естелгінде. – Ол кезде мен Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының көркемдік жағын басқарушысы болып қызмет ететінмін. Этнографиялық экспедициямен ағылшын өнер зерттеушісі, бір журналист әйел келіпті. Онда Жүсекең бастаған ән құдіреттерінің бабында жүрген кездері, бәрін де жинап тыңдады, жазып алды. Ол кезде Ғарекеңді де еркелетіп «шал» деуші едік. «Шал – дедім, – домбыраңның да, өзіңнің де құлақ күйіңді келтіріп, ертең кел, ағылшындық әйел дыбыс таспасына жазып алсын. Әмекең жолы түсіп барып, қазақтың қандай халық екенін француздарға танытып қайтты, енді сіздің тамаша үніңіз ағылшындардың аспанында қалықтаса, ұлттық ән өнерінің бағының жанғаны емес пе!». Келді ертеңінде, шырқады. Домбыраның сағасындағы шырқау дыбыста Ғарекеңнің үні шалықтай бебеулегенде, ағылшындық әйелдің жанары шарасынан шығып кете жаздады.

– Әйел дауысы болса бір басқа, еркек адамның осынша жоғарғы дыбыста ән айтуын өмірде тұңғыш рет естіп, әрі тәнті болып отырмын, – деп еді көптеген елді аралап, талай-талай өнер тарландарымен жолыққан журналист.

Сол өнертанушыдан кейіннен хат келді. Онда: «Мен таспаға жазып алған қазақ әншілерінің бәрінің де орындаушылық шеберліктері ағылшындықтар жүрегіне жол тапты. Әсіресе, Ғарифолла үніне таңданбаған, тамсанбаған жан қалмады», – депті...»

Шынында осындай бөлек диапазон, «жез таңдай» кім-кімді де таңқалдыратыны анық-ты.

– Аға, – дедім, әлі де сенімдімін. – Аға, – Енді қалжыңға қарай ойыстым. – Жақты ашып, жабудың түк қиындығы жоқ қой, соған да... – Күмісай сыңғырлай күлді. Қарт әнші де езу тартты.

– Аға...

– Өй бір, қоймадың ғой тіпті қақылдап. – Үнінде ашу, зіл жоқ. – Ал мынау ше... – Қарт та әзілге көшті. Ол бас бармағы мен сұқ саусағын бір-біріне үйкеді. Ақысын төле дегендегісі.

– Ойбай, соны стипендия алған соң... міндетті түрде... – дедім қуанып кетіп.

Ақиық әнші дауысының өте биік ноталарға жетуі, дыбыс көлемінің кеңдігі көпке белгілі мына жайтқа: көмей шеміршектерінің арасында болатын кілегейлі қатпарлар – дыбыс сіңірлерінің бітіміне де байланысты болар, бәлкім. Бұнда түсінбейтіндей күрделі ештеңе жоқ. Орта мектепте оқушыларға тұтас организмнің, оның жеке мүшелері мен жүйелерінің атқаратын тіршілік қызметі туралы мағлұмат беретін пән – «Биологияда» дыбыстың пайда болуы егжей-тегжейлі баяндалады. Сондықтан орта білімі барларға бұл аян нәрсе.

Сонымен, былайғы кезде бір-бірінен алшақтап тұратын әлгі дыбыс сіңірлері сөйлескен немесе ән салған уақытта сыртқа тепкен ауамен керіліп қабысады да, тербеліп дыбыс шығарады. Адам үнінің жуан-жіңішкелігі олардың ұзын-қысқалығына қатысты екені жоғарыда айтып өткеніміздей ғылымда жан-жақты дәлелденген. Және бір ерекшелігі сол еркектерге қарағанда әйелдерде қысқарақ болады дейді.

Қысқа дыбыс сіңірлерінің тербеліс жиілігі (дененің бір секундта жасаған тербеліс саны) көп болса (сіңірлер жалпы 1 секундта 80-нен 10 мыңға дейін тербеліс жасайды), онда дауыстың соғұрлым жіңішке, жоғары шығатыны бізге мәлім.

Ғарифолла Құрманғалиевтің дауысы – ашық та жарқын, сазды, шырқай көтеріліп, шығандап кететін шалқар тынысты, айрықша үнді, лирикалық тенор. Мұның бір сыры – осы орайда сөз қылған дыбыс сіңірлерінің бітім-пішініне, көлеміне де қатысты шығар деген ойға тірелеміз.

Сондай-ақ, әнші атамыз: «Жасымда молдадан хат таныдым. Молда құран сүрелерін сен сұлу оқисың деп маған айтқызатын. Жүгініп отырған ол көзін жұмып екі жағына теңселе түсіп рахаттана тыңдай-тұғын», – дейтін еді.

Қазірде құран мен музыканың арасында әлдеқандай байланыстың барлығы айтылып жүр. Тіпті бұл саланы арнайы зерттеу нысанасы етіп алған өнертанушылар да бірен-саран бар.

Семит тобына жататын араб тілінде ларингаль, көмей, эмфатикалық дауыссыздардың басым екені жұртқа белгілі. Ал дауысты дыбыстары қысқа және созылыңқы болып келеді. Осыған орай, арабтардың классикалық музыкасына да зер салсақ, жеті баспалдақты ладқа негізделген, ән айтқанда бір дыбыстан бір дыбысқа сырғып өту тәсілі, полиритмияны пайдалану олар үшін машықты дағды.

Мұндағы айтпағымыз – құран сүрелерін оқып-үйренуде шәкірттердің консонантизмнің сазды әуезбен құбылтып айтудағы шетін әдіс-тәсілін игеретіндігі, олардың ішіндегі әншілік қабілеті барларға дауыс негізінің вокальдық сипатта орнығуына үлкен себін тигізетіндігі.

Имандылықтың қоңыр самалы есіп, дін бұзылмаған барақат дәуірде мешіт азаншысы үнінің әдемі әрі зор болуы қажеттілігіне дін басылары мықты көңіл бөліп, баса назар аударған. Атақты Пұсырман жыршы да мешітте азаншы қызметін атқарған. (Пұсырман есімін академик А.Жұбановтың «Заман бұлбұлдары» деген еңбегінен табасыз). Оның үстіне Бұқар жыраудың:

  • «Айтар болсаң Алланы айт,
  • Таңертең азан шақырған
  • Дауысы сұлу молланы айт»...

– деген жыр жолдарынан да көп нәрсені аңдаймыз.

Сонымен құран сүрелерін сазды, жағымды қып шеберлікпен оқу үрдісі, оның әуезді дауысты қалыптастырудағы өзіндік сыр-сипатын, ерекшелігін, дыбысталу заңдылықтарын меңгеру дәрежесіне де тікелей байланысты екенін бажайлаймыз.

– Ә, онда бопты. Жақсы... – деп қарт сәл қозғалақтап, шапанын қымтанды. Ұстаздың келіскеніне көзім әбден жеткен мен оған қарай ұмсына түстім...

Жан-жағы тұйықталып бітелген яғни, үрмелі аспаптар мен ауыз, мұрын қуыстарында өкпеден сыртқа лықсыған ауа күші резонанс туғызса, домбыра, шертер, жетіген шанақтары да ішектен шыққан үнді жаңғырықтырып тұратыны көпке белгілі, анық нәрсе. Сол сияқты резонаторлық жұмыс атқаратын ауыз, мұрын жолдарына қоса, жақты ашып, жабу әдісі, тіл қозғалысы дыбысты реттеп, өзгертіп, құбылтып оған реңк, бояу қосады. Бұлармен қатар таңдайдың да өзіндік физикалық -акустикалық орны, иемденген функциясы бар.

Ішекті аспаптардың құрылысы адамның дыбыс шығару мүшелеріне негізделген десек, қателесе қоймаспыз. Олардың үнінің сапалылығы материалына ғана емес, пішін-тұрпатына да қатысты екен. Резонанс құбылысына ден қойған, орта ғасырда өмір сүрген ғұлама бабамыз Әл-Фараби мұны теориялық тұрғыдан дәлелдеген.

Музыка аспаптарында шебер ойнаған ойшыл жаңғырық құпиясын терең зерттеп, тембр сырын анықтай білді.

Ғарифолла ақсақал тамағын қырнап, жұтынып алды да: « А-аааа...» – деп қуақылана басын сәл шалқайта ұстап, аузын аша берді... Осы сәтте мен де орнымнан ұшып тұрып оған ентелей үңілдім. О, тоба!.. Бала-шағамыздың таңдайын қарадық, ауырғанда, сырқағанда. Бозбала кезімізде де талай таңдайларды көрдік, кім санапты, солардың бәрі де әдетте шұңғыл боп келетін-ді. Ал мына таңдайдың құрлымы тіпті басқа. Тайпақ, тайыз!

Әл-Фараби өзінің «Музыканың ұлы кітабы» атты трактатында былай деп жазады: «Аспаптың немесе оның корпусының ішкі қуысы басқа дыбыстармен қосыла отырып, ысқырық беру арқасында қандай үнді беретіндігін ажырата алмауымыз мүмкін. Сондықтан мұндай қолайсыз жағдайдан арылу үшін аспаптың артқы қабырғасын жазық етіп жасау керек». Демек, Әл-Фараби сөздерінен оның музыка аспаптарын жасаудың шебері болғанын да байқаймыз.

Ғұламаның жоғарыдағы бұл пікірі іс жүзінде дәлелденді. Оны 1820 жылы Савар есімді зерттеуші ақиқатқа айналдырды. Ол Француз Ғылым академиясына өзінің жасаған скрипкасын ұсынады. Аспап пішіні жәшік (қорап) тәріздес, қабырғалары жазық етіп жасалған-ды. Скрипка өте жоғары, таза, әдемі дыбыс шығарған. Әл-Фарабидің музыка аспаптары шанағын дөңес қылмай жасау керек деуі резонанс құбылысы кезінде ондағы үннің күшейіп, бояуы қанық болатындығын аңғарғанынан еді.

Оқымысты бабамыздың осы тұжырымына сәйкес келіп, бізді бір мүшел уақыт өткеннен кейін таңқалдырып ойға түсірген шоң әнші Ғарифолланың жазық біткен таңдайы тұғын.

Бөрібай КӘРТЕН,

жоғары санаттағы музыка маманы,

қазақ тілі мен әдебиеті магистрі

1997 жыл