Аңсау
Нұрғиса Тілендиев

Жыршы туралы не білеміз? 1

Кең Жылойдың ақ иық тума талант жыршысы Бақтыбай Тайшаұлының жыр өлеңдері заманында халық арасына кең тараған туындылар болды. Есімі ел арасына кең тарап ақын, жыршы ретінде танымал болған, өз ортасында «Бақтыбай жыршы» атанған ақынның поэзиялық мұрасы әлі күнге дейін әдебиеттанушыларымыздың назарынан тыс қалып келеді.

Бүгінде іздеушісі жоқ мұраны біреу білсе, біреу білмейді. Соңғы онжылдықта ел аузынан жинаған жүздеген тың үлгілер арасынан осы Бақтыбай ақын жырлары Құлсары қаласының тұрғыны Айжан Қуанышқызы Тайшиева арқылы (1944 ж.т.), үнтаспаға жазылып, нотаға түсірілді. Айжан апай сандаған ғұрыптық, тұрмыс-салт және лирикалық әндермен қатар, құнды болып саналатын атасы Бақтыбайдың «Қызыл Жем колхозы едік» әнін, сонымен қатар ақынның жалпы көлемі сегіз жүз жолға жуық болатын «Беташар», «Қос пұшықтың айтысы», «Қара қой», «Қара Мұса» жырларын бүгінге жеткізді. Бұлардың арасындағы 167 жолды «Беташар» алғаш рет нотаға түсіп, Қазақстан музыкатану саласында ғылыми айналымға енді.

Бақтыбайдың әзіл жырлары халықтың ауыр тұрмысты күндерінде елінің еңсесін көтеріп, серпілтетін құрал болған.

Бақтыбай туралы деректі тұңғыш рет филолог ғалым Қ.Сыдиықов «Ақын-жыраулар» (1974) еңбегінде берген. Мұнда ақынның революцияға дейінгі кезеңде атақты Қашаған Күржіманұлы шығармашылығын ауызша таратушылардың бірі болғандығын, қасында жүріп өнегесін үйренген ақын-жыршылар қатарында творчествосы уытты сатирасымен ерекшеленетінін жазады. Зерттеуші осы еңбегінде Бақтыбай Тайшаұлы есімін Мұрын Сеңгірбаев, Сүгір Бегендікұлы, Сәттіғұл Жанғабылов, Ығылман Шөреков және т.б. айтулы ақын, жыршылармен қатар атайды.

Атырау мен Маңғыстау өлкелерінің жыраулар поэзиясын ұзақ жылдар бойы жан-жақты, терең зерттеген ғалым: «Қазақстанның батыс өңіріндегі ақындық, жыраулық орта сырттай қарағанда шағын бір жырау, жыршылар тобы сияқты көріну мүмкін. Әлбетте, олай емес, бұл орта бейне бір теңіздей елестейді. Оған құятын бастау бұлақтар мүлде көп болған», – дейді. Сондай-ақ: «Махамбет пен Абыл, Шернияз бен Нұрпейіс, Ақтан мен Нұрым, Қашаған мен Ығылман, Мұрын мен Сәттіғұлдар негізінен эпикалық ақындық, жыраулық дәстүрде танылса, Құлмамбет пен Бала Ораз, Білек пен Қубала сияқты ақындар айтыс жанрында аты шықты. Сондай-ақ, Сартай мен Аухат, Хиса мен Бақтыбайлар әнші-ақындығымен көзге түссе, Өмір мен Сүгір (Бегендікұлы), Шадман мен Жанжігіттер әнші жыршылығымен көрінді. Әйтсе де аталған өнерпаздардың қай-қайсысының да тәрбие алған өнер өнегесі – халықтық дәстүрдің озық үлгісі, желілі ерлік жырларын толғайтын ақындық, жыраулық, жыршылық дәстүр еді», – дейді (белгілеген – Б.Т.).

Ал соңғы жылдары публицист-жазушы И.Жақанов «Жұлдыз» журналының 2002 жылы (№ 8, 145-153 беттер) жарияланған «Жиырма бес» мақаласында төмендегідей дерек келтіріпті: «Жылойда Адай руының ішінде Шеген деген (Тобыш бұтағынан тарайды) атада Бақтыбай есімді әр сөзі алтындай жалтылдаған бір алғыр ойлы, ақиық әнші болған. Осы Бақтыбай өз кезінде өзімен замандас ешбір әншіге дес бермеген. Жас шамасы Мұхитпен шамалас деседі. Оның Ойыл жағасындағы Көкжар жәрмеңкесінде, Орынбор, Астрахань базарларындағы думанды жиындарда шырқаған сәттері ел арасында сел-сел жыр» (мақаланың 147-беті).

Әлі де зерттеуді қажет ететін мұра туралы бұл жолдарды оқи отырып, ізденістер нәтижесінде қол жеткізген төмендегідей мәліметтерді ұсынамыз.

Ақын 1883 жылы Жылойдың Асанкеткен, Ақтайлақ деген жерлерінде туып-өскен. Яғни, атақты сал Мұхит Мералыұлынан 42 жас кіші, қырық екі жылдан кейін дүниеге келген. Құлсары, Қаратон, Прорвада өмір сүрген жыршы 1945 жылы қайтыс болып, Құлсары қаласындағы 4-ауыл бейітінде жерленген. Сондай-ақ, Орынбор, Астрахань базарларында және Көкжар жәрмеңкелерінде ән шырқағандығы шындыққа жанаспайды.

Енді Бақтыбайдың әншілігі хақында деректерге мән берелік. Аталмыш мақаладағы «...өзімен замандас ешбір әншіге дес бермеген» деген жолдардан Бақтыбай дауыс диапазоны биік, кең тынысты, зор дауысты, әсем тембрлі адам болған екен деген ой келеді. Шын мәнісінде Бақтыбай мұрасын жеткізуші немересі Айжан Тайшиеваның берген мәліметтеріне жүгінсек және артында қалған шығармашылығына талдау жасағанда ақынның өлкеге жыршы ретінде танымалдығын және орташа, қоңыр дауысының болғандығын байқаймыз. Бұл жөнінде Айжан апай былай еске алады: «Әкем Қуаныш Тайшаұлы (1893-1978) өз ағасының мұрасын 1978 жылға дейін айтып келді. Мен одан кәкем мұрасымен (Бақтыбай – Б.Т.) қатар көне халық әндерін де үйрендім. Ол ағасының биік дауысты қажет ететін Мұхит әндерін айтпағандығын, негізінен жырлар мен өз шығармаларын, орта деңгей әндерді салғанын айтып отыратын».

Бізге жеткен жырларының музыкалық композициясы, дыбыс ауқымы, әуенінің музыкалық түрлілігі, ән-жырларына музыкалық-поэтикалық талдау Бақтыбайдың өнері туралы біраз ақиқаттың бетін ашады. Жыршының дауыс мүмкіншілігіне, диапазонының кең болмағандығына оның репертуарында Батыс аймағында «әннің төресі» деп саналатын, шынайы шеберлікті талап ететін Мұхит әндерінің болмауы хабар береді. Яғни, Бақтыбайды өз заманында әншілігімен ел аузында қалған адам деп санау жөн емес.

«Атамыз Тайша сөзге шешен, халық арасындағы талай дауды шешкен би адам болыпты. Ал кәкемнің кіндік шешесі сынықшы әрі емші қасиетті кісі болған көрінеді», – дейді Айжан апай. Әрі қарай әңгімесін былай жалғастырды: «Біз Қуаныштан он екі баламыз. Ұлдардан: Қалаш, Талас, Мүзаш, Ілияс, Болат, Аманжан; қыздардан: Сәнеш, Түлкі, Сара, Айжан, Ырысжан, Кенжеш. Кәкемнің жалғыз ұлы 7 жасында қайтыс болып, Қалаш (1924-1944) пен Сараны (1933 ж.т.) бауырына басады. Сара қазіргі уақытта Атыраудың шетіндегі Геолог поселкесінде тұрады. Ал Қалаш 17 жасында ҰОС-на өз еркімен сұранып кетеді. Соғысқа алмайтын болғасын жасын 18-демін деп жасырады. 1944 жылы Тернополь облысында қайтыс болады. Кәкемнің ұлына шығарған «Арнау» өлеңі болыпты. Өкінішке орай ол менің есімде қалмапты. Тек әкемнің жиі айтатын:

Жүр ме екен аман-есен Қалашым-ай,
Басына елтірі бөрік жарасып-ай,
Келмедің сағындырып сен еліңе,
Жүруші еді қыздар құрғыр таласып-ай –

– деп басталатын өлең жолдары ғана сақталыпты».

Алдағы уақытта ақын шығармаларын нотасымен жарыққа шығару зерттеу еңбегімізде жоспарланып отыр. Біраз материал жиналғандықтан, ғылыми-теориялық зерттемелерімізде мұрасы әртүрлі жанрларда талданып жүргендіктен, осы мақаланы жыршының туған жерінде жерлестері оқуы үшін аудандық басылымға жариялап отырмыз.

Артында өшпес із қалдырған Бақтыбай Тайшаұлы Батыс аймағының ауыз әдебиетінде, музыка мәдениетінде өзіндік орны бар өнер иесі.

1. Мақала «Кең Жылой» газетінде (№ 34, 20.08.2009. – 11-б.) жарияланды. Бақтыбай жыршы өлеңдері жиналып, 2011 жылы «Ақын Бақтыбай Тайшаұлы мұрасы» жинағы жарыққа шықты (құрастырған Б.Тұрмағамбетова).