Ақ жауын
Секен Тұрысбеков

Жалпықазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі шетел қазақтарының музыкалық фольклорын игеру мен оны біртұтас көркемдік жүйе ретінде қарастыру, рухани мұраны жинау, жүйелеу мен насихаттау отандық ғылым саласының даму бағытында маңызды мәселелердің бірі болып табылады.

Осы бағыттағы ізденістерімнің бірі, біраз уақыттан бері жоспарлап жүрген Түркия еліне сапарым өткен жылдың шілде айында жүзеге асты. Түркия қазақтарының бұл мемлекетке келіп қоныс тебуі, қилы кезеңде болған сапары сонау 30-шы және 50-ші жылдарда болды.

Ыстамбұл қазақтарынан ғұрыптық, тұрмыстық әндер мен халықтық әндер және 1969 жылы таспаға түскен (Ә.Қара жеке мұрағатынан), 1986 жылы бейнетаспаға түскен (М.Тәйжі мұрағатынан) материалдар жиналды. Үйлену тойларына жиналған көпшіліктің арасындағы қариялардың бірқатарынан ұлттық салт-дәстүрде орындалатын бірнеше құнды үлгілер таспаға түсті. Мысалы, жаңа түскен келіншекке айналасын таныстыру мен үлгі-насихат ретінде айтылатын «Беташар» әндерінің бірнеше нұсқаларын, қыз ұзату кезінде қалыңдықтың өз жанынан шығарып айтатын «сыңсуларды», адам өмірден озғанда жақын туыстары соңғы сапарға шығарып салатын «жоқтау» (жергілікті халық «көріс» дейді) секілді ғұрыптық шығармаларды, қара өлеңдер мен халық әндерін, ішінара ноғай әндерін, сағыныш өлеңдерді жазып алдым. Сонымен қатар көнекөз қарттардан бағалы мәліметтер жиналды. Бұрын-соңды арнайы зерттеу нысанына ілінбеген бұл материалдар келешекте ұлттық музыка мәдениеті аясында қарастырылмақ.

Үнтаспаға түскен Түркия қазақтарының ғұрыптық және тұрмыс-салт шығармалары бүгінгі Қытай жеріндегі қандастарымыздың музыкалық фольклорының ажырамас бөлігі болып табылады. Жалпыэтникалық музыка мәдениетінің құрамындағы бүгінгі Қытай еліндегі (1,5 млн.) қазақтардың халық әндері мен домбыра күйлері соңғы онжылдықтарда жиналып, нотаға түсіп, ғылыми жүйелену үстінде. Бір назар аударатын жәйт, осы басым бөлігі Қытайда қалған және бір бөлшегі Түркияға дейін ауа көшкен елдің музыкалық фольклоры 1955 жылы Ыстамбұлда жиналып, нотаға түсіпті. Түріктілдес этностардың он мыңдай музыкалық үлгісін жинап, нотаға түсірген түрік музыканты, кәсіби скрипкашы Музаффер Сарысөзен /1899-1963/ өткен ғасырдың елуінші жылдары Үндістан, Пәкістан арқылы жеткен қазақтар көшіп келгеннен кейін екі жылдан соң, олардың бірнеше әндерін, сыбызғы күйлері мен домбыра күйлерін нотаға түсіріп, үнтаспаға жазып алыпты (!). Бұл – Қазақстан музыкатану ғылымы саласы үшін аса маңызды дерек екені айтпаса да түсінікті. Иә, бұл еңбектің қазақ халқының музыкасының кешенді зерттеліп, әлі де терең игеріліп, рухани мұрамыздың байи түсуіне қосатын үлесі мол екені көрініп отыр.

Түркия қазақтарына сауалнама жүргізгенде қылқобыз туралы ақпарат мүлдем кездеспейді. Ал қариялар домбырамен қатар жас кезінде сыбызғы күйлерін естігендерін, сыбызғыны көргендері туралы естелік айтады. Бұған нақты мәлімет ретінде кәсіби музыкант, зерттеуші Мұзаффер Сарыөзен жазбаларындағы сыбызғы күйлері дәләл.

Сонымен бірге домбыра күйлері Сарымолланың (шын есімі Нұртаза Садықұлы; Жәдік руынан) ойнауында тарих ғылымының докторы Әбдіуақап Қараның жеке мұрағатынан табылды. Орындаушы Сарымолла туындылардың аңызын әңгімелеп отырып өзі орындаған. Күйші шамамен 65 жасында 1968 жылдары қайтыс болыпты. Ел аузында қалған деректерге қарағанда ол суырып салма ақын, әнші, күйші, термеші. Көпшілік бас қосқанда Үкілі Ыбырай, Әсеттің әндерін салған. Қазақ әндерімен бірге репертуарында татар, ноғай, ұйғыр әндері болған. Діни сауаты бар сары кісіні ауылы «сары молда» атап кеткен. Түркия қазақтарының аспаптық, әншілік өнері осы Сарымолла орындаушылығымен тікелей байланысты. Музыкант туралы ақпараттың аз жиналуының себебі, ол туралы білетіндер, көз көргендер өмірден озып кетті.

Жалпы Сарымолладан жеткен күйлердің бір ерекшелігі, тақырыптық жағынан алғанда да, формасы тұрғысынан да, көлемі де, ойналу тәсілі де көне күйлерді еске түсіреді. Олардың басым бөлігі аңыздарымен жетіп отыр. Күйлер өте қысқа орындалады. Үнтаспаны тыңдағанда оны қоршап, тамсана тыңдап отырған бір топ адамның эмоциялық күйі байқалады, олар орындаушыны бар ынтасымен тыңдап, оны қоштап, дем береді. Үнтаспаның дыбыстық сапасы нашар болса да, орындаушының мәнері, әңгімесі халықтық ауызекі дәстүрде. Нұртаза Садықұлы ән салып, күй шертіп, нақыл термелерді, мысал өлеңдерді төгіп айтқан. Тағы бір маңызды мәлімет, «Қара жорға» деген күйді ойнағанда «қазақ қара жорғасы», «қалмақ қара жорғасы», «моңғол қара жорғасы» деп бөліп көрсете үш түрлі мақамды ойнайды. Домбыра күйлеріне көңіл бөліп, оларды талдағанда мазмұндық-тақырыптық жағынан төмендегідей жіктеледі:

Аңызсыз жеткен: «Алтайдан», «Зайып қажының ақтабан атының жүрісі», «Алакөз аттың жүрісі» және авторлық болуы мүмкін «Мақтай күйі», «Бежен күйі» деп аталады.

Көне аңыздарымен жеткен күйлер: «Бозінген», «Әсем қоңыр», «Делдал», «Қос келіншек», «Судың аққаны», «Мұңлы қыз», «Мұңлық-Зарлық», «Шыңырау», «Ақсақ қаз», «Бөкен жарғақ», «Кербез қыз», «Жорға аю», «Телкүрең», «Балжыңгер», «Телқызыл», «Қара жорға», «Бұқтырма өзені», «Айтып едім, болмадың».

Осы аталған күйлердің арасындағы жан-жануарларға, олардың жүрісіне, қасиетіне, сипатына арналғандары «Бозінген», «Әсем қоңыр», «Делдал», «Шыңырау», «Ақсақ қаз», «Айтып едім, болмадың», «Жорға аю», «Телкүрең», «Балжыңгер», «Телқызыл», «Қара жорға». Ал әйел адамдар тағдырына арналған «Мұңлы қыз», «Кербез қыз», «Қос келіншек» және қазақ арасында кең тараған аңыз «Мұңлық-Зарлық» әңгімесіне орай туған күй.

Бұл шығармалар арасында бұрын-соңды аты таныс туындылар кездескенмен Сарымолладан жеткен нұсқалары Жетісу, Шығыс аймағының домбыра күйлері аясында зерттеуді қажет етеді. Шетелдегі бауырлардың ән мәдениетіне келсек, ол – ғұрыптық музыкалық фольклордың бүгінгі қолданыс мәселесі. Сарымолланың домбырамен салған әндерінде, мысал өлең, ғибрат өлең т.б. «Үш ұры», «Әлқисса», «Жолбарыстың әңгімесі», «Жақсы қатын мен жаман қатын» өлеңдері бір әуенмен орындалады. Олардың мәтіні көне шығармалар екендігін аңғартады, домбыра сүйемелі де қарапайым. Осы репертуардағы «Зұрқия» әні Қазақстанда кең тараған «Зұрқия» әнінің нұсқасы. Бұл ән А.Затаевичтің екі ірі жинағында жеті вариантпен нотаға түскен. Әйел сезімінің бостандығын жырлаған бұл шығармалар қазақ жерінің түкпір-түкпірінде кең тарап бір сюжетке құрылған.

Сарымолладан жазылған үнтаспа материалдарының арасындағы «Міржақып әні» атты туынды назар аударарлық. Сонымен бірге «Ақынның әні» шығармасы Иманжүсіп Құтпанұлының (1863-1931) «Сарымойын» әнімен жақын интонацияда. Бұл Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Бекежанның вокалдық партиясына пайдаланылған лейтмотив ән. Осы тұрғыдан Түркия қазақтарының мәдениетіндегі әндердің қаншалықты сақталғандығын аңғаруға болады.

Тұрмыстық, ғұрыптық үлгілер бүгінгі күні Қазақстанда да айтарлықтай дәрежеде кездеспейді. Қолданыстан шығып бара жатқан әндер шетелдегі қазақтар өміріндегі үлгілермен тағдырлас, яғни соңғы онжылдықтарда айтылмай келеді. Бұл орайда балалық, жастық шағын шетелде өткізіп, Отанына оралған Арыстанбек қажы (1936 ж.т.): «Көшіп келген 1953-ші жылдары ең көп айтылатыны «көріс», «сыңсу» болды. Соңы 1980 жылдары, сыңсу сирек айтыла бастады. Жастар көп қолданбады. Бұрын жастар бас қосқанда шілдехана, тойларда «шыт тастау», «жүзігімді тап» деген ойындар да болды. Бұлар да 1980 жылдардан кейін жоғалып кетті. Әрине бұл екінші ұрпақтың үлкен қалалар орталықтарына қоныс аударып, кәсіп іздеуімен байланысты, заман жаңарып кетті ғой. Біз бірінші ұрпақпыз. Екінші ұрпақ өздері үйрене алмады, мүмкіндік те, қажеттілік те болмады. Мұны үшінші ұрпақ тіптен керек қылмай қойды. Олар кінәлі де емес», – дейді. Ақсақалдың айтуынша шетелде олар қазақтың сал-серілері туралы, Біржан, Ақан, Естай әндерін естімеген, ал Абайдың әндері және Қытайда өмір сүрген Әсеттің әндерін естіп өскен. Ыстамбұлдық қазақ Мансур Тәйжі сұхбатында: «Мұнда келгенде арамызда күйшілік мектептер болмады, күй тартыс болған емес. Өнерпаздардың арасында «ұстаз, шәкірт» деген ұғым да болған жоқ. Жастар айтыстарға қатысты, бірақ қайым айтысты көрмедім. Абай әндерін айтып жүрдік. Кейін шекара ашылған соң ғана Біржан сал, Ақан сері туралы естідік», – дейді.

Экспедицияда бүгінгі уақытта «беташар» мен «көрістен» басқа ғұрыптық үлгілер қолданыстан қалғаннан кейін жасы егде тартқан адамдар жадында қалған әндер нұсқалары жиналды. Үйлену тойына қатысқанда мына жәйттар байқалды. Ыстамбұлдағы Қазақтар қауымдастығы орталығында алғашқы той кәдесі болып өтіп, құдалар кезектесіп шашу шашып, беташар айтылып, жастар үлкендерден бата алады. Қалың мал беру секілді кәделер осы көпшіліктің алдында, ал кешке жастар тойы арнайы мейрамханада өтеді. Қауымдастықта өткен қазақтар тойында қазақ немесе басқа тілдердегі әндер жалпы көп шырқалмады. Бір тойда домбырада өзінің жеке авторлық әндерін орындаған Бәшір есімді әуесқой музыкант болды. Оның бірнеше әндері домбыра сүйемелдеуімен үнтаспаға жазылды. Тілектес адамдар «құтты болсын» айтып келіп, амандасып, бас қосады. Бауырсақ пен тәттілерге толы дастархан жайылып құдалар бір-біріне құйрық-бауыр ұсынады.

Жиналған «Беташарлардың» ерекшелігі, олардың барлығында ислам дініндегі шариғат заңдылықтарының айтылуы. Исламға қатысты түсініктер мен ұғымдар үлгі-насихат ретінде айтылатын келін әдебі, т.б. пайғамбарлар есімдері, мүміндердің аналарының есімдері тізбектеліп өлең жолдарына қосылады. Мысалы, Құнапия Орынбасарұлы (1953 ж.т.):

Бәтима, Зейнеп, Хадиша

Солардан қалған жол шығар...

Қызыр, Ильяс, Шұғайып

Қыз жек жатар ұлғайып

Дабырламай жамағат

Беташар сөзін ұғайық.

Таям, ғұсыл, тахарат

Мұсылманға ылайық

Күн шығармай намазға

Ертеменен тұрайық...

Келесі үлгіні Хадиша Дөнмез (1966-2012) орындады:

Лұқпан хакім, Шұғайып

Қызыр жатар ұлғайып

Пайғамбар салған жолында

Жылама келін, мұңайып.

Мұндай мысалдарды келтіре беруге болады. Бұл шығармалардың дінге тиым салынған, «артық сөздерден тазартылған» елімізде жиналып жазылған беташарлардан өзгеше тұсы да осыда. Музыкалық жағынан речитативті, 7-8-буындық жыр үлгісіндегі беташарлар Ау! қаратпа сөзімен басталып, ары қарай төменгі тетрахордта бір сарынмен айтылып отырады.

Алыс шетелдегі бүгінгі қазақ тойларында Қазақстанда орындалып жүрген «беташар» түрлері де қолданыста. Куә болған келін түсіру тойында алматылық Дәулет есімді жігіт Жетісу жерінің «беташарын» домбырамен орындады. Сондай-ақ информаторлардың айтуы бойынша Франция, Германия, Ұлыбритания қазақтарының тойларындағы келіннің бетін ашуға өздерінде сақталған көне беташарлар емес, қазақстандықтар орындап жүрген түрлері қолданылады екен. Яғни, заман талабына сәйкес өлең де, әуен де, ондағы мазмұн да заңды өзгеріске түсіп, жаңа түрлері жақсы сұранысқа ие болып отыр.

«Бесік жырларына» келсек, олардың санаулы үлгілері ғана табылды. Бұларда айтарлықтай ерекше сипаттар сақталмаған, өйткені олар елімізде де бұрынғыдай кең қолданысқа ие емес. Шағын диапазонды, біркелкі ырғақпен сабырлы, ақырын орындалатын әлдилер жалпы қазақ арасына кең таралған сипаттарға ие. Тұрмыстық әндер арасында мұсылманның Ораза мейрамында ауыз ашардан кейін орындалатын «жарамазанның» тың үлгілері кездесті. Шетел қазақ диаспорасында ислам дініне тиым салынбағаны белгілі. Сондықтан жарамазан өлеңдерінде де пайғамбар сүннеті бойынша жасалуы қажет шарттар еркін айтылады. Мадәлім Байқонақұлының көне қолжазбасынан алынған жарамазанның өзгешелігі формасынан байқалады. Қайырмалы нұсқаның қайырма қостармағы әр шумақтан соң қайталанып отырады:

Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,

Ораза, намазыңның несі жұмыс.

Дүниеде парыз, сүннет өтеп барсаң,

Жәннаттан жеміс шашар уыс-уыс.

Қайырмасы:

Мұхаммед үмметі айтқан жарапазан,

Оразаң қабыл болсын ұстаған жан.

 

Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,

Жаһанға жапырағы тиіп тұрған.

Дүниеде намазыңды өтеп барсаң,

Алдыңда нұр пайғамбар күліп тұрған.

Қайырмасы:

Мұхаммед үмметі айтқан жарапазан,

Бір келген он екі айда ораза, иман.

Бұл бізге танымал қарапайым формадағы «жарапазандарға» қарағанда назар аударарлық құрылыста, музыкалық-интонациялық жағынан алғанда да жетілген түрге ие.

Түркия қазақтарының арасында ең жақсы сақталған, әлі де қазақтар жадында сақталып келе жатқан әндер – қара өлеңдер. Қара өлеңдер мен халық әндерінің жинау, сарапталу сипатына қарағанда оларда босып көшкен елдің мұңы, көз жасы, ұзақ жолда көрген азаптары, шекараларда күтіп тұрғанда – Пәкістан, Үндістан, Тибет жерлеріндегі бастан кешкен қиыншылықтары суреттеліп отырады. Үлкен кісілердің бәрінің көкейіндегі туған жері Алтайға деген сағыныш бүгінгі шекара ашылған уақытта да басылмаған. Әндердің мәтінінде де, әуенінде де көрініс тапқан бұл сипат олардың әке-аналарының арманы еді. Мысалы, Күли Құсайынқызы (1933 ж.т.):

Дүркіреп біз Баркөлден көшіп едік,

Шудасын ақ атанның есіп едік.

Тұрмадық Алатауды шыр айналып,

(Апырм-ай), бір жыл (жол) жүріп Кәшмірге жетіп едік.

 

Баркөлден шығып едік біраз қазақ,

Тауында Гималия көрдік азап.

Айналып Алатауды алты ай жүріп,

Дыңзыға әттең шіркін, жетіп едік.

 

Аты еді Дыңзы деген шекараның,

Бір Алла біз ғаріпті өзің оңда.

Дыңзыда жол бермеді бір ай қалып,

Кәргілге жол берген соң жетіп едік.

Өлеңдегі Дыңзы – шекара аты, Кәргіл – Үндістан мен Тибет арасындағы тар жол. Енді Сәнияхан Зейнолла (1930 ж.т.) орындаған өлеңге назар аударайық:

Игай-гай, тіршілікте күліп, ойна-ай.

Ыстамбұлдың ауылым күн бетінде,

Жазу жазсам ақ қағаз бұл бетіне.

...

Игай-гай, тіршілікте күліп, ойна-ай.

Ыстамбұлдың ауылым адарында,

Айдап салдым жылқымды болдырына.

 

Түркия қазақтарының қара өлеңдері мен халықтық әндері шығыстан көшкен қандастар арасында кең тараған халық әндері көбінесе «Бір бала», «Угай-ай», «Гүлдариға», «Жеті арал» секілді танымал әндер мелодиясымен орындалады. Мәселен исі қазаққа белгілі болған «Гүлдариға» әуенімен төмендегі ән айтылды, Кәбира Сағынған (1933 ж.т.):

Біз келдік Гималия тауын асып,

Жауған қар, соққан желмен араласып.

Біз келдік елу үште Түркияға,

Қарсы алды Түркі үкіметі қойнын ашып.

 

Алашорда үкіметінің маршы болған «Алаш маршын» жеткізуші Мәдәлім Байқонақұлы өз шығармашылығынан 1952 жылы жазылған «Қоштасу» өлеңін орындады. Мұнда да жүріп өткен жер-су аттары аталады:

Жолдастан айырылдық Кәшмір қаласында,

Өкпем жоқ Керей, Найман баласында.

Азатқа [инкамадостан] шықтым бүгін,

Жаратқан бір Алланың парасында.

 

Өлеңдегі инкамадос – қызыл коммунистер деген сөз. Информатор осы секілді халық әні сазымен өзінің өлеңін ұсынды:

Жүрек жарып сағындым, тапқан анам,

Сен өсірдің біздерді баққан анам, шіркін-ау.

Шіркін менің елім-ау,

Елде жүріп, ойнап-күліп

Салған сайран күнім-ау.

 

Бұл өлең шумақтарындағы және осы секілді материалдарда «шіркін елім», «артта қалған жерім», «көрер күн болар ма» секілді қайырымдар жиі кездеседі. Мансур Тәйжі (1942 ж.т.) берген мына материалдар халық әні «Бір бала» сазымен жетті:

Түркияның біз жүрміз қаласында

Салқындаймыз ақ теңіз жағасында, угай-ай, ән салшы бір бала.

Туыс келсе түрікке, ей, қарсы аламыз,

Адал ниет, кең пейіл қуанамыз, угай-ай ән салшы бір бала.

 

Түркияға келген екінші көш 1952 жылы «Алтай» ауылына барған қазақтар мына өлеңді шығарған. Бұл шығарма Өмір Қайаның (1966) орындауында нотаға түсті:

 

1. Біз көштік Гималай тауын асып,

Жауған қар соққан боран араласып.

Келгенде елу үште Түркияға,

Мендерес қарсы алды қойнын ашып. (Мендерес – үкімет басшысы).

 

Қайырмасы:

Ей, сандалгер,

Айрылған ел-жұртынан біз мұңлы шер.

 

2. Біз келдік Түркияның топырағына,

Ақ теңіз, Эгей теңіз жағасына.

Бақ берсін бір құдайым қазағыма,

Отырмыз ер түріктің арасында.

 

Қайырмасы.

Отырмыз Анадолы ортасында,

Біз Ыстамбұл, Манисани қаласында.

Қазағым өсіп-өніп жүре берсін,

Ататүрік Түркияның арқасында.

 

Бұл ән Омар Хайяның орындауында интернет беттерінде де жарияланған. Осы әннің түрік жеріндегі бауырластарымыз түгел біледі десек қателеспеспіз, олардың арасында «Сандалгер» деп те тараған. Түркиялық бауырлар музыка мәдениетінде Алтай жері туралы айтылмаған ән сирек кездеседі. Мысалы, Нұрсағи Қабылқызы (1929 ж.т.):

Аяғыма кигенім кебіс еді, ей

Жылқы ішінде тай-құлын тебіседі, ой, Алтай.

Үлкен де бар, бұл жерде кіші де бар, ей

Не деп айтсам өлеңді келіседі, ой, Алтай.

Алтай тауым мекенім,

Сонда туған екенмін.

Мекен жерім ойласам,

От боп жанып кетемін.

 

Немесе халық әуенімен қайырмасы қайталанып келетін қостармақты өлең жаздырған Кәбира Сағынған:

Ей, құдеке,

Құлпырасың тұлпардай,

Сыртың сұлу сұңқардай.

Алтайдың тауы да алтын, тасы да алтын,

Соғады қоңыр самал, желі салқын.

Шетел қазақтарының фольклорында «Бүркітбайдың әні», «Таңжарықтың әні» деген туындылар кездеседі. Отанымызда «Бүркітбайдың әні» болып тараған «Ау, Ғайша» шығармасының бір нұсқасы таспаға жазылып алынды. Жоғарыда аталған информатор Мәдәлім Байқонақұлы музыка мәдениетімізде айтарлықтай орны бар «Түркістан әскерлерінің маршы», мектепте орындалған «Ұмтыл, жас!» деп аталатын туындыларды да орындап берді. Бұл шығармалар 1945 жылдары Шығыс Түркістан әскерлері және сол жақтағы мектеп балалары орындаған марштар. Өнер тарихы үшін бұл әндердің алатын орны зор.

Ыстамбұл қазақтарынан жиналып, жазылып алған тың, құнды музыкалық материалдар алдағы уақытта шетел қазақтарының өнерін біртұтас зерттеуге орасан үлес қосып отыр.

1. Мақала мына жинақта жарияланды: «Казахстан и зарубежные казахи»: Материалы Международной научн.-практ. конференции «Репатриация этнических казахов в Казахстан как составная часть государственной миграционной политики: достижения, проблемы и путьи решения», посвященной 20-летию Всемирной Ассоциации казахов (г.Алматы, 12-октября). /Құраст.: К.Н.Балтабева, К.М.Қоңырбаева/. – Алматы: Атажұрт, 2012. – Б.325-331.