Ақ жауын
Секен Тұрысбеков

Бақтыбай жыршы 1

Ақын Бақтыбай Тайшаұлы ежелден-ақ жыраулар мен жыршылардың, суырып-салма ақындардың, небір әнші, күйшілердің мекені болған Батыс аймағындағы Атырау өлкесінің Жылой топырағында дүниеге келген. Өз ортасында «Бақтыбай жыршы» атанған халық талантының поэзиялық мұрасы заманында халық арасына кең тарап танымал болған.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың ортасына дейін өмір сүрген жыршы өзінен бұрын өткен ақындық, жыршылық дәстүрден өнеге алып, өз шығармашылығы арқылы оны ілгері дамытқан. Оның Шеркеш Мекемен айтысы, «Қара қой», «Қара Мұса» әзіл жырлары, «Досанға арнау», «Нарынбайға», «Қобдабайға» сияқты арнау өлеңдері және т.б. шығармалары ел аузында сақталған. Ақын молдадан діни сауат ашып, ескіше жаза білген. Ақындық, жыршылық дәстүрдің өкілі ретінде оның мұрасының басым бөлігі ауызекі тарағанмен, бірқатарын хатқа түсіріп, арналған адамына беріп отырған.

Өмірден озғаннан кейінгі уақытта оның жырлары інісі Қуаныш Тайшаұлының (1893-1978) репертуарында берік орын алып, халыққа тарап отырды. Қуаныштың үйіне ауыл-аймақ жыр тыңдауға көп жиналатын болған. Ол домбырада шебер ойнаған әрі ағасының жырларымен қатар халық ән-күйлерін, ауызша кәсіби авторлардан Мұхит Мералыұлының, «Адайдың жеті қайқысы» атанған өнерпаздардың әндерінің орындаушысы болған. Қ.Тайшаұлының мұнайшылық еңбек жолына жазушы Ғ.Сланов «Атырау адамдары» очеркін арнаған (1951).

Бүгінге Бақтыбайдың ән, жырларын Қуаныш арқылы оның қыздары Айжан (1944 ж.т.) мен Рысжан Тайшиевалар (1946 ж.т.) жеткізді. Ақын жырларының негізгі бөлігі Жылой ауданы, Құлсары қаласының тұрғыны Айжан Тайшиеваның орындауында нотаға түсірілді. Информатор сандаған ғұрыптық, тұрмыс-салт үлгілерін, лирикалық әндерді және атасы Бақтыбайдың көптеген өлеңдерімен қатар «Мамыр үйрек», «Құрманқызға», «Манардың Сәденге жазған хаты» (ел аузында «Ақ Сәден» әні) әндерін, ақынның «Беташарын», «Қара қой», «Қара Мұса» әзіл жырларын сазымен бүгінге жеткізді. Сондай-ақ ақынның шығармалары мен қысқа өлеңдері Р.Тайшиевадан алынды.

Жылой ауданының құрметті азаматы Жанаш Нұрмахановтың жеке мұрағаты материалдарына сүйенсек, ақынның бүгінге жетпеген «Мен шығып едім Бейбіттен», «Қауыш пен Мұрын», «Ақботаның Нұрғалиы», «Өткір қылыш алмастай», «Біреудің сойдың биесін», «Енді ойласам ақылым», «Байкелдінің ішінде», «Қотыр түйе» және т.б. өлең-жырлары болған.

Бақтыбай бала сүймегесін інісінің екі баласы Қалаш (1924-1944) пен Сараны (1933 ж.т.) бауырына басады. Сараның Аманжан Басығариев деген ұлы Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әншісі (солист), жас орындаушылардың ХІІ республикалық конкурсының лауреаты, тенор дауысты өнерпаз нағашы атасының өнердегі жолын жалғастырушылардың бірі.

Ел арасында қадірлі болған жыршы өмір сүрген жерлерін, туған жердің жер-су аттарын, айналасындағы араласқан ағайын-туған, дос-жаранын өлеңдеріне қосқан. Орта жасқа таянғанда Қаратонда барлаушы болып еңбек еткенін «Мамыр үйрек», «Қызыл Жем» әндеріне, өмір жолдарын «Жалдадым инженерге маяшамды» сияқты өлеңдерімен әрлеп отырған.   

Жылойлық Бақтыбай жыршының қолыма түскен өлең-жырларын әріптесім, шығыстанушы-филолог, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шығу үстіндегі «Бабалар сөзі» 100-томдығының жауапты редакторы, филология ғылымының кандидаты Серікбай Қосанға таныстыру мақсатында ұсындым. Шығармаларын оқып шыққан зерттеуші былай деп пікір білдірді: «Бақтыбай Тайшаұлы үлкен ақын. Өкінішке қарай, біртума таланттың көп шығармалары бізге жетпеген. Ақынның тілі өткір, өте астарлы әрі көркем. Дарынның аса қуаттылығы түйдекті ұйқасқа құрылған айшықты да уытты әзіл өлеңдері мен қағысуларынан-ақ көрініп тұр. Мыңға жуық жолды өлеңі бар Бақтыбайды көп күттірмей қазақ әдебиетінің тарихына енгізу жөн шығар. Сірә, Батыс Қазақстанның әдебиетінің шырақшысындай Қабиболла Сыдиықұлы сынды білімпаз зерттеушінің Бақтыбай ақын мұрасына назар аударуы тегін болмаса керек. Демек, ақын шығармаларын әлі де ел арасына жинап, жариялау, зерттеу жұмыстары өз жоқшысын күтіп тұрғаны күмәнсіз».

Әрине, Б.Тайшаұлының «Досанға арнау», «Қос пұшықпен айтысы», «Нарынбайға» секілді өлеңдері әлі зерттеуді қажет етеді.

Оқырманға осы мақала арқылы алғаш рет Бақтыбайдың бұрын-соңды жарық көрмеген «Қызыл Жем» және «Құрманқызға» өлеңдерін ұсынуды жөн көреміз. «Қызыл Жем» – Жылойдағы алғашқы бесжылдық кезінде тұңғыш ұйымдастырылған колхоз. «Қызыл Жемде» жұмыс жасап жүрген кезінде Бақтыбай 1937 жылы фонтан ашылғанда колхоз жұмысын тастап, мұнай өндіруге кетіп қалады. Өлеңінде ол өзіне таңсық болған жаңа жұмыстың ретін тізбелеп, суреттейді, жақын жолдастарына сәлем айтады. Ал, екінші туындысы ақынның Құрманқызға үйленбей тұрып ел арасына тараған әндерінің бірі, 1928 жылы шыққан. Яғни, ақынның қырық бес жасқа ал, Құрманқыздың отыз бес жасқа келген кезі. Әнін арнаған Құрманқыз (Есентемір) 1972 жылы қайтыс болған. Бұл өлеңді жыршы өзінің 11-буындық қара өлең өлшеміндегі жырларын айтатын әуенімен орындаған. Б.Тайшаұлы шығармашылығы жарық көретін ғылыми жобаларға еніп, жариялануы жоспарлануда. Болашақта филолог мамандар тарапынан ақын мұрасының ХХ ғасыр әдебиетіндегі орны мен өзіндік сипаттары жан-жақты ашылып, зерттеледі деп сенім білдіреміз.

1. Мақала толықтырылып ұсынылып отыр, алғашқы нұсқасы ақынның суретімен және «Қызыл Жем», «Құрманқызға» өлеңдерімен «Кең Жылой» газетінде (№ 15, 8.04.2010. – 9-б.) жарияланды.