Атадан мұра
Нұрғиса Тілендиев

Раушан Оразбаева – шебер қылқобызшы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, ҚР Мәдениет қайраткері. Ол өнерге қадам басқан 1990 жылдардан бері талай халықаралық сайыстардың бас жүлдегері атанды. Дәл осы кезеңде мерзімді баспасөз беттерінде отандық әйгілі музыканттардың бірі Раушанды «қобыздың Мадоннасы» деген лебізін айтқан болатын.

Жазда Астана күндерінде дәстүрге айналған түрік халықтары музыкасының «Астана-Арқау» фестивалінде көрнекті қылқобызшы Раушан Оразбаеваның «Інжу-маржан» концертінде Қорқыттың «Қоңыры» мен Жаппастың «Сарымойын» («Марш» деп те аталады) күйлерін ойнағанын естіп тәнті болдық. Мерекеден соң онымен кездесудің сәті түспеді, өйткені ол Лондонға, ХХХ жазғы Олимпиаданың мәдени шарасына арнайы шақыру бойынша сапарға дайындық үстінде болды. Әңгімелесудің сәті кейінірек, музыкант Алматыға оралғанда ғана туған болатын.

– Сіз елімізде және шетелдерге концерттік жобалармен жиі шығып жүрсіз. Осындай сапарларыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз.

Р.Оразбаева: Шынымды айтсам, елімізде мен бармаған өлкелер бар. Мысалы, батыс аймағына жататын Ақтау, Ақтөбе, Орал қалаларында, сонымен бірге Қостанай жерінде болмаппын. Бұл өңірлерден шақырту алсам қуана-қуана өнер көрсетіп, қылқобызды насихаттау мақсатында аянбас едім. Шетелге сапарларыма тоқталар болсам, Батыс Еуропаға жиі барамын. Мысалы, Лондонның алдында Австрияның Грац қаласында қызым Тоғжан екеуіміз бірігіп, еуропалық ішекті ысқылы аспаптармен үш сағаттық концерт қойдық. Концертімізге Германиядан тыңдармандар арнайы келді.

– Қызыңыз Тоғжанды оқырманмен таныстырып өтсеңіз және осы сапарыңызда қандай ерекше жаңалықтар болды?

Р.О.: Тоғжан Қаратаева К.Байсейітова атындағы республикалық дарынды балалар музыка мектеп-интернатының қылқобыз класының 11-сынып оқушысы. Бұған дейінгі Австрияның Кремс қаласына сапарымда қызыммен бірігіп Қорқыт күйлерінің топтамасын орындағанбыз. Бұл жолы екеуміз жекелей және қосылып «Қасқырды» ойнадық, «Ұшардың ұлуына» Тоғжан сазсырнай қосты. Қызым Сүгірдің «Аққуын», қазіргі заман сазгерлерінің күйлерін тартты, мен «Аққу», Әбікейдің «Жалғыз аяқ», Қорқыттың «Қоңырын», «Қасқыр», «Ұшардың ұлуы», «Башпай», «Абыздың толғауы», ең соңында авторлық «Арда» деген күйімді тарттым. Бұл шыңырау ұғымымен байланысты туындым көпшілікке ұнапты. Жаңалығым десем болады, виола де гамба аспабында ойнайтын австриялық музыкант Лоренц Дуфтшмидпен (Lorenz Duftschmid) Ықыластың «Ерден» күйі негізінде импровизация жасадым. Бұл аспапта жануарлардың ішегінен жасалған жеті ішек бар, көлемі үлкен, отырып ойналу тәсілі қобыз секілді, ысқышы қылқобыз ысқышы сияқты ұсталынады, дыбысы да қоңыр. Лоренц концерттен соң менімен бір сахнаға шығып, бірге ойнағанын үлкен бақыт санайтынын түсіндірді. Маған үлкен әсер қалдырғаны, музыканттың: «Менің аспабымда жеті ішек, ал қобызда керемет, сондай терең музыка небәрі екі-ақ ішектен шығып тұр. Байқасам, бір аспапқа екі ішектен басқа ішек қосып керек емес екен», – деген сөзі болды. Музыканттың мұндай шынайы сезіміне күмәнданбадым. Әрине, әлемдегі ысқышты аспаптардың атасы қобызды, ұлттық музыка мәдениетімізді, қазақ күйлерінің әуендік байлығын мойындағанына қатты риза болдым.

– Ал шетелдік көрерменнің қабылдауы қалай болды?

Р.О.: Концерт соңынан аудармашы маған тыңдармандардың осы концерттің жалғасы қашан болатынын сұрағанын айтты. Көпшіліктің «біз әлемнің екі нүктесіндегі аспаптардың диалогына (дуэт) куә болдық, олар үндесе отырып зор ләззат бере білді» деп айтқан сөздерін жеткізді. Бұл еуропалықтардың осындай концерттерге рухани сұранысының айғағы секілді.

– Осы сапардан қандай қызықты кездесулер есіңізде қалды?

Р.О.: Концертке Германиядан бір неміс музыканты келіпті. Есімі Розмарин екен. Қолында қазақтың қылқобызы бар. Өзі бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын болғандықтан қызығып сатып алған екен. Ол маған қобыз бойынша сабақ беруді өтінді. Қылқобызы шет жерде ойналмай, «жалғызсырап» тұр екен, қимадым. Уақыт тауып Қорқыттың «Сарынын» үйреттім. Сонымен қатар көршілес қалалардан арнайы келген көрермендер көптеген арнайы ескерткіш сыйлықтарын ұсынды. Олардың бір қатарын тағып жүремін. Мұндай ыстық ықыласқа толы кездесулер Еуропада жиі болып тұрады.

– Шығармашылығыңызда біраз ізденістердің жүріп жатқандығы аңғарылады. Өткен жылдары түсірілген отандық «Біржан сал» фильмінде сіз орындаған күй алыныпты.

Р.О.: «Біржан сал» фильмінде Тәттімбеттің киіз үйдің ішінде домбыра ойнайтын сәті бар. Сюжеттің бұл тұсына белгілі күйші Мұрат Әбуғазы орындауы алынды. Ал бақсының қолындағы қобызымен орта жолда қосылып кететін жерінде менің ойнауымдағы «Қырмызы Қосбасар» күйінің үзіндісі пайдаланылды. Бұл күй бұрын қобызда орындалмаған еді.

– «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген мақал бар, класыңыздан бітірген шәкірттеріңізге тоқталып өтсеңіз.

Р.О.: Ұстаздық қызметте еңбегім еш кеткен жоқ деп есептеймін. Консерватория бітірген шәкірттерім еліміздің әр түкпірінде орта оқу орындары мен ұлт аспаптар ұжымдарында еңбек етіп жүр. Олардың арасында республикалық Жаппас Қаламбаев атындағы және халықаралық Құрманғазы атындағы конкурстардың лауреаттары бар. Мәселен, Таразда Дана Есеналиева атты қызым бар, Атырауда Гүлжан Жұматаева, қылқобыз әлі барып үлгермеген Павлодарға үш жыл бұрын Раушан Тәңірбергенова деген шәкіртім алғашқы боп барып, қылқобызды насихаттап жүр. Ал, биылғы түлектерім арасынан Қарағанды мен Талдықорғанға баруды жоспарлап жүрген жас мамандар бар.

– Сіздің жеке концертіңізге бармағалы біраз уақыт өтіпті...

Р.О.: 1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алғанда, Елбасының алғашқы қабылдауында Ықыластың «Аққуын» орындадым. Өзім үшін тарихи сәт болып қалды. Содан бері әлемнің шығысы мен батысындағы көптеген мемлекетте қазақ музыкасын насихаттап келемін. 1997-2001 жылдарға дейін ҚР Ұланның президенттiк оркестрi жанындағы халық музыкасы ансамблiнде жеке орындаушы болып қызмет еттім. Осы кезеңде Астана сахналарында талай дүниелерді ойнағам. Одан бергі уақытта да шығармашылық ізденісімді үзбедім. Аманшылық болса күзде Астана төрінде бойыма жинаған барымды халыққа тарту еткім келеді. Жаңалықтарым да жоқ емес.

– Раушан, өзіңізге қандай орындаушымын деп баға берер едіңіз?
(музыкант жымиып, біраз үнсіз қалды)

Р.О.: Әр музыканттың өз әлемі болады... Сен сезіне алатын нәзік те тылсым дыбыс әлемін екінші біреу өзінше қабылдайды. «Сөз тоқтағанда музыка жүреді» демекші бұл ауызбен айтып жеткізе алмайтын дүние. Адам жанын емдейтін қобызшымын десем артық болмас, сірә. Өткен жолы «Россия» телеарнасынан журналистер хабарласып, «қай күндері ем бересіз?» деп тосын сұрақ қойды. Мен өзімді ешқашан емшімін деп жариялаған емеспін, бұл сұраққа тосылып қалдым. «Нағыз рухани демалыс алып, әсерлі күй кешкіңіз келсе концертіме келіп қылқобыз үнін тыңдаңыз», – деуден басқа ештеңе айта алмадым.

– Сізді толғандыратын қандай көкейкесті мәселені оқырманмен бөліскіңіз келеді?

Р.О.: Әр адамның, жеке тұлғаның белгілі бір мәселе жөнінде өз айтар ойы, өзіндік пікірі болады. Маман ретінде менің де қобыз аспабының төңірегіне қатысты өз көзқарасым бар. Меніңше, ұлттық аспабымыз қылқобызбен қатар аталатын қазіргі сым-қобыздың (прима-қобыздың) атауына қайта мән беру артық болмайтын секілді. Қазақта «қобыздың қоңыр үні» деген ұғым бар. Ол аспаптың табиғи материалынан (қыл, тері) және қазақтың «қоңыр» деген тембридеалынан туса керек. Ал скрипка негізінде жасалған төрт ішегі сым, о баста оркестрге лайықтап жасалған жасанды аспапты өскелең ұрпаққа қобыз деп танытпастан бұрын ойлануымыз қажет. Өйткені, бүгінгі мектеп қабырғасындағы балалар прима-қобызды қазақтың ұлттық аспабы деп қабылдайды.

– Сонда қазақ күйлерімен қатар, еуропалық, орыс музыкасы, бүгінгі композиторлар шығармаларынан репертуары бар прима-қобызды қалай атауды ұсынар едіңіз?

Р.О.:  Ең алдымен оқырманның мені дұрыс түсінгенін қалар едім. Жалпы, бұл аспаптың ХХ ғасыр музыка мәдениетімізде орнын ешкім жоққа шығара алмас. Маман ретінде приманы оркестрде орны бар аспаптың бірі деп қабылдаймын. Нақты айтарым – ол қылқобыз берген қоңыр үнді жеткізе алмайды. Бұл аспаптың бойында қылқобыздан қалғаны тек ойнау тәсілі ғана. Сонымен бірге органологтардың жер бетіндегі ең көне ысқышты музыкалық аспап деп танып отырған қылқобыз туралы «мүмкіндігі аз» аспап деген түсінікке қарсымын. Осындай түсінік қалыптасқаны өкінішті-ақ. Жалпы көнеде сазген деген аспап болғандығы туралы ақпарат бар. Мүмкін, осы атауды берсе жарасымды болар еді. Прима-қобыз төңірегіндегі оның атауына қатысты мұндай пікірлер маған дейін де қозғалған және менен кейін де айтылады деп ойлаймын. Ойымды тұжырымдай айтқанда, құстың қос қанатындай домбыра мен қылқобызымыздың қатарына сым-қобыздың ұлттық аспап ретінде насихатталуын жөн санамаймын.

– Көкейіңізде толғандырып жүрген ойларыңызды ашық әңгімелегеніңіз үшін рахмет. Сапарыңыз сәтті болсын.

1. Мақала «Түркістан» газетінде (№ 51, 20.12.2012. – 18-б.) жарияланды.