Әлқисса
Нұрғиса Тілендиев

Биыл М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Шетел қазақтарының фольклоры мен өнері» атты мемлекеттік жобасының аясында экспедиция ұйымдастырылып, Еділдің төменгі жағалауындағы қазақтардың өмірі мен мәдениетімен жақын танысып қайтуға мүмкіндік туды. Ресейдің Самара облысынан басталған зерттеу жұмысы Саратов, Волгоград, Астрахань облыстарымен жалғасты. Үш апта бойы Ресей облыстарының шалғай жатқан, қазақтар көп орналасқан ауылдарын араладық. Бір қызығы, Ресей жерінде тек қана қазақтар тұратын ауылдар бар. Мәселен, Самара облысында «Қазақ», «Бұлақ» атты ауылдар, ал Астрахань аймағындағы Алтынжар селосында бір ғана орыс жанұясы бар. Бұл Алтынжарда күй атасы Құрманғазы бабамыздың мазары мен мәдени кешені орналасқан. Шетелдегі қазақтардың бұрынғы мекені Батыс Қазақстан өлкесінің жері болғандықтан Еділ бойындағы қандастарымыз негізінен кіші жүз қазақтары. Олардағы 14-наурыздың Жыл басы ретінде Қамал-Айт немесе Көріс-Айт деп тойлануы (бүгінге дейін Атырау, Маңғыстауда «Амал мерекесі» аталып, Орал, Ақтөбе жерінде 14-наурызды халық жыл басы ретінде қабылдайды), тілдік аймақтық ерекшеліктердің нышандары, сонымен қатар ауызекі сақталған ғұрыптық, тұрмыстық әндер де бүгінгі Атырау, Маңғыстау, Орал өңірінің музыка мәдениетін еске түсіреді.

Шалғай жатқан қазақ ауылдарына жасалған сапарда қандастарымыздың мәдени өмірімен, руханиятымен танысып, ауыз әдебиеті, музыкалық фольклордың біраз нұсқалары жиналды. Ресейдің жиырмадан астам облысында орналасқан қазақтардың ең көбі Астрахань облысында болғандықтан біз бұл өлкеде ұзағырақ аялдадық. Мұндағы Володар ауданының Алтынжар селосында күй атасы Құрманғазыға арнап орнатылған мавзолей мен аймақтық мәдени орталық бар. Даңқты композитор өмірінің соңғы жылдарын өткізген Сахма селосы да бұл жерден қашық емес. Сондықтан да болар, бұл өлкеде аталған облыстармен салыстырғанда Құрманғазы күйлерін орындаушы қарттар әлі де кездеседі. Орта жастағы қазақтар домбыраны негізінен әнді (қазақ, татар, орыс тілдерінде) сүйемелдеуші аспап ретінде пайдаланса, кейінгі ұрпақ домбырашылықты кәсіби негізде, арнайы оқу орындарында үйренуде.

Жылына әлемнің 25 елінен отыз бес мыңға жуық қонақты қабылдайтын орталықтың «Құрманғазы» аталатын қазақтың халық аспаптар ансамблі бар. Жас ұжымның репертуарында халық ән-күйлерінен бастап, бүгінгі заманауи туындылар, қазақ билері бар. Мұнда өтетін барлық мәдени шаралар, кештер, қонақтардың сұрауы бойынша орындалатын концерттер дәстүр бойынша Құрманғазы күйлерімен басталады. Бүгінде ансамбль екі мемлекетте де өнер көрсетіп, репертуарын байытып, тәжірибесін молайтып жүр.

Экспедиция кезінде осы мәдени кешенде аялдап, директоры Нұржан Медетов ағамызбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Нұржан Самиғоллаұлы, оқырман үшін мәдени кешен тарихына қысқаша шолу жасасаңыз.

– 1996 жылы қазақтың ұлттық музыкасының классигі Құрманғазы атамызға мавзолей тұрғызылды. Нағыз халықаралық сипатқа ие болған бұл идея Астраханьдағы Никита Ысқақов басқарған қазақ мәдениеті мен тілінің орталығы «Жолдастық» қоғамында туып, үш жылда іске асты. Архитекторы Мақсот Нұрқабаев деген талантты азамат. Өзіңіз де куә болдыңыз, мавзолей қабырғаларындағы өрнектер, баба күйлерінің сиқырлы иірімдерін тасқа ойып түсіргендей әсер береді. Осы мавзолей мәдени кешен салдыру шарасына түрткі болып, достығы жарасқан екі ел тарапының қолдауымен 2005 жылы орталығымыз ашылды. Қазақстанның Елбасы Н.Назарбаев жолдаған құттықтауда «Бұл Астрахань облысы Володар ауданының Алтынжар селосында ашылып отырған Құрманғазы Сағырбаев атындағы мемлекетаралық кешен – көршілес отырған екі елдің достығы мен мәдени байланысының тағы бір символы болып табылады», – деген еді.

Аймақтық мәдени орталық бүгін қандай жұмыстармен айналысуда?

– Содан бергі уақытта мәдени-ағартушылық бағытта үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Ол ең алдымен жақын және алыс шетелдерден келген қонақтарға қазақтың салт-дәстүрін, ғұрпын, рухани мәдениетін насихаттау ісі. Қазақ мәдени орталығы болғандықтан келушілер көбіне беташар, бесікке салу, тұсау кесу сияқты дәстүрлерімізбен қатар ұлттық музыка өнерімізге қызығушылық танытып жатады. Сондықтан халық аспаптар ансамблімен қатар биыл жастардың «Атамекен» атты вокалды-аспаптық тобын құрып отырмыз. Астанаға барған бір сапарымызда әйгілі «Ұлытау» рок тобын тыңдап, қатты әсерленіп, елгі оралғанда соған еліктеп өзімізде осындай топты құруға кірістік. «Атамекен» тобы заманауи қазақ эстрадасы бағытында ізденіс жасамақ. Бұл жастар ұжымына үлкен сенім артудамыз.

– Келген қонақтарды қазақ қызы мен орыс қызы ұлттық киімдерін киіп, қолдарына бауырсақ, наны мен тұзын алып бірге қарсы алғанына куә болып жатырмыз.

– Біз Ресей жеріндегі қазақ орталығымыз ғой. Осылай қарсы алғанымызда қонақтар бұл екі елдің арасындағы тығыз достықтың куәсі болады. Достық – күннен-күнге беки түсетін үлкен мәнді сөз. Кешенімізге жан-жақтан әртүрлі ұлттар, дін өкілдері үздіксіз келіп жатады десем артық айтқаным емес. Біз Қазақстанмен тығыз қатынастамыз, фестивальдер мен конкурстардың тұрақты қатысушысымыз. Мемлекетаралық тығыз мәдени-шығармашылық байланысымыз үзілмей келеді.

– Сіз бұл орталыққа өз қалауыңызбен келіпсіз. Оған не түрткі болды?

– Бұл жерге келгенге дейін Володар ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болдым. Орталықтың құрылысы жүрген кезде отбасыммен қолдап, қолымнан келген көмегімді беріп тұрдым. Көңілім осы жаққа алаңдай берді... Бұл менің бала кезімдегі бір оқиғаны есіме түсіреді. Мен тоғыз жасқа дейін қатты ауырдым. Бойыма ас жұқпай, ішкенімді құса беремін, тек сүйегім қалды. Апармаған аурухана қалмады, бірақ дауа қонбады. Халық емшілігінде оны «қой дерті» дейді екен. Масахана ішінде өлім халінде жатқаным әлі есімде, бәрі менен күдер үзе бастады. Содан біздің елде Құрманғазы немересі Төлеу Құрманғазиев деген кісі болды. Ол Сталинград шайқасында болған, соғыс ардагері екен. Ел арасында «Төлеуде Құрманғазы атасының аруағы бар» деп айтатын. Неге екенін қайдам, әкем сол кісіге барып жағдайын айтыпты. Төлеу қарт бұрын-соңды адам емдеп көрмеген. Бірақ мені аяп көмекке келіпті. Сонымен не керек әжем құрқұлтайдың ұясын жинап, үлкен табаққа сары майды ерітіп, ұяны соған салды. Екі жағымнан ұстап тұрып, Төлеу ақсақал бес тиынды өткір етіп қайрап, басымнан аяғыма дейін тамырларымды кесті. Әжем әлгі майды жағып отырды. Осы оқиғадан соң мен құлан таза айықтым, аурухананы көрмедім. Тіптен құрдастарымның барлығын денсаулығым жағынан басып оздым. Кейін Төлеудің екінің біріне дарымаған бір тылсым күшке ие жан екенін түсіндім.

– Нұржан аға, басқаруыңыздағы орталықты аралап, мұражайды тамашалап, бүгінгі атқарып тұрған қызметімен танысып көңіліміз көтеріліп отыр. Бұндай игі істермен айналысып жүрген екі елге ортақ кешеннің қандай көкейкесті мәселелері бар?

– Қазақстандық бауырларымыз аман болса алда талай мәселелер шешімін табар деп үміттенемін. Дегенмен, біз үшін үлкен бір мәселе бар. Ашылған жылы бұл орталық – халықаралық мәдени кешен мәртебесінде болды. Уақыт өте мемлекетаралық мәдени орталық аталды. Бүгінде статусымыз тағы да өзгеріске ұшырап, аймақтық мәдени орталыққа айналдық. Аймақтық дегенде осы кешеннің құрылуына қызу атсалысқан Қазақстанның үлесі есептелмей қалады ғой. Бұл орталық екі елдің де меншігінде болып табылады, бірақ мұражайымыздағы экспонаттар Қазақстаннан әкелінген, жалпы, орталықтағы дүниенің 65 пайызы Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарының меншігі болып табылады. Осы тараптан біздің бұл мәдени орталыққа ең тиімді атау – мемлекетаралық деген мәртебе секілді. Айтып отырған мәртебе келушілердің алдында да мерейімізді көтерер еді.

Орталықты білетін, құрылысын жүргізуге атсалысқан азаматтардан сұрайтыным, бұл сөзіме бейжай қарамаса екен. Алтынжар селосында орналасқан Құрманғазы Сағырбаев атындағы аймақтық мәдени орталыққа бұрынғы мемлекетаралық деген мәртебесін қайта алуымызға көмек көрсетсе екен.
– Сонда қазір орталықты кім қаржыландыруда?

– Қазақстандықтар тарапынан бірнеше рет қаржыландырулар болды. Мәселен, 2009 жылы жөндеу жұмысымызға қол ұшын беріп, кейіннен жазғы концерт алаңын салып берді. Бірақ, қазіргі уақытта бізді Қазақстан тарапынан емес, Астрахань облыстық бюджеті қаржыландырып отыр.

– Қандай жоспарларыңыз бар?

– Құрманғазы мұрасын бүгінге жеткізген, оның атымен есімі бірге аталатын шәкірті, ұлтымыздың талантты домбырашысы Дина анамыз ғой. Биылғы жылы қазақ мәдениеті мен тілінің облыстық қоғамы «Жолдастықтың» құрметті төрағасы Никита Сейітұлы Ысқақовпен бірігіп осы орталықтан Дина Нұрпейісоваға арналған мұражай ашқымыз келеді.

– Еңбегіңіз жемісті болсын.

1.Мақала «Түркістан» газетінде (№ 26 (936), 28-маусым, 2012. – 6-б.) жарияланды.
Сұхбат М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 2012-2014 жылдары жүзеге асырылған «Шетел қазақтарының өнері» (Мемлекеттік тіркеу №0112РК02847) атты ғылыми жобасы аясында дайындалған.