Әлқисса
Нұрғиса Тілендиев

Ағысқа қарсы жүзген аққу1

«Зәуреш жарты ғасыр бойы сахнада ән шырқап келеді. Талантты, парасатты, мейірімді адам, оның тұлғасы маған ағысқа қарсы жүзген аққуды елестетеді... Тау-тасы ән салған, күй күмбірлеткен Маңғыстаудан шыққан әнші-күйшілер, жыршылар көп, дәстүрлі мәдениеттің қаймағы бұзылмаған өлке. Туған жертабиғатының осындай сыры мол сипаты Зәуреш бойында да бар. Ол өткен ғасырда қалыптасқан тектіліктің кілтін сақтаған әнші» – дейді белгілі жазушы-журналист Мағира Қожахметова.

«Алтын қорда» дауысы сақталған Зәуреш Есбергенованың қоңыр, жағымды үні, жүрекпен айтқан әні мыңдардың жүрегіне жетеді. Оның қазақы үрдіспен орындаған халықтық, авторлық лирикалық шығармалары фортепианоның және сырнай аспаптарының сүймелінде тамаша үйлесіммен естіледі. Бұл ерекшелігін өзі де біледі, сондықтан да ешкімге ұқсамайтын ерекше дауысын шаңқобыз, жетіген, қобыз сияқты даланың үнін жеткізетін ұлтымыздың көне аспаптарымен көркемдегенді, солардың ғана сүйемелдегінін қалайды.

З.Есбергенқызының ән айтқанын алғаш рет «Сағындым, Жайық» күйтабағынан (1989 жылы жарыққа шыққан) естіп, мұндай тамаша тембрді бұрын-соңды кездестірмегендіктен таң қалдым! Күйтабаққа оның орындауындағы бір туынды ғана жазылыпты. Г.Кондратюк баянмен сүйемелдеген «Жылой» әні. Бұл туындыны естіген соң әнші репертуарында тағы қандай дүниелер бар екен деп ізденіс жасай бастадым. Оның «Сәулем-ай», «Ахау, айым», Мұхит Мералыұының «Зәуреші», Бегей Қайыптың «Ақбөбегі», «Жадаукөгі», «Адайдың жеті қайқысының» бірі Мая Досаттың «Жамалын», аймақта кең танымал халықтық «Қара қаншық» пен өлі мен тірінің айтысынан үзінді деп тараған «Ақбала-Боздақ» туындыларын дәстүрлі (домбырамен) орындаудан кем түспейтін, жеріне жеткізе айтатын мәнерін естідім.

Мұндай контральтоның сырнайдың, фортепиано аспабымен үндесуі, таңдалған тональдігі (орындау биіктігі), дыбыс динамикасы, төменгі регистрдегі қоңыр бояуы бәрі-бәрі бірге әншінің кең тынысты, еркін музыкалық ойжосығын аша түседі. Және де отандық музыкатану саласында бағалы саналатын тың дүниелер, бұрын-соңды белгісіз болып келген «Жылой» үлгісінің жаңа варианты, «Отпан» шығармасы мен ғұрыптық «Сыңсуды» үнтаспаға жазып алып нотаға түсірдім.

Бұл репертуардағы шығармаларға үңілгенде, олардың басым бөлігі әншінің табиғатына тән, жан дүниесіне жақын ортақ нышанға ие – мұңды, сезімге бай, кантиленді әндер екен. Мысалы, «Отпанды» төрт жасынан бастап айтып, алғаш рет осы сағыныш сазымен ауылында көптің есінде қалып қойыпты. «Әкем Есберген Таңатарұлы Отан соғысына сұранып кеткен, елгеоралмаған белгісіз солдат. Дауысы алты қырдың астынан естілген әнші, сері, суырып салма ақын болыпты», – дейді Зәуреш апай. «Отпан» әуені балалық шағымда құлағымда қалған болуы керек, мына сөздермен әкемді сағынып айтып жүретінмін:                  

    • Отпан да Отпан, Отпан тау,
    • Герман да деген жаман жау
    • Кешегі кеткен ақ көкем
    • Келер ме екен аман-сау?

– деген зарымды естіп, сырттан жүгіре келген екі әйелдің: «ойпырм-ай, дауысың қандай зарлы еді? Жылама, әкең келеді, келеді», – деп мені жұбатқандары әлі есімде. Бірақ әкем оралмады. Ел үшін, Отан үшін құрбан болды».
Есі кірген сәби күнінен бастап жүрегінде қалған сағынышы басылмай, тыңдарманмен осы сарындас әуезбен бөлісетіндей... әнмен мұңын шағатындай...

Араға жылдар салып оның шығармашылық белесінде репертуары толыға түседі. Сонау балалық шағында музыкалық өнер жолының «тұсаукесері» болған мұңды әуен «лейтмотиві» кейінгі өзінің таңдауындағы әндер табиғатынан да көрініс тауып отырды. Ол Ә.Бейсеуовтың «Соғыстың соңғы әні» (сөзі: М.Әлімбаев), Е.Хасанғалиевтің «Көңілдің кейбір кездері» (сөзі: Б.Тәжібаев), Ш.Қалдаяқовтың «Сыған серенадасы» (сөзі: Қ.Мырзалиев) және т.б.

Мына бір естелік әңгіме өнер тұлғасына берілген жоғары баға секілді. О.Бодықовтың «Шәмші Қалдаяқов туралы жыр» өмірнама-естелік кітабында қазақ вальсінің королі: «Дауысы әдемілердің бәрі әнші емес. Әннің табиғатын түсініп, тыңдаушының жүрегіне жеткізе білген әнші – шын әнші», ал «Сондай әншілердің қатарына сен кімдерді қояр едің?» деген сұраққа Жамал Омарова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегеновалармен қатар Кенжекүл Сыздықова, Зәуреш Есбергенованы айтқан екен. Әрі қарай: «...дауыстардың да өзіндік үні бар. Адам жүрегін тербейтін де сол үн... Зәурештің үнінде анаңның ажарындай ғажап келбет бер. Ол келбетті бірден танисың. Және оған елегіземей тұрмайсың... Зәуреш «Сыған серенадасын» айтқанда ешкімге ұқсамайтын өзгеше келбетті көремін. Шын әнші сондай болуы керек», – деген екен Шәмші Қалдаяқов.

Шәмшіге мұндай сөздер айтқызған әннің орындаушы жүрегімен үйлесім тапқан сәтінің көрсеткіші болса керек.     
Еңбекқор музыкант өз концерттік бағдарламасымен 2003 жылы Маңғыстаудың түкпір-түкпірін аралап концерт қояды. «Сол кезде мектеп қабырғасындағы оқушылардың халық әндерін білмейтіндіктерін көріп жаным ауырды. Балалар халық әуенін тыңдамайды деген бір әншейін сөз, мәселе оны жеткізе білуде, өскелең ұрпаққа туған халқының рухани мұрасын жақсы көргізе білу қажет. Дәстүрлі өнерге деген құрметтің көрсеткішін мына жәйт айқын аңғартса керек», – дейді Зәуреш Есбергенқызы. Әрі қарай артист «Құрмет» орденін алуына байланысты өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласына барған сапарында түйген ойымен бөлісті. «Үлкен шаңырақта Қазақстан өнер майталмандарының өнерін тамашалаудамыз... Әне шығады, міне шығады деп күткен қазақтың қара домбырасы мен ұлттық әншілік, жыршылық дәстүрдегі номерді күтумен отырдым. Өз басым еуропа академиялық музыкасының отандық майталмандарын бағалаймын. Олар біздің мақтанышымыз. Бірақ 16-желтоқсан Тәуелсіздік күні болғандықтан да ұлттық ән мен күйді, патриоттық сананы оятатын сазды, қазақ тарихының шежіресі домбыра мен қобыз аспаптарынан төгілген әуенді естімедік. Өз дәрежесінде берілмеді. Осылай жүре берсек, ұлттық музыканы қашан, қай жерде береміз, қалай дәріптемекпіз? Мені осындай жәйттер қынжылтады», – деп аяқтады әңгімесін.

Иә, қазіргі уақытта, бүгінгі жаһандану кезеңінің мұхиттай ағысына төтеп беретін қуат қайдан шықпақ?
Осы бағытпен жүре беретін болсақ, алдағы 15-20 жылда біздің «даурығып» қана дәріптеп жүрген асыл қазынамызға сұраныс болмай қалу қаупі бар. Себебі бұл мәдениеттің тыңдарманы азайып барады, ал тыңдарманды бүгіннен бастап дайындау қажет. Бұл екпінмен кете берсек, болашақта қазақтың классикалық музыкасы – ауызша кәсіби саңлақтар мұрасы белгілі бір шағын субмәдениеттің ғана сұранысын өтеуі мүмкін. Мектеп қабырғасынан басталатын музыка дәрістерінің бағдарламасына үңіліп көрсек, ол өз алдына бөлек әңгіме...

Қою шайды ішіп отырып, ол бір сәт ойланып кетті. Бір кезде маған: «Біз қазір ән айтып жүрген жоқпыз, қызым» деп әңгімесін жалғастырды. «Тәуелсіз елміз. Жаһандану тасқыны өзінің әмірін орнатып жатыр. Оған қарсы тұратын күш алдымен ата-баба қалдырған қасиетті, мәртебелі ұлттық рухани дүниелер емес пе?! Ұрпаққа бұл мұраны егу керек. Мұғалімнің мақсаты сол музыкалық мұраны жақсы көрсете білуде. Заманды адам жасайды. Сіз бен біз, балаларды, келешек ұрпақты жастайынан қазақы рухта тәрбиелеп, ұлттық асыл қасиетімізді сіңіріп, салт-дәстүрді қаймағын бұзбай сақтауымыз керек»...

Бүгінде жетпіс жасқа толып отырған мерейтой иесі, «Құрмет» орденінің иегері Зәуреш Есбергенқызы 1940 жылы 27-сәуірде Гурьев облысы, Маңғыстау ауданы, Ильич ауылында (бүгінгі Ұстаған ауылы) дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң артист болуды армандап астанаға келгенмен тағдырдың жазуымен 1959-1964 жылдары Құрманғазы атындағы Өнер институтының режиссерлік факультетінде оқиды. Сөйтіп, еліміздегі алғашқы режиссер мамандығын алушы жастардың бірі болып, еңбек жолын осы кәсіби мамандығынан бастайды. Яғни, Жамбыл облыстық драма театрының (1964-1965), Гурьев облысының М.Өтемісов атындағы облыстық драма театрының режиссері (1966-1969) қызметінде болады.

Музыканттың әнші емес, режиссер болып басқа өнер арнасына бұрылып кеткенін әріптесі күйші Сержан Шәкіратов былай бағалайды: «З.Есбергенқызы – талантты әнші, Маңғыстаудан шыққан тұңғыш режиссер. Зәуреш екеуіміз өнерде доспыз, өмірде де ағайын-туысқанбыз. Бала кезімізбен тай-құлындай бірге өстік. Мен домбыра тарттым, ал ол бала күнінен Маңғыстауға белгілі әнші болды. Тарихтан белгілі, музыканттардың өнер жолы сан қилы болып жатады. Мысалы, орыстың танымал әншісі Ф.Шаляпинді, әлемде сирек кездесетін дауысты мақтанышымыз Ерік Құрманғалиевтерді әп дегенде арнайы оқу орны бірден бағаламаса, танымаған болса, консерваторияға барған Зәурешті де әншілік бағытынан бұрып, «режиссер қылып» жіберген.

Әнші болуды бала кезден армандаған Зәурешті талабы жетелеп, 1969-1971 жылдары Республикалық эстрада-цирк өнері студиясының вокал бөлімінде білім алады. Мұнда жарнамалауды қажет етпейтін тамаша педагог Н.А.Шарипованың класында дәріс алған екен.

Өзіне тән өнер жолы бар, өзіндік қолтаңбасы, өрнегі бар, режиссерлық пен әншілікті қатар ұстаған жан оқуды тәмамдаған соң бойындағы жан-жақты шығармашылық қырларын ашады. Ұлттық телеарналарда редактор, сценарист, Қазақ радиосында музыкалық редактор болып еңбек етеді. Осы жылдары оның «Өлеңді қайтып қоярсың?», «Шәмші туралы естелік», «Ән-дәурен», «Менің Сақыпжамалымды көрдің бе?», т.б. мазмұны терең, айтары көп хабарлары эфирден беріліп жатты. 

З.Есбергенқызы 1972 жылы ашылған Торғай облыстық драма театрының негізін құрған режиссерлердің бірі бола отырып, жиырма жыл Қазақконцертте жеке әнші қызметін атқарады. Кейіннен Маңғыстау облыстық филармониясы мен телеарналарында әнші, жүргізуші-редактор қызметін атқарады. Сондай-ақ 2003 жылы Ақтау қаласында ашылған Н.Жантөрин атындағы облыстық драма театрының ашылуына атсалысады. Ол қазақ драма театры сахнасында М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Теңге ролін, «Қара Қыпшақ Қобландыда» Қарлығаны, В.Вишневскийдің «Оптимистік трагедия» спектаклінде комиссар ролін, М.Байжиевтің «Жекпе-жек» спектаклінде әйел образын сомдаған.

Зәуреш Есбергенқызы дәстүрлі әншілік өнерде қайталанбас сирек дауысты өнер иесі.

1Мақала «Мәдениет» журналында (№ 3 (42), 2010. – Б.56-58) жарияланды. Дарынды әнші 2015 жылдың 18 қаңтарында дүниеден өтті.