Әйел басқарған үздік мекеме...1
Алысқа бармай-ақ Алматымыздың көшесіне шықсаңыз, толып жатқан дүңгіршіктерден түрлі-түсті сандаған газет-журналдар көзге шалынады. Олардың мұқабасында негізінен өнер жұлдыздарының суреттері орын алады. Әнші, күйші, сазгер, биші, актриса, тележүргізуші, спортшылар... Кейде журналдар әбден жауыр болған тақырыптарды айта-айта, бір өнер адамының келбетін қайталай басады. Өз басым аз қазақтың бір-бірін көтергеніне, бірін-бірі бағалағанына қарсы емеспін. Десек те біз үшін, қалың оқырманмен таныстырғымыз келген адамның бұрын-соңды теледидардан көрініп жүруі немесе атақ-дәрежесінің көп болуы міндетті емес. Бастысы, таңдалған тұлғаның адамшылық қасиеттері жоғары, ойы терең, таным көкжиегі кең, жан сарайы таза, айтар сөзі бар жан болса.
Ендеше, сіздерге таныстыру үшін таңдалып отырған кейіпкерімнің бойында жоғарыда айтылған қасиеттермен бірге, халқына талмай қызмет ету деген ізгі ниеті тағы бар. Ол талантты журналист, ҚР Мәдениет қайраткері Сәулеш Тәжіқызы Шәтенова.
Мектепті бітірісімен сонау Атыраудың бір түкпірінен алыстағы арман қала Алматыға білім іздеп жолға шыққанын өз сөзімен айтар болсақ: «Атына қонған жауынгеріндей сақтардың, Солайша мен де арманға алыс аттандым», – дейді ол. Жасөспірім Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің қара шаңырағында «қазақ журналистикасының атасы» атанған профессор Тауман Амандосовтың шәкірті болып, оның жетекшілігімен ««Айқап» журналындағы корреспонденциялар» тақырыбында дипломдық жұмысын қорғайды. Оқудан соң алғашқы еңбек жолын аудандық «Кең Жылой» (Атырау) газетінде бастаған бойжеткен ірі табыстарға қол жеткізді. Оның ең үлкені – халқының сенімінен шыға білуі еді.
Бүгінгі белгілі журналист студенттік жылдардағы ұстаз қамқорлығын: ««Айқап» журналының араб харпімен шыққан түпнұсқасы қазіргі Ұлттық кітапхананың сирек кездесетін құнды кітаптар қорында сақтаулы болатын. Осы журналды сол қордан алып оқып, зерттеуіме Тауман аға көмектесті. Мені кітапханаға алып барып, профессорлық қызыл куәлігін көрсетіп, кітапханашылардан журналды оқуға рұқсат алып берді. Таксимен барған болатынбыз, кітапханаға жеткенде «Мен профессормын, ал мынау ақшасы жоқ студент» деп жолақыны өзі төледі. Ағай таяқшаға сүйеніп жүретін, биік баспалдаққа әрең көтеріліп кітапханаға кіргені де есімде. Журнал қолыма тигенде қуанып, сол кітапханада қала бердім, ал ұстазым кетіп қалды. Сонда балалық қой, ағайымды шығарып та салмаппын, баспалдақпен қалай түсті, оны да сол кездеойламаппын», – деп еске алады. Ұстазы Сәулештің болашағынан көп үміт күтіп, қамқорлығын аямады, оның болашақта мықты мамандардың бірі болатынын сезгендей журналистиканың сырларына үйретуден жалықпады. Онымен бірге оқу орны қабырғасында Ә.Ыдырысов, Т.Қожакеев, Н.Омашев, М.Қалдыбаев сияқты ұстаздар студенттердің ең жақын достары болды. Ақын Қадыр Мырзалиевтің дәрістері жастарға өз алдына керемет дүние болды, ол поэзияға көптеген шәкірттердің қызығушылығын оятты.
Сәулеш барша ауыл балалары секілді әжесінің тәрбиесінде өсті. Ауыз әдебиетін, көркем әдебиетті оқытып, тыңдағанды ұнататын әжесі Данаштың әсерімен ол әдебиетке, өнерге жақын болды. Сондықтан болар, шығармашылық жолын 6-сыныпта бастады. Оның тырнақалды «Бодаштың хикаясы» атты шағын сахналық скетчі осы кезде «Қазақстан пионері» газетінде жарық көрді. Ол актриса болуды армандайтын, сол қиялының жетегімен мектептегі драма үйірмесінде пьесаларда да ойнайтын... Алматыдағы студенттік кезеңдегі тұңғыш мақаласы да өнер төңірегінде «Жас Алаш» газетінде жарияланды. Жас талаптың бұл мақаласы графист суретшілердің көрмесі туралы «Виват бояулары» аталды.
Сәулеш қарапайым, адалдық пен адамгершілігі мол жандар отбасында тәрбиеленді. Мейірімді жан анасы Жолдықыз адалдыққа, жан тазалығымен бірге «киім-кешегің жамаулы болса да тап-таза болса ешкім сөкпейді, ал қымбат киім киіп, оның лас болса бәрі сөгеді» деп ұқыпты жүруді үйретті. Ал әкесі Тәжінің «Басыңды кесіп алса да өтірік айтпа» деп шыншылдыққа тәрбиелеген сөздері әлі күнге жадында. Сәулештің бойында өткір, өжет, алғырлығымен бірге қазақы әдебі, имандылығы мен сәулелі жан дүниесі, ішкі мәдениеті бірден көзге түседі. Бес уақыт намазын қаза қылмай, ораза ұстап, дәретсіз жүрмейтін діндар әжесі ылғи: «А Құдайым бала бер, бала берсең сана бер. Санасыз бала бергенше, шетінен кел де ала бер, – дейді екен. Яғни, әжесі Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбарымыздың «Ақылды адам бақытты» деген хадисін мына жарық дүниеде ақылды, саналы адамның ғана бақытқа жететінін халық даналығымен ұштастыра құлағына құйды. Сәулеш отбасында алған баға жетпес рухани байлықпен үйлесім тапқан тәрбие туралы: «Мен әжемнің қызы болдым, әжем шашымды «адайлар осылай өретін» деп қырық өрім қып өріп, үстіме тек қана ұзын көйлек кигізетін. «Жақсы қыздың кір жуғаны бас жуғандай, жаман қыздың бас жуғаны кір жуғандай» деп таза, ұқыпты болуға үйретті», – дейді.
Иә, өскен ұшқан ұясынан алыстап, өз өмір жолына түскен Сәулеш Тәжіқызы қазір үш баланың анасы. Үлкен қызы болашақ заңгер мамандығын таңдаса, өнердегі жолын жалғастырушы Перизаты қазіргі күні Атырау облыстық телеарнасының аудандық тілшісі. Оларға қарап мектеп оқушысы кішкене ұлы өсіп келеді.
Сәулеш еңбек жолын туған жеріндегі аудандық «Кең Жылой» газетінде бастады. Аталмыш газетте аудан тіршілігінің барлық қым-қуыт тіршілігі қамтылып, оқырманға әлеуметтік, экономикалық, мәдени, спорт ақпараттары дер кезінде жетіп, бәрі бір газет айналасында, дер уақытында орын табуы қажет. Сәулеш тілші, бөлім меңгерушісі, кейін жауапты хатшы бола жүріп бұл қызметті жете меңгеріп алды. Еткен еңбегі де бағаланбай қалмады, жеке шығармашылық жолы «Жылдың ең үздік журналисі» (2001) номинациясын жеңіп алуымен көрінсе, оның басшылығындағы ұжым қызметі 2003 жылы мемлекеттік Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат комиссиясының «Әйел басқарған үздік мекеме» жүлдесіне ие болды. Жалпы Сәулештің бұл саладағы еңбегі басқа да толып жатқан Алғыс хаттармен, Республикалық Құрмет қағаздарымен ғана өлшенбейді деп ойлаймыз.
Оның қаламынан бүгінгі уақыттың өзекті мәселелерімен бірге көптеген өлеңдері де туды. Өлең жазуды ол мектеп қабырғасында жүрген уақыттан бастады. Алғашқы бір топ өлеңдері 10-сыныпта аудандық «Кең Жылой» газетінде жарияланса, кейіннен «Аудитория» атты студент жастардың өлеңдер жинағына бірнеше өлеңдері енді.
Оның Абай туралы, жиырмасыншы ғасыр поэзия алыптары Ф.Оңғарсыноваға, М.Мақатаевқа арнаулары, «Пендеңді тура жолға баста, құдай», «Кешкі ауыл суреті», «Бақыт деген не деген қарапайым», «Ғашықтық туралы пәлсапа», «Інжу сөзді жіпке тіздім іркіп ап», «Жүрегіме айтарым» және көптеген өлеңдері «Қос ішек», «Ақ шағала», «Жылыой қаламгерлері» тағы да басқа жыр жинақтарына еніп, жарық көрді.
Сәулештің бірнеше өлеңіне сазгерлер әуен жазды. Олардың арасынан «Фаризаның мінезі», «Адайлар» әндері және жергілікті композитор Қ.Бекеновтің «Құлсарым менің, Құлсарым» әні аймаққа кең тарап кетті.
Ел аузында «Үйшікке барсаң күй тартпа, Жылойға барсаң ән салма» деген нақыл сөз бар. Мұндағы Үйшік – қазіргі Атырау қаласының бұрынғы Гурьевке дейінгі көне атауы. Батыс өлкенің музыка мәдениетінде Мұхит пен «Адайдың жеті қайқысы» атанған өнерпаздар дәстүрі үлкен орын алған. Осындай екі ірі ән арнасы аралығында пайда болған Жылой өңірінің өзіндік ән мектебі болған деген деректер кездеседі.
Жылой жерінде көнеден ақындық, жыршылық дәстүр кең дамыған. Халық аузынан бүгінге «Жылой» аталатын бірнеше әндері жетіп отыр. Олардың бірінде өңірдің сұлулары былай әнге қосылған:
- Орынбор, Тұзтөбенің тұзын көрсең,
- Жылойдың таң қаларсың қызын көрсең.
- Атыңа түскен қайтып міне алмайсың,
- Қыздардың судан қайтқан ізін көрсең.
Ауызекі жеткен әңгімелердің бірінде Ғарифолла Құрманғалиев репертуарындағы әйгілі «Он алты қыз» әні осы Жылой қыздарына арналыпты деседі. Бірінен бірі өткен сұлулардың сымбат, ажары олардың ақыл-парасатымен, дәстүрлі тәрбиелілігімен, әдебімен, мінезімен арта түсіп, талай ақындарға шабыт берген. Дүниеге осылай талай әсем әндер келіпті...
Олардың бірі әйгілі Құрманғазының күйіне арқау болған Төремұрат батырдың есімімен байланысты. Төремұрат ғашығы қыздан сұлу Қызданай арумен арасындағы оқиғалар Жылой жерінде басталып, бүкіл қазақ даласына тарап кетті. Батыр мен Қызданай махаббаты бірнеше жылдар бойы ақындар мен жазушылардың шығармашылығына арқау болып, тарихшылардың зерттеу нысанына айналды. Өткен тарихымыздағы осы бір нәзік жанға арналған поэма Сәулешті де бейжай қалдырмай қызығушылығын оятқан тақырыптың бірі болды.
Жылойлық Сәулеш жерлестерінің мақтанышы, сөзімен де, ісімен де кейінгі буынға үлгі көрсетіп жүрген ақылды, қайратты, ойлы қазақ қыздарының бірі...
- Көз салсам қия менен сағым қырға,
- Қанағат керек екен, сабыр мыңға.
- Пендеңді тура жолға баста, құдай.
- Ақ сөйлет, түзу жүргіз, жаңылдырма! (С.Шәтенова)
1.Мақала «Аружан» журналында (№ 5 (87), 2013. – Б.2-4) жарияланды. ↩