Қоңыр қаз
Әшімтай
  • Ағаштан түйін түйгендей,
  • Мүйізден садақ игендей,
  • Домбырасы – көз құрты,
  • Оюлы шапан кигендей,
  • Кім сүйеді өнерді
  • Дәл Жолаушы сүйгендей –

       – деп Д.Әшімханұлы өлеңін арнаған музыка аспаптарын жасаушы хас шебер Жолаушы Әбілғазыұлының қолынан шыққан аспаптарын еліміздің ең айтулы, кәсіби музыканттары ойнап жүр. Атап айтсақ, Қ.Байбосынов, А.Қоразбаев, Т.Шамелов, С.Тұрыспеков, А.Үлкенбаева, А.Райымбергенов, А.Қосанова, Е.Әлімбетов, А.Еңсепов және тағы басқалар. Ол қазақтың қара домбырасынан бастап қылқобыз, нарқобыз, дауылпаз, сазген, қос-саз, шертер, шаңқобыз, сыбызғы сияқты ұлттық аспаптармен бірге қырғыздың қомызын да жасады. Сонымен бірге қазіргі кезде қолданыста жүрген, өз лабораториясынан шыққан жиырмаға жуық домбыра түрін айтып берді: «ән және күй домбырасы, торсық, тұмар, кең шанақты (екі нұсқасы), балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер, оркестр домбыралары; қоңыр дауысты (альт), жіңішке дауысты (прима), ащы дауысты (секунда), бас домбыралар (екі нұсқасы) т.б. бар».

Шебер туындылары елімізде де, шет мемлекеттерде де кәсіби мамандар тарапынан жоғары бағалануда. Мысалы, 1998 жылы Австрияда өткен варган музыкасының ІІІ Халықаралық конгресінде әлемнің 22 елінен 70 музыкант қатысқан жиында Жолаушы Тұрдығұловтың жасаған Нар-қобызы жоғары деңгейде деп танылып, фотосуреті Францияның Ұлттық мұражайына және Австриядағы әлем музыкалық аспаптары мұражайына, Уфадағы Халық музыка орталығына жіберілді Ол қазір дәстүр ізімен формасы сәл имек болып келетін қылқобыз жасауда; ал Махамбет, Абай домбыраларының көшірмесін мұрағаттар тапсырысымен орындады. Домбыра жасауды жете меңгерген шебердің алдына қойған мақсаты – домбыраны дүние жүзіне таныту. Аспаптың дыбыстық қасиетін жоғарылату жолында еңбектеніп жүрген шебер: «Біз қоңыр үнді сақтамасақ, біздің музыкамыздың тереңдегі, дыбыстық қуаты, өзіндік үнділігі мен ішкі жан-дүниесінен айрылып қаламыз», – дейді.

Осы орайда қазақ тембридеалын іздеу жолында көп еңбек сіңірген музыкатанушы Ж.Нәжімеденовтің «қазақтың иммунитеті домбырада жатыр» деген сөзі ойға оралады. Ғалым домбыраның табиғи «қоңыр үні» туралы көп ізденді, оның жоғалып бара жатқанын айтып, дабыл қақты. Домбыра дыбысының тербеліс амплитудасын зерттеп, қоңыр үннің дыбыс жиілігі 90 Гц-тен басталатындығын насихаттады. Бүгінгі кезде жасалып жатқан домбыралар үні (леска) одан жүз Гц-қа жоғары екендігін алға тартқан зерттеуші оны еуропа академиялық аспаптарымен салыстырып, домбыра дауысының «жіңішкеріп кеткендігін» дәлелдеген болатын. Ғалым өз зерттемелерінің бірқатарын Жолаушымен бірлесіп, оның лабораториясында жүзеге асырған екен.

   «Ж.Нәжімеденов айтқандарына толық қосыламын. Бұл бағытта біраз ізденістер жасап көрдім. Ветеринар дәріханасында кедгут деген қой ішегінен жасалатын, малға операцияға жасағанда теріні тігетін материал бар, ол үнемі спирт ішінде тұрады. Соны домбыраға ішек етіп таққанда дыбысына таң қалдым! Қоңыр, қою барқыт тембр шықты. Біздің қазақи, ұлттық дыбысымыз осы болуы керек. Үні бүгінгі біз ойнап жүргеннен әлдеқайда төмен екен», – дейді Жолаушы Әбілғазыұлы. Ол кедгуттан басқа материалдарға да эксперимент жасады. Мәселен мал сіңірі. Оның да өзіндік беретін үні бар екен. Бірақ сіңірден ішек жасау өте машақаты көп, тәжірибені, уақытты да көп талап ететін жұмыс. Сіңірді арнайы кептіріп, бытыратып, барлығын арқанша есіп, иіру керектігін, негізінен мал ішегін қолданудың болашағы тиімді екенін айтты. Сонымен бірге эстрадаға, этнорок жанрына қосылып жүрген ұлттық аспабымыз туралы мынадай пікірімен бөлісті: «Заманауи жанр ДЭККО-ға (домбыра-эстрада-күй-компьютер-орындаушы) сәйкес болу үшін аспаптың дыбысы барынша таза болуы, шашырамауы керек, сыңғырлап, вибрацияны жақсы беруі қажет. Электродомбыра уақыт талабынан туды, ол өз бағытымен жүре береді, оны тоқтату мүмкін емес, бірақ көнеден жеткен домбыраның үнін сақтап қалу парызымыз».

Жаңа шеберхана құрылысы аяқталған соң осындай табиғи ішектерді әлде де салыстырып көріп, ойындағы сандаған дүниелерді жүзеге асыруға мүмкіндік алатынына сенетін шебер домбыраның қоңыр үнін барынша қайта оралтуға бар күш-жігерін жұмсамақ. Осы жерде ол халықаралық аспап – скрипка жасау ісін де бастамақ. «Бұрыннан ойлап қолыма ала алмай жүрген жұмысым, арманым – скрипка жасау. Егер жасасам, аспап материалына өзгеріс енгізгім келеді. Қайда барсаң да скрипканы үйеңкіден жасамасаң қабылдамайды. Тіптен Мәскеуде 2-3 жыл сайын скрипка аспабын жасаушы шеберлер конкурсында дыбысын тыңдамас бұрын алдымен материалына қарайды. Егер үйеңкіден (клен) жасамасаң конкурсқа қатыса алмайсың. Бұл ғасырлар бойы шаблон болып кеткен тәсіл. Мен мұндай талапты құптамаймын, ең бастысы – аспаптың дыбысының сапасы деп ойлаймын».

Музыкалық аспаптарын өзіндік ою-өрнегімен әсемдеп, қолтаңбасын жасауда сара жолы бар шебер домбыраны сүйектеп жасаудың да өзіне ғана тән тәсілін, өзіне дейін ешкім жасамаған жаңаша технологиясын ойлап тапты. Яғни, сүйекті уатып, талқандап алып, аспаптың үніне бөтен әсері болмайтындай етіп құйып қатырады, көркемдейді.

Бастапқыда домбыраны шауып тұтастай жасайтын маман, кейін құрап жасауды да үйренеді. Құрап жасауды алғаш рет Асқар Аджиев деген шебер үйреткен. Жолаушы өзінің ұстазы ретінде осы Асқарды аузынан тастамайды. Ылғи да ізденісте жүретін Жолаушы Әбілғазыұлы 78 жастағы танымал аспап шебері, алматылық Алексей Першинмен тәжірибе алмасып отырады. А.Першин оған аспап бұрауы, домбыраның декасын күмбездеп жасау, ағаш материалдан дыбыс тербелісінің берілуі, қай кезде қандай дыбыс шығатынын, дыбыстың төмен батып кетуі немесе уақыт өте отырып кетуі себебі сияқты маңызды нәрселерді үйретті.

«Қажетті дыбысты шығару үшін домбыра кеудесі мен шанағының үндестігі қажет. Аспаптың бетін жабуға көп нәрсе байланысты. Оның негізгі екі тәсілі бар. Алғашқысы – серіппемен (пружина) жабу, ол дыбыстың тербелісін күшейтеді, дегенмен дыбысы қатты болса да саздылығы бәсеңдейді. Екінші әдіс – күмбез арқылы жабу. Қазақта домбыраны серіппемен емес, күмбезбен жасаған. Қоңыр дыбыс осы әдіспен жапқанда шығады», – дейді мастер. Домбыра мен қылқобыз формасының біркелкі болып жүйеленіп, ғылыми негізде бір қалыпқа түсуінде Жолаушы Әбілғазыұлының еңбегі орасан зор. Айтпағымыз, бес-алты жасар және одан ересек балаларға арналған домбыралар жүйесі. Аспап мойыны, шанағының өзара өлшемдік қатынасын есептеген Жолаушы 36, 38, 40, 42 сантиметрлік домбыралар жасады, бұл бүгінгі уақытта қалыпқа түскен көрсеткіштер болып табылады. Ал қылқобызшы педагог Әбдіманап Жұмабеков: «Кейбір шеберлердің ауыз жаппай мақтағаны уақыт өтпей жатып, түкке жарамсыз болып қалады. Немесе қобыздың терісі қыстың күн суыққа шыдамай, тез жыртылып кетеді. Қандай тері пайдалану керектігін зерттемей, әйтеуір шала-пұла жасай салатындар көп. Жолаушының ондай әдеті жоқ. Айта кетерлік жайт, бұрын қобыздар әртүрлі болатын. Бірі ұзын, бірі қысқа келетін. Жолаушымен ақылдаса отырып, соның барлығын бір жүйеге келтірдік. Қазіргі қобыздардың дыбысы да, тембрі де жақсы. Әркім қалағанынша жасамайды, ортақ параметрлердің қалыптасуына Жолаушының еңбегі көп сіңгенін айта кеткеніміз жөн», – деген ойын айтты.

Жолаушы Әбілғазыұлының (1950 ж.т.) өне бойында кәсіби суретшілігімен бірге әншілік, күйшілік пен актерлік, қолөнер шебері қасиеттері тоғысқан. «Сегіз қырлы, бір сырлы» жан Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы (бұрынғы Марқакөл ауданы), Теректі ауылында (бұрынғы Алексеевка) дүниеге келді. Әкесі Әбілғазы сері, палуан, атбегі болды. Анасы Шәмшия жеті қыздың арасындағы жалғыз ұлын бетінен қақпай өсірді. Ол бала күнінен сурет салуға құштар болды. Бойындағы қабілетін алғаш рет байқаған сурет сабағының мұғалімі А.Е.Сочков 5-сыныпта сабақ үстінде оқушыларды далаға шығарып, құлаған ескі қойманың суретін салуды тапсырады. Сонда Жолаушының салған суретіне қарап «сенде ерекше дарын бар, әрі қарай дамыту қажет» дейді. Біраз уақыты өтіп кетсе де Жолаушы 1974-1977 жылдары Алматының Н.В.Гоголь атындағы суретшілік училищесінде театр декорациясы мамандығы бойынша білім алады.

Небір сиқырлы саз аспаптарын жасап жүрген шебер бойындағы қабілет тоғыз-он жасында-ақ біліне бастайды. Ол қолына бәкісін алып, ағаштан секіріп, түрлі қимылдар жасайтын қуыршақ, жан-жануарлар, мылтық, балта, пышақтар жонады. Домбыраны бүгінде үйеңкі, өрік, алма ағашы, жаңғақ ағашы, қайың, бұйра қайың, қарағай, қызыл ағаш, шыршадан жасап жүрген шебер бала кезінде үнемі садақ жасап, оның жебесін әртүрлі тобылғы, қурай, қарағай және т.б. ағаштардан жонып көреді. Сөйтіп, талдардың материалдары туралы түсінігі ерте жастан қалыптаса бастайды. Сыбызғы, тағы басқа үрлемелі ысқырықтар жасайды. Осы орайда Қайрат Байбосыновтың Жолаушы туралы: «Керек десеңіз ағаштармен сөйлесіп, сырласады» дей келе: «Бір байқағаным, домбыра жасаушылардың ішінде ең сезімталы да осы – Жолаушы... Оның домбырасы кез келген сахнада сені жетелеп алып кетеді. Бейне бір астымдағы жүйрік атым сияқты, сондай құдіретті сенім пайда болады» – деп бағалаған сөзі еске түседі...
Жолаушының 7-сыныпта балалар музыка мектебіне домбыра үйренуге барып, музыкалық есту қабілеті нашар деп қабылданбай қалуының өзі бір әңгіме. Бірақ жасөспірім бұдан кейін 20 жасқа дейін қолына домбыра ұстамапты. Кейіннен, әскерде Қиыр Шығыста болғанда қырғыз жігіті Жұмақан оған домбырамен ән айтып, күй шертуді үйретеді. Оның айтқан алғаш әндері де қырғыз тілінде «Сүретіңе», «Фрунземе», «Долон», «Жал-жалым» болды. Осы сәттен оның бойындағы музыкаға деген ынтасы артып, қызығушылығы күшейеді.

Әскери борышын өтеп, туған жерге оралғанда арнайы білімінің жоқтығына қарамастан аудандық Мәдениет үйі жанындағы ұлт аспаптар оркестрінде домбыра партиясын ойнауға келіседі. Бара-бара Түркештің «Көңіл ашар», Дәулеткерейдің «Құдаша», А.Жұбановтың «Би күйі» тәрізді күйлерді есту арқылы жаттап алып, сахнаға жеке шығып ойнайтындай деңгейге жетеді. Ол оркестр құрамында жүріп бұрынғыдай емес, домбыралардың үніне қарап, дыбыс шығару механизмін зерттеп, сынған, ескі аспаптарды реставрациялай бастайды. Ескі домбыраларды бұзып, құрап, жөндеумен айналысады. Жолаушының музыкалық дарынын көрген мәдениет қызметкерлері енді одан ән шырқауды сұрағанда, ол оркестрдің жеке әншісіне айналады, өз репертуарын кеңейтумен, толықтырумен айналысады. Бұл салада да айтулы жетістіктерге жетіпті. «Нағыз дарын иесі қай салада да қабілетті» дегендей 1980 жылы Жеңістің 35 жылдық тойында 1-ші Бүкілодақтық патриоттық әндер фестивалінде Мәскеуден шыққан комиссия республикаларды аралай келе Р.Елебаевтың «Жас қазақ» әнін домбырамен шырқаған Жолаушы Әбдезұлына лауреаттық орын береді.

Осылайша оның бойындағы қабілеттері қоршаған ортаның сұранысымен ашылып отырды. Өмірдің өзі оның әнші, күйші, аспаптар реставраторы болуына әкелді. Жолаушының өнердегі тағы бір қыры, актер ретінде спектакльдерде ойнауы. Ең қызығы, ол анау-мынау емес, пьесаларда бас рольдерге ие болды. «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» қосымша партияда ойнаса, «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклінде бас рольде Ақан серінің, О.Бодықовтың «Үйленгім келмейді» қойылымында Кенжебектің бейнелерін сомдайды. Шығармашылық ансамбльде би де билейді. Әрине, қосымша оқыған мамандығын да ұмыт қалдырмады, автоклубты жүргізіп, моторист, суретшілікпен де айналысты.

Шебердің бойындағы бұндай қырлары оның жасаған дүниелеріне кәсіби қолтаңбасын қалдырып отырды. Мәселен ҚР еңбек сіңірген әртісі С.Тұрыспековтің пікіріне назар аударып көрейік: «Бір қызығы, домбыра жасайтын кейбір шеберлер жасаған домбырасын шерте білмейді. Мен ондай домбыраның дыбысын ажырата білмеген адамнан керемет шебер шығады деп ойламаймын. Ал Жолаушы ән десеңіз әнді, күй десеңіз күйді керемет орындай алады. Оның ең ұтатын жағы да – осы».

«Орындаушыны домбыраның бауыры, мойыны, шанағы, ішегі мен тиегіне дейін еш нәрсе алаңдатпауы керек. Ол үшін домбыраның бүткіл болмысында қылаудай мін болмауы тиіс. Күйшінің көкірегінен шығатын күйлерге, жүрекжарды сезіміне домбыра демеуші болып, екеуі бір-бірімен үндесуі қажет. Бірін-бірі демеуі керек. Осы тұрғыдан алғанда Жолаушы шеберлердің ішіндегі ең жоғарғы деңгейлісі деп бағалаймын»...

Ауданның Мәдениет үйінің өнер атаулысын игерген Жолаушыға бұл жер тарлық ете бастайды, сондықтан барша жастың арманы – Алматыға баруды жоспарлайды. Тәуекел етіп 1985 жылы Алматыға көшіп келген шебер Қазреставрацияның ішіндегі «Қазмұражайда» қызмет етеді (қазір Қазқайтажаңғырту). Осы кезеңнен бастап ол музыкалық аспаптар жасайтын шебер ретінде өз өмір жолының кәсібін айқындайды. Қолынан келетін музыканттылық қабілетімен күнкөріс жасауға мүмкіндігі болса да шеберлікке біржола бетбұрыс жасайды, бүгінде өзі профессор болып қызмет ететін оқу орнында «Көркемсурет өнері және сызу» мамандығы бойынша білім алады. Сол кезден бастап кәсібін жете игерген Жолаушы лабораториясынан шыққан туындылар исі қазақты баурап, Қазақстан шекарасынан шығып, шетелдерге де тарайды.   

Жолаушы Әбілғазыұлы Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі (2001), домбыра, қылқобыздары республикалық «Үкілі домбыра», «Дана қобыз» атты байқау-бәйгелерінің Бас жүлделерінің иегері. Мұндай конкурстардың «Мұрагер», «Жоғарғы шеберлік», «Асыл ұстаз» номинациялары бойынша жүлдегері. Малайзия мен Индия, Азербайжан, Түркменстанда аспаптарымен көрмеге қатысса, Парижде, Тэгуде (Корея) шеберлік-сағаттарымен шетелдік әріптестерін ұлттық домбыра үнімен таң қалдырды. Соңғы жылдары сырт пішіні қарапайым, екі ішекті домбыраның қоңыр үні, дыбыс күші шетелдіктердің назарын аудартуда.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейміз, Жолаушы Тұрдығұлов шәкірттері Ердос, Ғани, Талғаттар бүгінде мықты маман ретінде танылып келе жатқан жас буын. Олардың шығар биігі әлі алда, ал шебердің «Құрметті қызметкер» (2008), «Үздік ұстаз» төсбелгісі (2010) және педагогтық қызметі үшін алған сандаған марапаттары осындай жемісті еңбегінің нәтижесі.

1. Мақала «Түркістан» газетінде (№ 4 (042), 25.04.2013. – 6-б.) жарияланды.