Қосбасар
Сүгір

Балуан Шолақ - 150

Биыл ақын-әнші, балуан, өнерпаз Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлының туғанына 150 жыл толып отыр.

Оның шығармаларын нақышына келтіріп, жеріне жеткізіп орындаған көрнекті әнші Жүсіпбек Елебеков еді. Академик А.Жұбанов әншінің «Ғалияны» орындағанын естігенде «Шолақтың өзі тіріліп келсе де риза болар еді» деп бағалаған. Кейінгі ізбасарлар ретінде арқа дәстүрінің жарқын өкілдері Қ.Бабақов, кейін М.Ешекеев, Қ.Байбосынов, Қ.Шанин, Р.Стамғазиев, Т.Құрманғалиев, Е.Шүкіманов, Е.Рысқали және т.б. атаймыз.

Сал-серілердің жарқын өкілінің бірі Нұрмағамбет Баймырзаұлы сегіз қырлы, бір сырлы жан болған, өнерпаздар тобымен бірге жүріп, топ болып өнер көрсеткен. Сері дегеннің өзі оның ақын, әнші, сазгер, палуан, ат құлағында ойнаған спортшы екенін білдіреді. Өлеңдерінің мазмұнына қарағанда ол 18 жасынан бойындағы табиғат берген дарынымен көзге түсіп, танымалдық алған:

  • «Мен Шолақ он сегізде өнер тапқан,
  • Үкілеп Ақбоз атқа тұмар таққан.
  • Басымда пұшпақ бөрік, шекемде үкі,
  • Үстіме кидім жібек шымқай ақтан» – дейді.

Оған қоса «Күш өнері сондай болса, қол, тіл, үн өнері одан да қызғылықты: қайысты да шебер өреді ол, етікті де шебер тігеді, оюды да шебер өрнектейді, киімді де шебер пішеді ол...» дейді С.Мұқанов.

Нұрмағанбет Баймырзаұлының бізге жетіп отырған шығармаларының дәл хронологиясы жоқ. Дегенмен жазушы Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесінде Кенен Әзірбаевпен кездесетін сәтінде бірнеше әннің аты мен сипаты, шығу кезеңі де айтылады. Мәселен, «Кенен әуелі, Балуанның бозбала шағында қыз-келіншекке шығарған «Ыңғай көк», «Діңкілдек», «Сегіз келін» сияқты жас жігіттің жан гүліндей жайнаған әдемі әндерін өте нақыштандырып айтып берді» деген жолдар осы «Ыңғай төк», «Діңкілдек», «Сегіз келін», содан кейін Ғалияға арналған («Ғалия», «Сұрша қыз») әндерінің шығармашылықтың алғашқы кезеңінде туғанын аңғартады. Сонымен бірге Кенен орындаған««Желдірме» аталатын желіге айтылатын термелі әнге тіпті желіге бастаған Балуанның көңілі, «Жай қоңыр» аталатын баяу ырғақты әнінің:

  • Салайын «Жай қоңырға» жәйіменен,
  • Барады өтіп өмір айыменен,–

– деген сөздері басталғанда, тағы да бәсеңси қалды» – деген жолдардан «Желдірме» жігіттік уақытында, ал «Жай қоңыр», «Өтетін өмір» орта жастан асқанда туған ба деп ойлайсың. Әрі қарай повесте Балуанның «кейінгі кезде шығарған «Кенже қоңыр» деген әні естілді» деп:

  • Бір аты әндерімнің «Кенже қоңыр»,
  • Тең болмас арғымақ пен қара шобыр.
  • Армансыз Үйсін, Дулат араладым,
  • Көп жатып бір ауылды етпей ығыр,
  • Әнімнің әркім құмар мұқамына,
  • Кей жігіт қарап отыр тұтамына.
  • Сайраған Сарыарқаның бұлбұлы едім,
  • Жетісу қонақтадым бұтағыңа...

– деген жолдарды келтіреді. Бұл Балуанның Жетісуды паналап келіп, ел аралап арқаның әнін насихаттап жүрген кезінде шығарылған туынды. Орындаушылық қабілеті туралы айтқанда оның Жетісуға сапарын, онда біраз уақыт тұрғанын, ақын, жыршы, әншілермен кездесіп, өз мұрасымен бірге басқа әндерді де үйретіп, насихаттағанын алдымен ауызға аламыз. Ол Ұлы жүздің қазағы болғанмен арқада өскендіктен осы дәстүрде қанат жайып, Жетісуда осы арқа мектебінің (Біржан, Ақан сері, т.б.) насихатшысы, әсем әндердің таратушысы болды. Және де дәстүрдегі әндерді қалай тамаша орындаса, көне шертпе күйлерді де сол секілді керемет ойнаған, тіпті «бармағынан бал тамған» домбырашы деп сипатталған мәліметтерде. Денесіне сай, үні күшті, әсіресе драмалық шығармаларға бейім болған әрі екпінді, нақышты деп суреттелген. Жетісуға келгенде Балуан Шолақ туындыларын К.Әзірбаев өз аузынан үйреніп, кейін музыка зерттеуші Б.Ерзаковичке орындап беріп, нотаға түсіртеді. «Қызыл асық», «Ғалия» (бірнеше түрлерімен), «Сентябрь», «Сұрша қыз» әндері – оларды бүгінге жеткізушілердің өзі майталман өнер иелері. Осы шығармалардың өн бойындағы қарапайым емес әуендік иірімдер мен ырғақтық формулалар авторының шебер әнші болғандығын байқатады. Әсіресе, күрделі туындыларындағы «регистрлер ойыны» дауысының өзгеше мүмкіндіктерін аңғартады.

Жазушы С.Мұқанов Балуанға арналған повесінде Кененнің аузына: «...өлеңнің де, әннің де мінезі мен қылығы шығарған иесіне тартатынын жақсы білесіңдер. Балуан асау мінезді, өр қылықты адам. Оның әндері мен өлеңдері де өзіне ұқсас асқақты, екпінді келеді», – деген сөздерді салады. Сонымен бірге мұнда сазгер әндерінің сипаты да беріледі. «Кенен бұл әннен кейін, Балуанның қайрат-жігеріне арналған «Құлан кісінес» аталатын екпінді әнін, одан кейін «Қос перне» аталатын соған ағайындас әнін елірте айтып жібермесе, Балуан қасындағыларға жылауын да сездіріп алар еді. Айғырдың арқырауы сияқты «Құлан кісінес» пен домбыраның екі шегін бірдей сөйлетіп, әуелі қоңыр басталғанмен, арты шырқап биікке шығатын, тынысы мол, ырғағы көп «Қос перне» айтылғанда, батырлық қалпына келгендей, Балуан сергіп кетті», – дейді. Тыңдай отырып сазгер әндерінің әуендік қозғалысы мен интонациялық қадамы оның бойындағы үлкен қайраттан, батыл, өршіл, асқақ рухынан хабар беріп отырғандай әсер аласыз.

Жалпы Н.Баймырзаұлының «Ащылы-айырық», «Балуан Шолақ», «Дікілдек», «Сентябрь», «Көкшетау», «Қос қалқа», «Қос барабан», «Қос перне», «Құлан кісінес», «Кенже қоңыр», «Сарын», «Ғалия», «Сұрша қыз» деген әндері болған. Олардың арасындағы бірнеше вариантымен жеткен әрі шығармашылығында шоқтығы биік туынды да «Ғалия». Осы туындының алты варианты бар. Ең алдымен топтама секілді болған «Ғалиясы» көпке таныс қой.

  • Мына дүние қай дүние? – күлкі дүние!
  • Таудан қашқан сылаңдап түлкі дүние!
  • Сексен сұлу сылаңдап тұрса - дағы,
  • Ғалияның алмаймын кірпігіне!
  • Ойпырмай, жан сәулем Ғалия...

– деп салған Балуанның мұрасының ішінде шоқтығы биігі осы ән, оның варианттары әр кезеңде дүниеге келіп отырған.

«Ғалияның» төртінші түрінде регистрлердің күрт ауысуымен автор іштегі тағатсыз сезімін жеткізетіндей. Мұндағы қайырма халықтық үлгідегі термелердей толқынды қайталанып отырады. «Қос қалқада» автор бұл өлеңіммен сендерге айтқан менің насихатым дейді, мұнда синхрондылық басым әрі шағын дыбыс көлеміндегі қоңыр әуенді. Барлық ауызша кәсіби композиторларға тән Нұрмағанбет мұрасында орта деңгейдегі туындылар халықтық үрдістен алшақ емес, шағын диапазонды, әуендік қозғалысы речитативті. Мұндай туындылармен бірге шығармашылығының шыңында дүниеге келген музыкалық композициясы күрделі, музыкалық-поэтикалық тұтастықта құйылып шыққан шығармалар да бар. Осы кең тынысты әндерге қарап оның әншілік мүмкіндіктері туралы жоғары баға беріліп жүр. Шолақ творчествосы туралы айтқанда кейбір деректер ескерілмей жүрген секілді.

Жазушы С.Мұқанов мәліметін негізге алсақ, композитор қазақ ауылына сырнайды әкелген. Әндерін сырнай сүйемелімен орындағанда, айналасындағы тыңдармандарын тәнті етіп, сегіз түймелі музыкалық аспап жаңалық болып, үнінің ерекшелігі алысқа тарап кетеді. Ойын-тойда алдымен жаңалықты естуге құштар қазақ алдымен сырнайын тартқызып, қызықтапты дейді. Қазақтың әншілік дәстүрінде Тайжан ақынның, Нартай мен Майраның сырнай сүйемелімен ән салғанын білеміз. Олар сырнайды қолдарынан тастамай, қазіргі тілмен айтқанда өнермен кәсіби айналысқан ғой. Ал Балуан Шолақтың қазақ ортасына сырнай әкеп тартқанын, оған қарап сырнай үйренушілердің көбейгенін ескере бермейміз екен.

Композиторға арналған мақаласында С.Мұқанов: «Сырнайды ол басқа бір жігітке ойнатты да, өзі қосылды. «Ияйяһ» деген әннен бастады ол. Бұл әнді ол жұртқа белгілі «Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым» деген өлеңмен айтты. Өлеңді ол мұрнына келтіре, екпіндей айтады екен. Дауысы қоңыр, бірақ әдемі екен» деп сипаттайды. Әрине, оның музыкалық-шығармашылық жолын зерттеуде мұндай қызықты мәліметтер тереңірек үңілуді қажетсінеді. Өкінішке орай, бұл келтірген ақпараттар ертерек музыка зерттеушелерінің назарына ілікпегендіктен бізге көркем әдебиеттен ғана мәлім болып отыр.

Алғаш рет Нұрмағанбет туындыларын этнограф А.В.Затаевич нотаға түсірген. «Қазақ халқының 1000 әні» жинағында Шолақтың төрт әнін, «Қазақтың 500 ән мен күйі» жинағында бір әнін жариялаған. Мәселен, этнографқа Балуан Шолақтың өз аузынан үйренген ақмолалық Әлікей Өтекин «Ғалия» (ІІ), «Сарын» деген әндерді; қазақ зиялыларынан – Б.Майлин («Ғалия» ІІІ), Ж.Аймауытов («Ғалия» IV), С.Мұқанов («Қалия») орындап берген. Әндерге ескертпенің бірінде зерттеуші: «Ғалия мен Қалия бір адам аты. Жалпы, Ғалия болсын, Қалия болсын, қазақтың біртуар қайраткерлерінің сүйіп айтқан әндері осы болыпты» деп жазыпты. Соған қарағанда «Ғалия» Шолақтың көзі тірісінде де, кейін де кең танымалдық алған әндерінің бірі.

2007 жылы А.В.Затаевичтің «500 казахских песен и кюйев» деген жинағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының музыкатанушы ғалымдарының ерен еңбегі нәтижесінде поэтикалық мәтіндері қойылып қайта басылып шыққан еді. Мұнда №309 Балуан Шолақтың әні (VI) деп М.Молдабаев жеткізген әнге зерттеуші З.Қоспақовтың жеке архивінен мына мәтін келтірілген.

  • Дегенде Шолақ баяу, Шолақ баяу,
  • Еркім жоқ қапастамын көңілім қаяу.
  • Жаласы сексен өгіз бірдей қуып
  • Мылтықтың дәл аузында тұрмын таяу.

Ғалымдар осы әнді Балуан Шолақ әндерінің қыр-сырларын негізге алып, әуен иірімдерін, ырғақтық формулаларын, қолтаңбалық сипаттарын ескере отырып жасаған.

Жуырда музыкатанушы ғалым, қазақ әндерінің текстологиясын алғаш зерттеуші Зейнұр Қоспақовтың «Ғасырлардан жеткен үн» деген жинағы жарық көрмек. Осы жинақта ғалым Балуан Шолақтың «Қызыл асық» әнінің бүгінге дейін Үкілі Ыбырайдікі болып келгендігі жөнінде көңілге қонымды дәлелді деректер келтірген. Жинақта З.Қоспақов былай дейді: «1920 жылдан бергі түрлі экспедиция материалдарын, ән жаздырған әншілердің архивтерін зерттегенде «Қызыл асықтың» Ыбырайға қатысы барын растайтын мәліметтер келтіре алмадық. 1958 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының музыка секторына белгілі ақын, әнші Игібай Әлібаев келіп Ақан серінің, Ыбырайдың, Біржан салдың 23 әнін магнитофон таспасына жаздырады. Солардың ішінде «Қызыл асықты» Балуан Шолақтікі деп беріпті. Сондай-ақ халық әндерін жетік білген Ж.Кәрменов те бұл әнді Балуан Шолақтікі деген пкір айтқан болатын. Балуан Шолақтың жерлесі, өзі де әнші ақын Игібайдың мұндай құнды дерегіне құлақ аспау шындықты бұрмалау деген сөз».

Ел жадындағы бір шумақтың келесі бір әнде кездесетіні анық құбылыс. Бірақ ғалым «Қызыл асықтың» мелодиясына мән беріп, Үкілі Ыбырай шығармаларымен салыстырып, талдап барып, басты шарт ретінде әуенге көңіл бөледі. Сөйтіп, Балуан Шолақтың «Ғалиясындағы», «Сұрша қызындағы» музыкалық юмор кескінінің, әзіл сарындарының «Қызыл асықта» да бой көрсететінін кездейсоқтық емес деп тұжырымдайды.

Композитор мұрасы музыкалық-теориялық тұрғыдан арқа өңірінің сазгерлері шығармашылығымен бірге қарастырылып жүр. Алдағы уақытта Шолақ шығармашылығы арнайы, жеке зерттелетіні күмәнсіз.