Көш керуен
Нүрғиса Тілендиев

23-30 қыркүйек аралығында (2012 ж.) Алматы қаласында Бүкіләлемдік ІІ-ші қуыршақ театрының карнавалы болып өтті. Онда Белорусь, Франция, Молдова, Румыня, Турция, Мексика, Австралия, Иран, Греция, Индонезия, Корея, Португалия, Израиль, Жапоия, Америка, Тайланд, Германия, Перу, Бразилия, Россия, Украина, Болгария, т.б. мемлекеттерден қуыршақ театрлары сынға түсті.

Алыс және жақын шет елдерден қуыршақ театрлары келіп өнер көрсеткені жақсылық болғанмен фестивальді ұйымдастырушылардың іріктеу жасамағандығы, өткізу барысында мерекеге дұрыс дайындықтың болмағандықтары айдан анық көрініп тұрды. Көбінесе алдын-ала жасалған жоспар-парақтағы қойылымдардың орны өзгеріп, немесе мүлдем болмай қалған жағдайлар жиі кездесті. Алтын уақытын бөліп ынтыға желігіп барған көрермен қойылым болмай қалғандықтан үйлеріне қайтты немесе түкке тұрғысыз дүние көріп тауы шағылған жағдайларға жиі кезікті. Құны 1000 теңгеден билет сатып алып түйір ләззат немесе эстетикалық тәрбиеге қаныққанды былай қойғанда сезімін селт еткізуге жарамаған қойылымдардан кейін қынжылып, бекер келдік деп кетіп бара жатқандарды көзіміз көрді. Бұл не? Соқыр тауыққа бәрі бидай болғаны ма? Бөтен елдің қоқырсығы мен күлді көмешін де қасиетті сахнамызға шығара бергеніміз өзімізді сыйламағандығымыз емес пе?

Көптеген спектакльдер Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрының сахнасына қойылды, ол дұрыс. Нағыз теарлық аурада, әсем де тартымды ортада, дұрыс орындықта көрермен отырып қойылым тамашалай алады. Ал, Art и Шок театрындағы жағдай сын көтермейді. Өзі жертөледе, жағымсыз иісі бар, ауаның тарлығы, шымқай қара түсті ұнамсыз тон, жоғарыдан ағызған судың шұрылы кісінің еңсесін түсіріп, мазасын алатыны сөзсіз. «Осы да театр ма, мен бұл жерді театр деп есептемеймін». Бұл жүрегі қысылып отыра алмағанын, ауа жетпегенін арыз етіп айтып бара жатқан әйел-көрерменнің сөзі. Шынында да сондай. Театрда орын өте аз болғандықтан жерге төсеніш төсеп, қабырғаға жарқанатша жабысып отырғандардан басқа көптеген көрермендерге орын жетпей тұрып қалған. Көрерменнің осылай тер төккеніне орай келгеніне өкінбейтіндей тамаша қойылым көрсе сөз басқа. Ал, «Мастерская бабочек» деп аталатын Германияның қойылымын көрсе әрине өкінеді.

Ортаға қарапайым ақ көйлек киген актриса шықты. Қойылымның тақырыбынан білгеніміздей бұл әрине «Көбелек». Көркем гимнастикадағы секілді ұзын шұбатылған әдемі түсті ленталы таяқшаны алып айналдырып би-биледі, түрлі қимылдар жасады. Көрермен мұны көбелектің әлемі деп ұқты. Одан әрі біз күткен қуыршақтар бала кейпіндегі және қоңызға ұқсас бір бейнелі формалар пайда болды. Олар, яғни қуыршақтар ақ қағазға бояумен сурет салып, қайшымен қиып алған бейне болып шықты. Қуыршақтардың жасалу техникасы осындай болса бізде он саусағынан өнері тамған мектеп оқушылары мен өнер колледждерінің студенттері жетерлік, тек олардың әлденеше әдемі етіп бейнелейтініне сенімдімін. Мұндай сапасы сын көтермейтін спектакльді сонау Германиядан сүйрелеудің қажеті жоқ болатын. Актрисаның ас бөлмесінде дастархан әзірлеп жүргендей ыңылдап әндеткені бейне бір жас баланы жұбатып отырғандай іш пыстырарлық. Осыны ән деуге тұра ма? Бізде күміс көмей, сызылтып салатын немесе қоңыр үнді әнші-актерлеріміз жетерлік, бұл қонақ актрисадан асырып жетер жеріне жеткізе айтады. Неміс ұлтты бұл актриса «Сасқан үйрек артымен сүңгидінің» керін келтіріп бақты.

Осындай сынға ұшыраған спектакльдердің бірі Грецияның «Лимония» спектаклі болды. Актердің өн бойымен сәйкес келетін үлкен қуыршақ шеберлікпен жасалыпты. Бұл жасы келген кейуана. Бұл әжеміздің ас бөлмесіне келіп илеп қойған қамырдың қатып қалғанын байқап, қоқыс шелекке тастай салып, жаңадан ұннан нан илеуі, ұнды шашып ойнауы, қамырдан түрлі формалар жасап ойынға айналдыруы, ұнды олай да бұлай шашуы және мұның бәрі ақ жаулықты әженің қолымен жасалып жатуы көрермендер арасында түсініксіздік туғызды. Бала күнінен нанды қастерлеп, ас төресі деп қадір тұтатын «Нан болса ән де болады» дейтін қазақтың таным-түсінігіне жат, мүлдем кереғар спектакль болып саналады. Көрермен қойылымды мүлдем қабылдай алмады. Бұл қойылыммен алыстан ат сабылтып келудің жөні жоқ болатын.

Американың «Heather Henson» театрының «Торжество полета» қойылымы атап айтуға тұрарлық. Күнделікті балалар ойнап жүрген батпырауық тектес ұшатын ойыншықтардың технологиясы бойынша жасалған ойыншық-қуыршақтарды төрт актердың қимылға келтірудегі шеберліктері залдағы көрермендерді тәнті етті. Оқиғаның басы, дамуы, шарықтау шегі және қортындысы бар. Бірінен бірі өткен үлкен қуыршақтар қалықтап билеп түрлі қимылға келіп, ұша жөнелгенде таң-тамаша болып отырасыз. Әсіресе, ең соңында бүкіл сахнаның аумағындай алып құтанның шығуы тіпті тамаша болды. Ақ құтанның ұясында балапан басуы, жұмыртқадан алғаш шығып жарық дүниені көргеннен бастап құстың алғаш қанат қаққаны алғаш қадам басқаны барлығы көрерменнің көз алдында көрсетіледі әрі әдемі де сүйкімді қуыршақтар көздің жауын алатындай. Ұшып жүрген қуыршақ құстардың әрекетіне көрермен шаттыққа бөленіп бейне-бір маңайды алып құстар жайлап алғандай мәз-мейрам көңілді.

Ал, қойылым басталардан бұрын кең фоеде жаппай көрермендер әп сәтте дайын қағаз, жеңіл түтікшелер және ұзын ленталардан әп сәтте әдемі көгершіндер жасалынып ұшырылды. Бала біткеннің қуанышты ойынына үлкендер де араласып балалық шағына бір сәт қайта оралғандай жас балаша көгершіндер жасап қойылым тамашалауға келген күллі жұрт мәре-сәре күй кешті. Еңбегі мен тың ізденістеріне қарай бұл театр ұжымы жүлделі орын иеленді.

 

 

М.Тәмішова,
театртанушы