Аққу
Нұрғиса Тілендиев

Тәуелсіздік жылдарында театрлар репертуарын саяси ірі кезеңдер, тұтас бір халықтың қоғамдық-әлеуметтік, психологиялық-моральдық ахуалына жауапты, тарих төрінен орын алған тұлғалардың көркем бейнелері суреттелген пьесалар маңызды орында тұрды. Сондай ауқымды тақырыптан ой қозғайтын Шахимарден мен Қ.Ысқақтың «Қазақтар» драмасы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында Тұңғышбай Жаманқұловтың режиссурасымен қойылды (2005 ж.).
Бөрінің ұлыған үнімен шымылдық ашылғанда бал-бал тастардың кейпіндегі үш бидің сұлбасы сахнада шыр айналып, тарихтың сонау тереңінен бүгінге қарай аяңдайды. «...сахнаның айналым табаны (круг) жә-әй айналып тұр екен. Көмескілене көрінген үш балбал тас та (обалар) дөңгелеп келеді... Басқа басы артық ештеңе жоқ, сахна тап-таза, әрі кең, әрі биік, ұлан-ғайыр... Міне, балбалдар дөңгеленген күйі бізге жақындай берді... Біріншісі, екіншісі... Кенет... сөйлей бастады! Тереңнен... алыстан... ғасырлардан... жеті қат жер астынан! Дұрысы... – он бесінші ғасырдан» [Тұңғышбай әл-Тарази. СӨЗ (ғылыми мақалалар, естеліктер, интервьюлер, аударма). – Алматы: Нұрлы әлем, 2008. т. 2. – 280 б.;  119-б.]. Бұл – шығарма арқауындағы тарихи кезеңді сөйлеткен Т.Жаманқұловтың режиссерлік қысқаша тезисі. Екінші бөлімнің де осы бал-бал тастардың айналуымен басталуы Жәнібектен кейінгі, яғни он жыл өзбекпен соғысқан қазақ тарихының жаңа беттерінен хабардар етеді.

Қойылым финалында осы үш обаның қатарына қосылған Қасымның да тас мүсінге, ескерткіш-мұраға айналуы шығарманың композициялық бүтіндігі, режиссерлік танымы ретінде ұтымды тәсіл болған. Хан ортадағы тақты шыр айналған сахнамен кейінгі жылдарға, ғасырларға қалдырады. Демек, тарих жалғастығы бұл – өмір процесі. Жәнібек хан тігіп кеткен қазақ хандығының мұндай символдық үлгісі бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетімен сабақтастықты аңғартады. Т.Жаманқұловтың осындай режиссерлік толғауы көркемдік талғамның үдесінен шықты деуге негіз бар. Өйткені ол ХV пен ХХІ ғасыр аралығындағы қазақ жүріп өткен алты жүз жылдық сара жолдың байланысын, жүйесін шашыратпай, нақты мазмұнға құрған. Шымылдықтың «Тәуелсіздік!» деген сөзбен ашылуының өзі ғасырлар бойғы армандаған еркіндіктің кілті болып табылған.

Сахна кеңістігін алып жатқан көк аспан мен сары топырақтың (жер) тоғысуының өзі қазақ жерінің асқақ арманын, езгіні емес елдікті көздеген мақсатын, көкжиегі шексіз даланың мұрат-мүддесін байқатады. Қасым ордасында қалқан, садақ пен оның жебелері ілініпті (суретші Ерік Әдісбек). Елі мен халқының келешегі үшін ерлер салған сойқанның, сатқындықтың, зұлымдық пен қоғамдық-саяси тартыс жолындағы қанды оқиғалардың куәсіндей сахна төрінде қызыл ай тұр. Бастан-аяқ қызмет ететін бұл деталь тәуелсіздіктің қазақ жеріне оңай жолмен келмегендігін меңзейді.

Қойылымда композитор Әділ Бестібаевтың күй-әуендері мен өзбек музыкасы оқиға-әрекеттің өтетін орнына, драмалық тартыстың барысына сәйкес қисынды үйлескен. Костюмдер де кейіпкерлердің әлеуметтік тұлғасына, ортасына, қазақ жерінің табиғатына сәйкес пішіліпті.
Көпшілік тарихи салмағы зор, бүгінгі көрермен алдындағы жауапкершілігі үлкен спектакльде актерлік-орындаушылық өнердің өлшемін танығандай болды. Т.Жаманқұлов ойынында ХV ғасырдағы Тұран қағанатын кұрған ой салмағы ауыр, қоғамдық-саяси жолы күрделі Жәнібек ханның биік тұлғасы көрінді. Актер көзқарасы, көп сөйлемей, керісінше тұңғиық ойға батуы әсерлі беріледі. «Менің жүрегімді мұздатқан ұлы түркінің ұлысқа бөлініп, ұлы хан Әбілхайырдың ұлан-ғайыр елі бір-бірімен шабысып, сұлтандары табысудың орнына бір-бірімен атысып, тірісінде ордасын сыйламай, өлген соң обасында жылағаны. Ежелгі Тұранды қайта көтеріп, екі мұхиттың арасын ежелгі түркімен қайта толтырсам деген бабаң Шыңғыстың аманатын неге ұмыттық?! Қазақ та болмасқа керек, өзбек те болмасқа керек, Ұлы Тұран бір халықпен толмас па!». Осы бір терең ой-толғауда өз елінің болашағына алаңдаушылық, психологиялық күйзеліс, өз алдына бөлініп кеткен ұлыстармен дипломатиялық қарым-қатынастың, ортақ тіл табудың күрделі жолын танып-білу жатыр.

Келесі бір көріністе Жәнібек – Т.Жаманқұлов балаларына сынай қарап отыр, ұлдарының ішінде бүтін бір ұлттың тізгінін ұстап, елін соңына еріте білетін дараны іздейді ол. «Ұлы Тұранның» бірлігі мен тірлігі жолында мазаланған ханның арманы – қағанатқа қосылып, тұтас ел болу. «Бүгіннен бастап Қазақстан!» деп бір мемлекеттің іргесін қалап, шекарасын бекіткен Жәнібек – Т.Жаманқұловтың екпінді сөзі патриотизмнің, отансүйгіштіктің ұранына айналды. Және осы бір ауыз сөз қазақ елінің философиялық, психологиялық, генетикалық сипатының өзгешелігін одан әрі ұғындыра түскендей. Жалпы «актер кейіпкерден биік болуы керек» прниципін ұстанған және сол үрдістің үдесінен шыға білген Т.Жаманқұловтың орындаушылық шеберлігі мен режиссерлік танымы бұл жолы да көркемдік биіктен көрінді.  

  1. Екінші құрамдағы Болат Әбділманов та сабырлы, салмақты жүрісімен, ойлы, зерделі түр-тұлғасымен, кесекті келбетімен Жәнібектің зор бейнесіне сәйкес келіпті. Актер ханның психологиялық толғанысы мен қаталдығын қатар бедерлейді. «Ол әрқайсысы әр жаққа тартып жатқан ұлыстардың басын қосып, бір тудың астына жинасам, ешкімге жем болмай, айрандай ұйып отырған ел дәрежесіне жеткізсем деп өз ойымен арпалысып отырған Жәнібек ханның психологиясына тереңдеп бойлай алған. Жәнібек ханның сырты сұсты, сөзі нық болғанымен, ішінде ой қазандай қайнап жатқанын Болаттың жүзіндегі құбылыстан да, әр қимыл-қозғалысынан да айқын аңғарасыз» [Қуанышбекқызы Ж. Тозақтан аман шыққан халық // «Егемен Қазақстан»,  31.01.2006].

Режиссер тұжырымында Нагир ханымның қолындағы қуыршақтың саяси мәні зор. Бұл – Шайбанидің арман-мақсаты. Яғни, Мұхаммадтың көздегені – Нагир ханымды Қасымға беріп, қазақ елін өз уысында ұстау. Бұл рольдегі Ерлан Біләл кейіпкерінің сынай қараған көзқарасын, кекесінді, зымиян күлкісін Қасым сұлтанмен сөз тартысында әдемі келістіреді. Ол сахналық қимыл-қозғалысын, жүрісін кейіпкер мінезіне тән, оның қазақ жеріне келудегі басты мақсатының астарына қарай өрбітіп отырады. Мұхаммад – Е.Біләл болашақта Әбілхайыр ұрпағының өзіне бағынатынына нық сенімді. Актер кейіпкерінің қазақ жерін күшпен, күшпен болмаса айламен бағындыру тілегін ой мен астарлы сөздің қағысуында, мимикалық құбылу мен дауыс-үн пластикасының жылдам өзгерісінде байқатып отырады.  

Сахнада бір-ақ рет көрінсе де көрерменге ерекше әсер берген кейіпкер Жалғас Толғанбай орындаған дуана-сарбаз болды. Ханға батыл кіріп, көрген-білгенінен хабардар еткен ол ел ішіндегі ауыр жағдайды бағдарлай алған, арадағы жансыздардың әрекетін таныған, түсінген. Бар болмысымен «қазақ» деп атқа қонған, ел-жұрты, туған жері үшін жанын беруге даяр сарбаз – Ж.Толғанбайдың көздегені – ел тыныштығын сақтау, қазақ мүддесін қорғау. Сол жолда қапысыз өлім тырнағына да ілінеді. Жалпы «актердің түр-тұлғасы да сөзіне сай, оның қимыл-қозғалысынан да ішкі толғаныс сыртқа теуіп тұрғандай» [2].   
Ал, Қасым Асылбек Боранбайдың сомдауында ақылына емес, ашуына бағынған, қызуқанды, кекшіл жан болып шықты. Бұл бейне көрегендігімен, парасатымен қиыннан шығар жол табатын, елді соңына ерте алатын хас тұлға деңгейіне жете алмаған. Қасым ханның Жәнібек пен Керейдің орнатып кеткен хандығының іргетасын биіктету, керегесін кеңейту жолындағы істерін тарихи деректерден жақсы білгенімізбен спектакльден көре алмадық. Бұл А.Боранбайдың басқа жанрлардағы, түрлі тақырыптан ой қозғайтын шығармалардағы өзге кейіпкерлерімен сарындас болып шығуынан, ханның ішкі жан сарайы мен сыртқы болмысының әдемі ойын бедерінде жүйелі, шынайы үйлеспегендігінен болып отыр. Актер тағдыры сыртқы жау мен ішкі алауыздықтың нағыз өршіген дәуіріне тап келген Қасымның қиындықтар мен қауіп-қатерді мойымай көтере алған өр тұлғасын көрсете алмады. Бойын кернеген ашу мен ызаның туындау себебі ашылмай, драмалық оқиғалар тізбегіндегі әрекет дамуында нақты жүйе, белгілі мақсат пен мүдденің ізі байқалмады.

Мұнымен бірге Ана (Торғын Тасыбекова), Керей (Айдос Бектемір), Қойгелді (Үсіпхан Сейтімбет), Тойгелді (Жандарбек Садырбаев), Мойынсыз (Дулыға Ақмолда), т.б. бейнелердің солғын шығуын актерлердің көбінде бір орында тұрып сөйлеуінен, жасандылықтың, сыртқы әдіс-тәсілдің орын алғандығынан, айғай мен шуға себеп-салдардың жоқтығынан деп айта аламыз.

Екінші бөлімде Жәнібектен кейін хан сайланған Мұрындықтың қастандығы ішкі алауыздықтың өршуін арттырып, Ұлытауға қоныс аударған Қасымның хандықты, билікті қайта күшейтуіне әкеледі. Дуана-сарбаздың өлімі мен Нагир ханымның ажалына себепкер болған қаскөйлік те Қасым ханға бағытталған-ды. Арада жүрген жансыздардың, яғни Мұрындықтың осындай істерінің барлығына төтеп беріп, ойшылдығымен, ұлағатымен елді соңына еріткен Қасымның көрегендігін паш ететін қасиеті Бұхар имамдары ұсынған шариғат жолын емес, сол ХV ғасырда-ақ халқы «Қасым салған қасқа жол» деп атаған ежелгі билер заңын таңдап, күшіне енгізуі дейміз. Қоғамдық-саяси маңызы зор бұл құжаттың 200-300 жыл бойы қолданыста болғандығы зерттеу-деректерден белгілі. Демек, бірнеше ғасыр бойы қазақ халқының тағдырына, адамзаттық-әлеуметтік құқына ықпал еткен бұл жарғының да спектакльде көркемдік әрі рухани құндылығының болуы маңызды. Алайда мұның айтылуы бар да, халық жадына жету жолы, жасалу көзі беймәлім болып қалған.

Т.Жаманқұлов өз идеясын былай түсіндіреді: «Мен бұл қойылым арқылы күллі түркі халықтарының бауырмалдығын, туысқандығын көрсеткім келеді. Шайбанилермен арамызда 19-20 жыл соғыс болғаны рас. Соғыс отарлау үшін емес, осы мемлекетті құру үшін жасалған соғыс болғаны тарихтан белгілі. ...өзбек те, қазақ та бір түркі тұқымынан тараған ел екендігін, екі ұлттың бір-бірімен бауыр екендігін көрсетуді көздедім. Менің режиссерлік көкейкесті мақсатым осы. Бұл жерде екі ұлттың бірігудің, бауыр болудың, туысқан болудың идеясы бар» [«Қазақтар» (сұхбат) // Қазақ. 28.04.2006.]. Спектакль идеясының түп төркіні Қойгелді мен Тойгелді образынан шығып отырғаны анық. Ағайынды екі жігіттің қас дұшпанға айналуы, бітім таппай бірін-бірі өлтіруі – автор суреттеуіндегі басы бірікпеген қазақ пен өзбектің екі ел екендігінің айқын көрінісі. Бұл бейнелердің солғындығы, актерлердің шынайылықтан тыс ойындары, сахнада мазмұнсыз айғайдың орын алғандығы режиссердің негізгі мақсатының ақталмауына себепкер болған.

Қорыта айтқанда, кейбір актерлік ойындар әлсіз болғанымен мұнда қазақ елінің асқақтығы мен парасатын, көрегендігі мен көсемдігін насихаттаудың, бүгінгі жаһандық дәуірде қоғамдық құндылығы артып, уақыт өткен сайын халық жадына жақындай түсер ұлттық идеологияның сарыны жатыр.     

 

 

Зухра Исламбаева,
театртанушы