Көш керуен
Нүрғиса Тілендиев

Д.Ботбаев шығармашылығы жаңа дәуір белесінде 1

         Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы еліміздің жазба кәсіби музыка өнерінің іргетасын қалаған «қазақ музыкасының ақсақалы» Е.Г.Брусиловский артына өшпестей із қалдырған дара тұлға. Композитор қаламынан туындаған әртүрлі жанрлардағы шығармалары да, тәрбиелеген шәкірттері де бүгінде біздің арамызда жүр.

Е.Г.Брусиловскийдің класынан ұлттық музыка мәдениетінде есімдері үлкен мақтанышпен айтылатын Б.Байқадамов, Қ.Мусин, Қ.Қожамияров, М.Қойшыбаев, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев, Б.Жұманиязов және тағы басқа талантты сазгерлер тәлім алды. Олардың біліктілігі мен дарын-қуатынан талай рухани мұра өмірге келді. Әйгілі педагогтың осындай шәкірттерінің бірі дарынды сазгер, әлі де шығармашылық ізденіс үстінде жүрген композитор Дүнгенбай  Ботбайұлы Ботбаев. Ол Алматы мемлекеттік консерваториясының 60-жылдардағы түлегі.

Дүнгенбай Ботбаев творчествосы ән-романстардан бастап күрделі вокалды-симфониялық жанрдағы туындыларға дейін қамтиды. Оның оркестрлік, аспаптық және спектакльдер мен кинофильмдерге жазған музыкасы кең тарап, танымалдық алды. Мысалы, сазгер белгілі «Шоқ пен Шер», «Көксерек» кинофильмдеріне музыка жазды; алғашқы фильм Халықаралық кинофестивальде күміс нимфаны иеленді (1972, Монте-Карло), ал соңғысы Бүкілодақтық кинофестивальде арнайы жүлдемен марапатталды (1974, Баку). Сонымен қатар оркестрлік шығармалары республикамыздың беделді ұжымдар репертуарында жүр, әндері мен романстары «Алтын қорда» сақтаулы, ал домбыра мен фортепианоға арналған туындылары арнайы орта білім беру жүйесінің оқу бағдарламаларына енді.

Туған халқына қызмет етуді өмірлік ұстанымым деп санайтын композитор ХХІ ғасыр табалдырығында да дамылсыз еңбек етуде.

*  *  *

Д.Ботбаевтың өскен ортасына тоқталар болсақ, әкесі Ботбай қарапайым шаруа адам болған. Ол 1932 жылы болашақ сазгердің алты жасында өкпесіне суық тиіп көз жұмады. Анасы Рәтай Шөже бидің ұрпағы болған. Бала ержетіп ел аузынан Шөже би туралы мәлімет жинайтын кез туғанда ол туралы естіген, білген адамдар о дүниелік болып кеткен еді...

Кейіннен анасы Рәтай күйеуінің інісі Шотаймен бас қосады. Айналасындағы көптің арасында Шотайдың ерекше қасиеті, оның домбырада шебер ойнауында еді. Бұл болашақ музыкантқа өнерге жақын болып жүруге ықпал етті. Шотай оңаша қалып халықтық ән-күйлерді айтып, арасында өзінің де күйлерін ойнағанда Дүнгенбай қасында отырып әр дыбысты қалт жібермей құлағына құйып алуға тырысатын.

1925 жылдың 10-қаңтарында дүниеге келген Дүнгенбай Ботбайұлының балалық шағы қазіргі Жамбыл облысының Мерке ауданында өтті. Өз есімінің Дүнгенбай болуын ол былай әңгімеледі: «Менің әкем Ботбай бала кезінде Қонай ауылының байы Артықбайдың қойын бағады. Артықбай сансыз малының арасындағы ақ тайлағын ерекше жақсы көріпті. Ботбай болса осы ақ тайлаққа мінуді көптен армандап, бір күні үстіне мініп алып олай да, бұлай да шапқылайды. Асыр салған бала алыстан бұған қарап, қанын ішіне тартып тұрған байды да байқамайды. Кешкісін бай баланың аяқ-қолын төрт қазыққа керіп, денесін итмұрынмен жауып, үстінен бір отар қойды айдатады... Бала байдың бұл қорлығынан аман қалады. Өзінің тағдырына налып, бір жағынан байдың әрекетіне араша болмаған туысқандарына ренжіп Меркеден 100 км. жердегі қырғыздың Соқылық айылына кетіп қалады. Қырғыз байына жалданып малшы болып, адалдан мал тауып, тұрмысын түзеп алады. Мен дүниеге келгенде есімімді өзінің Соқылықтағы дүнген досы Шобыздың құрметіне Дүнгенбай қояды».

1936 жылы Ботбаевтар әулеті Мерке ауданының «Прогресс» колхозына көшіп келеді. Мұнда бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Ол мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап көркемөнер үйірмесінің белсенді мүшесі болады. Оқушылар қойған «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесаларында ол басты рольдерде ойнайды. Осы кезден бастап балалардың басын біріктіріп, ауылға ән мен күй кештерін ұйымдастырады. Айналасындағы адамдарға құрметке бөленіп, сұрапыл кезеңде қиындық көрген көптің көңілін әсем музыка үнімен аулайды. Достары мандолинада, домбырада ойнаса, Дүнгенбай өзін домбырамен сүймелдеп ән шырқайды. Соғыс жылдары «Прогресс» колхозы бидай өндірумен айналысты. Бозбала орта мектепті толық аяқтамай, анасының қасына еріп таң атқаннан кеш батқанға дейін егіс даласында еңбек етеді. Ұжымның осындай үлкен еңбегімен жинаған тағам мен киім майдан даласына жіберілетін. Кешкісін үйіне жеткен бозбала қолына домбырасын алып, дыбыстар әлемінен өмірдің сан алуан жұмбағына жауап іздегендей, аспабын шертіп жатып қалай уақыттың зу етіп өткенін байқамай да қалатын...

Болашақ композитордың үлкен өнерге алғашқы қадамы Алматы сапарымен байланысты болды. «Менің кішкентай ауылдан алыстағы Алматыға кетіп қалуыма бір оқиға себепші болды. Ол әкеме жәбір көрсеткен Артықбай байдың немересі Зада есімді қызға ғашық болуым еді. Зада екеуіміз сөз байласып біраз уақыт кездесіп жүрдік. Бірақ Заданың анасы жетімге қызын бермейтінін ашық айтты. Қосылмайтыныңды біле тұра қызды күнде көріп жүру маған ауыр тиді. Сондықтан не болса да ауылдан жырақ кетуге бел байладым», – деп еске алады сазгер.

1944 жылы қазақ балалар хорының алғаш ұйымдастырушысы Ибрагим Нүсіпбаев Алматыдағы темір жол училищесіне оқуға жастарды үгіттеу жұмыстарымен Меркеге келеді. Қалай болғанда да ауылдан кетуді ойлап жүрген бозбала үшін бұл сәтті кездесу болды. Ол қандай оқу болса да Алматыға баруға бел буады. Басындағы мұңды оқиғадан хабардан анасы да баласына кедергі жасамайды. Осылайша Дүнгенбайдың Алматыдағы № 9 темір жол училищесіндегі оқу жылдары басталады. Мұнда да көркемөнер үйірмесіне қатысады, тіпті Мәскеу сахнасында өнер көрсетуге мүмкіндік туады.

Мәскеуге алғаш рет 1945 жылы Бүкілодақтық еңбекшілер арасындағы көркемөнерпаздар байқауына қатысуға барады. Ол еліміздің мәдениет қайраткерлері Б.Байқадамов, И.Нүсіпбаев, А.Ысмайылов басқарған топтың ішінде болып, халықтық «Аққұм» әнін, «Молдабайдың әнін», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Шегенің термесін домбырамен орындап, «Қара жорға» биін билейді. Осы сапарында оның бойындағы булығып жатқан дарынды көрген Б.Байқадамов «балам, саған арнайы музыкалық білім алу қажет, сенен жақсы музыкант шығады», – деп ақыл береді. 

Дүнгенбай араға уақыт салып Мәскеуде өткен байқауға Қазақстан теміржолшыларының кәсіподағы атынан екінші рет сапар шегеді. Бұл жолы ұйымдастырылатын концертті дәстүрлі әнші Қ.Байсейітов пен Н.Тілендиев бастап апарады. Жас талап сапарға дайындық кезінде Нұрғиса Тілендиевпен жақын танысады. Бұл кездесу оған музыка өнеріне біржола бет бұрып, оның композиторлық саласын таңдауға әсер етеді. Бүгінде сазгер осы тұңғыш кездесуін былай еске алады: «Нұрғиса домбырада шебер ойнайтын. Ол орындаушының ойнай алмай отырған тұсын дөп басып, сол әуен үзігінің бірнеше тәсілін ойнап көрсететін. Қолынан келмейтіні жоқ, болмастай көрінгенді тез үйрететін ерекше жан еді. Ұстаз бен шәкірт ретінде біз сыйлас болдық. Нұрғиса адам жанын терең де нәзік түсінетін. Бұл қасиеті оның дирижерлік қызметіне көп көмектесті. Алғашында оны арнайы комиссия балет мамандығына таңдапты, бұл оның жібектей есілген қолдарын көргендіктен болса керек», – Д.Ботбаев біртуар тұлғамен кездескен сәтін осылай еске алып, әрі қарай естелігін жалғастырды: «Нұрғисада Романенко деген шебер жасаған Ахмет Жұбановтың ақ домбырасы болды. Ол ақ домбырасын қызғыштай қорғап, ешкімге ұстатпайтын, біз үйіне барғанда басқа домбырада ойнадық. Жалпы оның көңіл-күйі жиі құбылып, тез өзгеретін. Бірақ біз оны сыйлағандықтан ешқашан оған ренжімейтінбіз. Ол кез-келген ұлттың өкілімен, әртүрлі мінезді адамдар мен тез әрі жеңіл тіл табыса алатын. Ақкөңіл, елгезек, қарапайым, әр уақыт көмек беруге дайын еді, кейде бала секілді мінезі болатын».

Кейіннен академик А.Жұбанов ақ домбырасын Нұрғисаға сыйлағанда Д.Ботбаев «Ақ домбыра» деген әнін шығарады (сөзі С.Жиенбаевтікі).

Бір жылдан соң, 1947 жылы, Н.Тілендиев Дүнгенбайды өзі бастап консерваторияға әкеледі. Мұнда әйгілі күйшілер Қали Жантілеуов пен Лұқпан Мұхитов оның қабілетін тексеріп, домбыра бөлімінің дайындық курсына қабылданады. Бір жыл дайындалып Л.Мұхитовтың класына негізгі курсқа түскен домбырашы халықтық дәстүрдегі құйма құлақ әдісімен күйлерді үйрене бастайды. Кейінірек оқу жүйесіне нотамен оқыту әдісі енген кезде, жас музыкант өз білімін Шамғон Қажығалиевтің класында жалғастырады. Оқуға бар зейінін қойған жас талап үшінші курста Ф.Мансуровтың домбыра мен фортепианоға лайықтаған А.Моцарттың «Түрік маршының» алғашқы орындаушысы болды. Ал жоғарғы курстарда өзінің домбыраға арналған тырнақалды шығармаларын (этюдтер) жаза бастайды.

«Мен домбыра аспабын кәсіби тұрғыда меңгергенім үшін бақыттымын. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей ұлтымыздың әрқилы тарихын екі ішегінде өрген шежіре аспабы. Домбыра мүмкіндігінің мол екендігіне көзім жетті, күйлердің тереңдігі мен симфониялық музыка қорының негізі бар екендігін түсіндім». Өмірдің өзі секілді әртүрлі тақыптарды қамтыған домбыра күйлерінің өміршеңдігі, өзі ойнайтын туындылардың дыбыс иірімдері оны түрлі ойларға жетелесе, екі ішектің бойындағы саз симфониялық ауқымдылықты меңзегендей болып, бір сәт те маза бермеді. Бірақ мұндай асыл арманын, тың ойларын жүзеге асыру үшін теориялық дайындық, көптеген музыкалық жанрлар мен формалармен танысып, оркестрге лайықтау тәсілінің қыр-сырыларын игеру керек еді. Бір сөзбен айтқанда еуропалық композиторлық білімді меңгеру қажет болды.

Осылайша 1959 жылы домбырашы консерваторияның композиторлық бөлімінің дайындық курсына профессор Е.Брусиловскийдің класына түседі. Бұл кезеңде ол фортепианолық «Екі полька», «Жастар вальсі» және оншақты әндердің авторы болды («Арман», «Сағыныш» және т.б.).

«Е.Брусиловский бір ай бойы әр студентінен тек қана мелодия жазуды талап ететін. Сонан соң жазған әуендерінің қайсысы ұнайтынын сұрайтын. Шәкірттердің таңдаған әуеніне қарап болашақ композитордың таным-талғамын, сезімталдығын, жан-дүниесінің байлығын анықтайтын».       

Консерваторияға екінші рет оқуға бел байлаған Д.Ботбаев оқу жылдарында – 1-курста үрмелі оркестрге арналған төрт бөлімді «Үйлену тойы шеруі» туындысын, келесі курстарда «Концерттік вальс» және «Бәйге», «Көктем», «Шоқ пен Шер» увертюраларын, «Ақсақ құлан» күйі желісінде фортепианолық сонатасын жазды, ал дипломдық жұмысына бір бөлімді h-moll симфониясын дайындады.

«Менің ұстазым ойлы, ұстамды, сезімтал психолог еді, адамгершілігімен, әдеппен әзілдесе білетін жақсы қасиеттерімен біздерге үлгі болды. Тәртіпке үйретті. Қандай да бір кемшілігімізді байқамаған сыңай танытып, арнайы назар аудартпайтын, осылайша өзінің кеңпейіл мінезімен ұсақ-түйекке мән бермеуге үйрететін. Жұмысқа ешқашан кешікпейтін және жұмыс уақытында басқа нәрсеге көңіл бұрып, алаңдамайтын. Әр сабағы қызықты оқиғалармен астасып жататындықтан біз уақыттың қалай өткенін байқамай қалатынбыз. Е.Брусиловский тамаша орындаушы болатын. Ол фортепианоға отырып берілген тапсырманың бірнеше вариантын ойнай бастағанда біз өзіміздің қате жіберген тұстарымызды тауып, түзете бастайтынбыз. Оның дәрістері соқырға таяқ ұстатқандай түсінікті еді».

«Диплом – ресми құжат. Оның нағыз иесі бола аласыңдар ма, жоқ па, оны өмір көрсетеді...»...  «Композитор мамандығы бойынша» диплом алған сәтте шәкірттеріне ұстазының айтқан осы сөзі әлі күнге дейін Дүнгенбайдың есінде қалып, алға қарай тынбай ізденіп, еңбек етуіне күш (импульс) берді.

Д.Ботбаев кәсіби шығармашылығымен педогогикалық жолын бірге ұштастырды. Бірнеше жыл бойы Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтынды еңбек етіп, шәкірт тәрбиелей жүріп, бір сәтке де композиторлықтан қол үзбейді.  Ол 1960-70 жылдары спектакльдер мен кино саласында, симфониялық, хорға арналған күрделі жанрларда еңбек етсе, 80-жылдары қазақтың ұлт аспаптар оркестріне арналған туындыларын жазды, ал 1990-2000 жылдары вокалды-симфониялық жанрға ден қойды. Мәселен, «Ақыретке сапар» ораториясы, «Түркістан – Тұран бесігі» кантатасы,  «Жыл – он екі ай» оркестрлік топтамасы да осы жылдардың еншісіне тиеді. Творчестволық жолының барлық кезеңінде де сазгер ән-романстарын жазып отырды. Әндерінің басым бөлігі А.Асылбеков, С.Жиенбаев, К.Ыдырысов, Н.Әлімқұлов, А.Дүйсенбиев секілді танымал ақындардың сөздеріне жазылған. Олардың арасында, махаббат пен туған жердің сұлу табиғаты туралы «Жетісу жері - жазира», «Таң арайы», «Жайлауда», Отанға деген сезім «Отаным», «Елім бар», ғашықтық лирика «Көктемім едің», «Еркетайым», «Жігіт сөзі» және т.б. әндерінде жырланған. Бұл әндерде мажорлық лад ерекше диатоникалық лидийлік, миксолидийлік ладтармен үндессе («Көктем кеші», «Гүл», «Аяжан», «Ақ Жайық арулары», «Үмітімді үзбеймін»), минорлық бағыттағы ладпен кейде дорийлік лад астасып біртұтас гармониялық үйлесім тауып отырады.

1970 жылдары автордың «Көтем кеші», «Ана» әндер жинағы жарық көрді. Сонымен қатар Х.Ыдырысовтың сөздеріне жазылған «Жаз жайлауым тамаша» атты таңдаулы романстары топталып баспа жүзін көрді. Сазгер елуге жуық балалар әндері мен хорларының, фортепианоға арналған шағын пьсалардың авторы болып табылады (мысалы, «Бүрге» сонатинасы).

Халық шығармашылығын жете біліп, игерген сазгер 50-ге жуық халықтық әндер мен күйлерді, ауызша кәсіби авторлық туындыларды дауыс пен фортепианоның орындауына, қазақ ұлт аспаптар оркетріне және a capella хорына лайықтап түсірді. Олардың арасында «Ақ кербез», «Сұржекей», «Үкілім бұлғақ», Кенен Әзірбаевтың 8 әні, Естайдың, Біржанның, Ыбырайдың әндері, Сүгірдің «Тоғыз тарауы», Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», бүгінгі заман сазгері Ә.Желдібаевтың «Сыпатай батыр» күйлері бар. 2003 жылы композитор М.Ысқақбаймен бірігіп «Байсерке» атты жинақ шығарады, онда халық күйшісі Байсеркенің бұрын белгісіз болып келген күйлері тұңғыш рет жарияланды. Д.Ботбаевтың отандық музыкатану ғылымы саласына қосқан бұл елеулі еңбегі үлкен ізденісті талап етті. Ол Байсеркенің 15 күйін өңдеп, қазақ ұлт аспаптар оркестріне лайықтады.

Біз бұл шағын мақала аясында композитордың кейбір күрделі шығармаларына тоқталып өткенді жөн көреміз.

«Жыл – он екі ай» оркестрлік топтамасы 1988-1997 жылдар арасында жазылып, мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Бұл оркестрлік топтама тақырыбы бұрын-соңды Қазақстан композиторлар шығармашылығында кездеспеген тың бағыт еді. Еуропа академиялық музыка мәдениетінен хабардан әр адамға дүние жүзіне тарап, танымалдық алған А.Вивальдидің, П.Чайковскийдің «Жыл мезгілдері» аспаптық туындылары белгілі. Ал қазақ композиторының жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін суреттейтін дыбыс мүмкіндіктерін қазақ ұлт аспаптарынан іздеп, олардың табиғатын ұтымды аша отырып жазуы алғаш рет осы туындымен дүниеге келді. Шығармалардың бөлімдерінде автор дәстүрлі домбыра күйлеріне баса назар аудара отырып төкпе, шертпе ойнау тәсілдерін жеке-жеке пайдаланып, кейде оларды сәтті синтездеген. Мысалы, «Наурыз», «Маусым», «Қазан», «Қараша» және Құрманғазының «Машина» күйінің музыкалық тақырыбы қолданылған «Ақпан» күйлері төкпе стилінде жазылса, «Тамыз», «Қыркүйек» – шертпе дәстүрінде шыққан, «Мамырда» екі тәсіл жымдасқан.

Кіріспеден басталатын әр күйде бір-біріне ұқсамайтын әуендік-интонациялық және ырғақтық әдістер қолданылған. Мәселен, «Тамыз» күйінде табиғаттың тамаша сұлулығы триольдар мен септольдар ырғақтық формуласы арқылы бейнеленсе, «Қыркүйек» бөлімінде тың алқабындағы қызу жұмыстар кезін «дамылсыз қозғалыспен», көктем иісі аңқыған мамыражай «Мамырды» 3/8 ырғағында параллельді терциямен кіші сағадан негізгі буынға біртіндеп жүретін жеңіл әуен арқылы көрсеткен.

«Қаңтар» бөлімінде жоғарғы регистрден басталатын прима-қобыз үні мен виброфон дауысы өзгеріп, жаңа күйге түскен табиғатты бейнелейтін кластер фонында жүреді. Диссонанстық аккордтар шымырлаған аязды, ал, бұрқыраған боранды тремоло жеткізеді.
«Қараша» мен «Қаңтар» домбыраның теріс бұрауында, яғни, квинта бұрауында орындалады. Бұндай бұрау тарихта болып өткен ызғарлы оқтиғаларды суреттейтін эпикалық, философиялық мазмұндағы күйлерде кездеседі. Автор күйлеріне осы бұрау сипатын тегін алмаған. Күздің аяқталып қыс мезгіліне өтетін және қақаған қыс ортасындағы айларға пайдаланған.

1997 жыл – Республикамызда Саяси репрессия құрбандарын еске алу жылы аталғандықтан Мәдениет министрлігі осы тақырыпқа арналған музыкалық шығармалардың конкурсын жариялады. Замана үнін өзінің «Ақыретке сапар» ораториясымен жеткізген Д.Ботбаев туындысы жүлдеге ие болды. Туындыда қазақтың ұлтын сүйген ұл-қыздарының саясат құрбанына айналған трагикалық өмірі, аяусыз талқыға түскен тағдыры барынша шынайы суреттелген. «Жадыраған жаз еді», «Ызғар», «Ылаң», «Жазықсыздар қапаста», «Алданған үміт», «Жендеттер» бөлімдерінде музыкалық желі тақырыбына сай мазмұнмен өрібиді. Соңғы бөлім қасиетті Құран Кәрімнің «Фатиха» сүресімен аяқталады. Осы бөлімде автор тыңдармандарын өткен кезеңдегі аяулы жастардың өміріне бейжай қарамай, олардың ұлты үшін жасаған істерін ұмытпауға үндейді. Құранның сүресіне негізделген бөлім адамзатты бір-біріне мейірімді болуға, адалдыққа, жақсылыққа шақырады.

Сазгердің бұл шығармасы адам жанының өмірдің әртүрлі жәйттеріндегі  психологиялық қырларын бейнелей отырып репрессия құрбандарына арналған рухани ескерткіш болып табылады.   

Музыканттың бүгінгі күнге дейін әрқилы жанрларда, атап айтқанда, эстрадалық-симфониялық оркестрге, а капелла хорына, драмалық спектакльдерге және т.б. музыка жазып жүргеніне назар аударғымыз келеді. Біздің ойымызша, суреткер шығармашылығы арнайы ғылыми зерттеуді қажетсінеді және болашақта өзіне өскелең ұрпақтың қызығушылығын оятады.

1999-2005 жылдар аралығында композитор Д.Ботбаев өз шығармашылық жолының  шыңында 2 акт, 8 көріністен тұратын «Домалақ Ана» лирикалық-тарихи операсын жазды. Опера либреттосын жазған М.Исақбай, Н.Оразалин. Бұл күрделі туындының кейіпкері қазақ тарихында болған көптеген көрегенді аналардың бірі Домалақ ана. Жетісу жерінде кең тараған, бірнеше нұсқасымен жеткен аңыздың өне бойында ұрпаққа үлгі боларлықтай адамгершілік істерімен жауларын мойындатқан Нұриланың өмірі өрнектелген.  

Д.БОТБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТІЗІМІ

1999-2005 – «Домалақ Ана», лирикалық-тарихи екі көріністі опера. Либреттосы: М.Исақбай, Н.Оразалин.  

Спектакльдер мен кинофильмдерге жазылған музыка

         1965 –  «Еңлік-Кебек», 3 актілі, 5 көріністі трагедиясы. М.Әуезовтің пьесасы бойынша қойылған спектакль (М.Әуезов атындағы Қазақ  драма театры, реж. А.Тоқпанов).
         1968 –  «Қазақстан әуендері» киноочеркі. Ақын О.Сүлейменовтің сахналық  жүйесі (инсценировка).
         1969 –  «Менің атым Қожа», 2 актілі, 9 көріністі комедиясы. Б.Соқпақбаев повесі бойынша қойылған спектакль (Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры, реж. М.Бақтыгереев).
         1970 – «Қайран гәкку», Ш.Хұсайыновтың пьесасы бойынша қойылған драмалық спектаклі (Республикалық ұйғыр театры, реж. Ш.Хұсайынов).
1972 –    «Шоқ пен Шер» көркемфильмі (реж. Х.Қасымбеков).
         1973 – «Көксерек», М.Әуезов әңгімесі негізінде түсірілген көркемфильм (реж. Т.Өкеев).
         1977 – «Мазасыз мейман», Ғ.Мұстафин пьесасы бойынша қойылған спектаклі (М.Әуезов атындағы Қазақ драма театры).
         1986 –   «Үкілі Ыбырай», Ш.Хұсайынов пьесасы бойынша қойылған 2 актілі музыкалық драмасы (Жетісай қазақ музыкалық-драмалық театрының қойылымы).
         1997 – «Жас Жамбыл» көркемфильмі М.Жолдасбековтың сценарийі  бойынша композитор Б.Дәлденбаевпен бірге музыкалық көркемделген.

Симфониялық оркестрге арналған шығармалар

1963 – Қазақтың халық әні «Толқыма» тақырыбындағы симфониялық вариациялар.
1965 – Симфониялық поэма.
1966 – Бір бөлімді h-moll симфониясы.
1967 – 4 бөлімді симфониялық билер.

Қазақ ұлт аспаптар оркестріне арналған шығармалар

1984 – «Наурыз той» поэмасы.
1988-1997 – «Жыл он екі ай» топтамасы. Шығарма 12 бөлімнен тұрады.
1992 – «Тұран елі» күйі.
1997 – «Жеңіс үнді Аңырақай даласы» күй-дастаны.
2000 – «Көне Тараз» поэмасы.

Эстрадалық және үрлемелі аспаптар оркестрі шығармалары

1961 – 4 бөлімді сюита.
1962 – Увертюра.
1972 – «Шоқ пен Шер» және «Бәйге» увертюралары.
1971 – Үрмелі аспаптар оркестріне арналған «Жорық маршы».

Камералық аспаптарға арналған шығармалар

1960 – Фортепианолық «Екі балалар полькасы»
1960 – Фортепианолық «Бес балалар пьесасы»: «Ойыншық», «Жаңа жыл», «Шырша», «Би», «Ақшақар».
1961 – Фортепианолық «Алты пьеса»: «Элегия», «Полька», «Вальс», «Ақ домбыра», «Таң», «Бұлбұл».
1963 – Фортепианоға арналған Соната-фантазия.
1964 – Халық күйі «Ақсақ құлан» тақырыбына жазылған фортепианолық Соната.
1964 – «Аяжан» ішекті аспаптар квартеті
1965 – «Көктем кеші» ішекті аспаптар квартеті
                                      
Вокалды шығармалар

1) Вокалды-симфониялық туындылар
1964 – «Ленин туралы ода» кантатасы. Шығарма жеке әншілер мен аралас хорға және оркестрге арналған. Сөзі Н.Әлімқұловтікі.
1968 – «Ақын ерлігі» поэмасы. Шығарма мәнерлеп оқушы мен жеке әншіге, аралас хорға және оркестрге арналған. Сөзі Қ.Жұмалиевтікі.
1997 – «Ақыретке сапар» ораториясы. Шығарма мәнерлеп оқушы, жеке әншілерге және аралас хор мен оркестрге арналған 7 бөлімнен тұрады: «Жадыраған жаз еді», «Ызғар», «Ылаң», «Жазықсыздар қапаста», «Алданған үміт», «Жендеттер», «Фатиха». Сөзі К.Қожамбердиеванікі.
         1999 – «Түркістан – Тұран бесігі» кантатасы. Шығарма жеке әншілер мен аралас хорға және оркестрге арналған. Сөзі К.Қожамбердиеванікі.

2) Аралас хорға арналған a capella
1968 – «Қазақстан-гүлжазира», сөзі С.Жиенбаевтікі.
          1963 – «Берекелі бейбіт күн», 4 бөлімді поэмасы. Шығарма «Ғазиз құрбандар сөзі», «Соғыс жесірінің сөзі», «Бесік жыры», «Бейбіт өмір – бақыт» атты бөлімдерден тұрады. Сөзі М.Әлімбаевтікі.
         1979 – «Ленин мәңгі жасайды», 4 бөлімді толғауы. Шығарма «Күн көсем», «Толғау», «Мәңгі біргеміз», «Ленин мәңгі жасайды» атты бөлімдерден тұрады. Сөзі Н.Әлімқұловтікі.
         1980 – «Еңбек салтанаты», 3 бөлімді айтыс түріндегі вокалды сюита. Сөзі С.Жиенбаевтікі.
1985 – «Берекелі бейбіт күн» а capella хорына арналған шығармалар жинағы.

Камералық-вокалдық шығармалар
(қысқартылып алынды)

  1. Әндер мен романстар:

1962 – «Жаз жайлауым тамаша» романстар топтамасы, сөзі К.Ыдырысовтікі («Жайлау көрінісі», «Түнгі ән», «Таң», «Қарт шопан жыры»).
1964 – «Аяжан», сөзі М.Әлімбаевтікі
1967 – «Жетісу жері – жазира», сөзі Н.Әлімқұловтікі
1969 – «Көктем кеші», сөзі Қ.Мырзалиевтікі
1970 – «Көктем кеші» әндер мен романстар жинағы («Жазушы» баспасы)
1975 – «Алатау» романсы, сөзі А.Дүйсенбиевтікі.
1977 – «Ақ Жайық арулары» әні мен «Шыңдағы шынар» романсы, сөзі С.Жиенбаевтікі.
1978 – «Ақ домбыра» әні мен «Сөнбейтін от» романсы, сөзі С.Жиенбаевтікі.
1978 – «Жаз жайлауым тамаша» романстар топтамасы («Жалын» баспасы).
1979 – «Ана», әндер мен романстар жинағы («Жалын» баспасы).
1982 – «Жасай бер, мәңгі Абайым», сөзі А.Асылбековтікі.
1993 – «Қуанбаңдар жастыққа» романсы, сөзі А.Құнанбаевтікі.
2000 – «Мәртебелі елім», сөзі К.Қожамбердиеванікі.
2002 – «Таразым менің», сөзі А.Асылбековтікі.

2) Балаларға арналған әндер:
1959 – «Қандай қызық тамаша», сөзі М.Майчекиндікі.
1964 – «Қайда кеттіңдер?», сөзі Қ.Ыдырысовтікі.
1965 – «Менің әжем», сөзі Х.Талғаровтікі.
1973 – «Апорт деген тәтті алма», сөзі Н.Әлімқұловтікі.
1989 – «Жануарлардың қылығы қандай?» 5 бөлімді ән топтама, «Төлдер» әні, сөзі А.Асылбековтікі.
1991 – «Қарша», сөзі А.Асылбековтікі.

1. Мақала «Композиторы Казахстана. Творческие портреты» /сост. Н.С.Кетегенова/. (Алматы: «Алматы-Болашақ», 2012. – Т.1. – Б.240-247.) жинағында жарық көрді.