Аққу
Нұрғиса Тілендиев

Кларнетші қазақ 1

Жанат Ерманов – Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының кларнетші ұстазы. Орта Азиядағы тұңғыш құрылған мемлекеттік ағаш үрмелі аспаптар квинтетінің жетекшісі
Еліміздегі «Тамаша бестік» аталып жүрген алғашқы үрмелі аспаптар квинтетінің құрушысы Жанат Рахметоллаұлы Ерманов республикамыздың мәдени өмірінде елеулі орны бар, халықаралық деңгейдегі кәсіби музыканттардың бірі. Оның жетекшілігіндегі шағын ұжым бүгінде алыс және жақын шет елдерде өз тыңдармандарын таба білді және еуропалық танымал музыканттармен қызу тәжірибе алмасып жүр.

Болашақ музыкант Арқаның әйгілі Жаяу Мұса, Өтелбай сал, Жарылғапберді, Мұстафа Бүркітбайұлы секілді сал-серілердің туған жері Баянауыл өңірінде дүниеге келді. Кларнет аспабына он жасынан бастап қызығушылық танытып, өнер жолына басқан алғашқы қадамын: «Әкем Рахметолла мандолинада ойнап, анам Нарзангүл халық әндерін айтады. Бала күнімде ерекше қабілетімді байқаған анам жетектеп балалар музыка мектебіне апарды. Алғашқы ұстазым С.Екимовтың кларнетпен таныстырғаны, тұңғыш рет аспап дыбысталуының баурап алған сәті әлі есімде», – деп еске алады Жанат.

Бұл саладағы білім іздеу жылдары арнайы орта және жоғары оқу орындарында жалғасқан кларнетші Өскемен музыкалық училищесінде В.А.Курепиннің класында, одан кейін қазақ өнерінің қара шаңырағы консерваторияда профессор Р.Н.Сабировтан тәлім алады. Бар ықыласымен дайындалып, аспаптың қыр-сырын меңгеруге салмақты ден қойған музыкант жас та болса үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Ол 1983 жылы республикалық үрмелі аспаптарда ойнаушы жастардың конкурсында Бірінші орынды иемденсе, 1990 жылы Орталық Азия мен Қазақстанның аймақтық сайысында 3-жүлдеге ие болады. Ал, Алматыда болған үрмелі аспаптардың Алғашқы халықаралық конкурсында Бас Жүлдені жеңіп алады. Бұл жеңістері оның әрі қарай ізденуіне шабыт береді, репертуарын байытып, ойнау техникасының әдіс-тәсілдерін одан әрі қарай игеруге жетелейді.

Кларнеттің пайда болып, жақсы дамыған жері Еуропа елдері болғандықтан бұл аспаптың әйгілі майталмандары, мықты мектептері де осы мемлекеттерде болуы әбден заңды. Аспирантураны тәмамдаған Жанат 1997 жылы Еуропаның В.А.Моцарт атындағы Музыка академиясында (Варшава) оқиды. Әлем бойынша жылына таңдаулы 40-ақ музыкантты қабылдайтын бұл академияда оқу сол кезеңде Орталық Азия аймағынан Жанатқа бұйырады. Мұнда жеке аспапта және камералық орындаушылықта музыка дүниесіне танымал профессорлар Мишель Летьег /Michel Letieg/, Пнина Зальцман /Pnina Salzman/, Александр Сацтардан шеберлік кластарын алады. Шет жерде талай майталман мамандардың дәріс беруі оның өнерін шыңдап, жетілдіре түсті. Ол еуропа академиялық музыкасындағы барокко дәуірінен ХХ ғасыр композиторларына дейінгі аралықтағы ағымдар мен дәстүрлермен жақын танысады. Әрине, қазақстандық кларнетшінің шығармашылық мүмкіндігі, шынайы шебер артистік қабілеті, аспаптық ойынындағы әдемі дыбыс, әсем фраза, жақсы интонация ұстаздарының назарынан тыс қалмаған еді. Олардың бірі Киоко Хашимото /Kioko Khashimoto/: «Жанат Ермановтың ойынын тыңдап ләззат алдым. Тамаша кларнетші, керемет техникаға ие, өте жоғары, шынайы музыкант. Мен оның өнер әлемінде өзіндік орны бар музыканттардың бірі болатынына сенімдімін», – деген еді. Ал, пианист П.Зальцман /P.Salzman/ естелігіне назар аударғанда оның кларнетте ғажап ойнайтындығын: «Ол, әрине, кемелденген профессионал. Оның ойынында әуен мен поэтика, ал бойында сирек ұшырасатын (!) тартымдылық пен биік талғам, тектілік бар», – деп жазады.

Жанат бұнымен де шектелмей өз кәсіби деңгейін Францияның Ницце, Прадо қалаларындағы Халықаралық Музыка академиясында жалғастырады. Оған есімдері дүние жүзіне белгілі Поль Меер /Poul Meer/, Франсуа Леле /Francois Lele/, Яна Томсон /Yana Thomson/, Андре Казалет /Andre Kazalet/, Арманд Ангстер /Armand Angster/ секілді музыканттардан тәлім-тәрбие алу сәті туады. Білімін Еуропа музыка Академияларында шыңдаған Жанатты оқу жылдарында әлемнің ірі музыка қайраткерлері жоғары бағалады... Мәселен, әйгілі скрипкашы, профессор Г.Жислин жас қазақ жігітінің ойынын әр кезеңдерде тыңдап, білімі, сапалы техникасымен аспапта керемет интерпретациялайтындығына назар аударып, болашағынан зор үміт күтеді.

Алдына қойған айқын мақсаты бар өнерпаз бойына жинаған өнер, білімінің көкжиегін кеңейте түседі. 2002 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын профессор Т.А.Әбдірашев класынан опера-симфония дирижері мамандығы бойынша оқып, терең білім мен мол тәжірибесін үрмелі аспаптар квинтетін құруда жүзеге асыра білді.

Орындалған арман

Ізденімпаз музыкант шет жердегі оқу кезеңінде көптеген өнер ұжымдарын, симфониялық және үрмелі аспаптар оркестрлерін, танымал камералық ансамбльдер шығармашылығымен жақын танысып, тыңдайды. Туған елінде жоқ мұндай үрмелі аспаптардың шағын топтарына қызығып, өзінің камералық ансамблін құруды армандайды. Оқу жылдарын сәтті аяқтап, Отанына оралған Жанат бұл арманына үлкен қиыншылықтарды бастан өткізе отырып жетеді. Сөйтіп, ол 1997 жылы Қазақстандағы тұңғыш ағаш үрмелі аспаптар квинтетін құрады. Бұл үрлемелі аспаптар квинтеті жалпы Орталық Азия кеңістігіндегі тұңғыш камералық ұжым болды.

Жаңа бастамаға батыл қадам жасаған Ж.Ермановтың ұжым үшін жасаған еңбегі зая кетпеді. Бүгінде Жамбыл атындағы филармония жанындағы шағын ұжым 2004 жылы ресми ашылып, мемлекеттік ансамбль статусын алғанға дейін талай кедергілерді жеңе білді. Квинтет құрамындағы флейташы Балжан Сапарова, гобойшы Малика Михлина, кларнетші Жанат Ерманов, валторнашы Манарбек Сәбитов, фаготшы Алмас Әшiрбековтер музыкалық ойлары мен шығармашылық әрекеттері бір жерге тоғысқан музыканттар. Олар талай асуларға жұмыла отырып жете білді. Жақында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған медальдің иегері болған Жанат: «Отаныма, айналама пайдалы болғым келеді. Мақсатым – өскелең ұрпаққа ісіммен үлгі көрсету. Шет елдерге жақсы қызметке арнайы шақырылсам да, оларды қабылдамай, еліме оралдым. Қазіргі кезде дүниенің түкпір-түкпіріне кетіп жатқан дарынды жастарымыздың арасында қайта оралғысы келмейтіндері де бар, осы мені қынжылтады. Егер бәріміз бірге жұмылып, бірге күресе білсек, алынбайтын қамал жоқ... Адамның туған жеріне адал қызмет ете білуі – бір парызы деп білемін», – дейді. Иә, осындай оптимистік құлшыныспен жасалған ұмтылыс, төгілген тер мен жұмсалған күш бос кетпей өз жемісін бере бастады. Қазіргі уақытқа дейін квинтет көптеген шет елдердегі өнер сайыстарына қатысып, республикалық, аймақтық, халықаралық конкурстардың жеңімпазы болды. Ұжым Венада, Францияның Марсель, Прадо, Ницца қалаларында, Сеулде, Мәскеуде т.б. алыс елдерге іс-сапарларында қызықты концерттік бағдарламаларымен шет елдік басылымдарда салмақты пікірлер тудырып, мамандардың назарын аударып, жоғары бағасын алып жүр.

Квинтет репертуарында әлемнің түкпір-түкпірінде орындалып жүрген пьесаның бірі – Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әні. Композитор Ә.Бестібаев ансамбльге арнап лайықтаған осы туынды қай жерде де көрерменнің сұранысына бөленіп, ансамбльдің атын шығаруға себепші болды. Қазіргі уақытта квинтеттің тұрақты ойнайтын шығармасы да осы – «Ақ сиса».

Мемлекеттік ұжым танымалдық ала бастаған кезден бастап оған отандық композиторлар өз туындыларын арнайы жаза бастады. Мысалы, Қ.Шілдебаевтың «Наурыз» туындысы (Ж.Ерманов лайықтауында), Б.Қыдырбектің «Бетбұрыс сәті», С.Әбдінұровтың «Бозінген», Е.Андосовтың «Мерекелік күйін» айтуға болады. Сонымен қатар әлем классикасынан А.Дворжактың үндістер музыкасына негізделген Фа-мажор Квинтеті, Ж.Бизенің «Кармен-сюитасы» (Д.Вальтердің лайықтауында), Э.Боззаның «Скерцосы», А.Арнольдтің, Н.Римский-Корсаковтың, К.Дебюссидің және т.б. шығармалары бар.
Қазақстанның мемлекеттік ағаштан жасалған үрмелі аспаптар квинтеті елімізде және сырт мемлекеттерде өзін әр қырынан көрсетіп жүрген ұжымдардың бірі. Өз ішінен дуэт болып, трио, төрт адамдық квартет болып та концерт қоя білетін ансамбльдің айтулы мерекелерде әнші Майра Мұхамедқызын /Майра Керей/ сүйемелдеуі, отандық Ғ.Жұбанова атындағы ішекті-ысқылы аспаптар квартетімен және Францияның Марсель үрмелі аспаптар квинтетімен бірігіп концерт беруі қалың тыңдарманның әлі есінде.                 

Бүгінде кәсіби шебер, педагог Ж.Ермановтың шәкірттері елімізде және одан тыс мемлекеттердің әртүрлі музыкалық ұжымдарында еңбек етіп келеді. Бірнеше ғылыми-әдістемелік оқу құралдарының авторы бұл саладағы еңбегі үшін «Мәдениет қайраткері» марапатына ие болып, жеке орындаушылық, ұйымдастырушылық бағыттағы жұмыстары да ескерусіз қалмады. Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер атағына ие болған тұңғыш қазақ кларнетшісі Тәуелсіз еліміздің рухани-мәдени кемелденуіне үлкен үлес қосып жүрген шын мәніндегі қайраткерлердің бірі.

1. Мақала «Егемен Қазақстан» газетінде (№ 23-28 (27967), 17.01.2013. – 11-б.) жарияланды.