Атадан мұра
Нұрғиса Тілендиев

Қазақ халқында ел-жұртының еркесіне айналып, патша көңілді көрерменнің көңілін баурап, ел алдында асқақтата ән шырқаған жаратылысынан жауһар, саңлақ өнерпаздар көп-ақ! Солардың бірі есімін атағанда көңіліңді езе сағындырып, өзі жап-жас сұлуша әйелдің мүсін келбеті көлбеңдеп көз алдыңа келгенде еріксіз тамсандыра сағындыратын, ойға алғанда жанарға жас үйірілтетін бір асыл жан ол лирико-колоратуралық сапрано дауысты Күләш Жасынқызы Байсейітова (1912-1957). Қазақтың бұлбұл дауысты әншісі атанған, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі (1936), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1948-1949). Ол Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Дауан тобықты тоқырауын деген жерде әкесі етікші Жасын мен анасы Зибажанның қарапайым шаңырағында туылып, жастық шағы Алматы қаласында өткен. Қырық бес жылдық қысқа ғана өмірінде өзінің ерекше дарынымен, жан-дүниесінің әдемілігімен, сыңғырлай салған қоңырау үнді әндерімен, халқының жүрек түкпірінде, қардай таза сезімдермен сақталып қалды.

Осындай асыл да ару жаратылыс иесі жөнінде «Күләш» атты бес сериялы фильм түсіріліп жатыр деген лебіз тарағанда барша халық қуанды. Фильм 2013 жылы түсіріліп, алғаш рет «Хабар» арнасында тұсауы кесілді. Әншінің 100 жылдық мерейтойына орайластырылып атқарылған бұл шараны «Shine Production» компаниясының бас продюсері Баян Есентаева қолға алған болатын. Ал, қаржыландырған «Хабар» агенттігі. Аталған фильм жайында жылы мақтаулармен қатар сын-пікірлер де айтылмай қалған жоқ.

Картинаның режиссері Жасұлан Пошанов бастаған түсіруші топ К.Байсейітованың оқу орнындағы жас-өспірім тәлімгер кезінен бастап өмірден озғанға дейінгі уақытты табиғи күйінде қамтуға тырысқан. Тіпті фильм-кейіпкерлерінде роль сомдаған актерлердің түр-келбетінде ұқсастықтар болу керектігіне назар аударған режиссердің шешімі құптарлық. Әсіресе Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Жұмат Шанин, Темірбек Жүргенов, Мұхтар Әуезов, Евгений Брусиловский сынды қазақ театр өнерінің іргетасын қалаған саңлақтардың ардақты есімдерінің аталып, дүнияуй бейнелерінің сомдалатыны, экран арқылы жан бітіретіні қуантады, рухтарының алдында қарыздар ниетпен бас игізеді әрі сағынышқа толы әсерге бөлейтіндей. Бірақ осы бейнелер фильмде ашылды ма?

Фильмнің бірінші сериясының басталуы: Қазақтың кең даласы, шөбі шүйгін көк майса алқапта жігіт ағасы домбырамен ән айтып отырады. Тарихтан білетініміздей Күләштің әкесі де, анасы да ән салған, өнерден құр алақан емес, сезімтал жандар болған. Әрине, Күләштің бойындағы туматаланттықтың қанмен келіп тұрғанын меңзейді режиссер шешімі. Одан әрі Гүлбаһрам (Әйгерім Уалжанова) терезеге қарап тұрып әкесінің салған әнін жалғап әсерлене айтып тұр. Көршісі әрі досы Хадиша мен шешесі тың тыңдап әнге құлақ түреді. Талдырмаш бойлы жас Гүлбаһрам (Ә.Уалжанова) жоқшылықтың тауқіметін тартқан қарапайым ұяң қыз бейнесінде көрінеді. Тіпті тілін безеп, кекете-мұқата сөйлейтін сыныптас қызының шаншар сөздеріне жауап та қатпай үнсіз, момақан қалпында орнына отырады. Үнемі ән салғысы келіп арман құшағында жүретін әсершіл қыз Гүлбаһрам – Әйгерімнің көзінде мұң, көкірегінде ауырлық бар. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысатын жас қыз сахнаға шығып ән салайын десе үстіндегі жұпыны көйлегінен ұялып қымсына береді. Мәдениет үйінде ауыл жастары арасында концерт өтпекші. Соған дайындыққа бару үшін шешесінен (Райхан Айтқожанова) сұрануы сол уақыттағы бойжеткендердің тазалығы, қызды қырық үйден, қала берсе күңнен тыятын шешелеріміздің қаталдығы мен ақылдылығы, бала тәрбиесіндегі кейбір талап-тілек, ата-ананың қаққан қазықтай қатал заңдылықтары шығарылған үкімдей әсер етеді.

Шешенің (Р.Айтқожанова) «Күлә, сен қайда жиналдың?» деген сұраулы қатал үнінен, өткір көз қарасынан тайсалған қыз (Ә.Уалжанова) «Клубқа!  барайын деп едім» деп, әр буынды үзіп-үзіп айтып, көзін тайдырып жерге кірердей болады. Не үшін баратынын түсіндіргенде, Шеше (Р.Айтқожанова): «Жетпегені маған осы еді, сені оқып адам болады деп жүрсем!» деп зеки дауысын көтере ашуланып, сабасына түскендей басу айта, өнер жолын қууына түбегейлі қарсы шеше қызын тыйып тастайды. Қыз (А.Уалжанова) «Менің ән айтқым келеді» деп қиыла қайтпастық білдіргенде «Әкеңнен алыс кетпедім де», деп актрисаның ойлы көзінде ашу ұшқыны пайда болады. Өткенді шола ойланып, «Сенің әкең тастап кеткен күні менің әнім біткен...» деп мұңая тіл қатып барып, «Жарайды, бар!» деп жібіп сала береді ана көңілі. Перзентінің көңілін қимайды, өйткені өзі де талай рет ән салғысы келетін, айтқан да... Сол үшін де қыздың жан-дүниесіндегі «Ән салу» деген нәзік сырды ана жақсы түсінеді.

«Баяғы көйлек, сол көйлек, не түрім жоқ» деп мұңайғанда құрбысы Хадиша (Толқын Нұрбекова): «Гүлбаһрам! Сен әп-әдемісің!» деп құрбысының көңілін көтеріп қояды. Олар сыңғырлай күледі. Клубта алғаш рет «Жұмысшы жастар театрының» режиссері Қанабек Байсейітовпен (М.Өміралиев) танысқанда ерекше сезімді бастан өткерген. Гүлбаһрамды (Ә.Уалжанова) іштей иемденетін Марат (Әсет Есжан) режиссердің мақтағанын көре алмай қызғанып, көзімен атып жақтырмай қарап тұр. «Сенің әнің режиссерге ұнамады, бірақ мен Гүлбаһрамды алайық» дедім деп Марат (Ә.Есжан) махаббат сезімі мен жан-дүниесіндегі теріс пиғыл, құйтұрқылықтың арасында адасады. Бойындағы пенделік жаман қасиетіне төтеп бере алмай жеңілетін бұл кейіпкерді актер түр-келбетінің құбылуымен, бет-жүзіндегі арамза ым-ишарамен, қулық пен пасықтыққа тұнып тұрған сығырайған көздері арқылы бере алған. Солай бола тұрса да актер сырт көзге өте белсенді, білімді әрі тартымды жігіт, зиялы қауым өкілі ретінде көрінеді. Әсіресе, оның Гүлбаһрамның театрға ауысу жөніндегі ниетіне балта шауып, «бұл біздің қас жауымыз байдың қызы екен, сондықтан да оған біз дұрыс пікір білдіре алмаймыз, тіпті комсомол қатарынан да шығарылуы тиіс» деп өрекпи сөйлегенде оның іштарлығы актердің бетіне шығады. Осы тұста өзі дос тұтып жүрген жігіттің адасу сөздеріне жаны шыға тап беріп, «Бұл жала, жала!» – деп айғай сала, көздерін жас жуып кететін Гүлбаһрамды (Ә.Уалжанова) іштей аяп, жамандыққа құрбандық байғұс кейпіне қарап аяныш сезімін бастан өткересіз. Актрисамен бірге жылай, іштей ақтап, рухани көмек қолын созасыз.

Режиссер Қ.Байсейітов (М.Өміралиев) дайындық жасап жатқан көрініске Гүлбаһрам (Ә.Уалжанова) қызыға қарап көздері оттай жанып, әсерлі көңіл- күймен жымия барлай қарайды. Бұл шын өнерді сүю, сахналық өнерге деген қызығушылықты актриса шынайылықпен береді.

Фильмнің бірінші сериясындағы шытырман оқиға құрбысы Хадишаның (Т.Нұрбекова) Гүлбаһрамға арнап шешесінің сандығында жатқан жалғыз матасынан көйлек тігіп беретіні болатын. Халықтың тұрмыс-жағдайы мәз емес қиын уақыт. Бойжеткен қыздары бар байғұс шешелер, ас-судан қысып-қымтып көйлектік матаны шеткерірек алып қою ерлікпен пара-пар уақыт көрінісі көрерменді тәубаға келтіретін мағыналы. Түнімен отырып тігіс тіккен Хадиша әбден шаршаған, мұны режиссер мен оператордың сауатты жұмысы май шамның ақырын сықсиып барып өшуімен білдіруі арқылы  ішкі сыр мен адал көңілді аңғартқан. Хадишаның бұл ісі адал достық еді. Бұлқан-талқан болып ашуланған анасына: «Мен бұл көйлекті Күләға сыйлауды жөн санадым» дейді жан құрбы мәрттікпен.

Гүлбаһрам (Ә.Уалжанова) төсекте жатыр, ол анасымен қуанышын бөлісуде, жаңа көйлегін кигенше асық қыз көңілі жайдары, әсерлі кейіпте: «Олар бәрі маған қарап отырады, ал мен шыққанда олардың аузы ашылып қалатын болады» деп өзінің жақсы ән салатынына күмәні жоқ қыздың жаңа көйлекпен шырқағанда алаңсыз бақытқа кенелетініне сенімді. Салған әні көрерменнің көңілінен шығатынын айтып әсерленуде. Бишара қыз класс бөлмесіндегі шкафқа әспеттеп іліп қойған көйлегінің жыртылып, мыжылып, жерде кір болып тапталып жатқанын көргенде таңғалыстан ауызына сөз  түспей дыбыссыз қалатыны, таусыла жылайтыны, бүк түсе отыратыны, момын көңілінің кірленіп жауыздарға жем болатыны көрерменді бей-жай қалдырмайтын шытырманға толы сахна еді. Жауыздық пен іштарлықтан беті қаншалықты қайтса да, ішкі түкпірінде бір өжеттігі бар Гүлбаһрамның отын мүлдем сөндірмей соңғы күшін жинатып, режиссер әнші қызды сахнаға тағы да шығарады. Оның үстінде жаңа көйлек емес, баяғы ескі киімі болса да көзі бұлауланып ісініп, әбден жылаған кейіпте, аяғын әрең басып, қысыла-қымтырыла ұялып, қорқақтай басып сахнаға шығып келе жатқан Гүлбаһрам (Ә.Уалжанова) жылаулы әлсіз дауыспен «Балқадиша» әнін бастап кетеді. Әннің басында қатты қобалжығанмен, өнердің құдіретті күші әл беріп, әнші қыздың дауысы ашыла түседі. Залда отырған шешесі (Р.Айтқожанова), қарапайым ұяң қызының салған әніне езу тартып іштей разы қалыпта отыр. Құрбысы Хадишаның (Т.Нұрбекова) да шығарда жаны бөлек, ақ тілеулес разы кейіпте. Сызылтып келіп әнді аяқтағанда залда отырған көрерменнің қол шапалақтағанына мәз болған актрисаның жүзінде, «Әнім жаман шықпаған тәрізді!» деген қош көңіл мен жылы жымиыс байқалады.

Жас режиссер жігіт Қанабектен жақсы пікір есту әнші қызға қанат бітіргендей. Әрі қызды театрға ертіп барғанда ол қазынаның ортасына түсіп кеткендей ерекше әсерге бөленеді. Сабақтан кешігіңкіреп келген Гүлбаһрам: «Мен театрға бардым, Қызыл-Орда театры көшіп келген екен... Мен жәй театрды көруге барғам» деп айтқалы, қыз шешесіне: «Менің театрға ауысқым келеді» деп сөзі өзгере берген. «Сені мына Ырыстыға сүйеу бола ма деп жүрмін! Сені үйірмеге жібермеу керек еді, театрға орналасу үшін ән айту аз!», деп шеше (Р.Айтқожанова) қарсылық білдіргенде, «Мен бәрібір бағымды сынап көремін» деп айтқанынан қайтпаған қыз: «Мен Жұмат Шанин деген ағаң болам» деп өзін сыпайы таныстырған адамның алдына барып, қымсына ән айтып бағын сынаған. Мерейі өсіп қазақ драма театрының труппасына қабылдануы К.Байсейітова өміріндегі үлкен белесті бағындыруы еді.

Картинаның бұл бөлімінде сол уақыттың жігітке қолын да ұстатпайтын ұяң қыздары мен сабырлы жігіттерінің жан-дүние, бітім-болмысын табиғи қалпында көрсетуге тырысушылық байқалады, әрі ол көріністердің шынайылықпен астасып жатқан тұстары да бар. Жер бетінде тіршілік басталғалы болып жатқан, жақсылық пен жамандықтың, ақ пейілділік пен іштарлықтың адам өмірімен араласып, бүлдіргі болып екі аяқтыға шырмалып жүретіндігін, адам баласының пендешілігін қызық көріністермен берген.

Фильмнің екінші сериясы Күләштің театрға орналасқан алғашқы жылдары. Театр әртістерінің өнеріне қызығып, сырттай бақылап жүрген Гүлбаһрамның Владамен орысша сөйлескенде табиғи акцентпен сөйлейтінін дәл тауыпты. Әншілік қырымен көзге түсіп жүрген жас актриса Гүлбаһрамға (Ә.Уалжанова) басты рольдер берілетінін естігенде Қапиза Халиуллинаның (Б.Есентаева) шарт кететіні картинада адам бойындағы пендешілікке толы қызықты көріністердің бірі. Қапиза – Баян өзін басқаларды менсінбейтін менмен қалыпта, барынша биік ұстайды. Ол менен асқан кім бар дейсің дегендей жан-жағына жиіркене, мұрын шүйіре қарайды. Актриса кейіпкерін өзінің байлығы мен тал бойында міні жоқ сұлулығының құнын аса жоғары бағалайтын, сәнқой әйел етіп бейнелеген. Тіпті ол «осы театрда менімен басты рольге таласатын актриса бар ма?» деп барынша арсыз, көкіректіктің арқасында көзсіз, атаққұмарлық меңзегеннен көкірек көзінің жабықтығынан астам сөйлеп, өзін тәкаппар ұстайды. Шолпан ролі бекітілгенде «Айтқаным айтқан Шолпанды емес, Айманды ойнаймын» деп тістене, көздері шарасынан шығып, кекете күліп оның үкім шығара сөйлейтіні, директордың кабинетіне масайып келіп, аяғынан әрең тұрған актрисаның «Мен неге басты рольді бөлісуім керек?» деп ащы дауыспен айғай салатыны, «Менімен ойнамаңдар!,  Көреміз әлі кімнің кім екенін?» деп тістене долданып, жеккөрушілікпен көзін аларта қарап шығып кететіні, театрдың ішкі жағындағы өмірдің шындығынан сыр шертетін тіршілік үшін күрестегі пендешілік былық болатын. Дегенмен актриса сол уақыттағы аштық пен соғыс көрген ұрпақ өкілдерінің сабырлы келетінін ескермеген. Ол уақыттағы әйел актрисалардың ерекше қылықты мәдениеті болғанына мүлдем мән берілмепті. Театр директорының қамқорлығымен Күләштің сахналық ойынын көруге Халық комиссары Т.Қ.Жүргеновтің өзі келіп: «Мынау бір танымды дүние болыпты» деген бағалы сөзден кейін талантты актрисаның еңбегінің ақталатыны, төккен адал тердің соңынан әділдіктің орнайтынын меңзейтін картина мазмұны тереңірек ашылғанда жөн болатын.

Қапиза – Баянның сымбатты сұлу, денесіне қымбат киім мүсіндей құйылып, былқ-сылқ бұралаң жүріспен маңайындағы еркекті баурап түсіретін, мүштегіндегі (сол кезде мүштек болды ма екен?) темекісін әспеттеп соруының өзі тартымды көрінетін қылықты хас сұлу етіп бейнелегені актерлік ізденістерден туындаған шеберлік болғанымен, халық тойып нан жеуге шамасы келмей отырған қиын шақта бұл актрисаның үстіндегі қандай байлық деген ойға келесіз. Мұндай көріністерге мұсылмандық көзқараспен қарайлап, сценарий авторлары шығарма оқиғасын кеңдікпен суреттеп, қазақ театр тарихында өзіндік орыны бар марқұм болған айтулы актрисаның аруағын күңірентпегеніміз, жалған тіршіліктегі пенделіктің көлеңкелі жақтарын ашық көрсетпегендігіміз дұрыс болғандай еді... Дәл сол сияқты К.Байсейітованың И.Сталиннің қабылдауында болатын көріністің де артық тұстары баршылық екенін еске саламыз. Ұстаным біреу: Ол кісінің өмірінде кездесе беретін пендешілік былық-шылықтарды көркем дүние екенге салып, ерекше жаңалық ашу мақсатымен көрсете беруден ұтатынымыз аз. Қазіргі уақытта көрерменнің кісінің жеке өміріне қатысты өсек-аяң оқиғаларға құмар екендігі бесенеден белгілі, дей тұрғанмен мұндай көріністердің көрермен интелектін көтермейтіні, түбінде рухани таяздыққа алып келетіні тағы бар екенін ескерген абзал.

Одан әрі Күләшті Айман ролінен шеттеткеннен кейінгі көріністерді актриса Ә.Уалжанова бұйығы, ешкіммен сөйлеспей, бөлмеге қамалып отырып алумен ғана беретін сахналарын режиссер көбінесе оператордың жұмысы арқылы шешіпті. «Сахна мені жатсынды» деп актриса таусыла ренжиді. Осындайда Ана (Р.Айтқожанова): «Біреуді аяқтан шалу, көре алмаушылық қай заманда да болған, есіңде ме техникумдағы жағдай» деп басу айта, дос көңілмен жұмсақ, рухани жаралы қызының қатқан жүрегін жібіте сөйлейді.

Көңілі жайланып, түрлі рольдер ойнап атағы шыға бастаған кезде Күләш (Ә.Уалжанова) жайдары, үнемі күлімсіреп жүретін, жұмсақ мінезді ол жақындарына «жүріңдер барып қыдырып қайтайық, сендерге сыйлық алып берейін» деп маңайындағыларға қамқорлық танытады.

Үшінші серияда Күләштің шығармашылыққа шомылып, ән өнерінің қыр-сырын меңгеріп үлкен сахнагерлікке жеткен шағы сомдалады. Е.Г.Брусиловскиймен (Алексей Елхимов) өтетін кәсіби-музыкалық сабақтардың берері көп. Ат арбада  келе жатып ыңылдап салған  Гәкку әнін естігенде, «Ты золото, Куляш!» деп сазгердің қуанып кететіні шығармашылық ізденістің бір парағы болатын. Бірақ, қазақ опера өнерінің бетпердесіне айналып талай кәсіби мамандардан жоғары баға алған, Күләштің ерекше дауыс-дияпозонының арқасында жетістікке жеткен «Қыз Жібек» операсы қалай туындады?, қойылымның бет-пердесін сахнаға шығару барысы, режиссерлік шешімдер өнер сүйер қауымға қызығырақ болатын. Күләш – Қыз Жібек – қазақ қызының төл бейнесі шықты ма?

Келесі сахна екі сүйген жүректің кездесетін сәті, гүл, жігіт махаббатының белгісі ретінде ұсынылған сақина, «Күләш маған тұрмысқа шығасың ба!» деген жігіттің қиыла ұсыныс жасауы әрине романтикаға толы көріністер картинаның көркемдігін арттырғанмен даму жоқ.

Жаңа төрт бөлмелі пәтер. Қанабектің ұлы Алданды Күләштің бауырына басатыны, бақытты отбасылық өмірдің бастауы фильмге арқау болған. Күләштің (Ә.Уалжанова) жүзі бақыттан бал-бұл жанады. Ол жайдары! Күләш – Әйгерім күйеуінің сыйлаған гүлін иіскеп, разы болғанмен, актрисаның ойынында жан-жарының алдындағы еркіндік, әйелге тән назды қылық актерлік шеберлік жетіспей жатты. Анасының халін сұрай келгенде, «анау көршілердің балаларына кәмпит алып келгем, берерсіз» деген бір ғана сөйлем дұрыс айтылмай, немесе «Айтпақшы Рая, мен саған көйлек сатып алдым», деп қолына назар аударусыз ұстата салады. Актриса ойыны үзік-үзік болып кеткен, оқиға мен оқиғаның өрбуі, бір-бірімен байланысына мән бермегендік бар. Бірін-бірі «Дәу», «Ләу» деп еркелететін көріністегі ерлі-зайыптылардың ойыны шынайылыққа жетіңкіремейді. Ал, актер М.Өміралиевтің сөз-саптауындағы табиғатынан жағымды үні, әсіресе ер азаматқа тән қызғаныш сезімдерін бергендегі ойыны атап айтуға тұрарлық болғанмен сол уақыттағы еркектік қасиеттің ерекшеліктерін зерттей түссе.

Үнемі баланың қамын ойлап отыратын шеше көңілі тыныш емес. Шеше (Р.Айтқожанова) «Атақ алғалы өзгеріп кеттің қызым, еркекке қиындау болады» дегенде актриса дауысында ақылдылық пен даналық болжау қоса сезіледі. Ананың көңілі алаңдаулы. Өмір суреттері жалғасын табуда.

Т.Жүргеновтің қабылдауында болған жиналыста: «Отанымыздың жүрегі Москваға баратын болдық. Қазақ көркемөнерінің декадасы өтеді деп Темірбек –Кенен сөйлеп тұр. Бұл еліміз үшін айтулы оқиға болғанын тарихтан жақсы білеміз. «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» спектакльдері көрсетілген бұл декадаға деген дайындық барысы, төгілген терде қазақтың намысы мен абыройы жатқанына мән берілуі керек екендігі түсінікті. Әрі бұл декадада үлкен сыннан өткен қазақ мәдениетінің үлкен абырой тапқан, елімізді талғамы биік театрсүйер қауымға мойындатқан күн. Мәскеудің кәсіби мамандары  Немирович-Данченко, В.Барсова, А.В.Нежданова, И.М. Москвин, К.С.Станиславскийлер қазақтың өнерін жоғары бағалаған болатын.

Ал, режиссер бұл көріністерді суреттегенде алтын қорда сақталған «Қыз Жібек» операсынан К.Байсейітованың өзі орындаған кездегі кадрлардан үзінді бергені әсерлі болғанымен соңында Күләш бейнесіндегі актриса Ә.Уалжанова орындап жатқан Гәкку әнінің үзіндісін жалғастырып берумен ғана қысқа қайырып,  одан әрі әртістер үстел басында концерт барысынан алған әсерлері мен қобалжыған минуттарының қызықты әңгімелерін айтып отырады. «Менің шын жылайтын себебім, мен – Жібекпін, сүйгенімнен, арман еткен ардақтымнан айырылған жанмын. Солай сезінбесе Жібек – Жібек бола ма?! Азапты да рахатты сезімдер бойымды билеп әкетеді!» деген актрисаның өз лебізі киноның картиналарына сұраным тұр емес пе?!. Күләштің шын актерлік қыры осы емес пе?!

Аталған серияда үкімет басшысы И.Сталинмен болатын көрініс те тым қысқа, әрі Күләштің аузына салынатын лебіздер де ешқандай логикаға келмейтін мағынасыз сөздер еді. Есімінен ел үркетін Сталинмен болған кездесу қандай болуы мүмкін, ол мүлдем ашылмай аяқсыз қалып қойған. Тек Сталиннің: «Сіздің әніңіз бұлбұлдың сайрағаны секілді» деген сөзінде үлкен мән бар. КСРО-ның марапаттауына лайықты өнер иесі екенін айтып Күләшті құттықтауында жарасымды шынайылық бар.

Картинадағы уақиға бойынша Сталинмен болған кездесуден кейін-ақ Байсейітовтер отбасының шырқы бұзылған, өсек-аяң ерген болып шығады. Күләш таңға дейін оралмағандықтан, Қанабек (М.Өмірәлиев) іштей тынып, мазасызданып, темекіні үсті-үстіне тартып отыратынымен өзінің қызғанышын білдіреді. Мұнан кейінгі көріністерде Қанабектің жүзінде кірбің пайда болған, Күләштан (Ә.Уалжанова) маза қашқан. Әбден шаршағанда Күләш – Әйгерім «Мен сенің алдыңда ақталмаймын» дегеніне «Дұрыс, өйткені ақтала алмайсың» деп жеки, өткір көзімен жейтіндей, жақтырмай қарап бұрылып кетіп қалады. Қанабек – Медғат диванда дөңбекшіп, түнімен көз ілмей бүк түсіп жата береді. Әрине, мұндайда әйел байғұстың көз жасына ерік бергеннен басқа шарасы жоқ. Күйеу үйге қонбаса, некелі  ақ төсегіне жатудан бас тартса әйелге мұнан артық жаза жоқ. Күләш – Әйгерім жылаулы, басындағы қорлыққа толы жан сырын Шараға (С.Ерзатқызы) айтып ақтарылады. Ал, Шара фильмде тек Күләштің құрбысы, басу айтушы ғана. Шараның сол уақыттағы тамаша биші ретіндегі образы мүлдем ашылмаған күйінде қалып қойыпты.

Күләш – Әйгерім жылап отыр. «Елдің әңгімесіне неге сенесің? Менің шындығым қайда қалды?» дейді ол таусыла. Актриса өзінің таза ниетті адам екенін дәлелдеуге тырысқан әйел бейнесін, оның жай-күйін бере алған. Ақырында ол: «Қанабек біз сәбилі боламыз» дейді мұңдана. «Немене?, Кешірші мені!» деп асқақтап тұрған Қанабек – Медғат таңғалысы мен таңданысы аралас ойлы көзбен қарап, әйелінің жанына жетіп келеді. «Қанабек мен сені өмірімнен де артық жақсы көрем, сен менің өмірімдегі ең қымбат адамсың. Сенші маған!...» деп жалынышты кейіпте тіл қатқанда, актрисаның үнінде шын таза жүректің үніндей әсер етеді. Әрбір айтылған лебіздер жанған оттың жалынындай шарпиды.

Келесі оқиға ұлы отан соғысының басталуы, халықтың басына үлкен нәубет түскен қаралы жылдар көрінісі суреттерін көрсетпек болған режиссер, актерлердің бас қосқанда «Залда көрермен жоқ, келген үш-төрт адам тек Күләшті тыңдауға ғана келеді» дейтін әңгімесі және Күләштің майданға барып концерт қою жөніндегі бастамасынан соң, госпитальдарға барып қойған концертте Күләштің ән айтып, Шараның би билейтінімен ғана бітетіні тағы келтеленіп, картинаның тартымсыздыққа ұшырағанын, көркемдікке қол жеткізе алмағаны шындық. Оқиғалар үзік-үзік болып, шығармашылық бүтіндікке жетпеген. Актриса «Күләштің әйелге тән адамгершілігінде өзге әйелде кездесе бермейтін жылылық, жағымдылық, іші-бауырыңа өтіп кететін сүйкімділік болушы еді» [Күләш Байсейітова. Алматы: Өнер, 2012. – 89-б.] деген Ғ.Мүсіреповтің сөзіне актриса жіті мән бере, ізденгені жөн болар еді. Дегенмен, жас актриса Ә.Уалжанованың актерлік ойынын К.Байсейітованың қызы Қарлығаш Байсейітова: «Дәл мамам сияқты күліп тұрады, дене-пішіні де, дауысы да мамам сияқты» деп шынайылық пен ұқсастыққа барғанын бағаласа, ғұлама әншінің туыс сіңілісі Тұрсын Бейісова жас актрисаның сырт келбетін «Жас кезіндегі әпкемнен аумай қалған» деп жылы шырай танытып журналист Г.Омарбековаға сұхбат берген (kiwi.KZ watch tukpkfqbyk7, KHABAR.KZ). «Күләш ролі бір типті бейне болып шыққан, уақыт пен кезең арасында роль толығып, актрисаның бейнесі өзгеріске ұшырауы тиіс» деген (30.09.2014 ж. актриса Р.Айтқожановадан алынған сұхбаттан) танымал актрисаның мұндай пікірлерімен келісуге негіз бар. Өйткені, Күләш Ә.Уалжанованың түр-келбеті, дене-пішіні уыздай жас күнін бейнелегенде, орта жас, одан өмірінің соңғы жағын бейнелегенде де актрисаның түр-келбетімен қоса табиғи биологиялық жағынан толықтай өзгеруінде біркелкіліктер мен ұқсастықтар бар.

Фильм-өмірбаянның соңғы бесінші сериясы Күләш пен Қанабектің ажырасуға келген сәті, сот залындағы екеуінің қырын қарап отырғанымен басталады. Сот мырза неке бұзуға ниетті ерлі-зайыптыларға, елдің адамдарысыңдар, жұртқа қандай үлгі көрсетесіңдер деген сөздерді баса айтып жатыр... «Айтсам сенбейсіңдер! Ажырасуға рұқсат бермей қойды...» деп Күләш – Әйгерім қабағы жабыңқы есіктен кірген. «Ең бастысы ендігі өмірімнің театрдан кемі жоқ» деген актрисаның таусыла сөз саптауы қырық бесті алқымдап қалған жас әйелдің ішкі күйзелісін қоса беретіндей. Одан әрі кішкентай қыздары Қаршығаның балабақшада жүріп, тамақтан уланып шетінейтін, Күләштің (Ә.Уалжанова) нәрестесін жоқтайтын қаралы келбетін көреміз. Құттықана мешіт үйден береке кеткен, Күләш – Әйгерім торығу, жылау үстінде... Ол ешкімді де көргісі келмейді, сөйлескісі де жоқ... Осы кезде сіңлісі Райхан (Жансая Құрманқызы) ораудағы жас қызын «Мә, Раушанды бауырыңа бас, бере алмаған махаббатыңды осыған сыйла» деп нәрестесін Күләштің қолына табыстайды. Жүрегі нәзік өнер адамының торығып психологиялық күйзелістен шығып, бас көтергеніне режиссер осы көрініспен жауап берген.
«Татар мәдениетінің онкүндігіне», Күләш – Әйгерім Мәскеуге жол жүріп бара жатыр, кәдуілгідей жайдары, үйдегілермен жайма-шуақ құшақтап қоштасып есіктен шығып кеткен. Күйеуі Қанабекке: «Жалғыз барғым келмей тұр, жүрші бірге барайықшы» деп өтіне қиылғанда, «артыңнан сомолетпен ұшып барам» деген жауабын алған...

Татар мәдениет қайраткерлерімен отырған мекелік дастарханда Күләш – Әйгерімнің басы ауырып көкжелкеден тартқандай болып мазасызданып, қонақ үйдің дәлізінің бойымен тәлтірек басып әрең жүріп ауырып келеді. Ол қиналып, әрбір жерге кідіре тоқтап, бауыр тұсын ұстап ауырсынып бөлмеге әрең жетеді. Өзі орындаған Гәкку әнінің пластинкасын қосып қойып, ешкім жоқ жерде өзімен-өзі қалып қинала, қыстыға жылап отыр. Актриса өткен өміріне бір сәт есеп берген тәрізді ойланып, толғана қиналып жылап отыр. Өйткені, «Гәкку» әнін талай ортада, жақсы мен жайсаңның алдында шырқады, марапат пен абырой, құрмет пен атақ-даңқ алып келген әннің төресі ғой бұл. Сондықтан да Гәккуді естіген сайын өміріндегі бүкіл жақсы кезеңдер еске оралады. Әттең, актрисаның қолы сылқ түсіп қимылсыз қалғанынан оның жан тапсырғанын сеземіз. Ұлы әнші, елінің еркесі, бұлбұл Күләш, ару Күләш осылайша көрерменнің жүрегін езе сағындырып өмірден кете барған екен ғой...

Қорыта келгенде түсіруші топ сценарий авторлары: Тимур Жақсылықов, Айдар Еспенбетов, режиссерлер: Жасұлан Пошанов, Самал Смағұлова, бас продюсер Баян Есентаева, бас оператор Азамат Дулатов, қоюшы суретші Қуат Тілеубаев, композиторы Қуат Шілдебаев, рольдерді бейнелеген актерлер қауымы: Әйгерім Уалжанова (Күләш), Медғат Өміралиев (Қанабек), Райхан Айтқожанова (ана), Сәния Ерзат (Шара), Кенен Ақүрпеков (Т.Жүргенов), Әсет Иманғалиевтер (Ж.Шанин) шама-шарқынша жұмыс жасаған. Бұл картина Күләш жайлы түсірілімнің бастамасы, құтты қадам ғана. Алда К.Байсейітова жөнінде талай фильмдер түсіруге материалдар жеткілікті.

Ал, «Күләш» фильмінде көбіне әншінің жеке өміріндегі қауесетке толы жайттарға мән беріліп, оның шығармашылығындағы әншілік, актерлік өнері адами қасиеттері көлеңкеде қалып қойғаны өкінішті. Күләш неге «Бұлбұл әнші» атанды? Ол сахнаға шығып келе жатқанда-ақ көрермен оның сәні мен сахналық сұлу мәдениетіне қошемет көрсететін болған. Мақсат Күләштің сахналық образын ашу керек болатын. Сценарий авторларының жазған дүниелері шығармашылық пісіп-жетілмеген шалақай дүниенің қатарында қалып отыр. Режиссерлік шешімдер мен актерлік ойындар да ортақолдыққа алып келген. Классик жазушы Ғ.Мүсіреповше айтсақ Күләш Байсейітова –  ... Орыс-қазақты түгел таңқалдырды. Алақандар дуылдап кетті. Айтып жеткізу қиын. Күләш өзі әннен жаралған жан еді! Әннен ғана, таза өнерден ғана!

Күләштің даусы күшті дауыстарға қосылмауы керек. Бірақ, сол азғанасы құлаққа түгел сүйкімді болушы еді. Сол азғанасы түгел күмістен жаралғандай ерекше бір сыңғыры, ерекше бір қоңырауы болатын. Күләш шыға келгенде сахнаны жалғыз толтырып кетуші еді... [Күләш Байсейітова. Алматы: Өнер, 2012. – 89-б.] деп келетін көзкөргендердің теңеулері мен жүрек жарды пікірлеріне аса мән берілуі тиістін. Шығармашылыққа терең баруымыз картинаның көркемдік салмағын арттыра түсетіні сөзсіз еді. Ал фильмнің қоюшы режиссері Ж.Пошанов уақыттың өте аз болғанын, дайындыққа он күн, түсірілімге жиырма күн ғана уақыт кеткенін, сол уақыттың атмосферасын беру үшін қаражат тапшы болғанын (қаражатты бөліске салғанда режиссер болмаған), фильмде уақыт бөлшегін көрсету жетіспей жатқанын айтады. Мұндай тарихи дүниелерді жасау үшін үлкен дайындық керектігін айта келіп «жоқтан – бар» жасаған дүние болғанын, режиссер актерлік ойын мен атмосфераны беруге күш салғанын айтты (30.09.2014 ж. режиссерден алынған сұхбаттан). Фильм режиссерінің бұл ойларын Р.Айтқожанова былайша сабақтады. «Картина оқиғалар тізбегін (хроника) еске салады. Материал өте жұпыны, пісуі жетпеген, түсірілім басында қазақшаға аударылған алғашқы нұсқасы құлаққа қызық естілетін, біртүрлі орысша сөйлеп тұрғандай болдық, сондықтан режиссермен бірге актерлер мәтінді жөнге келтірдік. Фильмнің бірінші сериясы 55 минутпен, ал екінші сериясы 30 минут ғана түсірілді. Сондай қысқартулардан кейін, бүтін дүние емес бөлек-бөлек, іртік-іртік болып қалды». Продюсер оу баста кімді түсіретінін білді, Күләш үлкен тұлға. Бізде қаржы бөлінеді, бірақ жетер жеріне жетпей жатады. Қазақстандық продюсерлер барлық жерге араласып жүреді, шығармашылық билік режиссердің қолында болғаны жөн. Нағыз кәсіби актерлер аз ақшаға келісе бермейді, сондықтан жас актерлерге қолқа салынып, келіспегендеріне «басқа актер тауып аламыз» деп сенімді түрде бетін қайтарады. Бұл актерлерді қорлау... деген пікірі мәселенің мән-жайын аңғартатындай. «Күләш» фильм-сериялының ортанқол дәрежеде қалып қоюының себеп-салдары осындай.

Мәншүк Тәшімова,
театртанушы