Ой толғау
Халық күйі

Мерейтой - 90

Қазақстандық скрипкашылар мектебі сонау отызыншы жылдарда қалыптаса бастады. Бұл аспапта кәсіби ойнаған тұңғыш қазақ Әйткеш Толғанбаев (1924-1995) Алматы музыкалық драмалық техникумында оқыды. Білім алып жүрген жылдары-ақ болашағынан зор үміт күттіретін тұлға болатынын байқатқан жас баланы тыңдаған танымал музыкант М.И.Сквирский оның ұстазы И.А.Лессманға: «Иосиф, егер бірдеңе бөгет болмаса, мына бала әлемдік даңққа бөленеді» деген екен. «Алтынды шыққан жерден қаз» дейді қазақ, Ленинград консерваториясының түлегі, отандық скрипкашылар мектебін қалыптастырудың басында тұрған И.А.Лессман әйгілі педагог, дирижер, композитор Л.С.Ауэр класының түлегі еді.   

Ұлтымыздың дәстүрлі музыкасын жоғары бағалаған ортада, отбасында тәрбиеленген Әйткештің анасы Бибісара халықтық лирикалық әндерді сүйіп айтқан. Бұл шаңырақта оның бауырлары да өнерге бейім болды. Кішкентай Әйткеш сияқты олар да домбыра, гармонь, гитарада ойнап ән шырқаған. Шыңғыстаудың Қарауыл ауылында дүние есігін ашқан Әйткеш Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлымен аталас болып келеді. Ол естелігінде Шәкәрімді бірнеше рет өз үйінде көріп, тыңдағанын былай әңгімелейді: «Шәкәрім ағамыз жиналған жұртқа әртүрлі дүниетаным ұғымдары жөнінде келелі әңгіме қозғап, домбыраға қосып таза қоңыр дауысымен өзінің жаңа әндерін орындайтын. Оның өлеңдері мен сөздері даналық ақыл, парасатқа, өлмес-өшпес өсиеттерге толы болатын. Мен әкемнің тізесіне шынтақтай жантая отырып, айтқан әндерін жан-тәніммен беріле тыңдап, қалт жібермей ұғып алуға тырысатынмын». Осындай бал балалық шағында ол радиодан көрнекті музыкант М.Полякиннің скрипкада орындаған сиқырлы әуендерін естіп, бүкіл жан дүниесімен елтиді. Аспап үні жас баланың болашақ мамандығын, өмірлік жолын таңдауына әсер етеді...  

Әйткештің бойындағы ерекше қабілетін байқап, ол туралы ең алғаш рет Ільяс Жансүгіров жазды. Ақын өз мақаласында жасөспірімнің Семейде өткен (1936) жас көркемөнерпаздар олимпиадасында көрсеткен өнеріне ақ жол тіледі. Осы көпшіліктің алдында ерекше дарынымен көзге түскен баланың музыкалық мүмкіндіктерін арнайы оқу орнында ғана дамытуға болатын еді. Ал Әйткештің жасы он екіде болатын, яғни кәсіби білім алу үшін берілген жолдамаға жасы жетпей тұрды. Талапты, ынталы бала көп ойланып жатпастан жасын 14-те деп өзгертіп, Алматыға аттанады.

Әлемдік музыка классиктерінің туындыларын тереңірек игеруге құлшынып, «өнеріммен халқыма қызмет етемін» деген асыл арманы жас музыкантты алға жетеледі. Қолына скрипкасын алғанда ол саз әлеміне еніп, бүкіл болмысымен беріле ойнайды, тіптен қарнының аш екендігін де ұмытқан кездері көп болды. Қайтпас қайсарлығымен өмір үшін, бостандық үшін, әділет үшін күресе білген тұлғаның жігерін ешбір қасірет-қайғы мойыта алмады. Оның алдында небір саяси қуғын-сүргін мен әділетсіздік, жала, бірнеше азапты концлагерьлерде тұтқын болу күтіп тұрды...   

Қыр балаларына үлкен қаладағы оқу жылдары оңайға түскен жоқ, алғашқы ұстазы И.А.Лесманның қабылдау емтиханында іріктеп алған 22 бала арасынан жыл соңында екі оқушы ғана қалады. Оның бірі Әйткеш, ал екіншісі Ғалымжан Әбсаламов деген жас музыкант болды. Бір мектептің түлегі, бір ұстаздан білім алған екі қазақ баласы аз уақыттың ішінде соғыс салдарынан дүниенің екі бұрышына кетті. Биылғы жылы 90 жасқа толып отырған Ә.Толғанбаев пен бүгінде Ыстамбұл қаласының тұрғыны 97 жастағы ақсақал сонау отызыншы жылдары музыка техникумында екі жыл студенттік кезеңде аға мен інідей жақын болады. (Кейін Ғ.Әбсаламов Париж консерваториясынң түлегі Е.П.Антопольскийдің класына ауысады). Екінші дүниежүзілік соғыста Германиядағы концлагерь тұтқыны болған Ғалымжан Әбсаламов босағаннан кейін басын тыныш қалдырмайтынын сезіп, Кеңес Одағына қайта оралмауға бел буып, Түркия жерін паналайды. Есімін Әлім Алмат деп өзгерткен қандасымыз бізге берген сұхбатында: «Әйткеш өте ғажап дарын иесі еді. Скрипкада көптеген қазақ әуендерін тамылжыта ойнайтын. Мен қазақ музыкасын, ән-күйлерін ол сияқты жетік білмедім. Досымды қанша тыңдасам да жалықпайтынмын. Соғыс жылдары Әйткешті Венада соңғы рет көрдім», – деп еске алды. Иә, екі қазақ азаматы араға жарты ғасыр уақыт салып, егемен Қазақстанда, жастық шағы өткен Алматыда 1994 жылдың көктемінде қайта қауышты. Бұл баға жетпес кездесу Әйткеш үшін қилы тағдыр жолындағы барлық ауыртпалықты жеңген мадақ, жеңістің соңғы аккорды тәрізді болды. Осы рухы биік екі қазақ скрипкашысы, Әйткеш пен Ғалымжан дүниенің екі түкпірінде жүрсе де, бір-бірін ешқашан ұмытқан емес, бір-біріне деген достық сезімімен ылғи «бірге» өмір сүрді.    

Отан соғысының екінші жылы он сегіз жасар Әйткеш майданға аттанады. Өзбектің Термез қалашығында; Грозный түбіндегі шайқаста болып, басында атқыштар мен пулеметшілер ротасында, одан кейін танкіге қарсы қолданатын зеңбірек оқтаушысы болады. Отанын қорғау үшін оттың ортасына түскен музыкант кезекті қанды соғыста аяғынан жараланып, контузия алып, фашистердің тұтқынына түседі. Он мыңға жуық тағдырмен бірге Моздок түбінде (Солтүстік Осетия) қоршауға алынып, айдала келе, соңында Түркістан легионының үгітшілер взводы құрамына кіреді. Оның легиондағы басқа солдаттар секілді Отанына қарсы қару ұстап соғыспай, үгітшілер құрамына кіруіне алдымен өнері, сосын артист Мұхаметқали Батыргерейұлы себепші болды. Олар взводта әртүрлі ұлт музыканттарымен бірігіп концерттер береді. Бірақ бәрібір Мұхаметқали екеуі өлім жазасына кесіледі... «Ажалы жоқ қырық күн қырғында да аман болады» дегендей, атылу үшін Стауденс лагеріне апара жатқан жолда кенеттен ағылшын, америкалық ұшақтар атқылап, бас сауғалап қашудың орайы түседі. Сөйтіп, француз партизандарына қосылған олар немістерге қарсы қолына қару алады...

Ал соғыс аяқталар жылы скрипкашы Римдегі Совет елшілігі қарамағында вахтада жұмыс жасайды.
Бұл қалада қолы бос уақытта Римнің Ла Скаладан кейінгі маңызды орын алатын «Ди Адриано театрының» симфониялық оркестрінде жаттығады. Тіпті, Мәскеудің Үлкен театр оркестрінің құрамында ойнауға да сәті түседі. Ол Ла Скала сахнасына шығып жүрген сол кездің танымал баритоны Тито Гоби секілді опера әншілерінің дауысын тыңдап: «Итальян шеберлерін көріп естідім, өмірдің сарқылмас шабыт көзінен нәр алғандай болдым» деп еске алады. Мұнда оған Еуропа өнерінің есігі айқара ашық тұрды. Италия, Франция, Ұлыбритания, Түркия, тіпті Құрама штаттарға кетіп қалуға мүмкіндіктер болды. Бірақ шетел асып кетуді ешқашан жоспарламаған музыкант Отанына оралып, туған жерінде ғана бақытты болуды ойлады. Және де Сталиннің: «Соғыс өлімсіз, шығынсыз болмайды. Жау қолында тұтқында қалғандар болған жағдайға кінәлі емес. Отандастарымыздың алаңсыз елге қайтуына болады, оларды Отаны, шешелері, әйелдері, аға-қарындастары, ұлдары мен қыздары күтіп отыр. Қайтыңдар!» деген жарлығын естиді.

Әйткеш Толғанбаев 1945 жылы қарашада Алматыға оралады. Оқуымды консерваторияда жалғастырамын деп жоспарлаған жас жігітті «үш әріп» күдікпен қарсы алды. «Түркістан легионында не істедің? Шпионсың» деп жала жауып, соғысқа қатысқандығы туралы куәлік құжатынан айырады. «Мен Отаныма сатқындық жасаған жоқпын, жауға адал қызмет етемін деп  ант бергенім жоқ, қолыма қару ұстаған жоқпын, халқыма зиян тигізетіндей ешқандай қарсы әрекетке барған жоқпын» дегеніне, музыкант болып қызмет еткеніне сенбеді. Шпиондық әрекеттерін «мойындату» үшін айуандықпен қорлайды. Соның бірі, жәбірлеуші жалпақ сызғышпен саусақтарына, маңдайына ұрып шалқасынан түсіретін. Есеңгіреп шалқасынан құлағанда бетіне суық су шашып, тергеу үстеліне қайта отырғызып, әбден мезі еткен сұрақтарды қайта қоятын. Талайларды ақылынан ауыстырып жіберген – «табытқа салып тігінен қойғандай» етіп тәуліктер бойы тікесінен тік тұратын камераларға қамады. Бірақ қандай соққы көрсе де кінәсін «мойындамаған» жігіттің жігерін жасыта алмады.

Ақыры қыр соңына түсіп, «бізден құтылған ешкім жоқ, егер бар болса онда біздің беделіміз қалмайды» деп 45 жыл жазықсыз жала жапсырды. Осылайша «өз еркімен жауға берілген сатқын», «ағылшын шпионы», «шетелдік барлау органдарының құпия өкілі» деген айып тағылды. 1946 жылы 25 жылға бас еркіндігінен айырып, еңбекпен түзеу лагеріне 5 жылға кесіп, саяси құқығынан айырып, дүние мүлкін қаттауға шешім жасалады.   

Осы жылы Новосибирск түрмесіне айдалған скрипкашы жаз соңында Иркутскіге, одан Қиыр Шығыстағы Ванин шығанағы, әрі қарай Находка, Магадан лагерьлерінде жүріп тұтқындардан ұйымдастырған джаз оркестрінде, симфониялық оркестрде скрипкада, орыс ұлт аспаптар оркестрінде мандолинада ойнайды. Бұл кезеңде ол қазақтың халық әндері мен күйлерін аспапқа лайықтайды. Жұмысы ауыр, құжынаған адамы көп, аязы қатал, түні ұзақ Колымадағы бұл таусылмастай көрінетін тірліктің тауқыметін онымен бірге тартқан әйгілі совет скрипкашысы А.Дзыгар болды. Әйткештің әріптес әрі досы болған музыкант 2002 жылы Мәскеу қаласында көз жұмды. Ол Ә.Толғанбаевпен алғаш кездесуін былай еске алады: «Кеңес Одағының валюта цехы Колымадағы құлдық режимде бағалы металл өндірушілерге түрменің көркемөнер бригадасы қызмет көрсетті. Магаданга жаңадан келген музыканттарды тыңдап оркестрімізге таңдау керек болды. Мұндай қатал режимде әріптесті оркестрге алу арқылы оның өмірін сақтауға болатын еді. Ортаға арықтау, бойшаң, жүрісі сергек, қолында скрипкасы бар жас жігіт шықты. Тік тұрып басын иді де, комиссияға не ойнайтынын хабарлады. Бізге оның орындаушылығы қатты ұнады. Әсіресе ысқышты ұстауы мен бірқалыпты ойнағанына таң қалдым. Өйткені, скрипка ысқышын ұстауға өте жоғары талаппен, сынмен қарайтынмын. Оның өнерде тәлім алған мектебі мықты екен, тамаша ойнайтын скрипкашы еді».

Елуден астам лагерь мен мыңдаған бөлімдері, төрт жүзден аса колониясы бар ГУЛАГ жүйесінде 1920-53 жылдар арасында он миллион тағдыр тәлкек көрді. Осындай лагерьдің бірінде, Әйткеш адам төзгісіз тәртіпке бағынды, өмір үшін күресе жүріп, намысын аяққа таптатпады. Намысын қорғағаны үшін Якутияға қатаң тәртіпті лагерьге ауыстырады. Мұнда музыкант емес, көп тұтқынның бірі бола жүріп К.Е.Ворошилов жарлығы шыққанша (1955) көрмеген қиындығы, жасамаған жұмысы қалмайды. Ол азапты лагерьлерде жүріп өнерін, скрипкасын сүйеніш етті, «Мен М.Глинка мен Құрманғазыны, П.Чайковский мен М.Огинскийді, Абай мен П.Сарасатені қалай ұмытам, олар менің өмірлік сүйенішім және ең жақын ұстаздарым» деді. Оның музыкаға шын берілгендігі, скрипкаға қызығушылығы қай жерде жүрмесін өмірін сақтап қалды.

Осы қатал жүйеден босаған кезде түрменің саяси бөлімінің тарапынан бірнеше мақтау қағазы мен жақсы мінездеме алып шықты. «Әйткеш музыкаға берілген керемет жан болатын. Қандай қиындық, трагедия көрсе де адамдық келбетін жоғалтпады» – деп  еске алады замандас досы, танымал дирижер Фуат Мансуров.

Алматыға екінші рет оралғанда (1956) Әйткеш Толғанбаев ұлт өнерінің жанашыры А.Жұбановтың көмегімен Консерваториядағы оқуын жалғастырады. Мұнда доцент В.С.Хесс пен ҚазКСР-не еңбегі сіңген қайраткер И.Коганның класында білім алады. Соңғы курстың Дипломдық жұмысына П.И.Чайковскийдің скрипка мен оркестрге арналған концертін ойнауға бел буады. Және де бұл шығарманы: «Онда адамға бостандық пен бақыт сыйлайтын музыкалық үн бар», – деп жанындай жақсы көрген. Өзіне дейін бірде бір скрипкашы түлек ойнамаған, бүгінге дейін күрделі техникалық туынды боп саналатын шынайы шеберлікті талап ететін концертті мемлекеттік емтиханда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрімен ойнайды (1961).
Сол кезеңдегі беделді басылымдар «А.Толғанбаев үлкен жетістікке жетті», «Республиканың бірінші скрипкашысы» тәрізді жылы лебіздерге толы болды. Десек те, сол кезеңнің саясаты бойынша оны оркестрдің құрамында болса да гастрольмен елдің шекарасынан шығармады, кейіннен ешбір газет-журналдар есімін жазбады. Әріптестері ашық қорғай алмады, өйткені, оған тағылған «шпион» атына қарсы шығу – совет саясатына қарсылық болып саналды.
Не көрсе де тұлға «Жақсылық жаса, басқаға көмектес, қандай жағдайда да адам болып қал» деген өмірлік ұстанымына берік болды. Ол басынан өткізген ауыртпалыққа еш өкінбеген, «Тағдырыма осы жазылды, көруге тиіс болдым. Менің өмірім – менің тағдырым. Екінші рет, үшінші рет те осылай өмір сүрер едім» деген. «Ол қандай кедергілерді көріп жүрсе де, денсаулығы нашар күнде де халін сұрағандарға «бәрі жақсы, бәрі Құдайский» деп жарқын, оптимистік сезіммен жауап берген. Жалпы кәрі, жас демей, руына, жеріне, ұлтына да қарамай барлық адам баласын шын жақсы көрді», – деп еске алады қызы Саулета.
Әрине «ағылшын шпионының» тағдыры отбасына, қызметіне де әсер етпей қойған жоқ. Ол туралы қызы Саулета: «К.Байсейітова атындағы дарынды балалар мектеп интернатының скрипка бөлімінде жеті жыл оқыдым. Айналам «халық жауының баласы» деген көзқарасты анық байқататын. Айналамыздағы адамдар бізден бойларын аулақ ұстайтын. Ортасыз, өз күшімізбен өмір кештік. Ызамен жылаған кездерімде әкем: «Егер ештеңеге мән бермей алға ғана жүрсең, сен әйгілі скрипкашы боласың» дейтін». Қанша уақыт өтіп кетсе де бұл отбасы айналадан қысымшылық пен жалғыздық көрді.
«Бірде, консерваторияның үшінші курсында оқып жүргенде «музыкалық форманы талдау» пәнінің оқытушысы В.П.Дернова «Сенің әкеңнің алыс жерде болғаны рас па?» деген сауал қойды. Мен не сұрап тұрғанын түсінбей тұрғанымды айттым. «Әкең Колымада болған» дегенде мен бұл жәйттен хабарсыз екендігімді қайталадым. Кешке үйге келген соң «әке, сенің өміріңде қандай оқиға болды, бүгін консерваторияда менен сұрады» дегенімде: «Уақыты келгенде бәрін білетін боласың. Ол туралы ештеңе сұраудың да, білудің де қажеті жоқ. Ешкімде ештеңені түсіндіру де керек емес, білгілерің келсе, әкемнің өзінен сұраңдар деп айт» деп жауап берді» дейді Саулета Әйткешқызы.  

Естеліктерде оның студенттерінің қысым көргендігі, конкурстарға қатысып, лауреат бола алмағандығы айтылады. «Әкемнің класынан шыққан түлектер қазір шетелдерде жүр. Оның фамилиясынан қауіптенгендіктен дарынды студенттер әрі қарай өсу үшін, амалсыздан соңғы курстарында басқа педагогтарға ауысып жатты...».
Ә.Толғанбаев Алматыға келген сәттен бастап қазақ зиялыларының арасында жүрді. Композитор, өнер қайраткерлері Е.Брусиловский, А.Жұбанов, Ғ.Жұбанова, Ф.Мансуров, Л.Шаргородскийлер оған әрдайым қолдау көрсетіп отырды. «Алматыда қазақ өнерінің майталмандары біздің үйде жиі бас қосып, музыкалық кештер жасайтын. Күләштің, Қанабектің, Н.Тілендиевтің, (тіптен ауылдан келген жыршылардың), т.б. өнерін ашық терезеден тыңдап тұрған халық ысқырып, ду қол шапалақтап жататын» деп еске алады С.Әйткешқызы.

Өзін тек қана жақсы жағынан танытып, адам ретінде, музыкант ретінде, Отанының адал ұлы ретінде күресе білген Ә.Толғанбаев музыкант ретінде жас буын скрипкашыларды өнерге баулып, еңбек жолын бастайды. Жиырма жылға жуық тәжірибе жемісі нәтижесінде  «Скрипка үйрену мектебі» атты қазақ тіліндегі тұңғыш әдістемелдік құрал жарыққа шығарады (1978). Автор ноталармен қоса аспап пен қияқты (ысқыш) ұстаудың позицияларын суреттерімен ұсынған. Ойнау техникасы машықтану үшін Майраның «Майра», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса», Марияның «Дударай» және «Баянауыл», «Ақ дариға», «Қарғаш», «Елім-ай» секілді халықтық кең танымал әндерді этюд ретінде өңдейді. Сонымен бірге кітапта скрипка және ішекті аспаптар квартетіне арнап өзі өңдеген «Ғайни» әні мен Арынғазының «Арынғазы» күйі тақырыбына каприс, Майраның әні «Майра» тақырыбына фантазия және ысқышты аспаптар квартетіне Дәулеткерейдің «Қос алқа», Тәттімбеттің «Былқылдақ» күйлерін лайықтап түсірді. Музыканттың осы еңбегі туралы ҚазҰӨ университетінің ысқышты аспаптар кафедрасының профессоры А.Абатова былай дейді: «Ол мектепте де, консерваторияда да сабақ берді. Кішкентай скрипкашыларға арналған бұл қазақ тіліндегі әліппе сол жылдар үшін үлкен жетістік болды. Мұндай еңбекті Ә.Толғанбаевтан басқа ешкім жасаған жоқ». Ал осы оқу орнының доценті, Толғанбаев шәкірті З.Сеитова: «Ол – жарқын құбылыс. 1967-68 жылдары К.Бәйсейітов мектебіндегі алғашқы ұстазым болды. Бізбен үлкен адамдарша сөйлесетін. Үлкен талап қойып, жауапкершілікті болуға үйрететін. Кәсіби білім алған бірінші скрипкашы болды. Өзіне дейін ешкім жасамаған еңбек жасады, ең танымал қазақ ән-күйлерін жинап, өңдеп, аранжировка жасады. Бұл еңбегі бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ», – дейді.

«Қазақ – әлемдегі ең мықты халық, ең керемет халық, мен сол халықтың ұлымын» деп елге оралғанына ешқашан өкінбеген қазақтың қайсар ұлы адамның бәрін бауырым деп сүйді. Өмірінің соңғы жылдары, жетпістен асқан шағында өз көзімен көрген қилы оқиғаларды «Қатал тағдыр тәлкегі» («Исповедь судьбы жестокой») атты естелік-кітабында баяндап, осы еңбегін фашистік және советтік концлагерь құрбандарына арнады. 2012 жылы автордың жазбалары негізінде режиссер И.М.Гонопольский Ә.Толғанбаев өмірбаянына арналған «Музыкант» деп аталатын 7-сериялы деректі фильм түсірілді. «Қазақфильм» студиясында жасалған бұл жоба Қазақстан мен Ресей мұрағаттары материалдары мен көзкөргендер естеліктерін қамтып, ұзақ ізденістермен жүзеге асырылды. 
Мәдениет тарихымызда орны бар тұңғыш кәсіби қазақ скрипкашысы Әйткеш Толғанбаев еліміз Тәуелсіздік алған тұста ғана, 1992 жылы мамыр айында ақталды. «Мен бұл күнді 40 жыл 33 күн күттім» деген музыкант  шындыққа көз жеткізу үшін өмірінің соңына дейін күресті. Оның өмірі мен өнер баяны – келер ұрпаққа өнеге, адалдықтың, азаматтықтың, қайтпас қажырлықтың үлгісі.

Өскелең ұрпақ өзіне дейін осындай рухы мықты, ары таза, білімді, Отанының адал ұлы бола білген, ешқашан адами келбетін жоғалтпаған Тұлғаның өмірінен сабақ алмақ, оны мақтан тұтпақ.

Ол – философ та,  саясаткер де, тарихшы да, әдебиетші де емес, ең алдымен Адам атына лайық өмір сүрді.