Көңіл толқыны
Секен Тұрысбеков

Мерейтой – 50

Қазақ өнерге жақын халық, оның ішінде ән мен жыр, күйге келгенде он қазақтың тоғызы домбыра тартып, ән салады дейміз. Бірақ осындай өнерсүйер қалың тыңдарманның талғамын тәрбиелеуде нағыз музыка майталмандарының ролі орасан күшті болмақ. Күнделікті радиотолқыннан, эфирден жіберілетін дыбыс ағынына кәсіби мамандардың тікелей жауапкершілігі керек-ақ... Қазір сахнамызда жұлдыз көп, әнші аз. Екі-ақ әнімен «еңбегі сіңген» жұлдыз бен ширек ғасыр ұлт мәдениетінің дамуына қызмет еткен дарын иесінің еңбегі кейде теңесіп кеткендей әсер қалдырады. Иә, жас буын үшін алдыңғысы нағыз жұлдыздай жарқырап көрінеді.

Тіптен қаптап кеткен жұлдыздар еліміздің өнерге берілетін салмақты атақтарын алып та үлгеріпті. Аз халықпыз ғой, ала берсін, хош делік. Дегенмен арамыздағы шығармашылығымен жаңалық ашып, өнерді өрге көтерген тұлғалардың, елімізден гөрі алыс шетелдік марапаттарды көбірек иеленіп жүрген хас таланттардың еңбегі елеусіз қалдырмалық.

Сұхбаттасқанда байқайтынымыз, олардың көбі ұлтына жасаған еңбегін парызым деп санап, ол үшін атақ сұрауды ар санайды. Солардың бірі отансүйгіш рухтағы музыкант Қыдырәлі Болманов (1964 ж.т.). Әнші, продюсер, қазақ эстрадасындағы бірнеше жаңа идеялар мен тың форматтың авторы. Ұлт музыкасына негізделген өзіндік сара жолын салып, кейінгі буынға ісімен, ізденісімен үлгі көрсеткен Қыдырәлі Нұртайұлының шығармашыл әлеміне кәсіби маман көзімен назар аударып, өз сөзімен оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

–     Қыдырәлі, үлкен сахнаға қадамыңыз «Азия дауысында» домбырамен орындаған термеңізден басталып еді. Әңгімені сонау тоқсаныншы жылдан бастаған жөн секілді.

–     Иә, 1991 жылдан бастап әндеріме домбыраны кірістіріп шығардым. Шығармашылық жолымдағы тұңғыш еңбегім – термені форматтадым. Ол кезде музыканттардың ойына келмеген болуы керек, ешкім эстрадаға домбыра қоспайтын. Бұған идея ғана емес, батылдық, білім мен талпыныс та қажет. «Азия дауысының» маған түрткі болғаны сол, ол этномузыка мен қазіргі заман музыкасын байланыстыратын форматта еді. Жалпы бала кезден күйлерге, ән-термелерге құлағым қанып, оған қоса әйгілі «The Beatles», «Pink Floyd», елдегі «Арқас» топтарын қатар тыңдадым. Оның бәрі миымда қатталып, өмірге аяқ басуға жаңа жанр іздеді. Конкурсқа шығарда көп ойландым. Ақыры Нұрым жыраудың термесіне тоқтап, домбыраға барабан қосып көрдім:

  • Ей, тауға да біткен қайыңның
  • Солқылдар басы жел өтсе
  • Тоғайға біткен жоңышқа
  • Солғын тартар күні өтсе.
  • Еңки-еңки тартады
  • Ер қолынан мал кетсе.
  • Ерні салпы ер аты
  • Оралмас қайта ер өтсе.

Терменің өлшемі барабан ырғағымен сәйкестеліп сүйемелденді. Басында біраз дыбыстан кейін октаваға көтеріп, әуендік дамыту жасадым. 
Бұны көпшілік жақсы қабылдаған соң қанат бітіп, енді Сүгірдің термесіне көштім. Төрт жарым ай Оралхан деген аранжировка жасайтын маманмен отырып әртүрлі версиясын жасадық. Ізденіс барысында сөзін өзгертуге тура келді. Қайырмасындағы дәстүрде «и-и-и-и-и» деп айтылатын вокализін эстрадаға сай ұшатын, дауысты дыбыс іздедім, «ей, аридари-ей, аридари-ей» деп алдым. Қазір топтар да, жекелеген орындаушылар жүздеген термелер болса да, осы термені таңдайды әрі кім айтса да «аридари-ей» деп, осы өзгешелікті сақтаған. Өйткені терменің форматы бәрінің құлағына қона қалады, бұл тұтастай алғанда тенденцияға (үрдіс) айналды десем артық емес.   

–     Шын мәнінде сол кезде отандық шоу-бизнесте бұндай өміршең тенденция жасап, формат тауып жүрген жан әлі кездесе қоймады. Сүгірдің термесі әп дегеннен үрдіске айналғанына дау жоқ.     

Жалпы, осы термеге екі-үш ток-шоу арналды. Журналистер Сүгірдің термесін орындап жүргендердің көбін жинады. Біреуі мен бүйттім, екіншісі, мен сүйттім деп жатыр. Арасында тыңдап отырып, сөз кезегі маған келгенде бұл термені тұңғыш эстрадаға форматтап, 1992 жылы жасағанымды айттым. Студент шағымда 1993 жылы Литвадағы «Вильнюс» конкурсында осы термені, Естайдың «Қорланын» орындаған едім. Голливудта да осы Сүгрідің термесі үшін «Басқаларға ұқсамайтын вокал» номинациясы  бойынша I орынды берді (Калифорния, 2001). Жаңалықтың басында тұрған адамды ашып айтпау бұл журналистердің шалалығы. Тіптен хабар арналып отырған тақырыптың байыбына бармаған, туынды тарихына үңілмепті. Әрине, айтылған сөздерім монтаждалып, қиылып кетті. Журналистер өздерінің осал тұсын көрсетпесе керек. Менің қуанарым, бұдан кейін қазақ жастары Биланға, Джексонға емес, термеге, домбыраға бетбұрыс жасай бастады. Осы кезеңнен бастап домбыра шоу-бизнеске енді.  

Қыдырәлінің терме орындағанына қатысты композитор Секен Тұрысбеков мынадай пікірін білдірді: «Осыдан жиырма жылдың үстінде Қыдырәлімен гастрольге барған едім. Маған «Сүгірдің термесінің» жаңаша өңделуі, естілуі, иірімдері ұнады. Сол кезде осы термені республика сахнасынан шығарамын деген болатын. Ол шығарды да, сөзінде тұрды. Үлгі көрсетті».

–     Өнер жолыңыз тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарымен бірге басталды. Қазақ музыка мәдениеті тарихындағы көптеген тың дүниелердің авторысыз. Олардың бірі – АБК. Топтың құрылуына бойыңыздағы намыс түрткі болыпты...
–     «Азия дауысына» қатысып, енді-енді шығармашылығымды кеңітіп жүрген кезім еді. Орталық алаңда Республика күніне арналған концерт өтетін болды. Радиодан құлақтандыру беріп жатыр, концертке қатынасушы Кирилл Ли, Парвиз Назаров... т.б. жанында бір қазақ есімі аталмады. Менің намысыма тиген де осы. Тіпті Роза да жоқ. Ең болмаса оны қатыстырғанда үнсіз қалар ма едім. Алаңға келіп, ұйымдастырушыны сол жерде жолықтырдым, мәдениет басқармасының директоры, қазақ ағай, есімін айтпай-ақ қояйын. «Аға, ассалаумағалейкум. Республика күнінде қазақ жерінде сахнаға бір қазақтың шықпағаны ма?» дедім. Сөйтсем ол: «Енді сені шақырсам, сен термеңді айтып тұрып аласың. Оған ешкім билемейді» деп қарап тұр. Мен айттым, «Сонда бәрі тілдері салақтап Республика күні билеуі керек пе? Онда Розаны неге қоспайсыздар?». Үндемеді. Сол күні үйінен Медеуді шақырып, студияға алып бардым, ол түсінбей «не болды» дейді, мен «топ құрамыз» дедім. Екеуміз бірнеше әндерді қарап шықтық. Е.Көкеев сенімен жұмыс жасағым келеді деп өзі келді. Сөйтіп, «Азия дауысына» қатысқан әншілер басын қосып алғашқы АБК триосы құрылып, Қазақстанда бірінші стадион жинай алатын топ болдық. Бұл намыстан туды. АБК арқылы Кеңес Одағының мәдениеті реңінен бүгінгі заман ладына көпір жасалды. Бүгінгі үштік, төрттік, топтардың бәрі осы АБК дан бастау алды.  

–     АБК түсірген А.Есмұхановтың «Тамшылар» әнін көпшілік шоу-бизнес тарихындағы эфирден жиі берілген кәсіби бейнеклип деп бағалады. Осы әнге бейнебаян түсірілімі туралы айтып өтсеңіз.

  • Негізінен алғашқы клипім 1992 жылы Сүгірдің термесіне жасалды. Ол уақытта режиссер, камера, клипмейкер деген сервистер жоқ еді. Кей жерін жолдастарыма түсіртіп, кейбір сәттерді кинолардан қиып алдым дегендей. Екі ай монтаждап отырып, Сүгірдің термесі клипті болды. Бұдан соң екіншісі Ақан серінің «Маңмаңгер» әніне түсірілді. Ал Қазақстандағы тұңғыш бейнеклип ресми АБК орындауындағы «Тамшыларға» түсірілген кезде мен аз да болса тәжірибелі едім. Оны Ахан Сатаев түсірді. Бұл бейнеклип эстрададағы барлық рейтингілерді жаңаша көзқараспен саралауға бастады.   
  • Қазақша, этникалық шоу-бизнесті дамытуға орасан зор үлес қосып келесіз. Қаптап кеткен жылауық әндердің арасында Қарақатпен дуэттеріңіз әуенімен де, мазмұнымен де, орындаушылық жағынан да өзгеше болып отыр. Олардың бірі «Айналайын» әні хит болып кетті.

Бастысы – сенің істеп жүрген жобаңа қазаққа қандай пайда бар? Осы тұрғыдан қарасақ, Қарақатпен дуэттерім «позитивке» негізделген. Яғни, «Айналайын», «Аяулым», «Бақыттымын» – барлық әндеріміз жарқын, бақытты шақты жырлайтын, оң эмоция, сүйемін, сыйлаймын деген жағымды ықпал бере алады. Дуетіміздің бір мақсаты – жастарымызды бір-бірін сүюге үйрету, сыйлауға үйрету. Бұл қосылып ән айтуымыздың да форматы тың – этнодуэттерді есепке алмағанда унисонда орындайтын отбасылық алғашқы дуэтпіз. Терция интервалын сирек қолданамыз, негізі унисонда жасалады.

Келесі сұрағымызды сұхбатымызды үнсіз тыңдап отырған Қарақатқа қойдық. «Отандық эстрадада қарын аштыратын жәйттер кездесіп жатады. Әншілердің шамаданын көтерісіп, продюсердің мақсат-міндетін білмейтіндер мен продюсермін деп жүр» дейді ол.     
–     Қарақат, Қыдырәліге продюсер болуға сұраныс көп шығар?  

       Қарақат: Қыдырәліге республиканың түкпірлерінен көп адамдар хабарласады, продюсер болыңыз деп. Оған продюсер болыңыз деп қаражат мол ұсынатын адамдардың музыкалық қабілеті әдетте өте нашар болып келеді. Қыдырәлі қаражаты үшін ортанқол әнсүйерлермен мүлдем айналыспайды. Арасындағы жарып тұрған талантты ғана байқап көріп, қолға алады. Ұлтқа адал қызмет ету ұстанымынан айныған емес.

–     «Bal-bala» қалай пайда болды? Олар «Ақбұлақ», «Туған жер», «Тәй-тәй бала, бал бала», «Бақыттымын өзіңмен» әндерін орындап жеңіл ырғақпен қимылдайды екен.    

       Қарақат: Қыдырәлі қазір «Bal-bala» қуыршағының бизнесіне күш салып жатыр. Әлбетте, өнерде үнсіздікте қалуға болмайды. Бәрін тепе-тең ұстау үшін жұмыс жасап жатыр. Иманәлі деген ұлымыз он бір айлық болған кезде Жаңа жылда бір таныстарымыз бізге қытайдың сөйлейтін қуыршағын сыйлады. Тетігін басып қалсаң ағылшынша, қытайша керемет ән шырқады, билейді. Иманәлі мәз болады. Қыдырәлі оның қылығын байқап отырып, «сапасы жоқ, иісі бықсыған арзан дүние, қай тілде сөйлейтіні де бізге түсініксіз. Бірақ көңілді екен. Осыған неге қазақтың әнін айтқызбасқа? Соншалықты қиын нәрсе ме? Құдайым-ау ел машина да шығарып жатыр ғой» – деді. Осы ойын айтқан сәттен бастап іске кірісіп кетті. Оның ерекшелігі де сол, идеяны айтқан мезетте бастап та жібереді. Бойынан маза кетеді. «Bal-balaның» нарыққа шыққанына үш жылға кетті, флешкасы Тайваньда, мүшелері Қытайдың Еуропаға жасайтын фабрикасында, киімі елімізде тігіледі. Бұның бәрін біріктіру, сатылымға шығару, үлкен еңбекті, уақытты қажетсінеді. Бейнетін көріп те жүр, бизнестің болашағы өте зор, қарқ болып жатырмыз деуге әлі ерте. Өздерін енді ақтап жатыр.  

Қыдырәлі: «Өмірден аларыңды ғана ойлама, қалдырарыңды да ойла» деген нақыл сөз бар. «Bal-bala» қазақ баласының санасына жұмыс жасайды. Сәбиді бесікте жатқаннан аналарымыз әлдиімен жұбатқан ғой. Меніңше, алты жастан бастап ұлттық дүниеге тәрбиелеудің өзі кештеу. Мына жәйтті қараңызшы, орыс тілді қандасымыз өзін түсінетін орыс тілді қызға үйленеді. Одан туған бала қай тілде сөйлейтіні түсінікті ғой. Енді ол баланың ұрпағын елестетіңіз. Түрі, заты қазақ та, тілі, түсінігі орыс. Қазақтықтан аты ғана қалған немесе кез-келген ірі қаланың қазақ мектептеріндегі үзіліс кезін байқаңызшы. Қазақ балалары өзара орысша сөйлейді. Міне, трагедия.  

Қазіргі тележобалар, БАҚ, жалпы қазақша дүниелер аталар мен әжелерге ғана қажет пе сонда? Жаңағыдай ұрпақ көбейген сайын сұранысы азайып, деңгейі түсе бермек. Заңды ғой. Біз осы проблемалардан шығатын жол іздейміз.  

–     Шығармалардың сапасы жоғары болу үшін қалай еңбектенесіз? 
Шоу-бизнес – көптеген технологиялардан тұрады. Дыбыс жазу индустриясы бар жерде сапалы өнімге ұмтыламыз. ХХ ғасыр басында А.Жұбанов қазақ оркестрлерін ұйыстырып, оның дамуына көп қызмет жасады. Параллель келтірсек, Болманов әлемдік шоу-бизнесіне қазақтың ұлттық музыкасын жетеледі. Құрманғазыны ХХІ ғасыр тыңдарманына, автордың тілімен айтқанда «миы жаңаша форматталған» ұрпақтың санасына осылай жеткізу ең тиімді тәсіл болып отыр.

Режиссерға мына әнге клип түсір деп тастап кетпеймін. Біріншіден, оны бүге-шігесіне дейін ойластырып барып ұсынып, мүмкіндігінше монтажына да қатысамын. Жаныңды салмасаң, жанды тербейтін дүние шықпайды. Тіптен, кейбір әндерге 7-8 рет аранжировка жасатамын. Көңілімнен шыққанша күтемін. Мәселен, америкалық «Backstreet Boys» поп-тобы жаулап алды бізді, тілін жақсы түсінбесек те елең етіп, тыңдап қаламыз. Өйткені, ән альбомын жазу барысында ешқайда шықпай бір жыл демалыс алып, әр әннің 9-10 версиясын жасайды екен. Елестетіп көріңізші, шамамен жүз варианттың арасынан тыңдай-тыңдай келе, 10 немесе 12 әнді ғана таңдайды (!). Сапалы дүние жасау жолында әр туындының әр дыбысын қадағалайды.

–     Мен бірде-бір продюсерді көрмедім, ансамбль құрып, мектеп-студия, компания ашқан, өндіріспен айналысқан. Оған біліммен бірге сезім, рух, белгілі дәрежеде жанкештілік те қажет. Өндіріс пен музыкалық ансамбль жұмыстары екі бөлек дүние. Қатар алып жүру қиындықтар туғызатын болар?
Екеуі екі бағыт болса да, екеуін біріктіретін күш – Отанға деген сүйіспеншілік. Қытайдың мынадай мақалы бар: «Бір жылдығыңды ойласаң бидай ек, он жылдығыңды ойласаң тал ек, ал жүз жылдығыңды ойласаң балаларыңның тәрбиесін, білімін толықта» деген. Сондықтан балаларымызға көңіл бөлмей жақсы ұрпақ тәрбиелей алмаймыз. Көзін ашқаннан «Барбимен» ойнаған бала қазақ екенін сезіне ала ма? Менің қуыршақтарым еуропа сапасында, сәби денсаулығына қауіпсіз, сапа сертификаты бар. «Bal-bala» сол үшін қымбат. Есімім елге таныс адаммын, жұрт маған сенеді. Елдің ішінде жүргеннен кейін өтірік араластыруға болмайды. Көптің сенімінен шыға білсең мен үшін абырой сол.
–       Қандай жоспарыңыз бар?
–       Әлі ойлану үстіндемін. Болашақта «Ұлытау» тобына әнші аламын ба деп ойлаймын...
–     Сәтті шешім жасауыңызға тілектеспін.