Бұлбұл
Дина Нұрпейісова

Қазіргі уақыттағы дәстүрлі өнер мәселелері туралы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, белгілі әнші Сәуле Жанпейісова өз ойларын ортаға салды.

– Сәуле Стаханшылқызы, дәстүрлі әншілік өнердің сабақтастығы, бүгінгі даму бағыты жөнінде не айтар едіңіз?
Халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа ауызекі жалғасқан әншілік дәстүрін әрі қарай өркендету біздің парызымыз. Құдайға шүкір, соңғы уақыттары ұлттық теледидар, радио арналарында дәстүрлі өнерді насихаттауға арналған әртүрлі жобалар болып жатыр. Сахнадан талантты жастарымыз да көрініп келеді. Дегенмен мұның өзіндік ішкі проблемалары да жоқ емес. Соның бірі –­ орындаушылардың табиғат берген өз мүмкіндіктеріне үңілмей, «сауатсыздықтан» өзгеріске түсіп жатқан дауыстары дер едім.

Мәселен, бүгінде қыздарымыздың дауыстары жасанды жіңішкеріп бара жатыр. Өкінішке орай, бұл танымал деген орындаушылардың арасында да кездеседі. Себебі, мұндай жағдай кімнің дауысы жоғары, кім биік ноталарды ала алса, сол нағыз шеберліктің көрсеткіші деген негізсіз пікірдің туындауынан болып отыр. Осыдан жоғары регистрде шырқайтын жіңішке дауыстар көбейіп кетті, тіпті біреулері өз табиғатына қарама-қарсы іс-әрекеттер жасайды, шығарманың орындау биіктігін бірнеше тонға көтеріп те жібереді.

Осы «жіңішкеріп» кеткен дауыстарды оң бағытқа жетелеу жолында Қазақ ұлттық консерваториясында қандай шаралар жүзеге асырылуда?

«Өткенсіз болашақ жоқ» дейді дана халқымыз. Өмірде елдің сүйіспеншілігіне бөленген талай дүлдүл өнерпаздар болып өтті. Олардың барлығын қазіргі жастар біле бермейді, себебі сирек дауысты тамаша әншілеріміздің есімдері көп айтылмай кетті. Ал, олардың есімдерін, еткен еңбектерін жаңғыртып, еске түсіріп отыру ұстаз болғасын міндетіміз деп есептеймін. Өткен жылы көрнекті өнер иесі Рабиға Есімжанованың туғанына 95 жас толды. Бұл мерейтой «Халық әні» кафедрасының жоспарында болды, бірақ белгілі себептермен биылғы наурыз айында атап өтілді. 8-наурыз халықаралық мейрам қарсаңында қыздар арасында орындаушылық сайыс ұйымдастырып, әнші репертуарында болған «Гүлдерайым» деген халық әнінің атын қойдық. Өзі де қыздарға сай әдемі тақырып болды. Мақсатымыз Рабиға Есімжанованы еске түсіру арқылы оның үніне, қазақы дауысына мән беру, бет бұру. Осындай шараларды жаңа буын, жас талап ескере жүрсе екен деген оймен болашақта жалғастырмақпыз.

– Сайыста әнші Рабиға Есімжанованың фортепиано сүйемелімен орындауы ескерілді ме?

Әрине. Бұлай айту жас орындаушылардың құлақтарына әбден сіңбегендіктен, жақсы таныс болмағандықтан, біраз қиындықтар әкелді. Бұрын әдеттенбегендіктен фортепиано сүйемелі олардың орындау мәнерімен бірден жымдаса кетпеді. Себебі, бүгінге дейін белгілі халық әндерін негізінен вокалист сопранолар айтқандықтан аспап партиясының біздің дауысымызға ыңғайластырылған өңдеулері болмады. Жалпы осы қадам біз үшін көптеген бастамаларға жол ашып берді. Неден бастау керек екенін түсіне бастадық. Ең алдымен көп әншіге ортақ, орта диапазонды үлгілерді фортепианоға бүгінгі тыңдарманның талғамына сай келетін жаңа гармониямен лайықтап түсіру, сонан соң концертмейстерлік мәселесін жолға қою қажет екен.

– Биыл жарты ғасыр сахнада ән шырқаған, өмірі өнерімен өрілген контральто әнші, режиссер, «Құрмет» орденінің иегері Зәуреш Есбергенқызы 70 жасқа толып отыр. Кәсіби маман ретінде әнші шығармашылығына қандай баға бересіз?

Зәуреш Есбергенқызын мен жас күнімнен сүйсініп тыңдаймын, ол қазақтағы қоңыр үнді әншілердің бірі. Әсіресе, маған ұнайтыны Зәуреш апайдың жүрек тербеп, ерекше әсерге бөлейтін а капелла орындауы, яғни жалпақ тілмен айтқанда, қандай да бір аспаптың сүйемелінсіз жеке дауыста айтуы. Мәселен, ол кісі «Адайдың жеті қайқысы» атанған өнерпаздың бірі Мая Досаттың «Жамалын», Бегей Қайыптың «Ақбөбегін», халықтың «Қара қаншық», «Жылой» және т.б. әндерін ешкімге ұқсамай, өзіне ғана тән мәнерде интерпретациялап келеді.

Мұндай дауыс бүгін де өте азайып кетті. Кезінде халық сүйіспеншілігіне бөленген танымал өнер қайраткерлері Жамал Омарова, Рахия Қойшыбаева, Рабиға Есімжанова, Р.Мұсабекова секілді альт (контральто) дауысты әншілер болған, қазір ондай үн мүлде сирек, Сара Тыныштығұлованы ғана естиміз.

Әнші бір сұхбатында «оркестрмен немесе ансамбльмен айтқанды ұнатпаймын, себебі ол белгілі ырғақтық қалыптан шығармайды, ал менің орындаушылық табиғатыма баян немесе фортепиано аспабының сүйемелі ыңғайлы» деген еді. Жақында оған өзім де куә болдым. 27-сәуір күні Ақтау қаласында болып өткен мерейтойында сүйемелдеуші Л.И.Сокольскаяның келе алмауына байланысты З.Есбергенқызы концерттік бағдарламадан бірнеше әнін алып тастауға мәжбүр болды. Осындай аккомпонемент жөнінде не айтар едіңіз?

Қай әнші болмасын, соның ішінде еуропалық вокал өнерін меңгерген өнерпаз үшін де сахнадағы қол жеткізген жетістігің тікелей концертмейстерге байланысты болып келеді. Себебі, пианист әншінің айту мәнерін, тыныс алу сәттерін, шығарманың қай тұсында қандай ұзақтыққа созатынын, жалпы алғанда оның орындау мүмкіндігін жан-жақты меңгеріп барып тығыз шығармашылық қарым-қатынас орната алады. Тыңдарманның басым көпшілігі аса мән бере қоймағанмен бұл өте жауапкершілігі мол қызмет. Сондықтан арнайы музыкалық оқу орындарында пианистерге жеке дауысты немесе басқа музыкалық аспаптарды сүйемелдеу дағдысын меңгеру арнайы бағдарламаға енген. Бұл жерде әлемге танымал аспапшылардың немесе вокал майталмандарының концерттік іс-сапарларға концертмейстерлерімен келетініне назар аударсаңыз жеткілікті. Яғни, кез-келген пианист немесе баянист шебер әншінің көңілінен шығатын дүниелер жасай алмауы әбден мүмкін.

Осы тұрғыдан алғанда Зәуреш апайдың «Мені басқа концертмейстер қостай алмайды» деуі заңды. ҚР халық артисі Л.И.Сокольская Зәуреш Есбергенқызының бірнеше жылдар бойы концертмейстері болып келеді. Олар бір-бірін сәтті тапқан музыканттар деп 100 пайызға сеніммен айта аламын.

– Біз әңгімелеп отырған төменгі регистрде айтылатын қоңыр үнге дауысты тәрбиелеу арқылы жетуге бола ма?

Бұл табиғаттан берілетін сый деп ойлаймын. Тәрбиелегенге қарамайды. Дәстүрлі әншілердің өзінде осындай қоңыр дауыстар аз. Соңғы айларда Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақтың дәстүрлі музыкалық антологиясы. МӘҢГІЛІК САРЫН: қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні» жобасы бойынша жарыққа шығуға жоспарланып отырған ән альбомына енетін «Алтын қордағы» қазақ әншілерінің дауысын көп тыңдадым. Бізге дейінгі әншілердің үнінде бір керемет, жұмсақ тембр бар, қазақы нақыш бар. Ал, бүгінгі буынды қарасаңыз, мүлдем өзгерген. Бұл қоңыр дауыстың сиректігі қай бағыттағы орындаушылықтан да байқалады. Мысалы, опералық вокалистердің арасында сопрано басым да, меццо-сопрано сирек, эстрадалық орындаушыларға назар аударсаңыз да біркелкі жоғары регистрде айтуға тырысатыны бар. Олардың арасындағы сыбырлаған дауыстар ешқайсысына да жатпайды (күліп алды). Егер бәрі бірін-бірі қайталамай, жаппай жіңішкеріп кетпей, әркім өз жолын таба білсе, онда әңгіме басқа.

– Бүгінгі жас буынның арасында қоңыр дауысты орындаушылар бар ма? Кімдерді атар едіңіз?

Өнерде Арқа мектебінің өкілі Зәуре Жәкешева және Арқа мен Жетісу дәстүрін қатар меңгерген Құралай Шаяхметова деген қыздарымыз бар. Әрине, толыққанды альт деуіміз артықтау болар, бірақ көп адамда кездеспейтін көркем тембр бар. Егер олар осы бағытта ізденіп, шеберліктерін шыңдай түссе сирек ұшырасатын дауысты орындаушылар шығар еді.

– Сіз өз тәжірибеңізде әнді домбырамен айтудан бастап, жетіген, фольклорлық-этнографиялық ансамбль сүймелдеуімен, кейінгі жылдарда оркестрмен де орындап жүрсіз. Жоғарыда айтып өткендей, фортепиано сүйемелімен сахнаға шығу ойыңызда бар ма?

Жалпы фортепианомен сүйемелдеу дәстүрлі әншінің екінші бір қырын көрсетері анық, болашақта жоспарымда бар. Егер концертмейстерді сәтті таба білсеңіз, бұл аспап дәстүрлі әншіге домбыра, оркестр, ансамбль бермейтін мүмкіншілікті туғызып, өзінің жаңаша қырынан көрсете білуге жағдай жасайды. Әр саланың өз ерекшеліктері болады, мысалы, фортепианомен айтқанда шығарманың ырғағы өзгереді.

Бүгінгі күнге жеткен дәстүрлі әндерді тек қана домбырамен айтып насихаттау деген түсінік біржақты болып, шығармашылық ізденістерге кедергі келтіруі мүмкін. Бұл тұрғыда тәжірибем бар. Мәселен, даусымды гитараның сүйемелдеуімен байқап көрген кездерім болды. Бір қызығы, гитарашыға Мұхиттың әндерінің табиғатын түсіндіре отырып, бірлесіп көріп едік, композитор әндері романс тектес болып естілді. Біраздан соң оған жетігенді қосып көрдім... Бұның бәрі әлі сынақта, халыққа ұсынуға әлі тым ерте, ізденіс үстіндемін.

– Әр туынды кәсіби шебермен кеңесіп, сауатты жасалса, дәстүрлі орындаушылыққа, рухани мұрамызға қиянат болмайды демексіз ғой? 

Иә. Сондықтан әр шығармаға үлкен жауапкершілікпен қарап, ырғағын, мағынасын мүлдем адам танымастай қылып өзгертіп жібермей кәсіби маманмен бірлесіп жасаса, халық мұрасын насихаттаудың бір жолы болар еді.

Дәстүрлі орындаушылықты өнердің темірқазығы деп түсінемін. Содан тамыр тартып, айналасында шаба бер, нағыз шығармашылық адамы неше түрлі дүниені жасай алады.

– Әңгімеңізге рахмет.

1. Сұхбат «Мәдениет» журналында (№ 8, 2010. – Б.24-26) жарияланды.