Аққу
Нұрғиса Тілендиев

Продюсер Қыдырәлінің есімі аталғанда, қай Қыдырәлі деп ешкім айта қоймас. Ол өзіміз білетін, еңбекқор, отансүйгіш, тұла бойы қазаққа жат емес жаңа идеяға толы, бойындағы күш-жігерін ұлттық руханиятымызды өркендетуге атсалысып жүрген қазақ музыканты. Қыдырәлі құрған ULYTAU тобының Голливудта өткен халықаралық орындаушылық өнердің конкурсында алтын медаль алуы қазақ үшін үлкен мәртебе болғаны мәлім (2001). Бұл рок-топ қазақ музыка мәдениетінде өзіндік өрнегі бар, тың, бұрын болмаған тенденция (үрдіс) қалыптастырды, яғни ұлттық аспабымыз домбыраны рокқа қосып жаңа деңгейде әлемге насихаттап жүр. Бұл орайда еуропа классиктері И.С.Бахтың, В.А.Моцарттың, А.Вивальдидің, Н.Паганинидің әлемге танымал туындыларымен қатар кәсіби біліктілікпен өңделіп, құрамдағы скрипкашы, гитарист, домбырашы мықты музыканттар ойнап жүрген Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», Махамбеттің «Жұмыр, Қылыш», Қазанғаптың «Көкіл», Н.Тілендиевтің «Ата толғауы» күйлерін айтамыз.

Осы үрдіс өміршеңдігіне, қазағымызға жат еместігіне, оны өрге жетелер ұстанымының болашағы зор екендігіне, ансамбльге еліктеп құрылған аспаптық-вокалдық топтардың шығармашылығы дәлел бола алады.

Продюсермен Астанада кездескенімізде бүгінгі Қазақстандағы эстрада бағытындағы ең өзекті деген мәселелер жөнінде, эстрадаға бейімделудегі музыкалық жанрлар мен кәсіби орындаушылар, продюсерлік орталықтар туралы, сонымен бірге өзінің тәжірибесінен өткен көптеген маңызды жобалар туралы ойларын бүкпесіз ортаға салды. Бүгінгі күні адамдардың түсінігінде шоу-бизнесті көшіру деп, яғни «шоу-бизнес жүрген жерде шығармашылық тоқтайды» деген қағида басым болып тұр. Біздің ойымызша, Қ.Болмановтың еліміздің шоу-бизнесінде ойып тұрып алар орны бар. Оның эстрададағы жобалары қайталау емес, ойлап табылған жаңалықтар. Дамылсыз еңбегінің жемісі дәстүрімізге тікелей қатысты, халыққа пайдалы, төл мәдениетіміздің өркендеуіне атсалысып жүрсе кім қуанбайды?

ULYTAU аспаптық тобын бұрын-соңды кездеспеген, яғни аналогы жоқ авторлық жұмыс деуге болады. Осы ұжым сахнаға алғаш шыққаннан бері талғамы биік тыңдарманның да, соңына ерген жастарды да өзіне қарата білді. Оны әсіресе, соңғы жылдарда құрылған дуэт, трио, квартет, шағын ансамбльдердің құрамында міндетті түрде бір ұлттық аспаптың қатысуынан көруге болады. Кейінгіге бағыт көрсете біліп, қазақ эстрадаын жаңа арнаға бұра білген бұл топ әлем классикалық музыкасымен бірге күйлерді рокпен синтездеді. Бүгінгі уақытта, ашық ақпараттар алаңында батыстық дыбыс тасқынына жасөспірімдерге ән, күйлерімізді осындай форматта ұсынғанда ұтымды секілді. Әрине, бұл төл тембридеалымызды мүлдем ұмыту емес. Бірақ, кәсіби негізді жаңалықты жатырқамай, күйлердің, әсіресе төкпе күйлердің синтезге сұранып тұрған екпін ырғағын тәжірибеде қолдану. Егер қоңыр үнді сақтаймыз деп жаңалық атаулыны байыбына бармай қаша берсек, бай төл өнеріміз өзімізге жат бола бермек. Уақыт  соны талап етіп отыр.

Қыдырәлі жиырма жылдай ауылда өссе, өмірінің кейінгі жиырма жылдай уақытын Алматыда өткізді. Ол ауылдың да, астананың да өмір ырғағын түсініп, бейімделе білді. Сондықтан да қоғам үшін дер кезіндегі қажетті форматталуды дөп баса алды. Суретшілікке де оқыды, өзі сахнада гитарамен жүріп ән салып, музыкант ретінде шыңдалды. Форматтауды – аранжировка жасау деп емес, анағұрлым күрделі дүние деп түсіндіреді. Ойлап тапқан дүниесін, яғни жаңа үрдістің жүзеге асырылуының өзіне екі жарым жыл ізденді. Өйткені домбыра рокқа жымдаса қоймады, екеуі екі бөлек әлем. «Оларды синтездемесек дәстүрлі музыканы менің музыкам демейтін жағдайға жеттік» дейді музыкант. Дәстүрлі музыка кештеріне белгілі субмәдениет өкілдері ғана, негізінен аға буын ғана баратынын алға тартқан продюсер: «соңғы он бес жылда дәстүрлі музыка концертіне барған жастарды мен көрген емеспін. Ал енді тағы он бес жылда не болады?» деп қынжылыс білдірді. «Қазақстанға сырттан келетін отандық өнімнен он есе көп ақпарат көздері батыстық бағытта қызмет етеді. «Rammstein» секілді топтарды немесе «Gangnam Style» секілді әндерді жастардың миына құйып санасын улап жатыр. Мысалы, қазір жиырмадағы жастардың санасы жаңа ойлау жүйесінде, басқа сөзбен айтқанда «миы заманауи форматталған» басқа бала. Оның дүниетанымы, арманы, мақсаты басқа. Ең бастысы, тыңдайтын музыкасы басқа. өзімнің түсінгенім, осындай жастарға Құрманғазы ежелгі бір дыбыс болып елестейді. Енді біз ULYTAU арқылы халық музыкасын сол күйінде ұсынудан басқа да жолдар бар екендігін, жаңа бағытта насихаттауға болатынын ұғып отырмыз» деген пікірі ойландырады.

Ұжым туралы композитор, күйші Секен Тұрыспеков былай деген еді: «О баста қазақ эстрадасын басқа мемлекеттерге «Досмұқасан» таныстырса, содан кейін биікке көтерген Қыдырәлінің еңбегі, осы ULYTAU. Эстрадалық дүниенің бәрін ессіз дүние деуге болмайды, Қыдырәлі есті дүние жасап жүр. Осындай топтың болғанына қуануымыз керек. Топ әлі де ізденістерді талап етеді, домбыраға әлі де басымдық берілсе деген ойым бар. Болашағы алда». Қ.Болмановтың жаңа үрдіс тауып, осы бағытта сіңірген еңбегі орасан. Бір ғана «Жұмыр, Қылыш» (Махамбет) күйінің бейнеклипін алып қарайық. ULYTAU-дың өз жолы, ұстанымы, алатын асуы бар. Сондықтан продюсер алдымен жоба жүзеге аспай тұрып әлемдік деңгейге талпыныс жасады. Түсірілім камерасы соңғы технологиямен жасалған еңбек, яғни киноформаттағы клип ойлаған жерден шығып, Азербайжанда, Түркияда, АҚШ-та телеарналардан көрсетіліп, сонымен қатар Мәскеудің екі телеарнасынан тегін жіберілді. Мұнда Мәскеулік мамандарды кірістірген Қ.Болманов, режиссер ретінде қазір АҚШ-та жұмыс жасап жатқан профессионал Баһадүр Юлдашевты таңдады. «Бейнебаяндағы қасқырлар (Мәскеуден алдырып) сюжетін түркітілдестердің тотемі болғандықтан қосып, түсірілім барысында қауіпсіздік жағын да ойластырды. Мұндай сапалы еңбексіз шоу-бизнесті жаулап алу қазір мүмкін емес» дейді продюсер.            

–     ULYTAU тобы алдына қойған мақсатына жете білді ме?  

Әлемде рок бар болғанмен, Құрманғазы жоқ қой. Мәселен, «Қоңыр» тобымен Австрияда бір сахнада концерт қойғанда Мархабат айтқан еді «ULYTAU-ды көріп, ұлттық музыканы синтездеу керек екенін ұқтым» деп. Ең басты мақсатым – қазақтың дәстүрлі музыкасын жаңа форматта жастарға ұсыну және әлемге таныту, ұлттық музыкаға жаңаша дем беру.

Консерватория жылына қаншама күйші маман дайындайды. Бірақ жас мамандардың, түлектердің жұмыспен қамтамасыз етілу жағы қарастырылмаған. Камералық жанрды орындаушылар тойға да, оркестрге де шақырылмайды. Сонда олар қайда барады? Осылайша домбырашы мамандығына барушылардың саны азая бермек. Күйші дегенде ең мықты деген аздаған топты ғана білеміз. Ал халықтың мәдениетіне қосар үлесі үшін домбырашылармен ешкім айналыспайды. Нақты мақсаттары жоқ. Осыны пайымдай отырып, жаңа үрдіс қалыптастырып, домбыраның парқын көтерудің уақыты да келген еді.

–     Қазақстандағы шоу-бизнеске тоқталып өтсеңіз?

Шоу-бизнесті екіге бөлемін. Бірі – жай ғана шоу қосылған бизнес. Бүкіл әлемдегі бизнестің бұл түрі бірін-бірі қайталап көшірумен айналысады деуге болады. Мысалы, Англияда «Spice Girls» тобы бар. Олар құрылғаннан бастап танымалдық алды, дүние жүзіне альбомдары тарап кетті. Ал бір жылдан кейін Москвада «Блестящие» қыздар тобы, араға бір-екі салып бізде «Рахат лукум», т.б. біріккен қыздар шыға келді. Яғни, бұл түр – көшірме және осы коммерциялық жобаларды сату. Сол секілді «Backstreet Boys» тобында бес адам болса, осындай біріккен жігіттер Ресейде де бар, сосын біздегі «Орда». Әлем сахнасына R&B немесе регги ырғағындағы стильдер шықты, солардың отандық түрлері пайда болды. Олардың бәрінің форматы бір, тек әрқайсысы өз тілдерінде ән салады.

– Ағылшын Патшайымының «Королева Виктория атындағы» Алтын медаліне ие болдыңыз. Әлеуметтік ізгі бағасы мен еңбектегі қадір-қасиеті, қажырлылығы үшін берілетін Халықаралық сыйлыққа ULYTAU жобаңыз үшін ие болдыңыз ғой? 

Марапат «Жылдың үздік өнертапқышы» деген мағынада ұсынылды. Осы тұста ғалым Ақселеу ағаның ULYTAU-ды тыңдағанда айтқан сөзі бар: «Айналайын, сен тенденция (үрдіс) жасадың. Тенденцияны ұлы тұлғалар ғана жасай алады. Бірақ сен ұлымын деп ойлап қалма» деп, сонда «түсіндім, аға, қайдағы ұлылық? Мен осы елдің бір баласымын, еліме қызметім пайдаға асса қуаныштымын» деген едім. Қазір біздің мәдени кеңістігімізді батыстық ағымдар жаулап алғысы келеді. Осындай жаһандану тасқынына сол үрдісіммен қолымнан келгенше бөгет жасай білсек, ұлттық дүниелерді өзімізге сіңіре алып, «шет» ағымдарға қарсы иммунитетімізді күшейтуге атсалыса алсам – бақыттымын. Құдайға шүкір, осындай топтар қазір көбейіп алды. Біреуінде қобыз, екіншісі сазсырнай мен шаңқобыз, үшіншісінде жетіген дегендей, әйтеуір ұлттық музыка аспабы міндетті түрде қатысады.

–     Қайтадан Англиядағы марапатқа оралсақ, білуімізше бұл жиында дүние түкпірінен жиналған ғалымдар арасында мәдениет саласынан сіз өзіңіз ғана болыпсыз?

Осы марапатты ұйымдастырушыға екі сұрағым бар еді деп кездесуге сұрандым. Алғашқысы, мені қалай таптыңыз, екіншісі, не үшін алып жатырмын, қандай критерийлер бойынша ұсындыңыздар? ULYTAU жобасын тауып, салыстырып, таңдап ұсынған Еуропа Бизнес Ассамблеясы (ЕВА) екен. Ол іскерлік кооперациясының интерактивті платформасы. Қай ұлттан болмасын, тұлғалардың жалпы адамзатқа келтірген пайдасын белгілейді. «Этномузыканы өңдеп әлемдік шоу-бизнестің технологиясына енгізгеніңіз үшін беріледі. Сіз тұтас технология істедіңіз, тек қана формат емес, оны Еуразия кеңістігіне енгіздіңіз, тараттыңыз» деді. Мен ұжымды қалай атасам деп ойланып жүретінмін, «формат» деп атау дөп түсті. Иә, нашар көшірме жасағаннан гөрі нашар түпнұсқа артық па деймін. Өйтпесек, өзіміздің Билан, Майкл Джексондарымыз қаптап кетер еді.

– Қыдырәлі, сізді өз салаңыздағы бірінші кәсіби продюсер деп бағалаймын. Бұрынғы АБК триосы, терменің эстрадаландыруына жасаған қадамыңыз бен тұңғыш бейнеклип; қазіргі Қарақаттың мектеп-студиясы, отбасылық дуэт, ULYTAU, «Бал-бала» өндірісі және т.б. жобаларыңыз бар. Продюсер болу үшін ең бастысы не қажет?

Өз ісіңе деген құлшыныс қажет. Жаңалықты жариялауға сезім, тайсалмайтын рух, мінез керек қой. Жалпы мен ойлап тапқан тұтас механизм біздің мәдениетіміздің өркендеуіне жұмыс істеуде. Ақселеу ағаның сөзі ылғи жадымда: «тықыл-тықыл деген музыканың бәрі келеді, сосын кетіп қалады». Cоңғы он жылда талай топтар келді, із-түзсіз жоғалды. Маған шоу-бизнесте басқа да қарапайым жолмен ақша жасауға мүмкіндіктер бар. Бірақ алға қойған ұстанымым тек ақша табу емес. Мәселен, Қарақат тек эстрадамен шектелмей, репертуарын домбыра, жетігенмен толықтырып, ізденісте жүр. Ол ешкіммен шатастыруға болмайтын өз орны бар артист. Бұнда продюсерлік ұсыным бар. Оның таланттылығынан менің де жолым болды. Қарақат сұлу, ақылды, кәсіби білімді және тез шешім қабылдағыш адам. Тек қана білімді болу бұл салаға аздау екен, әр нәрседен хабарың болуы, сезімталдық қажет. 
Жезқазғанда суретшілік мамандығын алдым. Сосын «Жігер» фестиваліне (1988) келіп, сол жерден мені Т.Жүргенов атындағы Университеттің үшінші курсына қабылдады. Суретші ретінде менің талғамым, пайымдылығым қалыптасса, театр институтында музыкалық білім алдым. Бұлардың бәрі өнер жолымда пайдаға асып отыр

–     Бүгінгі уақытта Сізді не қызықтырады?

Маған бәрі қызық. Алдымен маркетинг, сосын бизнес қызық. Одан кейін ұлттық идеяны сауатты коммертизациялау. Коммерциясыз ешбір идея дами алмайды. Егер ULYTAU музыкасын сата алмасақ, ол он бес жыл бойы сахнада қала алмас еді. Бүгінге дейінгі ULYTAU айналымын айтар болсақ, тек жалақысына салынған қаражаттың өзі көп. Олардың әр айлық жалақысы жеті мың жарым доллар. Ал олардың дамуына, аппаратурасына, камерасына, бейнеклиптеріне, айналымы (раскруткасы) ше? Киімі мен шетел сапарларын да ұмытпаңыз. Ол қаражатты мен қайдан алдым? Музыканы сатып, түскен қаражатты қайта салып отырдым. Қарыз алып, қайта салған кездер де болды, адал еңбек етіп келеміз. 

–     Қыдырәлі Нұртайұлы, қазақ эстрадасын ұлттық руханиятымызға қарай бұру жолында зор үлесіңіз бар. Жастарға тәрбиенің ең жақсысы – үлгі көрсету, үлгі аларлық бола білу. Өнер жолыңызда талай бастаманың басында тұрсыз, жасап, көрсетіп келесіз. Қолыңызда мүмкіндік болса қазақ эстрадасы үшін тағы не жасар едіңіз?

Өсіп келе жатқан ұрпаққа сапалы, заманауи, ұлттық тамырдан алшақтамаған дүние көрсетсең, өздері-ақ бұрылады. Сонда қадағалау да, бүйт, сөйт деген үкімді сөздер де керек болмай қалады. Десек те, қолымда билік болса, ең алдымен өте зор ықпал жасай алатын телеарналар болғандықтан бірнеше телеарналар форматын өзгертер едім. Ұлттық идеологияға қызмет ететін жұмыстарды жұмылдырып, арнаны 180 градусқа бұрар едім. 

–     Құрамында он екі музыканты бар ансамбльді қаржыландыру оңай емес шығар? 

Басқа мемлекеттер елдің атын шығарып, абыройын асқақтататын топтарға дем беріп, жарқылдап шығып жатыр. Кең ауқымдағы бәйгеге үкілеп мақтанышпен топтарын қосып жатқанда өзімізде бар дүниені неге қолдамасқа деп ойланасың бір сәт. 

Осы тұста әңгімемізге бағанадан бері үнсіз тыңдап отырған Қарақат араласты: «Қазір әркім өзінше тірлік жасауда. «Евровидение» дейді, «Грэмми» сыйлығы... соншалықты қолжетпес дүние ме бұлар? Ондай марапаттарға ULYTAU-дың потенциалы жетіп тұр. Бұған қолдау мемлекет тарапынан болуы керек. Рок-топпен бірге сапар шегіп, өзім біразын көзбен көрдім. Шетелде олар қазақ музыкасын ойнағанда он бес минут тұрып қол шапалақтайды. Осы атышулы қазақ елінен шыққан топтың басты мәселесі – оны үкіметтің қолдауына өткізу».

Иә, дарынды продюсер ULYTAU-дың Америка дыбыс жазу Академиясының «Грэмми» (Grammy) музыкалық премиясына іліне алатын мүмкіндігіне сенеді. Ондағы отыз музыка жанрын қамтитын жүзден аса категорияда «Музыкаға қосқан ерекше үлесі үшін» берілетін (Grammy Lifetime Achievement Award) арнайы марапат бар. Бәлкім, демеуші тауып жатса оның да ауылы алыс емес шығар?

Біз «қазақтың иммунитеті – домбыраны» (Ж.Нәжімеденов айтуынша) насихаттап жүрген ULYTAU рок-тобына тек қана сәттілік, ақ жол тілейміз. Әрине, «Грэммиге» қол жеткізуіне тілектеспіз. Басқа мемлекеттер елдің атын шығарып, абыройын асқақтататын топтарға демеушілік танытып жатыр. Кең ауқымдағы бәйгеге өздерінің мақтаныштарын қосып жатқанда өзімізде бар дүниені неге қолдамасқа деп ойланасың бір сәт.