Көш керуен
Нүрғиса Тілендиев

Өткен жылы көрнекті музыкант Раушан Оразбаеваның «Арда» атты күй-альбомы жарық көрді. Бұл қылқобызшының Қазақстанда шығарылып отырған алғашқы альбомы деуге болады. Бұдан он жыл бұрын (2004) Италияның Торино қаласында жарық көріп, Раушанның өз қолына тимеген, қызығын келісімшарт жасаған компания көрген «AKKU» (CD) альбомы туралы арнайы мақала жариялаған болатынбыз. Сондықтан бұл «Арда» күй-альбомы көптен күткен, отандастарына жол тартып отырған алғашқы диск болып табылады.

«Аrdа» жинағында музыканттың соңғы жылдары әртүрлі елдердегі концерттерде ойналған шығармалары топтастырылған. Қылқобызшының 21 күйден тұратын альбомында «Башпай» мен «Қоңыр» (Қорқыт), «Абыз толғау» (Абыз), Ықыластың «Ерден», «Шыңырау», «Айрауықтың ащы күйі», «Жез киік», «Аққу» күйлері, «Жалғыз аяқ» (Әбікей), «Шәркен» (Шәркен), «Сарымойын» (Жаппас), Тәттімбеттің «Бес төре», Сүгірдің «Жолаушының жолды қоңыры», «Майда қоңыр», «Тоғыз тарау» туындылары, композитор Қуат Шілдебаевтың «Қара кемер» күйлері енген. Сонымен бірге музыкант күйші Мұхамеджан Тілеухановтың «Тағдыр-ай» туындысын және өз қызы, қылқобызшы Тоғжан Қаратаймен бірігіп ойнаған халық күйі «Қасқырды» осы альбомда алғаш рет ұсынады. Альбомның жаңалығы деп Р.Оразбаеваның авторлық «Алтынбек» және «Арда» атты арнау күйлерін айтуға болады. Раушан «Арда» күйін 2007 жылы өнер жанашыры, қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовке арнап шығарды. Бұл музыканттың ұлтымыздың өнер иелеріне қамқорлық жасап жүретін тұлғаға үлкен алғысы мен ризашылығынан туған шығармасы.

Соңғы жылдары қылқобызшы шығармашылығы бізге шетелдік шебер музыканттармен бірігіп ойнаған импровизацияларымен таныс.

Нақты тоқталғанда башқұрт сыбызғышысы Ишмурат Ильбаковпен, түркімен дутаршысы Оглан Бакшымен, виола де гамба аспабында орындаушы австриялық Lorenz Duftschmid, жуырда ғана Париж қаласында қойған концертте термеші Ұлжан Байбосыновамен (тыңдап көріңіз: http://www.francemusique.fr/player/resource/60514-65828), түрік дауылпазшысы Мурат Кошкунмен, моңғолдың моринхуршысы Tsogtgerel Tsogtoo дуэттерін атауға блады. Солардың бірі Вена қаласындағы жеке концерттерінде бірігіп өнер көрсеткен көмеймен ән салудың шебері, алтайлық Болат Байрышевпен импровизациясы осы күй-альбомында беріліп отыр.

Раушанның «Арда» альбомы өзінің нағыз тыңдармандарына жетіп, олардың көңілінен шығатынына күмәнсіз сенеміз.

1. «Аrdа» күй-альбомын сатып алғысы келетіндер музыканттың This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. э-поштасына хабарласуына болады.