Көңіл толқыны
Секен Тұрысбеков

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали ЖАЙЫМОВ қазіргі уақыттағы еліміздің музыка кеңістігіндегі елеулі мәселелер туралы ойларымен бөлісті

– Өнер тарихынан мәлім болғандай, XVII—XVIII ғасырларда италияның неаполитан опера мектебі композиторлары опера-сериа жанрын биікке көтерді. Дегенмен, бұл күрделі сахналық шығармаларда сыртқы, вокалистердің өзіндік мәні бар шеберлігі мен орындаушылықтың виртуозды жағы алдыңғы орынға шығып, осы арияларға зор мән берілді. Сөйтіп, опера «костюмді концертке» айналып, ғажайып ариялар мен речитативтердің алма-кезектесіп отыруындай болған қойылым операның драмалық мазмұнын әлсіретті. Сол секілді, бүгінгі біздің күй орындаушыларды, әсіресе жас буын күйшілерді тыңдағанда домбыраның моторлы аспапқа айналғанын байқаймыз. Олар бес минутқа жетпейтін күйлердің екпінін жылдамдатып, бастапқы күй табиғатынан алшақтатып жібереді. Яғни «кім шапшаң, тез, техникалық қатесіз ойнаса, сол шебер» деген түсінік қалыптасқан. Белең алған бұл үрдіске осы саланың кәсіби маманы ретінде не айтар едіңіз?

А.Жайымов: Расында да, соңғы жылдарда осы үрдіс белең алған. Жастар күйді жын қаққандай зуылдатып ала жөнеледі. Бірде Мәскеудегі съездер сарайында концерт беретін болдық. Ұйымдастырушылар бізге Құрманғазының «Сарыарқасын» бір минутта ойнау қажет деген талап қойды.  Сонда жоғары жақта айтатын еді, «мына космостық ғасырда қарттардың екпінінде отырмай, шапшаңдатыңдар» деп. Тіпті «күйді қысқартып тартыңыздар» деген де сөз болды. Сендердің ырғалған күйлеріңді шетелдік қонақтар тыңдап отыра ма деп ескерткенде, концертті ұйымдастырушы адам оркестрді тыңдап, «аға, өзіңіз білесіз 3-4 минуттық күйді қысқартуға болмайды ғой, ойнағаннан кейін толық тарта беріңіз» деді. Дегенмен сол шараның басы-қасында жүрген бір кісі «3-4 минуттық күйді қысқартуға болмайды, толық нұсқасын орындаңыздар» деп рұқсат берді. Сөйтіп, концертте ұжым туындыны толық тартты. Домбыраның қоңыр үні шетелден келген қонақтарға ұнап, артынан тағы бір күй сұрады. Солайша, біз концертте 4-5 күйді бір-ақ орындадық. Егер сол концертте жандайшаптардың дегені болып, қысқартып ойнағанда, қазақ күйіне дәл сондай сұраныстың болуы екіталай еді. «Қазақтардың музыкасы бас-аяғы түсініксіз нәрсе екен» деген теріс бағасын алар ма едік, кім білсін?! Сол үшін де жастардың қазақтың қасиетті күйіне ыждағаттылықпен қарап, дұрыс орындағаны абзал.

– Жалпы, бүгінгі моторлы екпін қалай пайда болды?

А.Ж.: Күйшілерге «екпінді созбаңдар» деген талап Кеңес кезеңіндегі қойыла бастады. Соған байланысты бәрі жылдамдап кетті. Қазір құдайға шүкір, күйдің түп негізіне қайта келе жатырмыз. 1991 жылы Құрманғазы оркестріне келгенде екпінді азайтуды осы «Сарыарқадан» бастадым. Негізі, екпінді азайтуды Құрманғазы оркестріне келген 1991 жылдан бастадым. Әйгілі дирижер, марқұм Фуат Мансуров Мәскеуден жиі келіп, ұжымның жұмысымен танысып кететін. Біздің орындауымызда «Адай» күйін тыңдаған сайын ол: «Адайды» өте жай темпте әдемі қылып ойнау қажет. Қали Жантілеуов, Лұқпан Мұхитовтар сияқты ұстаздардан үйрендік, олар осылай жай тартатын» деп кеңес беретін. Фуат Мансуров сол өзі көрген қалыпты оркестрге ұстауға тырысатын. КСРО халық артисі, композитор Еркеғали Рахмадиев те «бұл не қылған сатыр?» деген ескерту жаса отыратыны әлі де жадымызда. Сол ағаларымыздың айтқанымен бүгінде мен қай оркестрде жүрсем де, осындай жай ырғақа саламын. Бұл үрдісті біз ұстамағанда кім ұстайды?

– Шебер домбырашы несімен ерекшеленуі керек деп ойлайсыз?

А.Ж.: домбырашы – виртуоз бола білуі керек. Виртуоз күйші – әр шығарманы өз деңгейінде, өз екпінінде, өз дәстүрінде, өз стилінде жоғары деңгейде орындай алады. Ол үшін әрбір аймақтың күй мектептерін меңгеру керек. Мұндай орындаушы шетел шығармаларын да домбыраға еркін салып, шебер орындайтын болады. Оның аспаптан шығаратын дыбысы әсем болуы керек. Біздің орындаушыларымыздың ең бір ақсайтын тұсы – екпін. Олар жай ырғақпен ойнай алмайды. Мемлекеттік емтиханда да жастардың барлығы дерлі асығып-аптығып ойнайтынын байқап, қатты қынжылғаным бар. Күйдің бәрі жылдам емес. Әркез жылдам сөйлеп, жылдам жүру мүмкін емес қой. Сол секілді күй де кейде асықпайды. Ол жай ғана туынды емес, онда – өмір мен оқиға бар. Яғни әр күйдің өзінің екпіні, айтатын ойы болады. Симфониялық оркестр шығармаларының, халықаралық деңгейдегі скрипка, фортепиано аспаптарына жазылған шығармалардың белгіленген қалыптасқан екпіні көрсетіліп, одан аспайды, авторлық ремаркадан шықпайды. Ал домбыра күйлерін еркіндікке салып жүрміз.  

– Әншілердің ұлттық аспаптарды аранжировкада пайдаланып жүргеніне қалай қарайсыз?

А.Ж.: «Домбыра эстрадаға көп кетіп қалды» деген сын көп айтылып жүр.  Десе де бұл заман талабы. Оны тоқтата алмаймыз. Енді біздің міндетіміз, кәсіби орындаушыларымыз домбырасын өздері дәріптей білуі керек. Мәселен, эстрадалық орындауда қобыз, сазсырнай, домбыра, сыбызғы сынды аспаптарды туындының әр жеріне бір қосып берекесін кетіреді. Мен мұны қолдамаймын. Күйдің мәнін жоғалтып алмас үшін кәсіби орындаушылар өзінің кәсіби біліктілігін арттырып, шеберлігін шыңдай түсуі керек. Ұлттық аспаптарды өз деңгейінде дәріптеу үшін біз солардың әрқайсысының партиясының өз музыкалық желісін жасап, гармониясын үйлестіріп, жеңілдеп контрапункт жазып, туындының сыр-сипатын аша түсуіміз керек.

       Қазақ ұлт аспаптарының арасынан өз дәрежесіне көтеріле алмай жүрген қандай аспаптарды атар едіңіз?

А.Ж.: негізінен, қолданыста көп пайдаланылмайтын аспап – сыбызғы. Сыбызғының немесе қурайдың ең мықты дамыған жері – Башқұртстан. Бұлардың материалы мен техникасы бір. Сондықтан осы аспапты таңдаған музыканттар Башқұртстаннан үйренуі керек. Бірнеше жыл бұрын Ешмұрат Ешмұхамбетов деген музыкант келіп, біздің консерваторияда флейтада оқыды. Сол жігіттің сыбызғы турасында керемет идеялары болған. Бірақ баспана мәселесімен еліне қайта оралды. Ол бүгінде халық әртісі. Башқұртстанға іссапармен барғанда осы аспаптың жақсы дамығанын көрдік, халқының қолдан түспейтін аспабы екен. Тіпті бір композитордың сыбызғы мен симфониялық оркестрге арнап жазған шығармасын тыңдадық. Туынды ортасында балконнан он бес сыбызғышы қосылды, сөйтіп тыңдарман ғажап күйге бөленген еді. Бір музыкантымызды сол елге оқытып алмақ жоспарымыз бар.   

Тағы бір жете дамымай жатқан аспабымыз – жетіген. Құрманғазы оркестрінің жанынан аспап жасаушы Н.Абдрахманов деген шеберге жылына бір жетіген жасаттыратынмын. Қазір Астанаға қызметім ауысып кетті де бұл бастамам аяқсыз қалды. Бүгінде шағын ұжымда жетігенді тыңғыл-тыңғыл тартады, сол ансамбльге қостауға, ұжымдар мен жекелеген жекелеген әншілер сүйемелдеу деңгейіне ғана қолданады. Негізі, кез келген аспап иесі ізденбесе, дамымайды. Әр нәрсенің іздеушісі, жоқтаушысы болуы керек. Соның соңында жүріп, дамыта білсе өркендей алады. Дұрыстап қолға алса өркендететін жолдары бар, одан қайтадан арфа жасап керегі жоқ. Кезінде Құрманғазы консерваториясының «Домбыра» кафедрасы жанынан жетіген, сыбызғы, сазсырнайға арнап факультатив қылып ашқанбыз. Бүгінде сол мәселені ары қарай жалғастырса, жақсы болар еді.   

  • Салыстырмалы түрде төл аспабымыз қылқобызды дамыды деп айта аламыз ба?

А.Ж.: Иә, қылқобыз бүгінде кең қолданыстағы аспапқа айналған. Оның дамуына композитор Е.Рахмадиев ккөп күш салды. Ол кісі консерватория  жанынан қылқобыз класын ашты. Сол жылдары аспаптың жасалу жолдары беймәлім болғандықтан қылдары шашырап, бұрауы қайта-қайта түсіп кетіп жатты. Н.Тілендиев бір-екі қылқобызды «Отырар сазына» оркестрге отырғызды, музыканттар ансамбльдерге енгізіп жүрді. 1991 жылы Құрманғазы оркестріне төрт қылқобызшыны отырғыздым. Сонда Жанар Жүсіпова, Әлқуат Қазақбаев деген бүгінгі танымал кәсіби музыканттарымыз мектеп оқушылары еді. Және альт-қобызды кейін жіберіп, олардың алдына бұрыннан келе жатқан сияқты қылқобызды топ ретінде отырғыздым. Қылқобызға жанашыр керек, өйтпейінше, бүкіл мүмкіндігін көрсететін арнайы репертуар болмайынша ол дамымайды. Анда-санда жазылған туындылар аздау. Негізгі аты – қобыз, ал прима-қобызды сым ішекті қобыз десек дұрыс болар еді. Өз басым партитураға осылай жазуды бастадым. Яғни бұл аспаптң қолдану аясын кеңейту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаландық. Нәтижесін өздеріңіз де көріп отырсыздар.

– Сіз қылқобызбен бірге шертерді де оркестрге енгіздіңіз...

А.Ж.: Шертерді қосқанда отырғызғанда «дыбысы тоңқылдақ, өзбектің аспабының дауысында секілді» деп орындаушылар ұната қоймады. Бірақ уақыт өте ұлақ үйренді, аспапта ойнау тәсілі де жетілдірілді. Осы аспаптар оркестрдің баяғыдан келе жатқан өзінікі секілді болып кетті және консерваторияда класс ашуына да түрткі болған едім. Жалпы қандай аспапты алсақ та, оларды оқу орындарында оқытып, бағдарлама жасап, сол бойынша дайындамаса, қолданысқа енбей қала береді. Көтермесе және жоғарғы деңгейдегі оркестрлерде отырып ойнамаса, олар өспейді. Кеңес кезінде белгілі бір аспаптарға арнайы композиторларға тапсырыс жасалып, оларға қаламақы берілетін. Қазір қаражатты қалтаңнан қашанғы төлейсің? Ал композитордың жазып жатқан шығармасы орындалмаса оған уақыт зая етіп несі бар? Яғни, репертуарлық мол қор жасай алса, аспап әрі қарай сөзсіз дамиды. Жаңа музыка арналмаған соң тыңдарманнан да сұраныс жоқ. Бұл мәселеде орындаушы, композитор мен аспап жасаушы шебер тығыз байланыста болып, олар өзара талап қоя білуі қажет.  

–  Қаптап кеткен «жұлдыз» әншілер туралы не ойлайсыз?

А.Ж.: Кейбір эстрада әндеріміз сын көтермейді. Сөздері де, әуені де түсініксіз. Өз басым көркемдік кеңес жасап тұруға қарсы емеспін. Мамандар отырып, эфирден жіберілетін шығармаларды сұрыптауы керек. Бұрын әр ірі ұжым жанында көркемдік кеңес қызмет етіп, кемшіліктерін түзетуге қайтарып жіберетінбіз, сонда тамаша дүниелер туған еді. Тыңдарманды біржақты кінәлауға болмас, телерадиодан жіберілсе, жақсы, дұрыс болған соң жүріп жатыр деп ойлайды. Ағымдағы музыкаға жоғары талап қажет, халықтың деңгейін көтеру үшін көркемдігі биік музыкалармен тәрбиелеуіміз керек.  

– Ой бөліскеніңізге үлкен рахмет.   

 

 

1. Мақала қысқартылып «Айқын газетінде («Айқын», №95 (2489), 5-маусым, 2014. – 12-бетте) жарияланды.