Аққу
Нұрғиса Тілендиев
Қазақ әнінің өмірі оны шығарған халықтың тағдырындай соқпағы көп болғаны мәлім. Олар отызыншы және елуінші жылдары «қуғынға ұшырады». Мазмұны мен тақырыптары өзгертіліп, авторлары ауызға алынбады. «Қара тізімде» болған әндердің көбі бізге жетпей де қалды... алпысыншы жылдары «Қанатталды» әні үшін «совет үкіметінің қанаты талды деп тұрсың» деп қудаланған әншілер де болды... сексенінші жылдары Желтоқсан қозғалысына арналған алғашқы әндердің ешбірі эфирден жіберілмеді. Саяси астары бар деп Г.В.Колбинді үңілдірген «Қара бауыр қасқалдақ» әні... Өткен ғасырда талай өткелден өткен рухани құндылығымызға біз қалай қарап жүрміз? Бұл тақырыпта айтар ойы бар журналист, музыкатанушы Айнұр Абайқызы пікірін ортаға салды.

– Қазақ эстрадасында әп дегенде қай тілде айтылып жатқаны түсініксіз әндер көбейіп барады. Тыңдай отырып қазақ тілін танысаң да «батысша» шыққан сазының төл музыкамызбен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын түсінесің. Бұндай шығармалардың пайда болуына не әсер етті?

– Халқымыз қанша ашаршылық, қуғын-сүргін заманды бастан кешірсе де, дәл қазіргідей рухани төмендеп, әніміз тұралап қалған емес. Керісінше, өзінің таным-түсінігі мен жанының рухани-шығармашыл бай болуына сай керемет-керемет музыкалық тұлғасы сомдалған шедеврлер тудырған. Оны өзімізден бұрын шетел зерттеушілері аңғарып, жоғары бағасын берген. Қазір ше? Көпке топырақ шашпай-ақ қояйық, бірлі жарымды ұлттық рухани мәдениетіне жарып, оның музыкалық санасын өз заманына сай жалғай алатын талантты тұлғаларды атамағанның өзінде, бүгінгі қазақ сахнасын ән шығарғысы келетін арманы бар, бірақ құдай берген таланты оған жетпей, соның салдарынан әннен көрі сананың түкпірінде бала кезде құлақта қалған «дыбыстар жиынтығын» қорытып қайта шығаратын әуесқойлар кезіп жүр. Олардың мақсаты – қазақ әнін заманауи шығармашылық санада байыту емес, бір қарынның қамы, яғни, ақша тауып атақты болу, жалт-жұлт еткен сахнада көппен бірге шаң көтеріп жүру. Қылықтары өте аянышты, бірақ бүгін соған қазақ тыңдаушысының құлағы үйренді.

– Соңғы жылдарда қаптап кеткен «жұлдыздар» легі ылғи «кездейсоқтар» емес пе деп қаласың. Бірақ олар халық қалаулысы ретінде жарнамаланып, талантына бас иген адамдар сұхбаттасып жатады. Осы «жұлдыздарға» халық әнін айту бір жауапсыздық пен «не істесем де өзім білем» деген оңай шаруа көрінетін сықылды. Олар халық әнінің, сал-серілердің дәстүрлі шығармаларына жекеменшік дүниесіндей қарайды. Қуғыншысы жоқ әнді шетінен ал да, қалауыңша жарата бер. Қалыпты ырғаққа салынып биге лайықталып «түзетілген» әнді менжаңаша орындадым, айтылмай жүрген туындыны қайта жаңғырттым дейді...

– Иә, дәстүрлі әндердің өңделуі, орындалуында үлкен кемшіліктер бар. Қазақ әнінің жиі өзгермелі ырғағы, созылмалы буындары ескерілмей, қазақы санадан жұрдай әншілердің орындауында «жаңа сипатта» америкаландырылып жүр. Тіптен біреулер үшін халық әндерін Хьюстонша орындамаса, дәстүрлі музыкамыздың орны мұражай екен! Олардың айтуына қарағанда Балуан Шолақтың «Ғалиясы», Ыбырайдың «Гәккуі» автокөлікте отырып тыңдауға арналмаған, яғни, заманға лайық емес, оларды жақсы түсіну үшін киіз үйде отырып, қымыз ішіп тыңдау шарт екен. Бұл қайдан шыққан түсінік? Халық музыкасын жоғалтпай, радиодан жеткізудің неше түрлі формасын ойлап табуға болады. Меніңше, арнадан жіберілетін музыканы пайызға алып шаққанда төл мәдениетке тең жарымын арнау қажет. Бұдан төмендетпеу керек. Қалған пайызын әлем музыкасына, яғни еуропа академиялық музыкасы, түркітілдес этностар музыкасына, орыс, т.б. заманауи музыкаға беруге болады.

Әрине, бірыңғай дәстүрлі әндерден немесе күйлерден концерт тыңдап отыратын адам аздау, уақыт та жетпейді. Бұл жанрды тыңдарманға ұсынудың, сауатты, ойластырылған форматын жасауға болады. Ол мамандармен бірге дайындықты талап етеді.

– Соңғы онжылдықта көптеген этно топтар, еуропалық аспаптармен қосылған ансамбльдер шет елдер қызығушылығын оятып отыр. Осы бағыттағы музыканттарға көзқарасың?

– Шоу бизнестің өзі даңғыраны талап етеді. Ұлы күйшілердің туындыларын, ұлтымыздың қобыз, домбырасында ойнап шет елге қазақты танытып жүрміз деп айтып жүрміз. Еш қарсылығым жоқ. Олардың ниеті түзу. Ал осы домбыра мен күйімізді өзіміз қаншалықты танып, түсініп жүрміз? Ұлттық күйіміз шет елдіктерге экзотика, олар күйді дәл қазақ секілді түсініп, қазақтай бағалап, ардақтай алмайды ғой. Ол ең бірінші өзіміздің рухани азығымыз екенін білейік. Оны өлтірмеу үшін әуелі бүгінгі ұрпақтың сұранысы, қажеттілігі болуы керек. Бұрын орындаушы мен тыңдарман арасында байланыс болса, қазір ол үзіліп қалды. Осыны қайта орнықтыру үшін мемлекет тарапынан бірыңғай музыкалық білім жүйесі қажет. Ең бастысы, негізгі басымдық дәстүрлі музыкаға беріліп, ол бала бақшадан басталуы шарт деп ойлаймын.

– Әр хабарың дәстүр негізінде туған патриоттық рухтағы «Менің Қазақстаным» (Ш.Қалдаяқов), «Атамекен» (Е.Хасанғалиев), «Отан ана» (Қ.Шілдебаев), «Әлия» (С.Байтереков), «Құс жолы», «Заман-ай» (Т.Мұхамеджанов), «Сәлем, саған, туған ел», «Домбыра туралы баллада» (К.Дүйсекеев), т.б. шығармаларына арналған. Бұндай хабар жасауға не түрткі болды?

– Бұл идея музыка зерттеу мамандығы бойынша дипломдық жұмысымнан басталды. Дәстүрлі әнде оқығандықтан болар бұрын эстрадаға бүйрегім бұрмайтын. Ұстазым ғалым Р.Несіпбай отандық музыкатану саласында арнайы зерттелмеген тақырыпқа бет бұруға бағыт берді. Өйткені көпшілік музыкалық мәдениет бүгінгі таңда заманауи музыкалық мәдениеттің ажырағысыз бөлігі, ерекше атрибуты болып болып табылады. Сонымен қатар, көпшілік музыканың қазіргі жаһандануына назар аудармауға болмайтын еді. Ол бүгінгі таңда ақпарат кеңістігін жайлаған саясаттың мәдени көркем құралы. Оның ұлт болашағы проблемасында үлкен рөл атқаратынын сезіп, көпшілік әндердегі ұлттық музыканың орны қандай деген проблеманы қарастырдым. Жалпы отансүйгіштік әндерге мен осы кезде мойын бұрып, ғылыми негізіне үңілдім. Кез-келген адамға жақын, жеңіл қабылданатын эстрада әндері бірнеше музыканттың біріккен шығармашылығынан тұрады. Жалпы дыбыс инженериясы, дыбыс индустриясы бар саладағы ән (композитор), мәтін (ақын), орындаушы, аранжировка жасаушы және т.б. арасындағы композитор қызметіне тоқталдым.

Дәстүрдің иісі аңқыған әндерді сараптағанда олардың авторлары болып Ш.Қалдаяқов, Н.Тілендиев, К.Дүйсекеев, А.Қоразбаев, Т.Шапай, Т.Рахым т.б. сазгерлер шыға келді. Дәстүр мен композитор байланысының моделін жасадым. Сонда түсінгенім, дәстүрге сазгерлер көзқарасын сырттан және іштен деп бөлуге болады екен. Яғни, сырттан көзқарас дегеніміз – халық туындысына материал ретінде қарап өз туындысының белгілі бір тұсына ғана пайдалану. Мұндай әннің бойында ұлттық саз элементтерін естисің.

– Дәстүрге іштен көзқарас деген топқа кімдер жатады?

– Дәстүрге іштен көзқарастағы композиторлар дәстүрмен өмір сүретін тұлғалар. Олардың бірқатары табиғи талантын кәсіби біліммен ұштастырып, ұлттық нақышты қолынан келгенінше қамтыса, екіншілері дәстүрлі музыканың әдіс-тәсілдерін ойламай-ақ шығармасын ұлттық бояумен үндестікте жазады. Мысалы, А.Қоразбаев әндерін алсақ, сазгер халықтық дәстүр ізімен жиырма бес тақырыбын, туған жер, амандасу, қара өлең, жоқтау тақырыптарын қамтыған. Автопортрет ән тек осы сазгерде ғана кездеседі. Тынышбай Рахым шығармашылығын сөз етсек, ол композитор болайын, қазақ әнінің музыкалық тіліндегі ерекшеліктерді пайдаланайын деп ойламай-ақ бірнеше тамаша әндер жазды.

– Дәстүрлі ән мен музыка зерттеу мамандығын қатар игердің. Мұндай мамандық иелері әсіресе қазіргі қоғамымызға керек-ақ. Сенің халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып олжалы оралған кезің есімізде, бірақ домбырадан гөрі музыкатану жағына басым көңіл бөліп жүрсің. Орындаушылықтан қол үзіп кеткен жоқсың ба?

– Оқу жылдарымда жақсы ұстаздардан тәлім алдым. Консерваторияда дәстүрлі әнді С.Жанпейісовадан бастап, А.Исатаевада жалғастырып, Қазақ ұлттық музыка академиясында Е.Сариннен бітірдім. Уақыт тапшылығына қарамастан домбырадан қол үзбеймін. Баянмен, фортепианода өзімді сүйемелдеуді шыңдап жүрмін. Арқа класында оқысам да Жетісудың қызы болғандықтан бұл дәстүрді де игердім, аздап батыс өлкесінің әндерін де орындаймын. Осы мектептерді меңгеру, әнді өзіңнен өткізу маған ұлттық дүниелердің бүгінгі заман шығармаларымен байланысын қарастыруда көп көмектесті. Яғни, сен нотаға ғана қарап талдаумен шектелмейсің. Зерттеу, насихаттау жаныма жақын.

– Музыкалық-сараптамалық бағдарламалар жасауда нені көздейсің?

– Осы шаңыраққа шақырту алып келген уақытта музыкалық редакцияда сауықтық форматтағы хабарлар басым болды. Қай кезде де ұзақ жылдар шығармашылық ізденіспен жүріп өзін насихаттауды ұят санайтын салмақты жанрлардағы кәсіби музыканттардан гөрі, студияда «жонылып» жасалған фонограмма арқылы тез танымалдық алып, «жұлдыз» болып үлгеретін эстрада әншілеріне көңіл көп бөлініп тұрды ғой. Көпке топырақ шаша алмаймын, бірақ сахнада өзін көрсетуді ғана мақсат тұтып, орындап тұрған шығармасының көркемдік дәрежесіне өресі жетпейтін әншісымақтар өте көп екені өкінішті. Олар сын көтермейтін шығармаларды орындайды. Қош, сонымен, кеңес дәуіріндегі орыс музыкасының насихаты қанша мықты болса да ұлттық иммунитеті мықты өнер майталмандары ол тығырықтан да керемет жол тауып шыға білді. Соның арқасында қазақ алғаш рет дәстүрінде жоқ эстрада деген жанрды игеріп, ұлттық эстрадамызды қалыптастыра білді. 50-жылдары халық назарына ұсынылған алғашқы эстрадалық әндер 80-жылдары ұлттық эстрадалық стиль, сана қалыптастырды. Ал 90-жылдар кеңестік кезеңдегі шектеулердің жойылуына байланысты батыс әуендеріне терезе ашылды. Енді батысқа еліктейтін болдық. Еліктегенде кәсіби тұрғыдан елеп, екшеп емес, тура сол күйімен көшіріп алатын әдет шығардық. Әрине, қазаққа «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» батыс әуенінің ұлттық әндегі өлеңдік құрылым мен ұлттық музыкалық тілге кері әсерін тигізуі, сол арқылы ұлттық музыкалық сананы тоқырауға алып келуі заңды құбылыс. Сол кезеңде «егілген батыстық музыкалық сана» бүгін мәуесін беріп тұр. Яғни, ақпарат құралдарына келетін әндер дені қазақы танымға жақындамақ тұрмақ, есігінен сығаламайтын еді. Естіп отырып, аза бойың қаза болады. Қайтпек керек? Ондай әндерді бұл радиотолқыннан шығармасаң, басқа бір коммерциялық бағыттағы арналардан жібереді. Яғни, бәрібір жол тауып халықтың құлағына жетеді. Демек, эфирден тосқауыл қою – тығырықтан шығарар жол емес. Сондықтан да әнсүйер (любитель) сазгерге ой салатындай, ғылыми негізі бар сараптамалық хабар дайындай бастадым. Хабарда дәстүр ізімен шыққан заманауи әннің ерекшелігін, ұлттық интонациялық қормен сабақтастығын мамандар аузымен қарапайым тілде жете түсіндіруге тырыстым.

Қай сазгер өз әнінің танымал, әрі өмірі ұзақ болуын қаламайды? Қай қазақ Шәмшідей ән шығарғысы келмейді? Вальс королінің әндерінің өзгеше сипатын қарапайым адам бейсаналық тұрғыда қабылдайды, соған сай ол несімен өзіне ұнап тұр, неге оны ылғи айтқысы келетінін түсіндіре алмайды. Оған тек кәсіби мамандар ғана жауап бере алады ғой, сондықтан Шәмші, Нұрғиса, Әсет, Әбләхат, Ескендір, Кеңес ағаларымыздың әндерінің музыкалық-эстетикалық ерекшеліктері мен танымал болу сырларын мамандар аузымен жеткізуге тырыстым. Әр хабарда бүгінгі таңда ән шығаруға талаптанып жүрген әр қазаққа қажетті ақпаратты беріп, бағыт көрсетіп, ой салуға жұмыстандым.

– Қазір дәстүрлі музыкаға жаңа көзқарас бар. Егер әуе толқынынан жіберілу уақыты қысқарылса, қандай форматта жасар едің?

– Қазіргі заман адамдарының темпоритмі өзгеше. Біз өмір сүру салтымызда жылдамдыққа бейімделдік. Соған сәйкес, естіп, қабылдауымызға сай біздің әуе толқынынан ұсынатын хабарларымыз да қысқа да нақты, нұсқа болуы шарт. Бұл жерде мәселе оның уақыт өлшемінің қаншалықты екенінде емес, осы ұлттық рухани құндылықтарымызға құрмет пен оны насихаттаудағы ниетте болып отыр. Шынымен қаласақ, ән мен күй туралы бес немесе он минуттық форматта да хабар әзірлеуге болады.

– Тыңдармандарыңызға айтар тілегіңіз?

– Ән – біздің бүгінгі жастарымыз ойлағандай тек сауықтық фон емес, ол – халықтың рухани айнасы! Өткен ғасырдың басында отаршыл елдің француз, орыс революциялық әндерінің мәтіндерін қазақшаланып, халқымыздың қалыптасқан ұлттық музыкалық санасына сызат түсіру үшін «көпір» ретінде тілді пайдаланғанын білеміз. Бүгінде музыкалық санамызға өзгерту енгізуге бағытталған интонациялық шабуылдың екінші толқыны батыстық әндермен жасалып отыр. Қазақ тіліндегі әндердің әуені батыстық, шығыстық, шүршіттік, әйтеуір қазақы болмауына қарап шошисың. Яғни музыкалық санамыз тағы да тіл арқылы жойқын өзгеріске ұшырап отыр. Осы орайда, әр қазақ өз тіліне, ұлттық музыкалық мұрасына көздің қарашығындай қарап, санамызды улап жатқан «шет» әуендерге бейжай қарамаса екен.

– Әңгімеңе рахмет. Биіктерден көріне бер.

Орынды айтылған сынды «ауыр» қабылдамайтын, кәсіби жетілу үстіндегі журналист, бүгінгі қазақ эстрадасының ұлттық болмыстан ажырамай, оң бағытта дамуына аз да болса өз үлесін қосып келеді. Әр хабарда алға қойған мақсатынан ауытқымайтын Айнұр: «Ең бастысы, көпшілікке әндерін ұсынып жүрген өнерпаздарға шығармашылықта ескерілетін маңызды ақпаратты дер кезінде жеткізу», – дейді.