Ақ жауын
Секен Тұрысбеков

Бүгінгі сахнадағы ұлтымыздың дәстүрлі музыкасының насихатталу жайы мен тыңдарман талғамы туралы Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, белгілі әнші Сәуле Жанпейісова пікір алмасты.

– Сіз өнерге қадам жасаған 25 жыл бұрынғы тыңдарман мен бүгінгі тыңдарманның айырмасы бар ма?

– Сонау сексенінші, тоқсаныншы жылдары, халықтың жаппай дәстүрлі әншілік, күйшілік, жыршылық, айтыс өнеріне деген ықыласы ерекше болатын. Сахнаға бір ән айтып шыққанда өзіңнің өнеріңнің елге рухани қажеттілік екенін сезіп, бір рахаттанып қалатынбыз. Бұл алға ұмтылуға, ізденуге күш беретін. Қазір музыканттар жан-жақты қолдауға мұқтаж. Бұл үлкен проблема.

1985 жылы Ашхабад маңындағы қазақтарға концерттік сапармен барғаным әлі есімде. Сахнаға шығып термемді бастағаным сол еді, менің «әй!» деп басталатын қаратпа интонацияма залдың қосылып кеткені! Биік нотамен айтылатын дыбысымды көрерменнің түгелдей дерлік дөп түсіп қайталауы таң қалдырды. Осындай өнерге деген ыстық ықыласты, әр сәтті қалт жібермейтін тыңдарманды Қытай жеріндегі қандастарымызға іс-сапармен барғанда көрдім. 2007 жылы Үрімшіде консерватория ұстаздары мен студенттердің ұлт аспаптар оркестрі концерт қойдық. Маған үлкен әсер қалдырғаны, тыңдарманның қазақ әндеріндегі орындаушының дауыс шеберлігін көрсетіп, мүмкіндігін байқататын сәттерді нақ тауып, дауысыңды қоштап «әй!» деп ду ете түсуі, олардың жаппай бір кісідей демдерін ішіне алып отырып тыңдауы еді.

– Бүгінгі батыс-еуропалық, жалпы сырттан келген музыкалық ағымдарға еліктеген жастарымызды көріп дәстүрлі өнеріміздің болашағы қандай болады деген көкейкесті сауал туындайды. Өнердің өміршеңдігіне тікелей әсер ететін оның тыңдаушысы емес пе?

Тыңдарман тәрбиешісі бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары. Бұрындары еліміздің музыка қайраткерлерінің концерттері телеарналардан жиі көрсетілетін. Қазір арнайы телебағдарламаны да («Сегіз қырлы» ғана бар), кештердің түсіріліп жатқанын да сирек көреміз. Бұл өнер өлмегенде қайтеді? Бүгінде қаншама жастарымыз жүр, олардың басым көпшілігі көріне алмайды. Теледидардан кім көрінеді, халық соны біліп, шақырып құрметтеп жатады. Әрине, кім көзге көп түседі, сол талантты деген жарнамалық жалған түсініктен аулақпын. Кейде қызық оқиғаларға кездесіп жатамыз... Бір-екі жыл бұрын бір тойда ән айтып едім, бір шенеулік келіп: «Дауысың жақсы екен, болашағың бар» дегені. Мен күліп: «Иә, менің болашағым алда», – дедім. Бұл дәстүрлі әншілікке насихаттың жоқ екенін көрсететін жәйттің бірі ғана.

– Соңғы жылдары дәстүрлі халық музыка театрын ашу туралы айтып келе жатқан ұсынысыңыз өнер жанашырларының көкейінде жүр деп ойлаймын.

– «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген нақыл сөзді бүгінгі өнерпаздарымыздың қоғамдағы жай-күйіне қатысты айтуға болады. Өнер ұжымдарын біріктіріп, дәстүрлі музыканың шаңырағын жасау қажет. Халық ұлттық ән-күй, жыр өнерін қайда барып тамашалау керек екенін білмейді. Мол рухани мұраға ие еліміздің бірде-бір арнайы өнер көрсететін Сарайы жоқ, залдардың бәрі сатулы. Үлкен театрлар, сахналар белгілі бір мекеменің меншігінде. Киелі өнерге сұраныс бар кезде қолдау қажет. Уақытынан кеш қалсақ, өнеріміз жетім баладай күн кешетін түрі бар. Әсіресе, жас таланттар тығырықта. Одан шығу жолында әркім әртүрлі бағытта ізденіп тірлік жасауда. Оларға ел алдына шығу үшін мемлекет тарапынан бірқатар кешенді бағдарламалар, жүйелі шешімдер қажет-ақ. Онымен айналысатын арнайы орталықтар ашылып бұл мәселелер жолға қойылуынан үміттеміз.

– Мемлекеттік айтулы мерекелерде өтетін концерттік бағдарламаларға көзқарасыңыз қандай? Ұлттық дүниелер өз дәрежесінде беріліп жүр ме?

Менің ойымша, өнерді саясатқа айналдырмау керек, ұлттық мүдде бірінші орында тұруы тиіс. Өкініштісі, концерттік бағдарламалардан қатып қалған қалыптан әлі шыға алмай келе жатқанымызды көремін. Екінші бір жағдай, сахнадағы орындаушыда бір екпін (темп) қуалайтын асығушылық пайда болды. Яғни, неғұрлым тез ойналса соғұрлым эффектно болады деген түсінік бар. «Қыз қуу сияқты» бір концерттер болып жатыр. Әрі кетсе ұзақтығы 4-5 минутқа созылатын күйді, 3-4 минут шырқалатын әнді «қысқартып» қуып, музыкантты да қоса қуады.

Бір әнді біреуі бастап, екіншісі іліп, үшіншісі жалғастырып әйтеуір жұлмалап бітіреді. Көз алдыңа көкпарды елестетіп, әні мен күйін бір-бірінен ала қашады. Әннің көкпарға түскен заманы болып тұр. Неге, қайда асығатынын түсінбеймін. Еуропалық академиялық музыка туындыларына тиіспейміз, ал бағдарламаның аз уақытын ғана алып тұрған қазақ музыкасын асықтырамыз.

– Жалпы Еуропа академиялық музыкасына, басқа елдің ұлттық музыкасына қазақстандық көрерменнің зейіні қандай? Ондай дүниелер қалай қабылдануда?

–Басқа елдердің қойып жатқан концерттерін де тыңдап келеміз. Мысалы, былтыр корей халқының Абай атындағы опера және балет театры сахнасында қойған концертін дүйім жұрт тамашалады. Таза ұлттық дүниелерін алып келген, әр әні, әр биі сондай әсем, екпін /темп/ қуалап жатқан ештеңесі жоқ. Музыкасымен шығыс мәдениетін, ұлттың жанын, болмысын, мінездерін көрсете білді, биік деңгейде өтті. Сонда залдағы жастарымыз, бүгінгі көрермен керемет мәдениеттің үлгісін танытты. Яғни, қай бағытта болмасын саф өнерді бағалай алатын тыңдарманымыз бар, бірақ солардың көңілінен шығатындай концерттеріміз аз, ұйымдастырушылық жағы төмен. Сондықтан тыңдарманның биік деңгейде көріне алмай жатқаны концерт (насихат) деңгейінің төмендігінен деп есептеймін.

Соңғы жылдары орта мектептің «Музыка» пәні оқулығын (1-6 сыныптар) қолыма алып көптеген олқылықтарға тап болдым. Алғашқы алған мамандығым музыка пәнінің оқытушысы деген кәсіп болатын. Сондықтан маман ретінде айтсам, музыка бағдарламасының игерілуіндегі олқылықтарды былай қойғанда қазақтың ауызекі кәсіби музыканттары әндерінің (күй, жыр) бала жасына, дауыс мүмкіншілігіне, музыкалық ойжосығына сай таңдалмағандығы айқын көрінеді. Төртінші сыныптың оқулығында /орыс тілінде/ Татар музыкасы деген тақырыпшаға қазақ совет композиторы Латиф Хамиди мен оның «Қазақ вальсі» еніпті... Мұндай жәйттерге не айтар едіңіз?

– Республикалық эстрада-цирк студиясын бітірген соң 1986-1991 жылдарда туған жерім Сарысу ауданы бұрынғы К.Маркс қазіргі Д.Сенбин атындағы орта мектепте музыка пәнінен сабақ бердім. Жас маман болған соң беріліп жұмыс жасадым. Оқушыларды әртіс қылып жібере жаздағаныма қарап қазір көп ойланамын. Сол кезден бастап қазір үлкен республикалық сахнада жүрген Айгүл Мақашова, Ардақ Исатаева, Айнұр Абайқызы секілді шәкірттерім өнерге бет бұрып, қызығушылықтары оянды. Осы жылдары түсінгенім, мектепте математика, физика сияқты пәндерге баса назар аударылып, музыка сабағына екінші кезекте мән берілді, тіпті бұл саладаға маманның жетіспегеніне қынжылысты да көрмедім, өйткені, кез-келген пән мұғалімі әннен сабақ өткізе салатын. Бұған проблема деп те ешкім қараған жоқ. Қазірге дейін кездесетін бағдарламалардағы кемшіліктер мен оқулықтардағы олқылықтар осы жағдайдың әлі өзгермегендігінен хабар береді.

– Бұл бағытта жұмыс жасап жатқан қандай бағдарламаны қолдайсыз?

– Абдулхамит Райымбергеновтың басшылығымен жасалған «Мұрагер» бағдарламасының орны бөлек. Ол дәстүрлі музыканы тыңдайтын, құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу ісін күн ілгері түсініп, дер кезінде қадам жасады. Бір мектептің оқушыларынан түгел домбырашы жасау, нағыз тыңдармандарды тәрбиелеу ісі жолға қойылған, осы мақсатта тер төгуде. Осындай бағдарламаларға мемлекет тарапынан қолдау берілсе деймін. Өйткені, бұрынғы жолмен, ескі қалыппен жүруге заман өзгерді; ұлттық менталитетке, ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып бейімделсек қана тұйықтан шығар жол таба алармыз деген ойдамын.
– Ой бөліскеніңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілеймін.

1. Сұхбат «Түркістан» газетінде (№ 39, 30.09.2010. – 6-бетте) жарияланды.