Нартай сырнайының мұрагері 1
Сырнаймен ән салып жүрген Клара дәстүрлі музыка өкілдерінің арасындағы орны бөлек жанның бірі. Талай өнер додаларында жүлдегер атанған Клара Төленбаева бүгінде ҚР Президент оркестрінің жетекші әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Соңғы уақытта эстрадаға бет бұра бастаған кәсіби орындаушы: «Өнер – өсіп, өркендеу керек, заманауи сұранысқа сай сауатты түрде өзгеріске түсуді қажетсінеді», – дейді.
Дәстүрлі орындаушылықтың кәсіби өкілі Клара Мүфтиқызы 1993 жылы Ақсуат орта мектебін алтын медальға бітіреді. Екінші сыныптан бастап сахнаға ән айтып шыға бастаған оқушы болашақта ұлтымыздың талай талантты өнерпаздарына кез болатынын, олардың батасын алып, тәлім-тәрбиесін көретінін білген де жоқ. Ол алғашында Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы Педагогика колледжін қызыл дипломмен аяқтайды. Осы жылдары Шәкәрім әндерінің білгірі Келденбай Өлмесековтен Абай мен Шәкәрім әндерін, т.б. шығармаларды үйреніп, облыстық конкурстарда лауреат болады. Сонымен қатар қалада әйгілі әнші Мәдениет Ешекеевтен сабақ алудың сәті түседі. Домбырасымен, баянымен шырқаған Клараны тыңдаған М.Ешекеев оған батасын беріп, «консерваторияға бар, көптің бірі болып қалып қойма, өнеріңді ұшта» деп бағыт көрсетеді.
Жас орындаушыға өзінің алғашқы концертін беру мүмкіндігі 1996 жылы колледжді бітірген кезде туады. Бұл уақытта оның репертуары біраз тың дүниелермен толыққан еді. Бұл концертте ол «Арман-ай», «Дархан-ай», «Ай қараңғы, кеш жарық», «Айқаракөз» секілді халықтық әндерді, Абайдың «Өлсем орным қара жер», «Көзімнің қарасы» туындыларын, Біржанның «Жалғыз арша», «Айбозым», Ақан серінің «Майда қоңыр» шығармаларын домбырамен, баянмен, халық аспаптар оркестрінің сүймелімен орындайды.
Арманы алға жетелеген Клараға 1996-2001 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бекболат Тілеуханның класында оқу бұйырып, мұнда бойындағы дарынының бір қырын ашып, әрі қарай дамытып, үлкен өнерге қадамын бастайды. Ол консерваторияға барған жылы халық әні бөліміне қырықтан астам талапкер бағын сынай келеді. Болашақ ұстазының: «араларыңда сырнаймен, қобызбен ән салатындарың бар ма?» деп осы аспаптарға мән беруі, баянмен ән салып жүрген Клараны басқа жастардан ерекшелейді. Сөйтіп, негізгі курсқа түсуге мүмкіндігі болса да теориялық пәндердің қатаң талабына орай ол дайындық курсына қабылданады. Айта кететін жәйт, осы жылы бірінші курсқа бүгінде көрермен көзайымына айналған Қарақат Әбділдина, Абзал Қуанышұлы, Саян Мұхамедияров, Гүлмира Темірбекова, Ақмарал Әбітаевалар, Клараның өнерде де, өмірде де серігі Медет Салықов түседі.
Б.Тілеуханның класында домбыра мен сырнайды қатар меңгерген жас өнерпаздың сырнаймен ән салуы оқытушыларға да студенттерге де жаңалық болады. Клара консерваторияда сырнай аспабын меңгеру аса қиындық туғызбайды. Өйткені, аудандық балалар музыка мектебінде (сырнай тектес) баян аспабында оқып үйренген болатын. Консерваторияда ол тұңғыш сырнаймен орындаушы дәстүрлі әнші болып оқыды. «Бастапқыда баян аспабында ойнап жүрдім, 1997 жылдары ұстазым Б.Тілеухан баянның тембрі құлаққа жатпайды деп, он екі тілді сырнай әкеп берді. Көптеген ізденістердің арқасында сырнайды ақырындап меңгере бастадым. Сырнайдың ерекшелігі – дыбысты үзбей дауысты сырнай тембріне қарай бағыттау қажет екен. Дауысың мен сырнай тембрі үндесіпқабысқанда ғана керемет нәрсе шығады. Сырнаймен ән салғанда дауысыңның ашық дыбысталуы маңызды. Студенттік жылдарымда менің кәсіби жетіліп, өсуіме ұстаздың жеке мұрағатынан сырнаймен орындалған көптеген қарақалпақ, түркітілдес этнос музыканттарыныңшығармашылықтарын аудио, бейнетаспадан тыңдатуы зор көмектесті. Мен Нартайдың мұрасын ән тектес етіп орындағанда ұстазым Бекболат ағай: «Нартай өзінше бөлек тұлға, оның мұрасын ән мен терме ортасында бөлек қып беру керек», – деп ескертетін. Дауысты сырнайға бағыттағанда дыбысты таңдайға әкеп, мұрын мен таңдайдың арасындағы тұсқа сал дейтін».
Консерваторияда ұстазы Б.Тілеуханның домбырамен үйреткен әндерін әрдайым он екі тілді сырнайға лайықтап отырады. Шәкіртін қайта-қайта тыңдап түзеткенде ағайы дауыс техникасымен қоса, әсіресе сүйемелдеуші аспаптың интервалдық үндестігіне жете мән беретін. Яғни, үйреншікті терция, секста интервалдары ұлттық саз бояуына тән болмағандықтан қазақтың домбыра күйлеріндегі кварта, квинта интервалдарын жиі қолдануды кеңес ететін.
Музыка тарихымызға көз жіберсек, халық таланттарының арасында Тайжан ақын, Нартай Бекежанов және Майра Уәлиқызы сырнаймен ән салған. Олардың мұралары бір-біріне ұқсамайтын әншілік мәнерде орындалады. Бұны бір сөзбен әнші былай сипаттап берді: «Менің репертуарымда Нартай туындылары, Майраның «Майра», «Бақша», «Толқыма» сияқты биік әндері бар. Кәсіби әнші ретінде айтар болсам, Майра әні қаншалықты биік болса да орындауыма жеңіл, арқаның қызы болғасын шығар, жаныма жақын. Ал Нартай әні өте биік боп естілгенімен орындалу регистрі екі аралықта, дыбысталу техникасы күрделірек әрі дәстүрлі мәнерде орындалуы өте қиын. Екі тұлға мұрасы екі бөлек дүние».
Ал сахнада осы халық таланттарының шығармасын қатар орындайтын кездердегі сезінетін орындаушылық қиындықтарды кәсіби маман ғана жете түсінеді десек қателеспейміз. Өйткені, оны айту басқа, өзіңнен өткізу бір басқа. Концертке шақырушы әрдайым бұл ерекшеліктерді ескере бермейді, бәлкім, сырнаймен ән орындаушылық кең таралмағандықтан болар. Сондықтан шақырылған кештерде осы екі халық композиторының әндерін қатар алып жүру қиындау соғады. Мұндай сұраныстар жиі түсетіндіктен Клара дауыс аппаратын біраз жылдар бойы баптап, бейімдей білді. «Екі түрлі мектеп мәнерін сырнаймен қостап тұрған соң сенің сезінгеніңді сырт көз біле алмайды. Майраның әнінен кейін дауыс аппаратыңды бірден Нартайға бұру оңайға түспейді. Майраның биік әндерінен кейін ақырындап барып, яғни арасында созылыңқы, ойлы, салмақты болып келетін, дауыс аппаратыңа аз да болса демалыс беретін Абай әндерін қойып барып Нартай туындыларын орындауға көшемін» дейді Клара.
Клараның дарынды халық ақыны, әнші Нартай Бекежановтың сырнайына мұрагер болуы да кездейсоқ емес секілді. Бұл аспап мұражайда тұрып қалмай, әншімен бірге талай алыс шетелдерге сапар шекті... Бұл сырнайды Нартайдың шәкірті саналатын Қ.Бексейітов деген музыкант ағасы өз қолынан табыстапты.
Алматыда өткен дәстүрлі музыка фестиваліне (1999) Қызылордадан арнайы келген Құрманбек Бексейітов сол кезеңде Нартай мұрасын насихаттап жүрген шәкірттерінің бірі еді. Онымен кездесу сәтін әнші былай еске алады: «Құрманбек ағаның үні, құйқылжытып 12 тілді сырнаймен сүйемелдеуі, сахнадағы жүріс-тұрысы әлі күнге дейін көз алдымда қалып қойды. Концерттен соң «Қазақстан» қонақ үйіне тоқтаған музыкантты іздеп барып таныстым. Әңгімелесіп отырып бұрын-соңды естімеген Сыр бойы әндерін, Нартай әндерінің тың варианттарын жазып алдым. Аға қолқалағасын баяныммен бір-екі ән орындадым. Ол кісі ризашылығын білдірді. Қолындағы көненің көзі ескі аспабын алып бір сәт ойланып қалды. Сонан соң: «Бұл Нартайдың сырнайы, құтты сырнай маған мұра боп келді. Бүгіннен бастап сенікі болсын. Өнерің өрге самғасын», – деді. Қаңқылдаған кәдімгі Нартайдың сырнайы! Сенер-сенбесімді білмей аңтарылып қалдым. Сол кезде Құрманбек аға сырнайымен:
Төгілші көмейімнен жырым шалқып,
Бойдағы қуатымды түгел сарқып.
Қиялдап қонақтаған өлең болса,
Көрейін осы бүгін аздау сарқып.
Отырған үлкен-кіші көңіл көріп,
Айтамын әсем жырды төгілдіріп.
Сырнайды қарындасқа тастап кеттім,
Шықсын деп бір сырнайшы ырым қылып.
Демеймін дос көңілді қас қыламын,
Әр уақытта байсалды қасқыр әнім.
Батам болсын мен саған берген мына,
Сырнайды аманат қып тапсырамын.
Қарама ескі екен деп формасына
Талайдың барып келген ордасына.
Сырнайыммен тілеймін шын жүректен,
Қарындастың айналсын деп жолдасына,
ахоу, игигига га гигай.
– деп өлеңін Нартайдың сазымен ағытып барып ұсынды. Бұл өмірімдегі ең бақытты күндердің бірі болды. Ол кісіні өнердегі ұстаздарымның бірі деп санаймын».
Қазіргі уақытта өз кәсібилігінің ұшталуына, заманының сахна талабына лайық Клараның қолында өзгеше үнді қызыл баяны қазақы оюларымен назар аудартады. Бұл аспап – Ресейдің Воронеж қаласында елімізден арнайы тапсырыспен жасалған тұңғыш баян. Бір қызығы, бұл аспаптың түрі, сыртқы формасы баян секілді болғанмен үні сырнайдікі.
«2003 жылы бір концертте сахнаға осы Нартай сырнайымен шыққанымда ұлт өнерінің жанашырының бірі Иманғали Тасмағамбетов ағамыз: «Клара, аспабың неге ескі?», – деп сұрады. Мен сасып қалып: «Дауысы жақсы», – дедім. Көп ұзамай ол кісі бір шеберге музыкалық аспапқа арнайы тапсырыс жасатты. Мастерге интернет арқылы сырнай тембрін жібердік. Қолыма тигенде дыбысталуы ойлағанымдай болып шықты. Бұған дейін концерттерге екі аспапты бірге арқалайтынмын. Бір әнімді баянмен, екіншісін сырнаймен сүйемелдеу үшін. Қазір екеуін қосқан бір аспапқа ие болдым, алып жүруге өте ыңғайлы» дейді музыкант. Әрі қарай «Он екі тілді сырнайда жарты тонға бөлуші клавиштер (диез, бемоль) жоқ. Яғни, кез-келген әнді сүйемелдеуге сырнай үйлесе бермейді. Ал баянның ондай дыбыстық мүмкіншілігі (клавиатурасы) болса да тембрі дәстүрлі әнші даусына келіңкіремейді. Жаңа аспабымның регистрі екі октава ғана. Осындай аспапқа ие болуға мүмкіндік жасаған өнерге шын жанашыр ағаларымыз аман болсын» деп ризашылығын білдірді.
Әп дегеннен дәстүрлі музыка шебері ретінде танымалдық алған өнер иесінің репертуар шеңбері соңғы жылдары эстрадалық өңдеудегі әндермен толыға бастады. Тыңдарман оның Арқа, Сыр өңірі, Жетісу, Батыс аймақтарының шығармаларын дәстүрлі орындауда шырқағанын естісе, енді бүгінгі заман композиторларының туындыларын орындап жетістіктерге жетіп жүр. Әсіресе, ұлттық арнада ұйымдастырылған «Кеш жарық» тележобасынан «Дәстүрлі әннің үздік орындаушысы» атанғаны әлі есімізде. Оның ән қоржынында Е.Хасанғалиевтің «Гүл сезім» әні, жолдасы Медеттің «Ән-дәурен» және «Ақ орамал», «Жібек сезім», «Күлімдесең болмай ма» әндері бар. Заманауи дүниелерді таңдауда ол алдымен кәсіби біліміне сүйенеді. Сонан соң отбасындағы «көркемдік кеңеске» ұсынып, өмірлік жары, «Аламан» тобының жетекшісі, бірнеше әндердің авторы Медеттің пікірін тыңдайды. Медет те кәсіби музыкант, екеуі консерваторияда бір класта, бір ұстаздан тәлім алған.
Бұл орайда Клара Мүфтиқызы төмендегідей пікірімен бөлісті. «Егер Манарбек, Жүсіпбек аталарымыздың заманында эстрада қазіргідей белең алып тұрған болса олар эстрадалық бағыттың жұлдызы болар еді деп ойлаймын. Қолымнан келіп тұрса неге көрмеске? Жалпы алғанда бұл қадамыма сұраныс жақсы болды, сосын тәуекел еттім. Эстраданы дәстүрлі өнермен қатар алып жүргім келеді. «Кеш жарық» жобасында алдымен кәсіби білімім көрінді деп ойлаймын. Көрерменге «егер дәстүрлі әнші болсаң эстараданы да айта беруге болады екен ғой» деген ой салғым келеді. Ал, о бастан оқусыз, эстрадамен шыққан болсам менің дәстүрлі әнді қазіргідей жеріне жеткізіп орындауым екіталай ғой. Сондықтан да жас жеткіншектер алдымен дәстүрлі әнге, жалпы музыканы сауатты оқуға ұмтылса екен».
Жалпы «Кеш, жарық» өнер үшін өзекті, қажетті, зейінді жасқа көп ой салатын жобалардың бірі деп бағалаған әнші Халықаралық Әміре Қашаубаев конкурсында бұлай толқымағанын айта келе, әнімді қалай айтамын деп емес, қандай сарапшыға кез болар екем деп мазасызданады. Музыканттың жеке басына жақсы пікірлер айтылғанмен, бұл жобаның кемшін тұстарын ол: «Мәселен, сарапшылыққа зейінді, парасатты, кәсіби мамандармен бірге «білгіштер» де қатысып жүрді. Олардың сауатты өнерпаздар төрелігіне қоса орындаушылардың сахнадан тыс өмірін әңгімелеуіне өз басым қарсымын. Осы жәйт болашақта ескерілсе екен деймін. Сондай-ақ біреуі әншіні келеке етіп күлсе, енді біреуі «мына әншіні танымайды екенмін» дейді, үшіншісі «Дүлдүлім» әнін «Бұлбұлым» деумен шатастырып отыр. Сын шын айтылып, сарапшылар дөп таңдалса бағдарлама одан сайын қызықты болар еді» деп көрсетті.
Шығармашылықпен қатар ұстаздық қызмет етіп келе жатқан Клара Мүфтиқызы он бір жыл бұрын Астанадағы Өнер университетінің «Халық әні» бөлімінде сырнай класын ашады. Адал еңбек жемісінің көрінісі деп ол шәкірттерінің әртүрлі сайыстарда лауреаттыққа ие болуын, Астана филармониясында әнші болуын, жалпы әр сипатта ұлт мәдениетінің өсуіне атсалысып жүргендігін айтады. Ең бастысы, республикалық, Халықаралық әртүрлі конкурстар талабына домбыра, қобызбен қатар сырнаймен ән айту өнері де енді. Бұған Клараның қосқан үлесі көп.
Өзінің студенттік жылдарын еске түсіріп, салыстыра саралағанда бүгінгі өскелең ұрпақтың бар ниетімен ізденбеуі, дайын нәрсені көп ойланбай қайталағысы келетіндігіне ұстаз ретінде көңілі толмайды. «Біз оқыған жылдары Қазбек деген жігіт қобызбен жырлады, Ерлан Шүкіманов арқаның өзіндік мәнері бар әншісі болды, семейлік Берік Омаровтың бүлкілдетіп орындауы тіптен бөлек еді, Нұржан Жанпейісов оқу орнына Дәнеш Рақышевтің көзіндей боп келді. Қосымжан Бабақовтың стилін ұстанатын әншілер болды. Яғни, біз бір-бірін қайталамайтын студенттер болдық, көптүрлілік өнерге қызығушылығымызды арттыра түсетін. Ал қазіргі студенттер қатып қалған бірдей қалыппен жүріп жатқан секілді. Мысалы, қыздарымыздың тембрі жағынан ұқсастығы, репертуары, домбыра қағысы, киімдері т.с.с. бәрі бір-бірінің көшірмесі сияқты көрінеді».
Талантымен талайды тәнті етіп жүрген Клара Төленбаева тыңдарманға ұсынатын әр әнді кәсіби мамандармен ақылдаса отырып репертуарына енгізеді. Ол ешқашан «өзім білемге» салып, ән тағдырына атүсті қараған емес. Шәкірттеріне туындылардың түпнұсқасын үйретеді, әрі қарай алып кетуді олардың шабытына, ізденісіне қалдырады.
Клара секілді сырнайлы әншінің орындауындағы дүниелер кез-келгеннің дауысына жата бермейді. Ол жеке тембріне, табиғи мінезіне, әннің шыққан топырағына сәйкес ізденістер жасай отырып интерпретациялайды. «Ән бойының иірімдеріндегі ізденістер, кейбір буындардың сәл-пәл созылуы әннің формасын ешқашан бұзбайды, қайта көркемдей түседі. Әлбетте бұл бағытта кәсіби мамандар пікірімен санасып отырамын. Ән – қатып қалған дүние емес, оған жүректі қосу керек. Бұдан әннің негізін өзгерту деген түсінік тумаса керек. Қазір 70-80-ші жылдардағы орындаушылықпен тыңдарманды баурай алмайсың. Өнер өсуікерек,сауаттытүрде өзгеріске түсуі керек. Ол әр кезеңнің дарынды музыканттары арқылы өсіп, өрлеп отырады», – дейді Клара.
1. Мақала «Егемен Қазақстан» газетіне (№ 231-235, 21.05.2012. – 7-б.) жарияланды. ↩