Көш керуен
Нүрғиса Тілендиев

2010 жылдың 6-9-желтоқсан аралығында Қазақтың мемлекеттік қуыршақ театрының 75-жылдығына арналған қуыршақ теарларының фестивалі ұйымдастырылып, Ресейдің «ОТРОЖЕНИЕ» қуыршақ теары, Жапонның «MUNDO NOVO POCO BUYO-DAN» театры және Балгарияның (Бургас қаласы) мемлекеттік қуыршақ театрлары қатыстырылып өнер додасында бас қосты. Бұл ұжымдардың өнерін тамашалаған бал-бөбектер мәз-мейрам болып тарқады. Балаларының күміс күлкісін естіген ата-ананың да мерейі өсіп ұзақ қол шапалақтады...

Ресейдің қуыршақ театры Ганс Християн Андерсеннің «Жабайы аққулар» («Дикие лебеди») мюзиклін алып келіпті. Бұл шығарма театр тарихында көп уақыттардан бері қойылып келе жатқандықтан осы аттас мультфильм мен кино-ертегісі бар екенін білеміз. Сондықтан да бұл оқиға балаларға өте таныс.

Зұлым да құдіретті күштің иесі Челио (Борис Чернышов) Ханшайым Элизаның бауырларын жабайы аққуларға айналдырып жіберетін оқиғамен басталған. Осы кезден бастап Элизаның көңіл-күйі төмен түсіп, жаны жабырқап сала береді. Қалақайдан тоқылған киімді кигізгенде ғана қарғыстың қайтатынын сәуегейден естігеннен бастап, ешкімге сыр ашпауға уәде берген Элиза  киім тоқуға кіріскен. Тіпті орман арасында қалақай теріп жүріп  Норборг қаласының королімен кездескенде де тіс жармаған Элиза жалмауыз кемпір деген атақ жамылса да сырын ешкімге ашпаған. Жалпы қойылымдағы қысқаша оқиға осындай. <

Ертегі басталғанда Итальяндық халықтық кейіпкерлер Труффальдино мен Арлекино болып киінген екі актер қуыршақтарды қимыл қозғалысқа келтірген. Қандай труппаның өнерін тамашаласақ та олардан үлкен жаңалықтар күтетініміз белгілі. Ал өнердің нық орын тепкен қайнары саналатын Москвалықтардың қойылымынан асқан жаңалықтар мен ізденістерді байқай алмағанымыз өкінішті. Қуыршақтардың қимыл-қозғалысында да анау айтқан ізденістерді көзіміз шалған жоқ. Бұрынғы сол ескі сүрлеу, іш пыстыратын көп сөзділікпен бірге сылбырлық басыңқы. Киім киістер мен  қуыршақтардың техникалық жасалуында ерекшеліктер болған жоқ.

Қайсы театрды алып қарасаңыз да фонограмманы пайдаланбай өздерінің үнімен жазылған дайын әуенмен ән шырқағаны қуантты. Соңғы кезде белең алып бара жатқан жазылған дайын музыканы пайдалану және микрофондардың жаңғырған өлі дыбыстары мезі еткенін бәріміз де білеміз. Актердің таза демі мен қынжылыстарын білдіретін табиғи дауысқа не жетеді. Осылай бола берсе өнерпаздар өздерінің табиғи дауыстарынан айырылып қалмай ма? «Театр – тірі организм» деген қағидаға нұқсан келмей ме дегендей күдікті сұрақтың кәсіби мамандарды алаңдатып жүргені тағы да шындық.

Сонымен, Жапон халқы біздің санамызда табиғатынан жан-жақты дамыған ерекше сезімді, ізденімпаз жандар ретінде қалыптасқан. Бұл жолы да Жапондар үмітімізді ақтады. Спектакль бастала салғаннан-ақ актерлер көрерменді өздерінің ерекше өнерімен баурап алды. Спектакль басындағы көңіл-күй, шат-шадыман қойылымның соңына дейін толастаған жоқ. Бейне бір қуыршақтардың көш керуенінің мерекелік шеруі өтіп жатқандай көңіл-күйде боласыз. Өзіңіз көз алдыңызға елестетіңізші, елуден астам қуыршақ әркімнің өзінің дөңгелекті арбаларына қонақтап жапырлай мініп салтанатты түрде сап түзеп келеді. Әрине керуеннің алдында әлем-жәлем ерекше киінген актер әлгі көп қуыршақтың арбасымен қоса сүйреп келе жатыр. Актер дегеніміз бес аспап. Ол сөйлеп те келеді, аузындағы үрмелі музыкалық аспапты тартып әрі аяғын ерекше басқанның арқасында барабанның дыбысын шығаруда, тағы да қолындағы гитарасын тартып үлгіріп жатыр. Тағы да қуыршақтарды ойнатып та жатыр. Музыка, табиғи үн, әуен, техникалық музыка пайдаланылмаған. Тек екі ғана актер осы кішкентай сахнаны той-думанға айналдырып бара жатыр. Актрисаның қолында барабан аузында қазақтың үскірік немесе уілдектеріне ұқсас үрмелі аспапта қатар ойнап тұр. Арғысы әрине қуыршақтарды қимылға келтіруде көп еңбек сіңіріп тұр.

Қуыршақ театрының ең қажетті асыл дүниесі – қуыршақтар. Актерге жүктелген міндет те сол жансыз қуыршаққа тіл бітіру, әрі аузына сөз салу. Бұл қойылымның қуыршақтары шеберлікпен жасалған. Және біз әрдайым көріп жүрген қуыршақтардан ерекше. Әрбір қуыршақтың астында айналмалы дөңгелектер орнатылған. Бастары мен қол аяқтары үнемі үздіксіз қозғалыста тұратын мұндай қуыршақтар балалардың назарын еріксіз өзіне қаратады. Олар биіктігі 30-40 см-ден бастап 10 см болатын ірілі-ұсақты сүйкімді қуыршақтар. Қылықтары тәтті-ақ, бет әлпеттері күлкілі.

Ортаға үйдің нобайы тәріздес ширма орналасқан. Шатырға өрмелемек болған қуыршақ қайта-қайта әуреленсе де сырғанап ысырылып түседі. Мұнысына қынжылып жылап жіберген баласын анасы басынан сипап жұбатқан. Осындай қиын сәтте қасына төрт қоңыз достары келгені, олардың қимыл-қозғалыстары қызықты. Осындай қысқа-қысқа қарапайым оқиғаларда көптеген оң мағына бар. Осындай бір кезекте бір актер сегіз қуыршақты бірдей қозғалысқа келтіруі тамаша ғой. Бұл театрдың өнері әрине біздің қазақ қуыршақ театрының мамандарына үлкен сабақ болған сияқты.

Қойылым жеке-жеке атауы бар қысқа-қысқа көріністерден тұрады. Олардың «Японские жанглирование», «Самурай», «Цирк», «Ходба по канату», «Бокс» деген атауларына мән берсеңіз Жапон халқының ұлттық мүддесі жоғары қойылып тұр. Олар тіпті әлемге әйгілі болған бамбук ағашынан жасалған шатырларын да әспеттеп орынды пайдаланған. Шатырды актриса айналдырғанда қуыршақ жүгіре бастайды. Одан жанына тағы бір қуыршақ қосылғанда олар бірін-бірі асқан жылдамдықпен қуа жөнелгенде арқаңыз қозып отырады. Бұл оқиға біткен соң жіптерден әп сәтте «ринг» құрыла қалады да Жапон елінен қуыршақ жолбарыс, ал Ресей елінен қара қабылан шығады да қуыршақтар бокстаса жөнелгенде таңдай қағып отырасыз. Әрине сайыс соңында Жапондық жолбарыс Ресейлік қабыланды бір жақты етіп жеңіске жетеді. Жараланған қабыланды аман қалдыру үшін жедел жәрдем асқан жылдамдықпен жетеді. Жедел жәрдемді келтіру үшін де жіпті пайдаланған. Қарапайым әдіс болса да қызықты жедел жәрдем машинасының жүрісі, оның ішінен «ай-ай» деп өкінішпен басын шайқап кішкентай ғана дәрігердің қабыланды әреңдеп көтеріп апарып машинаға лақтырып жіберетіні жеңіл қалжыңдарға құрылған күлкілі көріністер болды.

Бір таңқаларлығы бір ауыз орыс не қазақ тілін білмейтін олардың ойыны түсінікті. Өйткені актерлер дұрыс қимыл-қозғалыс, ым-ишара мен кәсіби дыбыс арқылы түсіндіріп тұр.  Бір ретте «Цирк» деген бөлімінде кәдімгі керілген жіптің үстімен қуыршақ кейіпкер жүгірмек болады. Бұл қалай деп отырасыз, әрине басында құлап қалады да кейін зырлап отырып жіптің үстімен әрі бері сырғанайды. Көрермен таң қалып қол соғады.

Бұл театрдың өнерін көре отырып үлкен ізденістердің жемісін байқаймыз. Қуыршақ театр өнеріндегі соны жаңалықтар, назар аударарлық жетістіктер көз қуантады. Жапондықтардың бұл ойыны тек жас бүлдіршіндерді ғана емес ересек көрермендерді де тәнті етті.

Келесі шет ел асып келген қонақтардың бірі 1954 жылы құрылған Болгарияның Бургас атты қаласынан келген Мемлекеттік қуыршақ театры. «Ормандағы сайран» деп аталатын бұл қойылымнан да ерекше ізденістерді байқауға болады. Сахнаға орман бейнесіндегі жасыл түсті ширма орналастырылған. Ортасы сахна. Жүргізуші болып табылатын үш актер сахнаға шығып бүгін орманда өнер сайысы болатынын салтанатты түрде хабарлайды. Концерттің қайда өтетінін сұрап қарға келеді тақылдап.

Ендігі оқиға ән сайыс өтіп жатқан жерде өтеді. Қонжықтар дуэті ән айта отырып би билегендегі қимыл-қозғалыстары тамаша. Ал, келесі кезек сымдай тізілген бақалардікі. Ол қуыршақтардың жасалу техникасы тамаша ойластырылған. Актерлер арнайы қайшылана қиысқан темірсымдарды қозғау арқылы түрлі акробатикалық қимылдар жасауға мәжбүрлейді. Өнерпаздар бірінен-бірі асып тұр. Тіпті сиқыршы қара мысық баскиімнің ішінен қоян мен тышқанды шығарып сиқырын іске асырып өзі қара матаға айналып ұшып сахнадан кетеді. Келесілер атлет – тасбақалар селкілдеп күліп те секіріп те жүр. Дауысы жуан сабырлы Су сиырдың з-з-з деп ызылдап күлгені қызықты. Оның жаңғырған ащы дауысынан ағаштағы алмалар да домалап түсіп, тіпті ұядағы балапандар құлап та кетті.

Әрине өнер сайысы қызып бітуге жақындағанда орманды шарлап іздеп шаршаған қарғалардың эстрадалық тобы өнер көрсетуге шыққан. Екеуінің қолында гитара, біреуі ұрмалы аспапта отырып әрі ән айтып, билеп бар өнерін ортаға салуда. Олардың өнері жоғары деңгейде екенін әуезді әндерінен, сахналық қимылдарынан, ерекше биік деңгейде екенін залдағы көрермен шын мойындайды. Және жүргізуші кімнің мықты екенін көпшіліктен сұрағанда көрермен балалар да қарғалардың өнерін қолдайтынын білдіріп сахнадағы оқиғаға араласып кетеді.

Жапонияда жыл сайын әлемдік деңгейде кең әрі ауқымды түрде өткізілетін «Қуыршақ театрларының фестивалі» сияқты біздің елде де мұндай өнер сайыстарын ұйымдастырудан ұтарымыз көп. Ертеңгі академиялық драма театрларының көрермендерін осы қуыршақ театрының, одан балалар мен жасөспірімдер театрына апару арқылы дайындайтынымызды ескеріп, балаларымызды театрға баруға баулу әрбір ата-ана мен ұстаздардың борышы деп санаймыз.

Мәншүк ТӘШІМОВА,
театртанушы, М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер
институты «Театр және кино» бөлімінің
кіші ғылыми қызметкері