Қосбасар
Сүгір

Өткен жылы отандық кітапсүйерлерге «Тағдырлар» атты жинақ жол тартты. Кітаптың ресми тұсаукесері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының мәжіліс залында өтті. Бұл әдемі кеште отызыншы жылдардағы репрессия құрбаны Зарап Темірбеков пен музыкатанушы ғалым Алма Зарапқызы Темірбекованың өмірі мен шығармашылығын зерттеген және көзкөрген әріптестері бас қосқан болатын.  

Жинақ туралы жылы лебізді оқу орнының ректоры, ҚР халық әртісі Жәния Әубәкірова бастап, естеліктерді қазақ бұлбұлы Бибігүл Төлегенова, жазушы Сарбас Ақтаев, отандық музыкатану ғылымының ірі қайраткерлері С.Күзембай, Н.Кетегенова, Т.Жұмалиевалар, композитор Б.Дәлденбай және т.б. айтты. Тебіреніспен сөйлеген жазушы С.Ақтаев: «Зарап та, қызы Алма да текті жерден шыққан жандар еді. Зараптың әкесі Темірбек суырып салма ақын, арқадағы Ақан серінің серігі болыпты. Кенжесі Зарабы да өзіне ұқсап жасынан өнер, білімге құштар болды. Үлкендер қолдарына су құйған балаларға «Зараптай зерек бол», «Зараптай ақылды бол» деп бата беруші еді. Ол қайраткерлігімен қоса тілге шешен адам болған. Біржан, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайдың әндерін әрлендіріп әсем орындаған. Домбырамен Ақан серінің «Құлагерін», «Сырымбетін» салғанда дауысы ерекше шыққан. Қазақтың қабырғалы қайраткерлері баудай сұлап жатқан кезде ол да ұсталды... Алма апамыз респрессия құрбандарын еске алу күні әр жылы әке зиратының басына «Жаңалыққа» барып тұратын», – деп Темірбековтер әулетінің ата-тегі, айналасы, қоғамдық қызметтері, кейінгі аянышты тағдыры туралы естеліктер айтты.

Әкесі жазықсыз жаламен ұсталған, анасы Алжирге қамалған, жалғыз бауырын Қырғызстанға, өзін Жамбылдағы балалар үйіне бөліп жіберген, тағдырдың тәлкегін бала күнінен басынан өткерген Алма Зарапқызы Темірбекованың жас кезінен құрбысы болған Б.Төлегенова былай деді: «Алма менің құрдасым еді. Консерваторияда бірге оқыдық. Алғыр, адал, еңбекқор болды. Екеуміз де құғын-сүргін құрбандарының ұрпағымыз. Бізді «халық жауының балалары» деп шетке қаққан кездер болды. Ол өнердегі жетістіктеріне өзінің ақылымен, қайраттылығымен көтерілді. Артында із қалдырған бақытты адам ғой».
«Тағдырлар» жинағында С.Ақтаевтың қазақ, орыс тілдеріндегі мақалаларымен бірге «Алма апамыз Қайратқа» деген өлеңі беріліпті. Алма Зарапқызымен сыйлас болған зерттеушінің өлеңінде оның азан шақырып қойған есімі Қайрат екені туралы, өмірде қаншалықты қиындық кездессе де жеңе біліп, сол есіміне сай қайсар, қайраткер адам болғандығы айтылады.

  • Жетіде әкесінен айырылса да,
  • Тағдырдың тәлкегіне бағынбаған.
  • Көрсе де жетімдікті, жесірлікті,
  • Тауалы ешқашан да шағылмаған.
  • Тасымай молшылықта мейманасы,
  • Пейілі тапшылықта тарылмаған.
  • Білмейтін асуды да, сасуды да,
  • Алма-апай – сүйегі асыл нағыз адам!.
  • Қайрат деп қызға ұлдың атын қойып,
  • Шіркін-ау, әке қалай жаңылмаған!
  • Көреген екен шын-ақ дарынды ағам!

Алма (Қайрат) Зарапқызының әріптесі болған профессор Н.Кетегенова: «Алма әкесі туралы тынымсыз ізденіп, Алматыда үлкен кештер ұйымдастырды. Біз оның отбасы туралы сол кезде ғана білдік. Қазақ халқының зұлмат кезеңдегі трагикалық тағдыры оның өміріне өшпестей із қалдырды. Мағыналы өмір сүріп, адал қызмет атқарды. Шәкірттері бүгінде Парижде, Мәскеуде, Орталық Азия қалаларында еңбек етуде. Ол консерваториядағы «Қазақ музыкасы кафедрасының» алғашқы меңгерушісі болды. Республиканың бірнеше облыстарына экспедициялар ұйымдастырды, ұлттық мұраны жинауда ерен еңбек етті. Еңбекқор жан еді» деп көзіне жас алды.   

Өз кәсібіне бар болмысымен берілген ғалым 2004 жылы мерейтойында «мен үшін консерватория – қазақ музыкасының alma mater-і» деді. Иә, оның жемісті еңбегінің бір ғана көрінісі әріптесі Т.Қажығалиеваның «Біз бірлесіп дайындаған «Қазақ музыкасының тарихы» қазір Бостондағы Гарвард университетінің кітапханасына қабылданды. Онда кітаптар үлкен сынмен, таңдаумен өтеді. Бұл аталмыш кітаптың жоғары сапалылығын көрсетеді» деген сөзінен де білінеді.

Өткенді еске алып, мағыналы ғұмырларды үлгі етіп, жас ұрпаққа естелік айту үшін ғалымдардың бас қосуына себеп болған «Тағдырлар» жинағын құрастырған осы оқу орнының ұстазы, профессор А.Омарова мен республикалық Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің оқытушысы Ж.Қазыбекова тұлғалардың өмірбаяны мен еңбектер тізімін қоса алғанда жүз мақаланы (публицистикалық мақала, ғылыми зерттеме, сыни пікірлер) жүйелеген. Қазақ және орыс тілдеріндегі мақалалар бөлек топтастырылып, әкесі туралы және қызына арналған екі бөлімге бөлінген. Екінші бөлімде музыкатанушы ғалым шығармашылығының шынайы ауқымын белгілейтін, жанрлық көпқырлылығын айқындайтын (зерттеушілік, ғылыми-қоғамдық, сыни, музыкалық-этнографиялық, оқу әдістемелік) шартты тараулар берілген.   

Жиырма жасынан белгілі публицист ретінде қалыптасқан Зарап Темірбеков тұтқындалар алдында «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас алаш») газетінің бас редакторы, «Еңбекші қазақ» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетінің әдеби қызметкері, «Қазақстан большевигі» («Ақиқат») журналында редактордың орынбасары міндеттерін атқарған. Еліміздің бес облысында мемлекеттік органдарда жауапты әрі басшылық қызметтер атқарған қайраткер Зарап Темірбековтің қысқа болса да мағыналы ғұмыры С.Сейфуллин, Ж.Саин, С.Сәдуақасов, С.Қожамқұловтармен бірге ұлтымызға қызмет ету жолында өткен.

З.Темірбековтің туғанына 90 жыл толуына арналған мақаласында К.Кабулов оның қазақы ортада өссе де орыс тілін жетік меңгеріп, жастайынан комсомол қызметіне бағытталғанын, еліне ерен қызмет еткенін жазады. Зарап алдымен ауылда сауат ашып, Көкшетаудағы жетікластық қазақ мектебінде оқиды. Әрі қарай оқытушы болуды армандап, Петропавлдағы педагогикалық училищеге түседі. Оның бойындағы алғырлық пен зеректігін байқаған үкімет партия өз қызметіне алып, басқа арнаға бұрады. Осы жылдары оның бойындағы журналистикаға бейімділігі көрінеді. Мақала авторы Темірбековтердің қай-қайсысы да әдебиетке, шығармашылыққа бейім, бойларында табиғат дарытқан ақындық пен жазушылық бар дейді.

«Тағдырлар» жинағында майталман журналист туралы Қ.-Ф.Қажыбай «Жастайынан жан азабын тартқан» деген естелігінде оның «Жаңа өмір», «Жанталас» пьесаларын жазып, Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романын қазақшаға аударғандығы туралы айта келе: «Республикалық «Лениншіл жас» жастар газетінің бас редакторы болған кезде көптеген публицистикалық мақалалары ел игілігіне айналды. Зарап Темірбековті қос тілді тұңғыш қазақ журналисті десек қателеспейміз» дейді. Осы орайда жазушы С.Ақтаев Зараптың «Жас дәурен» деген пьесасының қолжазбасы өзімен бірге, оны тұтқындау кезінде жеке архивімен жоғалғанын жазады. Сонымен бірге С.Ақтаев: «отызыншы жылдардың зұлматы, бас аяғы екі жылдың ішінде Темірбектің алты баласын да жұтқан еді. Маған Зарапты көзі көрген А.Жұбановтың ол туралы айтқан тың естелігін жазып алу бақыты бұйырды» дей келе А.Жұбанов әңгімесін баяндайды: «Зарап қандай биік қызметте жүрсе де, халықпен кездесуге, жастармен пікірлесуге уақыт табатын. Қай жерде жүрмесін, жергілікті көркемөнерпаздар ұжымдарының шығармашылық барысынан хабардар болып отыратын. Тіптен, әуесқой артистермен бірге сахнаға шығудан бас тартпай, әртүрлі рольдерді сомдайтын. Ол қайсыбір кейіпкердің костюмімен көшеге шығып, «тірі афиша» болып халықты концертке шақыруды ұят санамайтын. Яғни, бұл Зараптың болмысынан өнер адамы екендігін көрсетеді».

Әлбетте, бұл пікірді З.Темірбеков қаламынан туған «Жанталас» драмасы негіздейді. «Жанталас» спектаклін сол жылдары режиссер Жұмат Шанин Қазақ драма театрында ұлттық сахна алыптарының ойнауында қойған еді. Бірақ спектакльдің авторы да, режиссері де көп ұзамай сталиндік саясаттың құрбаны болатынын білмеп еді...

«Тағдырлар» жинағының З.Темірбековке арналған бөлімі ол туралы жазылып, әртүрлі басылымдарда жарық көрген 44 мақалалар (А.Темірбеков құрастырған) тізімімен аяқталған. 

Ұлтжанды тұлғаның қызы: «Біздің анамыз Сахиб-Камал да «халық жауының» әйелі ретінде 1938-1946 жылдар аралығында Қарағанды лагерінде айдауда болды. Мен және інім Жанарт балалар үйінде тәрбиелендік. Тағдыр бізге қатал болғанымен біз «Зараптың балалары» деген атаққа кіршік түсірмеуге ұмтылдық» дейді естелігінде. Оны өмірге, білімге құштар жанның музыка училищесін де, консерваторияны да үздік бітіріп, адам атына лайық мағыналы өмір сүргенінен де көреміз. Әке есімін ардақтап өткен Алма (Қайрат) Зарапқызы (1929-2009) өмірінің соңғы айларында әкесіне қатысты материалдарды жиыстырып, мұрағатқа тапсырыпты.

Жинақтағы музыкатанушы ғалымға арналған бөлім академик Ахмет Жұбановтың «Дарынды жас ғалым» мақаласымен басталған. Академик оның теориялық тұжырымдарын кәсіби тұрғыдан қазақ музыкатануындағы жаңа белес болып табылады деп бағалаған. А.Жұбанов Зарап Темірбековтың құрдасы, досы болды, саясат құрбаны болған жолдасын «ғылымдағы жолымды алғаш ашқан сол адам» деп еске алған, кейін Алма консерваторияда оқығанда оны өзінің бір қызындай көріп, отбасымен таныстырып, туысқанындай араласып тұрады.  

Алма Зарапқызы өмірбаянында өз анасымен қырқыншы жылдардың соңында ғана табысып, 1956 жылдан бастап бірге өмір сүруге мүмкіндік туғанын баяндаған. Ғалым 1958-1961 жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясының фольклор лабораториясының (кейіннен ғылыми-зерттеу лабораториясы) экспедицияларын ұйымдастырып, музыкалық-мұрағаттық фонотеканың қалыптасуының басында тұрды. Өз естеліктерінде 1961 жылдан бастап (жиырма жылдан аса) М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында әдебиет, фольклор, өнер, этномузыкология салаларының М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмаилов, Н.Смирнов, А.Жұбанов, Б.Ерзакович секілді белді ғалымдары шоғырының арасында қызмет еткен жылдарын былай еске алады: «олардың ғылыми мұралары, идеялары, еңбектері, ғылыми Кеңестер мен теориялық семинарлардағы пікірталастар, жалпы осындай қарым-қатынас ұлттық мәдениет тарихының ақпараттарымен сусындатып, менің маман ретінде қалыптасуыма үлкен әсер етті. Практик-музыкатанушы ретіндегі негізгі ғылыми-тәжірибелік, шығармашылық бағыттарым қалыптасты» дейді.

Құрастырушылар кітапта Алма Зарапқызының ірі өнер қайраткерлері А.Жұбанов, Б.Ерзаковичпен, ғылыми жетекшісі В.Беляевпен, П.Аравинмен және т.б. танымал тұлғалармен кәсіби байланысынан ақпар беретін хаттарын алғаш рет жариялап отыр.  

Жинақтың көлемді бөлігін музыкатанушының жазған сыни көзқарастары мен оның еңбектеріне арналған пікірлер ұсынылған. Мәселен, әріптесі, ғалым Ә.Байгаскина оның «Советтік халық әнінің ладтық-ырғақтық негізі» (орыс тілінде) атты ғылыми-теориялық еңбегін: «қазақ әндері арнайы теориялық ғылыми нысанға айналып отыр. Ғалым күрделі проблеманың шешілу жолының сәтті әрі ұтымды аспектісін таба білген. Лад пен ырғақ мәселесін түсініп алмай, ол тұжырымдарға сүйенбей, теориялық зерттеу жасаудың мүмкін еместігін алға тартуы шындық. ... автор дәстүрлі қазақ әндерінің аса білгірі. Оны жетік білгендігі кеңес кезеңінің ән жанрына әкелген жаңалықтарын айқын бағамдауға мүмкіндік береді. Еңбегінің әр тарауы нақты әрі дәл тұжырымдармен қорытындыланған» деп бағалаған. 

«Тағдырларды» құрастырушының бірі А.Омарова «Өмірінің мұраты өнер болды» мақаласында ғалымның бай тәжірибесі консерваториядағы экспериментальді зертхананың қалыптасуына, музыкатанушы мамандарды дайындауға қажет болғандығын, «композиция», «этномузыкатану», «халық әні» мамандықтарына арнайы дайындалған «музыкалық-этнографиялық тәжірибе» атты лекциялық курстың тұңғыш авторлық бағдарламасын жазды дейді. «Тағдырлардағы» А.Темірбекованың шығармашылығынан толықтай мәлімет беруге көзделген деректерден (кітап соңындағы еңбектерінің тізімі) оның бір бағытта ғана емес, бірнеше салада нағыз профессионал маман ретінде тынбай еңбек еткендігін білеміз.

Сонау жетпісінші жылдары, қазақ музыкасы туралы жазудың өзі оңай болмаған кезеңде, А.Темірбекова кәсіби маман ретінде сыни пікірлерін батыл білдірді. Монографиялар мен кеңес Одағы түкпірлерінен түскен кандидаттық диссертациялар қолжазбаларына жазған сыни пікірлері әділ әрі ғылыми дәлелді болды. Кәсіби маманның шынайы ғылыми танымының көкжиегі өзі жете зерттеген қазақ ән жанрымен шектелмей, жалпы ұлттық музыка мәселелерінің ауқымынан тыс әзірбайжан мугамдары, қырғыз халықтық-әндік монодиясы, якут кәсіби музыкасы, қырғыз аспаптық музыкасы бағыттарындағы ғылыми ізденістерге сыни пікірлермен, монографиялар мен жинақтарға, әдістемелік құралдарға әділ баға берумен тынымсыз ізденумен кеңейіп отырды.
А.Темірбекова 1975-85 жылдарда «Қазақ халық әндері» /1975/, «Советтік халық әнінің ладтық-ырғақтық негізі» /1975/, «Алмас айшықтары» /1979/, «Казахские музыкально-фольклорные связи», «КСРО халық әртісі М.Төлебаев», «Верный – Жетісудың мәдени орталығы», «Қазақстандағы музыкатанудың дамуы» секілді он ғылыми зерттеулер мен монографиялар жазды.   

Оның сан алуан жанрдағы және әртүрлі тақырыптағы мақалалары өзі өмір сүрген кезеңнің көзқарасы тұрғысынан қарағанда таң қаларлық деңгейде болды. Публицистикалық бағыттағы мақалаларында елінің мәдени өміріндегі маңызды, елеулі оқиғаларына бейжай қарамай, дер кезінде үн қосып отыруымен, жетістіктер мен кемшіліктерді бірдей бағалап, мін түзелу үшін сын ойларын ортаға салып отырғандығын байқаймыз.  

Жарты ғасырға жуық уақыт ғылыми шығармашылығында, ұстаздық, қоғамдық-публицистикалық еңбек жолында өз саласы бойынша Бүкілодақтық, халықаралық деңгейдегі симпозиумдар, конференцияларда, форумдарда қазақ ғылымының абыройын асқақ танытқан ғалымға 1970 жылы Бүкілодақтық «Знание» қоғамының Сингапур республикасына, Австралияға, Жаңа Зеландияға ұйымдастырған туристік саяхатына шығу бұйырады. Одаққа танымал үлкен ғалымдардан құрылған топ арасында Қазақстаннан Алма Зарапқызы болды. Әр елге іссапарында зерттеуші халықтың мәдениетіне, өміріне, салт-дәстүріне, музыкасына, ғұрпына қызығушылықпен назар аударып «Бесінші континент әсерлері» мақаласында таныстырыпты.

Жинақты құрастырушылар Құрманғазы атындағы ҚҰК профессоры, музыкатанушы ғалым Ақлима Омарова мен өнертану ғылымдарының кандидаты Жайдаргүл Қазыбекова еңбекті жарыққа шығару барысында Темірбековтердің өмір жолына, шығармашылығына терең бойлай отырып, олар туралы жазылған лебіздерді, мақалаларды және олардың қаламынан туған зерттемелерге ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарап, жүздеген материалдардың арасынан оқырман үшін маңыздысын сұрыптай ұсынған. Мұнда зерек оқырман үшін әр заман тынысынан хабар бере алатын фотосуреттердің ең таңдаулылары таңдалған. Осы беттердегі музыкатанушының 1959 жылы «Экватор сызығын кесіп өтті» деген туристік куәлігі сол кезең үшін сирек құбылыс болып табылады. Фотолармен бірге түсірілген авторлық қолтаңбалардан ғалымның өмір жолымен бірге кәсіби ортасын, олар тығыз қарым-қатынаста болған басқа мамандық иелерінің арасынан танымал есімдерді көреміз.
А.Темірбекованың ғылыми-шығармашылық зерттеулерін жүйелеп, топтастыруда кәсіби маман иелерінің атқарған жұмыстары айқын аңғарылады. Алғы сөзде айтылғандай, бір жинаққа ғалымның барлық еңбегін сыйғызу мүмкін емес.  Мұндай сұрыптау оның шығармашылығымен толық таныс болғандықтан жүзеге асырылып, сыни және публицистикалық мақалалары ғана таңдалып, еніп отыр.

Түйіндей келе, кітап құрастырушысы А.Омарованың сөзімен қорытындыласақ: «З.Темірбеков пен А.Темірбекованың парыз бен жауапкершілікті айрықша сезінуі, адал ниет пен ісіне жан-тәнімен берілуі, риясыздық пен келер күнге үмітпен ұмтылуы, бірбеткейлік пен адалдығы олардың шерлі тағдырына қарамастан күмәнсіз ортақ әрі іштей тұтастықта. Өтіп жатқан оқиғаларға, ештеңеге қарамастан пайда болған дүниетанымдағы, өз борышын түсінудегі және шығармашылық «Мендегі» мұндай «жақындық» – келешек тарих үшін есімізде қалуы керек».
«Тағдырлардағы» тағдырлар өз ұлтын құрметтейтін, өнерін бағалайтын әрбір адамды бейжай қалдырмайды. Ой қозғайды. Тарихымыздағы осындай тұлғалардың еліне жасаған адал еңбегі мен шығармашылық қызметі көңілге мақтаныш сезімін туғызады.    

                                                                 

1. Мақала «Түркістан» газетінде (№ 50 (1013), 12-желтоқсан, 2013. – 15-бетте) жарияланды.