Аңсау
Нұрғиса Тілендиев

Бәкей қыз

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында болған соңғы премьера Т.Мәмесейіттің «Бәкей қыз» қойылымында Бәкей мен Сейіттің махаббатынан өрбитін қазақ-қырғыз халықтарының ақ патшаның қыспағындағы өмір-тұрмысы суреттелген. Автор бұл шығармасын М.Әуезовтің «Қилы заман» повесі негізінде жазып шығыпты. Оның негізгі мақсаты – прозадағы Ұзақтың ойымен берілетін Бәкей тағдыры арқылы жер мәселесін көтеру. Қойылым басталғанда Бәкей мен Сейіт махаббатының бұған дейін өріс алып, олардың атастырылып қойылғанын байқаймыз. Қырғыз құдалармен ілесе жасауылдың келуі драмалық тартыстың негізгі көзіне айналып, екі ел арасындағы ішкі алауыздықтың беті ашылады. Одан әрі екі жақ би-манаптарының диалогы жер дауына ұласып, спектакль трагедиямен аяқталады. Бұл жерде Тұрлыбек Мәмесейіт те, қойылым режиссері Әубәкір Рахимов те ұлттық намысты алға қойған. Әйтсе де сахнадағы құр айқай, даурықпа драманың ішкі қақтығыс дүниесінен тумай, керісінше, сыртқы формаға ғана негізделгендіктен, әрбір кейіпкерге берілген характер ерекшелігі пьесада да, спектакльде де ашылмай қалған. Жалпы, пьесаның өзі «қалай», «неге» деген көп сұрақтар туғызады. Бәкей өз шаңырағында «Бір келіншек» әнін неге орындады, ақынның әлеуметтік орны, рөлі қандай, т.с.с. Спектакльде бас кейіпкер Бәкей тақырыпқа арқау болатындай ару болып көрінбеген. Актерлік қарқынды, эмоциялы ойын болмаған жерде кейіпкердің де болмайтыны анық. Ұзақтай ақыл-парасаты мол батырдың көзі ашық, орысша сауатты қызы да батыл болуға тиіс-тін.

Мұны шығарма соңындағы Тұңғатар мен Қожамбердінің қолынан мерт болған арудың қайтпас қайсарлығы мен нық сөздерінің өзі-ақ айтып тұр емес пе? Бірақ актрисалар сұлулығымен оязды таңғалдырған Бәкейдің сол кезеңдегі өзге қазақ қыздарынан өзгешелігін аша алмай жатыр: бірінші құрамдағы Зәуре Көпжасарова кейіпкерінің әншілігін, екінші құрамдағы Жанар Құлдарова еркелік қырын ашқанмен, жалындаған жас арудың махаббаты өз бақыты үшін күресуге негіз бола алмаған. Шалқар Үркімбаев пен Берік Айтжановтардың орындауында оның сүйгені Сейіт шын ғашық, алып-ұшқан жас көңілін білдіріп алады. Әсіресе, көзсіз ғашық Сейіт – Ш.Үркімбаевтың қазақтан жер сұраған әкесіне қатты ренжіп, не істерін білмеген дағдарысы шынайы. Бәкеймен алғаш кездескенде қысылып, толқыған жігіттің қызды алып-қашу көрінісіндегі неге де болса тәуекел ете алуы оның бір жағынан қайсарлығын да байқатады. Актер қырғыз тілінің өзіндік диалектикасына да мән беріпті.

Сол сияқты С.Мерекеұлы (Ұзақ), Ж.Толғанбай (Қыдырәлі), Б.Тұрыс (шұбараяқ ояз), А.Боранбаевтардың (Жәмеңке) сәтті ойындарын атап айтқан жөн. Әсіресе, қандай істе болмасын ішкі түйткілдерін ақылға жеңдіруді мақсат тұтқан Саят Мерекеұлы батырдың жалғыз қызына деген әкелік махаббатын түсінген. Бұл драмадағы Жәмеңке – М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясындағы халық тыныштығын ойлайтын, ел мен елді бітістіруші Абызбен деңгейлес бейне. Екінші құрамдағы Асылбек Боранбаевтың Жәмеңкесі бірінші құрамдағы Айдос Бектемірдің айқайшыл, күшпен сөйлейтін Жәмеңкесіне қарағанда ақылмен әрекет ететін, сабырлы болып шықты. М.Әуезов повесінде Жәмеңкеге «Бұл жетпістен асқан қарт, қырандай, кәрі шораяқ, алғыр шешен еді. Бірақ зорын таппай сөйлемейтін, көбінесе үндемей, өз ішіне үңілген сияқты ойда отыратын, жадағайы жоқ, тартымды жинақты мінезі бар» деген анықтама береді. Актерлер осы репликаны негізгі нысанаға айналдырса, кейіпкер характері тереңдей түсер еді. Ал Тұңғатар рөліндегі Жоламан Әміров құрғақ айқаймен кейіпкер характерінің нәтижесін тез беруге асықса, екінші құрамдағы Жандарбек Садырбаевтың кейіпкері інісіне шын жаны ашыған адамдай намысты әрі жігерлі болып шыққан. Тұңғатар – Ж.Садырбаев Ұзақ екеуінің арасындағы тартыстың жеке басының мақсат-мүддесін көздеуден туындайтынын назардан тыс қалдырмай, әрбір сөздің айтылу мәнері мен ой астарын ашуға тырысыпты.

Осы Тұңғатар мен Ұзақтың інісі, ұрда-жық, ойсыз әрекет ететін Қожамбердінің сахналық кескіні логикаға қайшы шыққан. Онда ұлттық мінезімізге тән аға (батырлығымен, ақыл-парасатымен елге абыройлы Ұзақтың) алдындағы кішілік, қарындас алдындағы иба сақталмаған. М.Әуезов бұл кейіпкерге «оның (Тұңғатардың – З.И.) атқан оқ, шапқан қылышы болған жас, албырт інісі» деген анықтаманы бекер беріп отырған жоқ. Қожамберді кім, ол неге қатулы деген сұраққа жауап бермей, тек сыртқы форма іздеген актерлер Б.Манжігітов пен Т.Сағынтаев осы репликаны негізге алуы шарт. Сонда Бәкейге айтылған «Қарабет, салдақы, жүзіқара» деген дөрекі сөздері мен Жәмеңке мен Ұзаққа қарсы айтылатын «өздері келісіп шығарып беріп отыр қызды» деп келетін жөнсіз пікірінің айтылу мағынасы, халыққа жеткізу салмағы айқындала түсер еді. Жалпы, қанша ашу-ыза болғанмен де, мұндай сөздер логикаға құрылуы керек сияқты. Құр айқаймен аттандаған Қожамбердінің көркем бейнесі сонысымен де ойландырып отыр.

Орындаушылар трактовкасы мұндай адуынды ағалар тұрғанда Бәкей көзі қитар, басы таз болса да Мезет болыстың баласына ұзатылып кетер еді деген ой тудырады. Және автор репликасындағы Тұңғатардың Жәмеңкеге айтатын «Қай Албанның қызы өз білгенімен байға тиіп еді» деген сөзін негізге алсақ, Бәкейдің Сейітке ата-ана, туған-туыс ризашылығымен ұзатылуы да қисынға қайшы, автор ойын ақтамайтын суреттеулер дер едік.

Қырғыз тілінің дыбыстық ерекшелігіне мән берген Жалғас Толғанбай қырғыз елінің болысы, ірі шонжар Қыдырәлінің алғаш қазақ жеріне келгендегі қуанышты көңіл-күйі мен арада араздық туғаннан кейінгі ситуациялық өзгерістерін шынайы байланыстырып отырады. Актер сөз саптауымен, сабырлы да маңғаз жүріс-тұрысымен кейіпкерінің әлеуметтік орнын тап басқан. Ж.Толғанбайдың Қыдырәлісі намысшыл, қызуқанды, ешкімге бас имейді. Автор да, режиссер де полковник Ивановты иманжүзді, момындау түрде алыпты. Ол бұзықтығымен аты шыққан Ұзаққа да, қыз алып қашқан Сейітке де кешіріммен қарауды жөн көрген. Бұл рөлдегі Азат Сейтметке қарағанда бірінші құрамдағы Бекжан Тұрыс кейіпкер характерін сарказмға құру арқылы ерекшелік тауыпты. Жай ғана мысқылдап сөйлейтін шұбараяқ ояз – Б.Тұрыстың даусы мен жүріс-тұрысы өзара үндескен. Алайда Ресей отаршылдарының жиынтық бейнесі ретінде көрінетін полковникке жұмсақтықтан гөрі қаталдық, озбырлық қажет деп ойлаймыз.

Қойылымда махаббаттың, ел мен жердің жанашыр, жаршысы – ақын, ақын емес, диуананы елестетеді. Оның: Әділетті заман жоқ, Жұрт қарады зұлымға. Өрге, қырға тентіреп, Кетті жұртың жылымға, – деп келетін Асан қайғыша зарлаған үні мен жерден тың тыңдағандай бүктеліп, созылған сахналық қимыл-қозғалысы ақын бейнесіне сай келмеген. Оның зар заманға қарсы шыққан ішкі дүмпуі сабырмен, мол салмақпен шығуы керек еді. Жалпы, ақынның өлең оқу тұстары болып жатқан оқиғалармен қисынды байланыспағандықтан, бұл кейіпкер шығармаға артық дер едік немесе режиссер кейіпкер мизансценасын, оның өлеңдеріндегі поэтикалық сарын мен халық үнін көпшілікке жеткізудің логикалы жүйесін табуы қажет.

Осындай характерлер ерекшелігін беруде сахналық әрекеттің аздығы, актерлердің бір орында тұрып сөйлеуі пьеса жанрынан туындайтын қызу әрекетті қажет етеді. Шығарма оқиғасына орай өтіп жатқан сахнадағы махаббат тартысы, жер дауы және халықтың бодандық құрсауды сезіну процестерінде массовка жансыз, ешқандай эмоция, таңғалу немесе күйіну сезімдері байқалмайды. «Бәкей қыз» тәрізді адам өмірі, халық тағдыры және қоғамдық мәселелер қамтылған мұндай шығармаларда массовканың өзі рөл ойнауы тиіс. Өйткені ол – халық, үлкен топ. Мінездің барлығы халықтан шығуы керек. Мұнда көпшілік үнінің бәсеңдігі шығарманың көркемдік деңгейін, ансамбльдік тұтастығын төмендетіп жіберген.

Оқиғасы бастан-аяқ кеңістікте өтетін қойылым декорациясында айналма сахнадан (ол кейде отау қызметін де атқарады) өзге ештеңе жоқ. Ә.Рахимов ақ пен қара, жақсылық мен жамандық тартысын жоғарыдан төмен түсіп тұратын ала арқандармен білдірген. Қыз мойнына оралған бұл арқан кезегінде Қожамбердінің қарындасына қарсы сес-құралына айналады. Сахнаның екі жағында тау-жотасы мен жылқы бейнелері салынған жансыз сурет тұр. Мұны Тұңғатар репликасындағы барымтаға кеткен екі жүз жылқы деп түсіндік.

Бірақ осындай сахналық иллюстрациялардың (суретші М.Омаров) соңғы кездері жаппай белең алуын суретші-сценографтардың жеңіл жол іздеуі деуден өзге амалымыз жоқ. Неге десеңіз, сахнаның әрекет орны, актер, костюм, грим, декорация, музыканың жанды түрде үндесу, үйлесу міндеттілігін шығармашылық адамы білмейді деп айта алмаймыз. Осы тұста «Сахна – тірі организм» қағидасына екпін бере отырып, сахна суретшілерінің ізденісін қалар едік. Сондай-ақ бұл қойылымдағы басты декорациялық құрал – шаңырақтың повестегі Тұңғатар мен Қожамбердінің Бәкейді өз шаңырағына асып кетуінен алынған деталь екені белгілі. Дегенмен бұл тәсілдің көптеген спектакльдерде қолданылғанын ескерсек, режиссерлік тың жаңалық бола алмағаны рас. Ә.Рахимов спектакль шымылдығын пьесадан тыс «Қара шекпенділер қаптап келеді» деген сөзбен жауыпты. Бұл — белгілі ой. Оқиғаның 1907-1908 жылдары өтіп жатқанын ескерсек, режиссер одан кейін қазақ халқының тағдырына орыс империясының басымшылық көрсеткенін меңзеген. Алайда соңғы уақытта ұлттық театрымыздың репертуарынан пісіп-жетілмеген пьесалардың көптеп орын алуы театр өнерінің шығармашылық болашағына алаңдаушылық тудырып отырғаны рас. Сапалы көркем дүниеге қол жеткізудің саналы жолдары қалай болмақ? «Бәкей қыз» да осы сұраққа жауап іздейді.

 

Зухра ИСЛАМБАЕВА,
театртанушы,
өнертану ғылымдарының кандитаты