Он сегіз жасар Балжан қыз
Қазанғап

23-30 қыркүйек аралығында (2012 жыл) Алматы қаласында Бүкіл әлемдік ІІ-ші қуыршақ театрының карнавалы болып өтті. Онда Белорусь, Франция, Молдова, Румыня, Турция, Мексика, Австралия, Иран, Греция, Индонезия, Корея, Португалия, Израиль, Жапоия, Америка, Тайланд, Германия, Перу, Бразилия, Россия, Украина, Болгария, т.б. мемлекеттерден қуыршақ театрлары сынға түсті. Біздің еліміздегі бірден-бір қуыршақ театрының маманы, Қуыршақ театрының актерлерін дайындап жүрген білікті ұстаз Серік Мақұлбекұлымен сұхбаттасып, аталған фестиваль жөніндегі ойын біліп едік.

–       Серік Мақұлбекұлы, Бүкіл әлемдік ІІ қуыршақ театрының карнавалы 2012 жылы Алматыда екінші мәрте өткізіліп отыр. Осы фестивальден жадыңызға не түйдіңіз? Шет елдің қуыршақ театрлары келіп жатыр не үйрендіңіздер, біздің театрлармен салыстырғандағы деңгейлері қалай?

С.Мақұлбекұлы: Шет елден келгендердің көбісі жеке-меншік театрлар, жағдайы барлар деген сөз. Қазақстанды, Алматыны, елді көруге, бізді барлай қонаға келгендер сияқты. Екі бір ғана актер ойнайтын қойылымдар, яғни жеңіл жағын қарастырған. Кейбір қойылымдарда этика жағынан нашар жабайы, анайы дүниелер көп кездеседі. Біздің көрермен мұндайға дайын емес. Біз балаларды бұлай тәрбиелемейміз, біздің менталитетіміз басқа? деп оларға өз ойымды ашық айттым. Неге іріктеу жасалмаған? Келем дегеннің бәрін әкеле беруге болмайды ғой. Дегенмен, көп спектакльдің арасында жақсы спектакльдер де кездесті.

–       Сол театрлар жөнінде әңгімелеп бересіз бе?

С.М.: Мәселен, Иранның спектаклі өте керемет. Жалғыз әйел актриса ойнайды. Жалпы оқиға отбасындағы жағдай. Бір әйелдің күйеуі түрмеге түседі, ал, әйел алты баласымен қалады. Спектакльде сөз аз, әрекеті көп. Режиссер шүперекті жақсы пайдаланып шешім шығарған. Шүперекті қолына орап әр түрлі характер жасайды еркекті, әйелді, баланы т.б. келтіре бір сағат бойы ойнайды. Бұл еңбегі үшін «Ең үздік актриса» номинациясын алды. Одан кейінгі Украинадан келген театр Пушкинның «Цыганы» поэмасы бойынша екі адам актриса Россиядан, актер Украинадан. Екі мемелекет бірігіп қойған. Сондағы актер «Ең үздік ер адам ролі үшін» жүлдесіне ие болды.  Ал Санк-Петербургтен келген театр Достоевскийдің «Преступление и накозаниесін» қойды. Морионетка қуыршақмармен. Балаларға арналған спектакльден Америкадан келген ұжым алды. Былтыр саны көп болса да сапасы жоғары болғандай. Былтыр М.Мұғалімұлы мәдениет бөлімімен бірігіп ұйымдастырған. Былтыр таң ертеңнен кешке дейін өнер мейрамы болып жатты.

–       Биылғы ұйымдастыру жұмыстарына көңіліңіз тола ма?

С.М.: Биыл ұйымдастыру жағынан өте нашар. Келген қонақтар адасып жүр. Тұрып жатқан жерлерінде ыстық су жоқ көрінеді. Билеттің құны өте қымбат. Бір үйде төрт-бес бала бар, ата-ананың 5000 теңгеге билет сатып алуға мүмкіндігі бар ма. Биыл көрермендер аз, тек фестивальге келген қонақтар ғана бірін-бірінің жұмыстарын көріп өз қазанында өзі қайнап жатыр. Сосын  ағылшынша, орысша жүргізіліп жатыр. Қазақ тілі қайда? Фестивальді өткізіп отырған қай ел? деген сұрақ туындайды. Кеше ғана бір аудармашы қазақ қызды қойыпты жүргізушілікке, не ол дұрыс сөйлей алмайды. Шүкір, біз қазақтың қара сөзіне ағып тұрған жүргізушілерден кенде емеспіз, солардың біреуін қою керек еді. Ағылшын, орыс тілдерінде жүргізіп тұрғандардың да оңып тұрғаны шамалы.

–       Шет елдік қонақтардан қандай жаңалықтар көрдіңіз?

С.М.: Олардың қойылымдарынан әр елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, өнерге деген қызығушылығы, актерлер қуыршақтарды қалай қимыл-қозғалысқа келтіреді, қалай образ жасайды, спектакль бойынша қалай әрекет жасайды соны байқайсың. Қуыршақтардың керемет жасалған образдары режиссураны басып тұрды.

–       Біздің актерлер де жаман емес менімше, бірақ бізде жаңалықтар аз сияқты болып тұратындай  менімше.

С.М.: Олардың мектебін біздің мектебімізбен салыстырдым. Жоқ олар біздің «Тарқамайды тойымыз» спектаклін көрген кезде сыншылар, режиссерлер таң қалып қызығып жатқандар болды. Біз шет елден кем емеспіз. Өйткені қуыршақтардың барлық түрлері бар біздің қойылымда.

–       Мәселен, өзім ерекше технологияда жасалған қуыршақтарды, ерекше режиссураны байқадым?

С.М.: Біздің Қазақстанда Бекболат Парманов деген режиссер бар еді, ол драмаға бет бұрды. Құралай Ешмұратова Астанаға ауысты. Бізде білімді режиссер жоқтың қасы. Біздің театрларымыз көбінесе шет жақтан Россиядан, Прибалтикадан режиссерлер шақырып жатады. Неге Өнер академиясында қуыршақ режиссурасы бөлімін ашпайды. Қуыршақ театрының сыншылары мүлдем жоқ неге дайындалмай жатыр. Біздің театрда Евгений Яковлевич Лифанов деген кісі жұмыс істейді, жасы жетпіс бесте. Ол қашанғы жүрер дейсіз. Неге шақырмайды, ол кісіден алып қалу керек қой? Ол художник пен қуыршақ жасайтын механик те дайындай алады. Механик мүлдем жоқ бізде. Механиктің қолы алтын қол болуы керек. Сонда ғана маман қуыршақтың бес аспабы болып шығады.

–       Сіз Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында қуыршақ театрының актерлерін дайындап жатырсыз ғой.

С.М.: Иә, осыған көп рахмет, Өнер академиясында актерлер дайындалып жатыр. Ақтөбеде, Ақтауда, Жезқазғанда, Шымкентте, Астанада, Алматыда қазақстанның жер жерінде жоғары білімді біздің шәкірттеріміз жүр.  Халықаралық қуыршақ театрының фестиваліне (2011) Қазақстанның театрлары, Қырғызстаннан, Турциядан, Татарстаннан театр ұжымдары қатысты. Ақтөбе мен Ақтаудың қуыршақ театрларында жүрген біздің шәкірттеріміз жоғары бағаланды. Польшадан,  Россиядан келген сыншылар Ақтөбе мен Ақтау театрының актерлерінің ойынын көріп, аталған театрлардың жас қуыршақ актерлері «Очень талантливые кукольники» деп ерекше бағаланды. Менің төбем көкке жеткендей болды сонда. Ұстаз ретінде шәкірттерімнің еңбегінің бағаланып жатқанына қуандым. Яғни біз қуыршақ театрының актерлерін дұрыс дайындап жатырмыз деген сөз.

–       Сіздер шет елдердегі фестивальдерге барып тұрасыздар ма? Қандай фестивальдерге қатыстыңыздар? 

С.М.: Театр осыдан екі жыл бұрын Қ.Ешмұратова қойған «Қаңбақ шалмен» Чехославакияға барып диплом алып қайтты. Суретшінің жұмысы, сценографиясы жоғары бағаланды. Жапонияға да осы қойылыммен барды. Қытайға, Россияға, Турцияға «Тарқамайды тойымызбен» қатысып, жылы пікірлер айтылып жүр.

–       Сіздерде келіп жатқан шет елдік ұжымдардағыдай бір-екі ғана актер ойнайтын қойылымдар бар ма?

С.М.:Ол спектакльдің кейіпкерлеріне байланысты. Мұндай спектакльдер алыс жолдарға, фестивальдерге шығатын кезде алып жүруге ыңғайлы. Қуыршақтардың көлемі майдалау болып келетіні сондықтан. Біздің театрда неге жасамасқа.

–       Мәселен, Жапон театрын қараңызшы ширманы театрдың ауласына қойған, бір ғана актриса көрерменді қасына үймелетіп алып жеке-жеке көрерменге ойын көрсетіп жатыр. Көргеннің бәрі разы секілді.

С.М.: Бұл көшеге арналған театр. Бұл театрлар адам көп жиылған жерлерде, саябақтарда осылай өнер көрсететін театрлар. Жеке меншік ешкімге бағынбайды.

–       Ал, еліміздегі «Ортеке» фестивалі жөнінде не айтар едіңіз?

С.М.: «Ортекені» айтып кететін болсам, бізде екінші жыл ғана ұйымдастырылды. Ортеке баяғыдан ұмыт қалған дүние ғой. Мәдениет Мұғалімұлы қолға алып, қалалық мәдениет министрлігімен бірге ұйымдастырып отыр. Бізде «Ортеке» өнері дамымаған. Осыған дейін ұйымдастырылған Ортекеге Қазақстаннан жарытқан ортекені тартатын күйші келген жоқ. Оның мазмұны, тартысы болуы керек, бей-берекет секіре бермеуі керек ортеке. Мақсаты не оның?, діттегеніне жету үшін әрекеттеніп жатыр ол. Құр бекерге мазмұнсыз күйді тарта берсе оны адам түсінбейді, ол жалықтырып жібереді. Онда айтайын деген ой, идея болуы керек. Бірнеше күйлерді жалғастырып әр түрлі көңілді әуендегі күй болсын, тартысқа байланысты, қобалжытатын кұй барлығы біріктірілген бір мазмұн болуы керек.

–       Сұхбатыңызға рахмет.

 

Мәншүк ТӘШІМОВА,
театртанушы,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институты Театр және кино бөлімінің
кіші ғылыми қызметкері