Бұлбұл
Дина Нұрпейісова

Қазақтың белгілі тұлғалары Махамбет, Абай, Кенен және т.б. ақын, әнші, жыршы туындыларының бір бөлігін құрайтын күй өнері, Жамбыл шығармашылығында да ерекше орын алады. Жамбылдың күйшілік өнері туралы деректерді баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалардан келтіруге болады. Мысалы, Жамбылдың көзі тірісінде,  1938 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан «Жамбыл жаңа жастық» деген мақалада: «Тарихтың домбырасын қолына алған, күміс сақалды қария Жамбылдың жүзіне қарап: бұл жыр мен күйдің Алатаудай алыбы дейсің. ... Бүкіл қазақ халқының ғасырлар бойы шығарған күйі мен жыры соның бойында сияқты. Ол күй мен жырдың шалқып жатқан айдыны, асқар шыңы. Халықтың күйі мен жыры мәңгі жасаса, ол да мәңгі жасайды» [1, 3 б.]

− деп жазылған, сондай-ақ Жамбылдың жеке күйшілігіне байланысты Б.Атшабаровтың «Жамбыл − күйші» (1972), С.Садырбаевтың «Жамбыл және Мұраталы күйші» (1989) деген мақалалары жарияланған [2].

Әдебиетші-ғалым С.Бегалин «Сахара сандуғаштары» атты еңбегінде Жамбылдың бойындағы күйшілік өнер нағашысы Қанадан деген қобызшыдан дарығанын жазып: «Қобыз тартқанда қасынан шықпай, ынтыға тыңдап, құлақ ұйыған кішкене жиеншарына Қанадан аса риза болады...
... Жамбыл қарт қобызшының сарынын көпке дейін есіне сақтап, өзі де сондай күй тартсам деп құмартады. Қолына қобыз алмағанмен, домбыра ұстауға құмартып, өте ынталанады» [3, 13 б.] − деп, Жамбыл шерткен жиырма шақты күйдің атын мысал ретінде келтіріп, дәлелдейді.   
Жамбылдың күйшілігі туралы мәліметтер оның өлең, жыр, толғауларында да көрініс тапқан. Оны төменде берілген келесі жолдар дәйектейді:

  • «Шынықтырды болаттай» (1937)
  • Дамылсыз сайрап домбырам,
  • Ойнақтайды он саусақ
  • Тасқындап күй төгілтем,
  • Ұлы күнде ән шырқап... [4, 249 б.]
                              

  • «ХХ жылдық тойда» (1937)
  • Сөйлей бер, ақ домбырам дүрілдеген,
  • Шарықтап күй төгілді бүгін менен… [4, 241 б.]

  • «Отанды сүй» (1938)
  • Сүйкімді үн, әсем әнім, терең күйім,
  • Еңезем – ыстық жүрек, көңіл, мыйым,
  • Отанға, ел жүрегі Станинге
  • Тартатын дем біткенше менің сыйым... [4, 298 б.]

  • «Толғау» (1938)
  • Мен құс емес − адаммын,
  • Гүліне қонған заманның,
  • Шаттық күйін сайраймын,
  • Жүзге келдім демеймін,
  • Тойыма шашу берейін... [4, 310 б.]

  • «Жаңа жыл» (1939)
  • Домбыраны қолға алсам,
  • Ағылған күй мен жыр көрем... [4, 345 б.]

  • «Жеңіс жыры» (1939)
  • Күн астында күй төгіп,
  • Ай астында жыр төгіп,
  • Алтын шанақ, күміс ішек
  • Домбыраны өңгердім... [4, 368 б.]

  • «Октябрь толғауында» (1939)
  • Қартайғанда сен үшін,
  • Күй мен жырым ағылсын.
  • Көз жұмғанша жырлаймын
  • Ел-жұртымның бағы үшін… [4, 378 б.]

Сондай-ақ, оның «Отанды сүй», «Жеңіс жыры», «Халық туысқандығы», «Сталин ұрпақтары», «Сталинді сайлаймын», «Жаз», «Туысқан ел», «Өлгенің жоқ, сен тірі», «Өнердің өсуі» және т.б. өлең-толғауларында күй шерткендігі туралы мағлұматтар берілген. 

Жамбыл шығармашылығындағы күйлер оның поэзиясына тән арнау күйлер, тарихи күйлер, аңыз күйлер, өмірбаяндық күйлер, тартыс күйлер болып жіктеледі. Арнау күйлерге «Басшылбай-Күйшілбай», «Қайсабек күйі», «Есім-Саржан». «Нәрікбайдың зары»; тарихи күйлерге «Абылай шайқамасы», «Керзаман», «Ұлы Отанға»; аңыз күйлерге «Ерке атан», «Сұрмерген», «Боз інген»; өмірбаяндық күйлерге «Қайырсыз», «Қайырлы», «Өтті-ау дәурен»; тартыс күйлерге «Жамбылдың қырғыз Мұраталы күйшімен тартысы», «Сәтина қызбен күй тартысы» жатады.

1996 жылы «Жамбыл жырлайды» жинағындағы «Жамбылдың орындаған күйлері» деген тарауда оның бірнеше күйі жарық көрген [5]. Олар, «Батыр Қалша, төрт жігіт», «Жем тартып қойған аққудың күйі», «Шортанбайдың шертпесі», «Ұлы Отанға», «Өтті-ау дәурен», «Нәрікбайдың зары», «Көрұғлы-Сұлтан» және «Сәтина қызбен күй тартысы». Бұл туындыларды талдау барысында күйлердің музыкалық ерекшелігі жыр мақамдарымен сабақтасатыны айқындалды. Атап айтқанда:

  • әуендік ерекшелігінде бір дыбыстың бірнеше рет қайталануы;
  • әуен иірімінің желісі − екі, үш, төрт нота арасында дамуы;
  • оң бұраудағы күйлердің ладтық тұрғысында табиғи мажор, миклолидийлік, лидо-миксолидийлік ладтық бояуларда өрбуі;
  • ырғақ пен қағыс бірлігі жыр-дастандарда кездесетін сегіздік және он алтылық ұзақтықтармен берілуі (кейбір күйлердің ырғақ ерекшелігі 7-8 буындық жүйеге сәйкестігі);
  • өлшемдердің тұрақсыздығы 2/4, 3/8, 5/8, 7/8, 9/8 және т.б.;
  • құрылымы жағынан С.Қалиевтің жүйесіне сүйене қарастырғанда тұрақты-транспозициялық («Ұлы Отанға»), ауыспалы  («Өтті-ау дуәрен») және аспаптық қысқа мәтін («Көрұғлы-Сұлтан») құрылымдарында жазылуы;
  • бөлімдердің арасында жырға тән ашық ішектердің беріліп тұруы;
  • аппликатуралық тұрғыда жыр-дастандардың домбыра сүйемелінде кездесетін кварта-квинта арақашықтықтарының қатар жүру тәсілдері кездеседі.

Берілген тұжырымдарды дәлелдеу мақсатында «Нәрікбайдың зары» атты Жамбылдың күйін талдау арқылы сараланады:
Тұрақты тірегі d-a дыбыстарынан басталатын күй allegro moderato екпінінде жүреді. Әуен иірімінің желісінде жыр-дастандардың домбыра сүйемелінде кездесетін кварта-квинта арақашықтықтарының қатар жүру тәсілдері айқын көрінеді. Тұрақты тіректің алдында жиі кездесетін мұндай әдіс Жамбылдың басқа да күйлерінен де анықталады («Өтті-ау дәурен», «Ұлы Отанға», «Көрұғлы-Сұлтан» күйлерінде және «Сарыбайға», «Сұраншы батыр», «Домалақ ене» жырларында).
«Нәрікбайдың зары»

«Ұлы Отанға»

«Өтті-ау дәурен»

«Сарыбайға»

«Сұраншы батыр»



«Аспаптық қысқа мәтін» (С.Қалиевтің «инструментальный наигрыш» термині бойынша) құрылымында жазылған күйдің әуен иірімінің желісінде бір дыбыстың бірнеше рет қайталану әдісі («жырдағы репетициялық тәсіл»), үш-төрт дыбыс аралығында даму барысы және ладтық тұрғыда миксолидийлік бағыттағы бояу жүзеге асырылады.

«Нәрікбайдың зары»

 

 

 «Домалақ ене»

Суырып салма дәстүрінде шығарылған «Нәрікбайдың зары» атты күйдің өлшемі үнемі өзгеріп тұрады (2/4, 9/8, 8/8, 5/8, 6/8), ал ырғақ пен қағыс бірлігі жыр-дастандарда кездесетін сегіздік және он алтылық ұзақтықтарымен берілген екпін жүйесімен үйлеседі. Қорыта айтқанда, күйде айқындалған ерекшеліктер Жамбылдың жыр-дастандарындағы музыкалық нышандармен ұштастығын байқатты.

Қазіргі кезде музыкатану ғылымындағы Жамбылға байланысты зерттемелердің сирек ұшырасатынын баса айтамыз. Жамбылдың шығармашылығы туралы дәстүрлі музыкада Б.Г.Ерзаковичтің үш мақаласы бар. Олар, 1956 жылы Жамбылдың шығармашылығына арналған жинаққа  енген «Из напевов Джамбула», 1974 жылы Москвада жарыққа шыққан Музыкалық энциклопедиядағы «Джамбул Джабаев» және 1996 жылы баспасөз бетінде жарияланған «Музыкальное наследие великого акына: невосполнимые утраты» деген мақалаларын айтамыз [6]. Жаңа тараптардан жыраудың шығармашылығын профессор С.Ә.Күзембаева «Жыр алыбы Жамбыл және музыкалық өнер» деген мақаласында саралайды [7]. Ал, жазба дәстүріндегі кәсіби композиторлар шығармашылығы бойынша Жамбылдың 150 жылдық тойы қарсаңында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған өнертану кандидаты А.Қ.Омарованың «Жамбыл и Айкумыс» Л.Хамиди» атты еңбегі белгілі [8].

Ақпарлай келгенде, бүгінгі музыкатану саласында қазақ өнерінің негізі жанрлары – ән, күй, жыр, айтыс дәстүрлерін қамтыған Жамбыл шығармашылығы санаулы жұмыстарда қарастырылғаны аңғарылады.

Осы ретте академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың Жамбылдың әдебиеттегі шығармашылық мұрасына байланысты жазған келесі жолдары жыраудың дәстүрлі музыкадағы орнын белгілейтін мәселенің басын ашуға септігін тигізді. Зерттеуші-ғалым: «Всеобщее признание и восхищение сменилось нигилистическим отношением к имени и творческому наследию Джамбула после того, как был разоблачен культ личности Сталина. Те, кто недавно превозносил великого акына, теперь объявляли поэзию Джамбула услужливой и заказной, предлагали исключить его из истории литературы... Такие суждения нет-нет да высказываются и ныне» [9, 7 с.] − дегендей, яғни сол кезде, оның поэзиясы елгезек және тапсырма бойынша шығарылған деп әдебиеттің бағдарламасынан шығарып тастау керектігі жайында сөз қозғалса,   музыка саласы бойыншы орта және жоғары білім беру жүйесінде жүргізілетін «Қазақ музыкасының тарихы» деген пәнге Жамбылдың жеке шығармашылығы мүлдем енгізілмегенін айтып өтуіміз керек. Қазіргі кезде консерваторияны бітірген жастардан «Жамбылдың әнін немесе жырын білесің бе?» деп сауал қойсаң, «біз оны әдебиетте өттік» деп жауап қайтарады. Бүгінгі таңда Жамбылдың туындыларын тек Жетісу өңірінің өкілдері ғана айтып бере алады.

Ал күйлері жөнінде сөз қозғаудың да қажеті жоқ, себебі олар «Жамбылда күй бар ма?» деп өзіңе сұрақ қояды. Осы бағытта күй топтамаларына шолу жасайтын болсақ, Мемлекеттің қолдауымен әр жылдары жарық көрген «Құрманғазы және Ұлы дала музыкасы» (1998, 2 CD), «Қазақтың дәстүрлі музыкасы» (2001, 4 CD), «Мәңгілік сарын» (2007, 8 CD), «Қазақтың 1000 күйі» (2010, 36 CD) және т.б. күй топтамаларына Жамбылдың бірде-бір күйі енбегені өкініш тудырады. Сондай-ақ, оның күйілері жалпы орындаушылардың репертуарынан да таса қалған. Қазіргі кезде Жамбылдың күйлерін орындаған санаулы адамдар ғана белгілі. Олардың ішінде, Қыдырқожа күйші, Н.Тілендиев, Ш.Күшікбайұлы, Ә.Жамбылов, Д.Шаштайұлы есімдері аталады.
Тағы да бір айта кететін олқылық, 2002 жылы жарық көрген «Қазақ өнері» энциклопедиясында Жамбыл деп берілген беттерде ұлы жырау шығармашылығы тіпті көрініс таппаған. Ол жерде Жамбыл ескерткіші, Жамбыл көркемөнерпаздық шығармашылығының үйі, Жамбыл облыстық драма театры, Жамбыл облыстық филармониясы және т.с.с. жазылған. Бұл, бүгінгі және келешек ұрпақтың санасында Жамбылдың өнерге ешқандай қатысы жоқ деген пікір қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан торқалы той іс-шараларының нәтижесінде мұндай кемшіліктердің ескерілетініне сенеміз.
Жалпы алғанда музыкатану саласында Жамбылдың жеке шығармашылығынан бастап, оның қазақ музыкасындағы орны мен маңызы, ән, жыр, күй туындыларының стильдік, жанрлық, тақырыптық ерекшелігі, аймақтық ортада қолтаңбалық айырмашылығының анықталуы терең зерттеуді талап етеді. Сондықтан келешекте Жамбыл шығармашылығының жабулы жатқан тұстарын игеріп, музыкалық мұрасын тарихи және теориялық тұрғыдан жан-жақты талдап, түбегейлі зерттеп, ғылыми негізделген іргелі еңбек ретінде жарыққа шығару әрбір қазақ музыкатанушысының парызы деп білеміз. 

Әдебиеттер:

1. Қазақ әдебиеті. 1938. 4 март. № 11(180). − 3 б.

2. Атшабаров Б. Жамбыл − күйші // Жетісу. 1972. 19 май. − 4 б.; Садырбаев С. Жамбыл және Мұраталы күйші // Дастан ата: Жамбыл Жабаев туралы естеліктер / Құраст. Н.Төреқұлов. – Алматы. 1989. – Б.398-404.

3. Бегалин С. «Сахара сандуғаштары» (Естеліктер мен естігендер). − Алматы, 1976. − 168 б.

4.Жамбыл Жабаев шығармаларының толық жинағы. − Алматы, 1946. − 736 б.

5. Жамбыл жырлайды. – Алматы: Қазақстан композиторлар одағы, 1996. − 167 б.

6. Ерзакович Б.Г. Из напевов Джамбула // Творчество Джамбула (статьи, заметки, материалы). − Алма-Ата, 1956.  − С.116-122.; Джамбул Джабаев // Музыкальная энциклопедия. Т.2. −  М., 1974. − 221 с.; Музыкальное наследие великого акына: невосполнимые утраты // Казахстанская правда. 21 августа. 1996. − С.4.;

7. Кузембаева С.Ә. Жыр алыбы Жамбыл және музыкалық өнер // Жамбыл және түркі халықтарының эпикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары. − Алматы: ҚазҰӨА, 2011. − Б. 40-43.;

8. Омарова А.К. «Жамбыл и Айкумыс» Л.Хамиди. − Алматы, 1996. − 80 с.

9. Қасқабасов С.А. Джамбул: его время и поэзия // Джамбул Джабаев. Избранные произведения. − Алматы: 1996. − 416 с.

 

Қазтуғанова Айнұр 
Өнертану ғылымдарының  кандидаты,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының
 аға ғылыми қызметкері