Аққу
Нұрғиса Тілендиев

       Өткен жылы музыкатанушы ғалым А.Омарованың «Қазақстанның кәсіби музыкасы: ізденістері мен жетістіктері» (2013) аталатын еңбегі жарыққа шықты. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Ақлима Омарованың сериялы кітаптарының осы үшіншісі қазақ тілдегі мақалалардың жинағынан тұрады. Қазіргі кезде кәсіби музыкатанушы мамандарға арналған кітаптар басылып жатса да, қазақ тіліндегі теориялық  зерттемелер аздау болып отыр. Бірақ осы жарық көріп отырған еңбек секілді жекелеген авторлардың талпынысы қуантады.

Ақлима Қайырденқызы соңғы онжылдықтардағы мақалаларында кәсіби мамандарды архив материалдарына, мәдениет тарихын жасаушы тұлғалар шығармашылығындағы маңызды да қызықты оқиғаларға үңілуге, жаңа заман көзқарасымен қайта саралауға шақыруда. Ғалымның назар аударту тәсілі әдетте өзіне тән – ұлт музыкасына қатысты нақты мұрағаттық құжаттар мен ұмыт болған газет беттеріндегі деректер.

Оқырманға жол тартқан жаңа жинақтағы бірер мақалаға тоқталып өткенді жөн санаймыз. Автор «Фотосурет тарихынан» деп аталған мақаласында айналымда жүрген екі суретке көңіл аудартады. Бұл – этнограф А.Затаевичтің Мәскеуге концертке барған сапарында қазақтың әйгілі Қ.Байжанов, Ә.Қашаубаев, Қ.Қуанышбаев, И.Байзақов, С.Қожамқұлов, Ғ.Айтпаев секілді өнер қайраткерлері мен музыканттарының ортасында түскен суреттері. Зерттеуші фотосуреттердегі сапарлас болған қоғам және театр қайраткері Жұмат Шанин (1892-1938) мен алашшыл азамат Кәрім Тоқтабаев (1990/92-1936) бейнесінің цензуралық редакциялауға ұшырап, қиылып тасталғандығын анықтаған. Мақалада қудаланған ұлтшыл азаматтар есімі сол кезеңдегі ақпарат көздерінен табылып, салыстыра ұсынылған. Екінші фотосуретте  С.Садуақасов (1900-1933) пен тағы да Ж.Шанин суреті қиылған. «Өңделген» бұл фотосуреттер бүгінге дейін сол күйінде кітаптарда қайталана басылып келеді. Өйткені, ұлтжанды тұлғалар өміріндегі деректерді түпнұсқаға мән бере салыстыру ойымызға келе қоймапты.

А.Омарованың К.Тоқтабаев пен Ж.Шаниннің туғанына 120 жыл толуына орай жарық көрген аталмыш мақаласында қазіргі күні тіптен мән берілмей, қалыс қалған музыкалық шығармалар туралы да айтылыпты. Ол –алашорданың Торғай кеңесінің мүшесі Кәрім Тоқтабаевқа арналған А.Затаевичтің екі фортепианолық пьесасы. Бірінші пьесасы №29 – К.Тоқтабаев Семейде жұмыс істеп жүргенде арнап жазылса, екіншісі №70 – саяси қайраткер Халық комиссары қызметін атқарғанда шығарылыпты. Өкініштісі сол, бүгінгі музыкатанушыларға да, пианистерге де белгісіз осы «сотталған» екі туынды композитордың фортепианолық пьесалар жинағының үш рет қайта шығарылымына да енбей қалған. Сонымен бірге, төтенше Оныншы Бүкілқазақ кеңесі делегаттарына қойылған «Аманкелді» пьесасының нұсқасында Аманкелдінің көмекшісі ретінде Кәрім Тоқтабаев бейнесі болған. Пьеса туралы 1937 жылғы «Казахстанская правда» газетінде «...Кәрімнің сатқындығы бейнеленген эпизод жаман емес шыққан» деген пікір ұсынылған екен. Яғни, саясатқа байланысты Кәрім Тоқтабаев бейнесі қаралаумен насихатталған. Мақаласын тұжырымдай келе, А.Омарова ірі тұлғалардың «кесіліп, қысқартылған» фотосуреттерінің ұзақ уақыттар бойы қолданыста жүргеніне қынжылады, «бұл түпнұсқаға зер салмаудан, сыни көзқарастың жетіспеушілігінен» дейді автор. Және де «Келешекте мұндай ізденістер саяси қуғыннан ерте кеткендердің орнын толтырып, олардың бейнесін қайта жаңғыртуға мүмкіндіктер ашады деп білеміз» дейді.

А.Омарованың еңбегін оқи отырып, мақалаларда ноталық материалдарды талдаумен бірге тарих, әдебиет, театртану, жалпы мәдениеттану салаларындағы іргелі-ғылыми еңбектердің қамтылғанына куә боламыз. Мәселен, «Өңделген әннің тағдыры» ізденісінде А.Затаевичтің біз білмейтін «Песни Казахстана» жинағынан «Наурызбайдың әні» фортепианолық пьесасы тарихынан қызықты мәліметтер ұсынады. Композитордың 1931 жылы Мәскеуде басылған жинағында қазақтың әсем әндерінің таңдаулы жиырма үлгісіне вокалдық және аспаптық өңдеу жасалған. Кенесарының ағасына қатысты осы әннің А.Жұбановша айтқанда «кенесаризм кезеңінің» сүзгісінен өтпей қалуына тақырыбы бір себеп болса, екіншісі – «Наурызбайдың әнін» орындап жеткізген Зүфнүн Нұрмақова «халық жауы» Нығмет Нұрмақовтың зайыбы еді. Зүфнүн тағдыры аяусыз езгіге түскен қазақтың талантты әнші-актрисасы, өмірі Сегежлаг, Карлаг түрмелерінде азапталып, Алматыға келуге тиым салынған саяси үкім  кездерін басынан өткізген. Кітап авторы кәсіби музыкатанушылар назарынан тыс қалып келген осы бір жинаққа сексен жылдан соң оралып, «жоғалған» мұндай пьесалармен бірге ақпарат берушілердің «тиым салынған» мәліметтеріне де қайта үңілу қажеттігін айтады.  

А.Омарованың осы жинағында Е.Брусиловский шығармашылығындағы зерттелмеген мәселелер, қазақтың тұңғыш симфониясын жазған майдангер-композитор Қапан Мусиннің өнердегі келбетінің тың беттері, яғни майданда алған жарақатының оның шығармашылығына тосқауыл болғандығына мән береді. Сондай-ақ, Ғ.Жұбанова мен ұйғырдың тұңғыш кәсіби композиторы Қ.Қожамияровтың музыкалық сыни көзқарастарына арналған зерттемелер еніп отыр.
Кәсіби жолда Ақлима Қайырденқызының алғашқы зерттеулері қазақ оператану саласына арналды. Ғалымның «Жамбыл мен Айкүміс» операсына арналған монографиясы 1996 жылы жарық көргеннен бері ол өз ғылыми қызығушылықтарын әрқилы жанрлар мен бағыттарда жүзеге асырып келеді. Маманның өз ісіндегі кәсібилігі мына жәйттен айқын аңғарылады. КСРО халық артисі, композитор Еркеғали Рахмадиев өзінің «Абылай хан» (либреттосын жазған Ә.Кекілбаев) операсын жазып бітіргенде, клавирдің сиясы кеппей тұрып, алғаш пікір айтып, талдау жасауды өз қолымен оператанушыға ұсынады. Бұл айтулы композитордың А.Омарованың таным көкжиегі мен білімін бағалағанының көрсеткіші болса керек.  

Зерттеушінің жылдар бойы айналысып келе жатқан опера жанры туралы ғылыми-теориялық еңбектері жарыққа шығып отырған жинақтың екінші бөліміне енген. Мұнда автор тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жібектен» (Е.Брусиловский, 1934) бастап Е.Рахмадиевтің «Абылай ханына» дейінгі ұлттық операның өркендеу жолын белгілейтін ірі сахналық туындыларға тоқталған. Нысанға алынған опералардың жанрлық сипатынан бастап, операның көркемдік концепциясы, ондағы жанрлық дәстүрлер, поэтикалық мәтін ерекшелігі секілді аспектілерде өз ғылыми негізді ұстанымымен талдау жасаған. Қазақ операсының текстология мәселелерін тұңғыш көтерген ғалым опералардың қазақша немесе орысша аудармаларының жарық көруінде немесе авторлық текстен ерекшеленетін жаңа сахналық, яғни редакторлық нұсқаларын жариялау барысында өзара салыстыра зерттеу өте маңызды  екендігін алға тартады. Мәселен, көбіне қажетті текстологиялық түсініктемелер берілмейтіндіктен зерттеушінің қай текст нұсқасын негізге алғаны, немесе түпнұсқаға ма әлде сахна қойылымына бағытталған редакциясына музыкалық талдау жасағанын анықтау, ғылыми айналымға енуіне кедергілер тудырады дейді.    

Еңбектің үшінші бөлімі автордың А.Жұбановқа, Л.Хамиди, Б.Ерзаковичке арналған кітаптары жөніндегі ақпараттық мақалалар мен аңыз әнші Күләш Байсейітова мен Мәскеу консерваториясының түлегі, тұңғыш капелла дирижері қазақ қызы Гүлжазира Ахметоваға, этномузыкатанушы А.Темірбековаға арналған лебіздерінен тұрады.

Бұл кітаптағы құжатты мәліметтер мен ақпараттар музыка саласындағы ізденушілерді ғана емес, мәдениеттанушыларды да бей-жай қалдырмайды деп ойлаймыз.

1.Мақала «Алматы ақшамы» газетінде (№ 142 (4880), 23-қараша, 2013. – 14-бетте) жарияланды.