Атадан мұра
Нұрғиса Тілендиев

 

Жуырда ұлттық ауызша-кәсіби әншілік дәстүрдің көрнекті өкілі, ҚР Мәдениет саласының үздігі (2012) Қайрат Кәкімовтің ән-альбомдары жарық көрмек. Бұл Антологияда бір әншінің орындауындағы Батыс аймағының 130-дан астам әні тұңғыш рет жинақталып отыр. Осы хабарды естіген Қайраттың ұстазы ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, әнші Хатимолла Бердіғалиев: «Жоғары дауысты дәстүрлі әннің шебері Қайрат Кәкімовтың бұл жинағында, Батыс өңірі халық композиторларының әндерімен қатар, бұрын соңды көп естілмеген, бұдан бұрын еш жинаққа енбеген әндер бар. Ол авторлары белгісіз, сирек айтылған, тіпті естілмеген әндерді арнайы оқу орындарының бағдарламасына қосса, болашақ әншілеріміздің репертуары байып, ой-өрістерінің көкжиегі кеңейе түсер еді» дей келе «ұстазы ретінде Қайраттың бұл жинағын өзінің де, дәстүрлі ән өнерінің де үлкен табысы деп бағалаймын» деп тілегін білдірген еді.

Руханиятымызға қосар үлкен үлесі бар осы еңбекті оқырманға құлақтандыру мақсатында әншіден сұхбат алынған еді.

Қайрат, бұл еңбегіңіз туралы естіп, қуанудамыз. Әндер жинағының үнтаспаларына қандай әндер жарияланып отыр?

Қ.К.: Бұл жинақ алты альбомнан тұрады. Екі дискісінде халықтық әндер жазылды. Бір альбомы өлкедегі әншілік дәстүрдің негізін салушы Мұхит Мералыұлы мұрасына, екіншісі осы дәстүрді ХХ ғасырда классикалық деңгейге көтерген өнер саңлағы Ғарифолла Құрманғалиевтің өз әндеріне арналды. Келесі ән-альбом Маңғыстау қайқылары мен олардың замандасы болған Қайып Бегейұлы, Қожантай Қойбас, Қазихан Нұрғазыұлы сияқты әнші-композиторлардың танымал туындыларын қамтыды. Сондай-ақ бұрын-соңды жарық көрмеген, сирек айтыла бастаған және ұмыт болып тек ел аузынан жиналған авторлық әндерге бір альбом арналды.

Осы жинақтың жаңалығы болып отырған да осы соңғы айтып отырған ауызша-кәсіби авторлар туындылары ғой. Ендеше осы альбомға кеңірек тоқталып өтсеңіз.

Қ.К.: жалпы бұл Антологияда Ақтөбе жерінде дүниеге келген ақиық әнші, ақын әрі палуан, Көкжар жәрмеңкесін әнімен әлдилеген Қызыл Тұрдалыұлының (1860-1921) төрт әні, оның ішінде «Қыз Жаңғақ» әні бірінші рет шығу тарихымен беріліп отыр. Әндерді ақтөбелік ақын Н.Қалауовтан алып үйрендім. Осы өңірдің тумасы Сарышолақтың «Тілеу-Қабағы», Сарының әні де назардан тыс қалмады. Сондай-ақ өлкеге кең таралған, «бүлікші, банды» болып үкіметке жақпаған Аманғали Кенжеахметұлының әні Ғ.Құрманғалиев репертуарында «Сері жігіттің әні» деп авторсыз сақталып қалды ғой сол шығарма мен Аманғалиға тағдырлас Ерғали Аязбаевтың «Шайтан қарасы» мен Аухат Құрақұлының «Аухаттың әні». Аухат ақын Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысқан ержүрек, ақылды батыр Құрақ Маябасұлының баласы. Осы өлкедегі батырлық, ерлік рухынан нәр алған ақын Аухат жастай замана тепкісін көріп, әділетсіздікке қайралып өседі. Ол озбыр жандармен күресіп, қара халықты қанауға арашашы болған. Осындай тағы бір ән Қиса Көпжанұлының әні. Бұлар кітаптарда нотасы шықса да, әр жерде шашырап жүрген туындылар болғасын бәрін жинап бір үнтаспаға жазуды жөн деп ойладым. Осы қатарда қызылқұрт руының айтыскер ақыны Білек Тұмарбайқызының «Соқыр қыз» әндері.

Бұл альбомның Хатимолла ағамыз айтқандай, арнайы оқу орындарының студенттеріне таптырмас оқу құралы болары сөзсіз.

Қ.К.: Өзіміз де осы үміттеміз. Сонымен бірге батыс аймағындағы «Жылойға барсаң ән салма» деп танымал болған Жылой өңірінің музыка мәдениетінде елеулі орны бар, әйгілі айтыскер ақын, сөз зергері Бала Ораздың (1837-1882), Сақып Медетбайұлының (1893-1933), Көшей Көбен Адайбайұлының, Артықбай Құдайбергенұлының (1815-1900), Бораштың Қыдырбайұлының (1870-1938) туындылары да назардан тыс қалмады. Сақып Медетбайұлы көрнекті жыршы, ақын, дауысы зор, аса көркем әнші ретінде тарихта қалған. Қазіргі уақытта «Сақыптың әнінің» үш варианты белгілі, оның екеуі осы альбомда беріліп отыр. Бұл үлгілердің әуендері бір-бірінен алшақ емес. Сақыптың жерлесі Көбен Адайбайұлы да әнші болған, альбомға «Көбеннің әні» тарихымен, Артықбайдың «Жем-Жылой», Бораштың «Даулымпаз» әндері де осы альбом жаңалығы болмақ.

Қазақ өлкелік соғыс комиссариатының саяси комиссары Бисен Жәнекешовтің (1888-1921) «Нарын» әні тұңғыш рет берілді. Қазан төңкерісі кезінде ­қазақ­тың бірінші ерікті атты әскер полкінің осы Б.Жа­некешов басқарған эс­­кадро­ны­ның қапыда қолға түсіп, шәйт болған сексен қызыл әскердің қазасына Сейтек күйші «Сексен ер» күйін арнаған екен.

Қайрат, авторлары мен әндерінің шығу тарихы туралы мәлімет берілетін кітапшысымен шығатын Альбомдарға аз қаражат кетпегені түсінікті. Демеушісіңіз туралы айтып өтсеңіз.

Қ.К.: Атырау қаласында атадан қалған мұнайшы кәсібін абыроймен жалғастырған жеке кәсіпкер, білікті маман Асқар Құмарұлы Балжанов ағамыз демеушілік танытып отыр. Бір күні Асқар аға мені үйіне қонаққа шақырды. Үйінде қарт әкесі Құмар ата менің даусымды ылғи да интернет желісінен тауып тыңдайды екен. Аймақ әндерін өте жетік білетін, талғамы биік, өнерді жанына азық еткен жан қуанып қарсы алып, маған бірнеше әнді орындатты.

Бұл өңірде Балжановтар әулетін білмейтін мұнайшы жоқ десем артық болмас. Бұл шаңырақ Жер-Ананың «қара алтынын» халық игілігіне асуына зор үлес қосып келе жатқан мәртебелі, елге сыйлы мұнайшылар әулеті. Айтып отырғаныңыз осы саланың ардагері, басқа марапатын айтпағанда «Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген мұнайшысы», ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Құмар Қайыр­байұлы Балжанов қой.

Қ.К.: Иә, осы отбасы. Асқар Құмарұлының атасы Қайырбай Балжанов та ширек ғасыр мұнай кәсіпшіліктерінде еңбек еткен. Осы Құмар атаның қазақ әніне деген өзгеше ықыласын көріп отырған Асқар аға маған «қандай тілегің бар?» деп сұрады. Менің есіме Әбіш Кекілбаев ағамыздың айтқан аманаты түсті.

Ол қандай аманат?

Қ.К.: Әбіш ағам бір кездескенімде «шырағым, сен Батыс өлкесі ән мектебінің озық бір өкілісің. Халық аузында әлі де сақталған сирек әндерді іріктеп жинап репертуарыңа қос. Олардың бәрінің басын қосып өз даусыңмен бір күйтабаққа жаздыр. Бұл болашақ ұрпаққа қалар бәс жетпес қазына» деп үлкен сенім білдірген еді. Ағаның сол бір сөзі көкейімде жүрген. Осыны айтқан бойда, Асқар Құмарұлы «ендеше, осы әндерді іріктеп, студияға жазып, ән-альбомдар жарыққа шығаралық» деп бірден қолдады. Осылайша Антологияның шығуына Балжановтар әулетінің ролі үлкен болды.

 Бұл жобаны енді кім жүзеге асыруда?

Қ.К.: Қыруар еңбекті талап ететін жобаның арнайы студияда дыбыс жазу, фотосессия, дыбыс өңдеу, жинақтау, альбомды көркемдеу секілді жұмыстары бар. Оны тәжірибелі маман, «Жігіттер» продюсерлік орталығының продюсері Ерғали Әбдірайымов жүзеге асыруда.

Сізге музыка өнерінің сыншысы Райхан Құспанов: «ХХІ ғасырдың Ғарифолласы» деп баға берген екен. Ғ.Құрманғалиев Мұхит баба өнерін жиырмасыншы ғасырда өнер шыңына өрлетті. Осындай жауапкершілігі мен жүгі ауыр дәстүрлі өнерді жаңа ғасырда өз биігінен түсірмей әрі қарай абыроймен насихаттай беруіңізге тілектеспін.

Сұхбаттасқан

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА